Назарбаев: «ЭКСПО-2017» басшысына қатысты жағдай мен үшін өте қиын болды
2015 ж. 02 шілде
2873
6
Мемлекет қаржысына қол сұғуға болмайды. «Хабар» телеарнасында өткен «Назарбаевпен ең бастылар жайлы…» деректі фильмде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәлімдеме жасады.
«Неліктен соңғы жылдары қылмыстық жауапқа тартылған Павлодар облысы әкімін, Атырау облысының әкімін, Қарағанды облысының әкімін естен шығарамыз. Олардың барлығы да менің танысым болды. Мен ұзақ уақыттан бері танитын, зор құрметпен қарайтын Қарағанды облысының әкімі премьер-министр лауазымына дейін көтерілген болатын. Қазіргі уақытта ол тергелуде. Өйткені, фактілер бар. Бұған араласуға болмайды», – деді елбасы.
Мемлекет басшысы осы ретте жемқорлықпен күрес жөніндегі алғашы заң қабылданған кезде халыққа арнайы үндеу жариялағанын еске салып өтті.
« Министрлерді, министрлердің орынбасарларын түрмеге отырғыздық. Мен басқалар жайында айтып отырған жоқпын. Яғни, қазіргі уақытта ымырасыз күрес жүргізілуде және мұның барлығы бекер деп ойламаңыздар. Адам әр уақытта өз қателіктерін мойындамайды. Сондықтан бұл біздің барлық шенеуніктерді айықтыруы тиіс және олар бұл ретте ешқандай қамқоршының болмайтындығын түсінуі қажет. Мемлекет қаржысына қол сұғуға болмайды», – деді президент.
Сондай-ақ, елбасы мемлекеттік қызмет сеніп тапсырылған азаматтардың өзі отырған бұтаққа балта шауып, өмірлерін құрдымға жіберетіндігі өкінішті екенін айтты.
«Міне, «ЭКСПО-2017» компаниясының басшысын орнынан түсірдік. Бұл мен үшін өте қиын жайт болды. Барлығы да ЭКСПО-ны жіті бақылап отыр. Мен оны шақырып алып: «Мен саған мұны тапсырамын әрі, оны өзім жіті бақылауға аламын! Дұрыс қара, қаржы мемлекеттікі, біз Ұлттық қордан қаржы жұмсап жатырмыз», дедім. Оны барлығы, Есеп комитеті, Қаржы полициясы, арнайы құрылған комиссия әрбір тиынды жіті бақылап отыр», – деді елбасы.
Осы ретте мемлекет басшысы көрші Қытай елінде қолға алынған жемқорлықен күрес мәселесіне назар аудартты.
«Си Цзиньпин төраға болып келгеннен бері 100 мың шенеунік түрмеге қамалды. Әрине, бізге қарағанда халқы көп. Бірақ, пайызға шаққанда бізбен пара-пар. Сондықтан, ақылға келгендері дұрыс, келмесе мәжбүрлейтін боламыз. Өсуге мүмкіндік берген, жылдар бойы тәрбиелеген, күш-жігеріңді жұмсаған, мемлекет қаржысын сеніп тапсырғандардың өзі отырған бұтаққа балта шауып, өз өмірлерін құрдымға жіберетіндігі өкінішті», – деді президент.
Дереккөз: ИА "Казинформ"