Мәулен ӘШІМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары: Өңірлік мәртебені көтеру - елдің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

d0bcd0b0d183d0bbd0b5d0bd-d0b0d188d0b8d0bcd0b1d0b0d0b5d0b2doc2

Желтоқсан айының 1-2-сі күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитін ойдағыдай өткізу – ең әуелі Қазақстанға сын екені белгілі. Алқалы жиынға бүгінде жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп те жатыр. Бұл жолғы жиын ел мәртебесін асқақтататын осынау Құрылтайдың жұмысына ақпараттық қолдау жасау мәселелері тұрғысында өтті. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінде өткен бұл басқосуға еліміздің республикалық жетекші БАҚ басшылары мен Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигаловтар қатысты.

Әлемнің 55 мемлекетінің басшылары және 60-тан астам халықаралық ұйымдардың жетек­шілері шақырылған бұл жиын 500-ден астам халықаралық ұйымдардың, 1500-ге жуық әлемнің жетекші басылымдары мен телерадио агенттіктерінен өкілдер қатысадыдеп күтілуде. Осыдан 11 жыл бұрын өткен Ыстамбұлдағы Саммиттен кейін бас қосып отырған ЕҚЫҰ басшыларының бұл жиыны мәнді де, маңызды болмақ. Саммит барысында шетелдік қонақтарға Қазақстанның тарихы, табиғаты, халықтың салт-дәстүрлері, өнері туралы тағылымды деректі фильмдер көрсетілсе құба-құп болар еді.

Ал, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ЕҚЫҰ-ның Саммиті біздің қоғамымызды топтастыруға апаратын бірден-бір жол. Сондықтан да Саммитті жоғары деңгейде өткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының да рөлі айрықша болмақ. Сондай-ақ, Саммит күндерінде арнаулы баспасөз орталығы жұмыс істейтіндігін айтып, телеарналардың сол тұста бағдарламалар кестесіне қажетті өзгерістер енгізуді тапсырды.

–БАҚ-да осындай жиынның ұйымдастырылуы Қазақстанның ерекше жетістігі екендігі нақты көрсетілгені абзал. Мұндай маңызды шара әрбір қазақстандықтың жүрегін мақтаныш сезімге бөлейтіні де сөзсіз. Бірлігіміз жарасып тұрса, біздің алмайтын асуымыз жоқтығын көрсететін бұл іс-шара отандастарымыздың патриотизмін нығайта түсері де анық, – деп атап өтті Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев осы шараға орай арнайы медиа-жоспар жасалғандығын атап көрсетті.

– Бүгінде телеарналарда Астана Саммитіне байланысты кинофильмдер дайындалып жатыр. Бұл шараны қазақ, орыс тілдерінде көрсетіп қою, жеткіліксіз, оны шетелдерге де жедел тарату қажет, – деді. Осы тұста «Каспионет» телеарнасының мүмкіндігін пайдалану қажеттігі де айтылды.

Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер вице-министрі Константин Жигалов та Саммиттің табысты жақтарына тоқталып өтті. Оның сөзіне сүйенсек, Саммит – Ұйымның өзі үшін де, әлем үшін де табысты болмақ!

– Бұрын еуропалық елдер Ұйымға төраға болған кезде кейбір даулы мәселелерде біржақты көзқарас байқатып жататын. Ал, қазіргі таңда Қазақстанның қандай жайға да алаламай қарайтынын барлық мемлекеттер тілге тиек етуде, – деді Сыртқы істер вице-министрі.

– Ең бастысы, біз бұл табысқа еліміздің биік беделінің, Елбасымыздың мінсіз абыройының арқасында жетіп отырғанымызды есте ұстағанымыз абзал.

Саммит барысында халықара­лық терроризм, радикалды экстремизм және есірткі саудасы сынды трансұлттық сипаттағы қауіп-қатерлер ушығып бара жатқандықтан, құрылтайға қатысатын елдердің бұл бағыттағы қарым-қимылы соған сай жауап беруге қауқарлы болуы керек.

БАҚ басшылары болса, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің қазақ тарихындағы ең бір айтулы кезеңдердің бірі екендігін ел-жұртқа насихаттау арқылы әрбір қазақстандықтың бойында мақтаныш сезімін ояту әрбір журналистің басты міндеттерінің бірі болатындығын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Пре­зидент Әкімшілігі Басшысы­ның орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Осындай жағдайда өңір­лік мәртебені көтеру - елдің стратегиялық қауіпсіздігін қам­тамасыз етудің жалғыз тетігі болып табылады. Біз өз қауіпсіздігімізді тек қарудың күшімен қамтамасыз ете алмайтынымыз белгілі. Бізге тек осындай нәзік тетіктерді біліктілікпен пайдалана білу керек», - дей келе, ол Саммиттің еліміздің инвестиция тарту ісіне айрықша серпін беретіндігін атап өтті. Яғни, осындай алқалы жиын арқылы туристердің де Қазақстанға деген қызығушылығы арта түседі деген сенім бар.

Ия, не десек те Астана Саммиті тек БАҚ-ның қызметкерлеріне ғана емес, барша қазақстандықтар­ға үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Ендеше еліміздің мәртебесі асқақтай берсін деп тілейік, ағайын!

«Жас қазақ үні» - ақпарат