Қасиетті жер есесіне – қатерлі көр аламыз ба?!.

Тіріге тажал, адамға ажал әкеле­тін ядролық қауіпті қалдықтардың банкі Өскемендегі Үлбi металлургиялық зауыты аумағында орналасады…

iadro Қазақстан Халықаралық атом энергиясы агенттiгiмен 4 жыл бойы келiссөздер жүргiзiп, төмен байытылған уранның халықаралық Ядролық банкiн құру туралы ұсынысын қабылдатты. Агенттiктiң басқарушылар кеңесi Қазақстанда төмен байытылған уран банкiн құру туралы келiсiмдi бекiттi. Ұрым­тал ұсынысты халықаралық қауымдас­тық қол шапалақтап, қолдай кетті. Тіріге тажал, адамға ажал әкеле­тін ядролық қауіпті қалдықтардың банкі Өскемендегі Үлбi металлургиялық зауыты аумағында орналасады. Банктiң құрылуы, яғни, адамзатқа өте қатерлі саналатын ядролық қалдықтардың қазақ жеріне орналасуы – барша әлемде уранды бейбiт мақсатта қолдануға мүмкiндiк бередi-міш. Байытылған уранның қожайыны МАГАТЭ қазақ топырағын тегін таңдамапты-мыс. Қазақта ядро­лық заттарды қолданудың мол тәжiрибесiн жинақтаған, кез-келген қауіп-қатерге қасқая қарсы тұратын таңғажайып технологиялар мен майталман мамандар бар көрінеді. Қазақ Еліндегі Ядролық банкті қаржыландыру 150 млн АҚШ дол­лар­ын құраса, айталық, Ядролық қауiпке қарсы күрес халықаралық қоры 50 млн АҚШ долларын, АҚШ 49,5 млн доллар, Еуропалық одақ 25 млн еуро, Кувейт пен БАӘ 10 млн АҚШ долларынан, Норвегия 5 млн АҚШ долларын бөлдi. “Қазақстан көп шығын шығармайды, тек ядролық қауіпті қалдықтардың сақталуына қа­жет­тi ұсақ шығындарды мой­ны­на алады” – деген қазақ билігі: “Төмен байытылған ур­ан радиоактивті қалдық ем­ес, ядролық қару өндірісінде сәй­кес технологиясыз, инфрақұрылым­сыз және байытусыз пайдаланыла алмайды. Адамға ажал әкелетін ядролық қауіпті қалдықтардың Ядролық банкі қазақ жерінің шығыс өңірінің экологиясы мен халқына қауіпті емес” – дегенді айтты… Қазақстанда Ядролық банк құру туралы халықаралық шартқа қол қою биылғы тамыз айының аяғында Ядролық сынақтарға тиым салудың халықаралық күнi қарсаңында жоспарлануда. Бұдан бұрынырақ қазақ билігі жұртшылықты “Ядролық банкте 60 тонна төмен байытылған уран сақталады”деп сендіріп еді, бүгін бұл деректер 1,5 есе көбейіп, енді қазақ жеріндегі Ядролық банкте 90 тонна ядролық қалдық отын сақталатындығы белгілі болды. Ал, МАГАТЭ өкілі Терри Вуд де­ген біреу: “Уран қалыңдығы 2 сантиметрдей болаттан жасал­ған мықты контейнерлерде са­қ­тал­ғандықтан, Қазақстан хал­қы­на қауіпті емес” - деп, біздің тағ­ды­ры­мызды алдан-ала “шешіп тастады”… Сонда күллі адамзат пен есі дұрыс елдер ядролық қалдықтардан ат тонын ала қашып, атом электрлі станцияларын шұғыл жауып жатқанда, қазақтың қыл арқанға басын өз ырқымен тыққаны қалай?. Ақша кімге керек емес?!. Қаржыдан кім қашады?!. Бірақ, бүгінгі болмашы тиын-тебен үшін бала-шағамыздың бола­шағына балта шабуымыз керек пе? Шынымен, қазақтың дала­­сы – әлемнің моласына айналғаны ма?.. Қасиетті жер есесіне – қатерлі көр аламыз ба?!. “Қазағым” де­ген қайсар бау­ыр­ла­рым не дейді?!. Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, gu-gu.kz
Бөлісу…