Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, Мәдениет министрі: Елбасы тілге жанашырлық танытқандарға алғысын жеткізді

kulmuhamed1

Елбасымыз жаңа жыл қарсаңында бірқатар қазақ тілді басылымдардың басшыларымен өткізген сұхбатында тіл турасындағы қадау-қадау мәселелерге пікірін жеткізді. Ең бірінші мемлекет басшысы тілге жанашырлық танытып отырған азаматтардың бәріне алғысын жеткізді. Себебі елдің, руханияттың, ұлттың болашағына, тағдырына алаңдап отырған азаматтар болғандықтан, бұл мәселелер Елбасын да, Үкіметті де толғандырады. Кейбір азаматтар бұдан саясат жасап жүр, я болмаса ұпайын түгендеп жүр деген ойдан біз аулақпыз. Керісінше, ұлт тағдырына, тіл тағдырына үлес қосып жүрген азаматтарға өз тарапымыздан айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, кейбір фактілерді айтып өткенді жөн санап отырмын.

Осыдан біраз уақыт бұрын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ортамызда отырған академик Өмірзақ Айтбаевтың бір сұхбатын оқыдым. Онда қазақтілді №12 мектептің қалай ашылу тарихын жазыпты. Сонда Алматы қаласындағы бір ғана №12 мектептің ашылуына бүкіл қазақ зиялылары болып атсалысқан. Қаншама академиктер, институттың директорлары, қаншама ғылым докторлары, Шона Смаханұлы бастаған жазушы ағаларымыз - барлығы жабылып жүріп Орталық Комитеттің хатшысына, республика, қала басшыларына шығып, мемлекеттік үлкен мәселе ретінде көтерудің арқасында ғана №12 мектеп әзер дегенде ашылған екен. Тың игеруден кейінгі жылдары Қазақстандағы қазақ мектептерінің 600-інің жабылуы ұлттың ұлы трагедиясы. Ал енді Тәуелсіздіктің 18 жылында 880 қазақ мектебінің ашылуын қазақ тілінің көсегесінің көгергені, өркенінің өскені дегеніміз жөн шығар. Бұл Елбасының қазақ тілін өркендетуде жүргізіп отырған саясатының ең жарқын көрінісі. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, бір ғана №12 мектепті ашуға қаншама күш-қуат кеткен. Олай болса, 880 қазақтілді мектептің ашылуын ұлт руханиятының үлкен жетістігі деп бағалауымыз керек.

Ал бүгінгі жағдайға қа­райтын болсақ, Қазақстан­дағы барлық мектептердегі оқитын балалардың 67%-ы қазақ тілінде білім алады. Осыны үлкен жетістік емес деп қалай айтамыз? Елбасы әрдайым да «балаларыңды қазақ мектептеріне беріңдер» деп айтып жүр. Алысқа ұзамай-ақ осы үстелдің басында отырған адамдардың арасынан «сіздің балаңыз қай мектепте оқиды деп, социалогиялық сауалнама жүргізсек, біразымыздың ұялып қалатын түріміз бар. Тіл жөніндегі мәселені үлкен-үлкен трибунадан айтамыз, ал сөзіміз бен ісіміздің арасында алшақтық бар екенін аңғара бермейміз. Егер 65% қазақ өз баласын қазақ мектебіне берсе, оған қоса түркі тілдес халықтардың өкілдері балаларын қазақ мектебіне беретін болса, онда қазақша оқитындардың саны 73%-ға көтерілуі мүмкін. Оған қоса 25 мың өзге ұлттың өкілдері мектептерде қазақ тілінде білім алуда. Оларды да қоссақ, онда 75-78%-дың төңірегіне жетуіміз мүмкін.

«Жас қазақ үні»

№4. 27.01.2010