13 шілдеден бастап Қазақстанда Жол жүру ережесі өзгереді
2015 ж. 08 шілде
5578
0
13 шілдеден бастап Қазақстанда жол жүру ережесіне енгізілген жаңа түзетулер қолданысқа енеді. Онда арнайы белгіленген жерлерде ғана тоқтау керек деген талап алынып тасталды, сондай-ақ өзгенің көлігін басқару үшін өзімен бірге сенімхаттың болуы да талап етілмейді. Оған қоса, енді су жаңа көліктерге 7 жылға дейін арнайы техникалық бақылаудан өтудің қажеті жоқ деп хабарлайды BNews.kz.
Үкіметтің 2015 жылғы 23 маусымдағы қаулысына сәйкес, кейбір келіспеушіліктер заңнан да, Жол жүру ережесінен де алынып тасталды.
Атап айтқанда, “Жол жүрісі туралы” заңының 54-бабы 3-тармағындағы механикалық көлік құралының иесі мен жүргізушісінің құқықтары мен міндеттерінен көлік құралын оның иесі болмай басқарған жағдайда – уақытша иеленуге және пайдалануға берілген көлік құралын басқаратын жеке тұлғаның уәкілетті органда міндетті тіркелуімен бірге осы көлік құралын иелену немесе пайдалану немесе билік ету құқығын растайтын құжатты ұсыну бойынша міндет алынып тасталды.
Бұдан басқа, Заңның 54-баптың 22 тармақшасынан “арнайы бөлінген, тиісті жол белгілерімен және нұсқағыштармен белгіленген орындардан басқа, елді мекендердің жолдарында және көшелерінде” тоқтап тұруға тыйым салатын норма алынып тасталды.
Сондай-ақ міндетті техникалық тексеруден өтуге қатысты өзгерістер енгізілді. Бұдан бұрын автомобиль жағдайын тексеру қажеттілігінен шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына төрт жылдан аспайтын автокөлік иелері босатылған болатын.
Заңнамадағы жаңа өзгерістерге сәйкес бұл мерзім автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындағы көлік құралдары (жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын және жүргізушінің орнынан басқа, сегізден аспайтын отыратын орны бар көлік құралдары) үшін жеті жылға дейін ұлғайтылды.
Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас