Әлихан БАЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы: “Жас қазақ үні” өзгелер үлгі алардай дәстүр қалыптастыруда!

d0b1d0b0d0b9d0bcd0b5d0bdd0bed0b2

Құрметті «Жас қазақ үні» газетінің ұжымы!

Адамзат баласы қоғам, қауым болып әлеуметтенуі үшін қажетті бірнеше маңызды шарт және әрекет, амалдар бар. Солардың маңыздысының бірі- қоғамның ойын қорытып, өзекті мәселелерді жариялап, түйінді ойларды көпшілік сарасына салып, мемлекет пен қоғамның ортасында көпір қызметін атқарып, ол көпірдің екі жақты қимылға негізделуіне қызмет жасайтын тұлғалардың және ұйымдардың болуы.

Қоғам әлеуеті арту үшін ол өзінің үнін өзіне қызмет жасауы тиіс мемлекет деген атпен құрылған жүйеге, әсіресе билікке ұдайы да жүйелі жеткізіп тұруы шарт.

Қазақ тарихында ежелден бұл миссияны ақын, жыраулар, қажет болғанда билер де атқарған. Қоғамдық ойдағы жаңа ағым, леп қазақ еліне келе бастаған XIX-шы ғасырдың аяғында жауапкершілігі мол осы шаруаның басы-қасында болған Абай және Абай ойының ықпалымен қалыптасқан жаңа толқын, оның ішінде, әсіресе Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов секілді Алаш қайраткерлері ерекше үлес қосты. Кеңес дәуірінде кәсіби тұрғыдан қоғам үнін жеткізумен айналысатындар саны көбейіп, олардың шеберлігі едәуір шыңдалғанымен, шынайы терең ой, жалынды жігер, жүйрік қалам тұсаулы, қоғамдық-сана жалаң да жалған идеологиямен тұмшаланулы болды. Әлемдік үдерістерден темір пердемен жасанды оқшауланған ел адамзат игілігіне қызмет жасар жетістіктердің де жемісін көрмеді.

Тәуелсіздік қоғамға жаңа мүмкіндік туғызып отыр. Жаңа мүмкіндік әрдайым жаңа жауапкершілікпен бірге жүреді. Тәуелсіздігі бар халықтың ортақ перзенті - мемлекеті. Бүгінгі қазақ мемлекеті аяғына нық басып, тәуелсіздігі баянды болуы үшін ол өзінің иесі де, іргетасы да, сүйенері де, жұмыс берушісі де болып табылатын халықтың үнін, тыныс-тіршілігін естіп, саралап, түсініп, сезініп отыруы парыз.

«Жас қазақ үні» алғашқы күннен бастап осы үлкен үдерісте өзінің өзгелерге ұқсамас үнімен үлес қосып келе жатқан басылымының бірі. 10 жыл көп уақыт емес. Дегенмен, 10 жылда «Жас қазақ үні» өзінің өзгелер үлгі алардай дәстүрлерін де қалыптастырып келе жатыр. Бір басылымдар тек жетістікті, екіншілері тек кемшілікті жариялайды. Асылы Отанын сүйген азамат та, елін отан сүйгіштікке тәрбиелегісі келетін басылым да жетістікті де көре, мойындай біліп, кемшілікті де жасырмай айтқаны жөн.

Біздің «Ақ жол» партиясының ұстанымы «Кемшілікті көрмеу - жан ашымағандық, жетістікті көрмеу - соқырлық». Осы бағытқа сіздердің де ұстанымдарыңыз жақын. Кемші­лікті, не өзекті мәселені шырылдап, айқайлап,ашынып айтуға да, байсалды үнмен жеткізуге де болады. Сіздер осы екі тәсілді де ұштастырып келе жатырсыздар. Бұл, әрине, сіздердің ортақ ұжымдық көзқарастарыңыздың да нәтижесі және басылымның басшылығында қазақтың белгілі қайраткер ақыны Қазыбек Исаның жүргенінің де әсері деп түсінеміз.

Осы мерейлі күнде сіздерге шығар­ма­шылық табыс тілеймін! Оқырмандарыңыздың саны да, сапасы да өздеріңізбен бірге өсе берсін. Жауапты да, сауапты да істеріңіздің жемісін, жүрек жарды ойларыңыздың әсері мен қайтарымын, оқырманның ықыласын сезінуге жазсын! Қазақ ақпаратттық кеңістігінде қажырлы еңбекпен ойып алған орындарыңыз жыл сайын айқындала, айшықтала, молая берсін. Өздеріңіздің ерекше үндеріңіз бен жолдарыңыз сіздерді жаңа биіктерге жетелей беруіне тілектеспін! Көкірегі ояудың да, көзі ашықтың да іздеп жүрер сүйікті басылымы бола беріңіздер!

Құрметпен, тұрақты оқырмандарыңыз,

«Ақ жол» партиясының төрағасы Алихан Байменов