Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты: Кеңес кезінде билікке қарсы сөз айтатын қаламгерлер еді...

d0b3d0b0d0bbd18bd0bc-d0b6d0b0d0b9d0bbd18bd0b1d0b0d0b9

Жастар әрдайым біздің назарымызда

– Қасиетті қара шаңы­рақ Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында жалпы Жазушылар Одағы жайлы кеңінен айтып өтсеңіз.

– Бұл одақтың тарихы біздің ұлттың тарихымен бір тұтас. Жазушы, қаламгерді қатты сыйлайтын - халықпыз. Бір ұлы ойшылдың: «Жоқтан ештеңе болмайды, бар нәрсе ешқашан жоғалмайды» дегеніндей, тамырын тереңнен алатын, сонау Әбу Насыр әл- Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Қорқыт, Майқы, Аяз билер қазақтың сөз өнерін ұлықтап, ұлы даланың қасиетті де киелі сөзге тоқтаған қадірлі ел екенімізді дәлелдеп кеткен. Бүгінде ата-бабаларымыздың арман еткен мұраттарына да бір табан жақындадық деп айтуға болады.

Қара шаңырақтың құрылғанына 75 жыл толып отыр. Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы съезін қазақтың ұлы перзенті, қайраткер Сәкен Сейфулин ашқан еді. Алғашқы төраға болып Ілияс Жансүгіров тағайындалған болатын. Содан бергі уақытта алыптар мен арыстар тобы Сәбит, Ғабит, Ғабиден ағаларымыз осы ұйымның төрағалары болды. Олар кез- келген уақытта әрдайым ұлттың сөзін жақтап, халықтың мүддесін көздеді, қылышынан қан тамып тұрған кеңестер кезеңін де осы кісілердің үні естіліп жатты. Желтоқсан оқиғасында Жұбан, Сафуан ағаларымыз ұлттың атынан бас көтеріп,билікке қарсы сөз айтты. Сол кездері Олжас Сүлейменов те Невада-Семей қозғалысын құрды. Елімізге кесепатын тигізген, сынақ аймағына айналған Семей полигонын жабуға осы біздің қаламгерлер өз үлестерін қосып ат салысқан.

Шүкір, бүгін де қазақтың тілі, ділі үшін үлкен мінбелерден сөз алып , шарқ ұрып жүрген жазушыларымыз да баршылық. ТМД елдерінің ішіндегі бас-аяғы жинақы, бір ұйымда отырған қасиетті қара шаңырақтың тұтқалары біздің қаламгерлер.

Қазақстан Жазушылар одағы үлкен, ауқымды жұмыстарды атқарып келе жатыр. Соның бір парасы-жастар. Соңғы үш жылда отыздан аса жастардың кітаптары шықты. Жастар әрдайым біздің назарымызда болады. Жалпы әдебиетті қолдайтын, қорғайтын азаматтар демеушілігімен жастар форумын өткізіп тұрамыз, жастарға сыйлық ретінде қаржы бөлінеді. Онда жастар қазақ әдебиеті тарландарынан дәріс алады.

мемлекеттік баспадан шығарылатын кітаптар Жазушылар одағының қолдауы арқылы шығатын болады

Қазіргі кезде жазушы­ларға мемлекет тарапынан қандай жағдай жасалып жатыр?

– Бір халықтың қарғысы бар екен: «Саған өтпелі кезеңде өмір сүруді жазсын» деген. Кешегі кеңес үкіметі құлдырап, құлаған, халық нарық жүйесіне енді ене берген кезеңде елдің кітап оқымақ түгіл, қатын, бала-шағасының жағдайын жасауға шамасы келмей кетті. Ал бүгінгі нарық заманындағы қоғам- ешкімнің еркелігін көтермейтін қоғам. Әрине, еңбегі өтеусіз халықтың бірі - жазушылар. Қаламақы төленбейді. Қазір әдебиетте жанкештілер қалған секілді көрінеді. Әдебиеттің айналасынан талай адамдар жоғалып кетті. Дегенмен, руханиятына көңіл бөлмеген халықтың болашағы өте бұлыңғыр болады. Мынау күллі әлем жұртшылығы өзін ұлт ретінде сақтап қалудың аламан бәйгесінің аласапыранында. Жазушыларға мүлдем жағдай жасалмайды деп те айтуға болмайды. Ойлай дейтін себебім, кейінгі бес -алты жылдың ішінде жас қаламгерлеріміз Маралтай, Әмірхан, Жарас Сәрсек, Танакөз Толқынқызы, Думан Рамазан тағы да басқа жас қаламгерлерге Алматы мен Астана қалаларынан пәтер берілді. Тұрғын үй мәселесі тек жазушылардың ғана емес, барша қазақ отбасының мәселесі. Бұл біздің экономикамыздың деңгейін көрсетсе керек, дегенмен барлық жұртшылыққа бірдей жағдай жасалғаны дұрыс. Оны бөле-жарудың қажеті жоқ.

– Қазіргі таңда « оқырман қазақ әдебиетінен алар өнеге қалды ма?» деген сұрақтар туындап жүр. Қалтасы қалың азаматтардың бас- аяғы түсініксіз «шығарылып жатқан кітаптарын» қалай түсінбекпіз? Бұл мәселенің шешімін қалай табуға болады деп ойлайсыз?

– Өте орынды сұрақ. Біздің қазіргі қоғамда жазушылардың беделінің әлсіреуіне себепкер болып отырған бірден -бір мәселе осы. Баспалардың қаптап кетуі, олардың шығарылып жатқан дүниелеріне мән бермеуінің салдарынан болып отыр. Ал биылдан бастап мемлекеттік баспадан шығарылатын кітаптар алдымен біздің Жазушылар одағының қолдауы арқылы шығатын болады. Десе де, менің пікірімше, оқырманның талғамын өзерту керек. Кейде жазушыларды ескі сарынмен жазады деп те айыптап жатады. Біз өзіміздің іздеген кейіпкерлерімізді таба алмаудамыз. Себебі, біздің әдебиетіміз тоқырау кезеңін басынан өткеріп жатыр. Жазушыларымыздың шығармаларындағы барлық адами қасиеттерді бойына жиған кейіпкелерді оқырман қауым оқыса, сол кейіпкерге еліктемейді ме? Уақыт бәрінің де емшісі демекші, біздің қазақ қауымы да бұл үдерістен өтетініне шүбәланбауымыз керек.

– Жалпы 75 жылдық мерейтойға қандай жоспар­ларыңыз бар?

– Үлкен дайындық үстіндеміз. Осы айдың 21-і күні Абай атындағы опера және балет театрында конференция өткізгелі отырмыз. Аталмыш жиынға он шақты шет елден қонақтар күтудеміз. Ал 22-cі күні өзіміздің қара шаңырақта үлкен бас қосу жиналысы болмақ. Келемін деушілерге біздің есігіміз әрдайым ашық.

Әйгерім

ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ