Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: АЗАМАТТЫҢ ӨЗ МЕМЛЕКЕТІНІҢ тіліне деген ынтасы қаншаға бағаланады?

d0b4d0bed181-d0bad0bed188d0b8d0bc

...Қазақ тілін меңгеру әркімнің

парызы мен міндеті.

(Қазақстанның Ел бірлігі Доктринасынан)

ТІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУ МЕН ДАМЫТУДЫҢ 2011-2020 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАУ ЕСЕБІНДЕ

Комиссия туралы

Әңгімені комиссиядан бастағанды дұрыс көріп отырмын. Былтырғы жылдың соңындағы «Доктрина» дүрмегінен соң, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2010 – 2020 жылдарға арналған мемлекетік бағдарламасын» дайындауға тіл жанашырлары да тартылып, 60-қа жуық азамат қазақ үшін аса маңызды осы құжатты дайындауға араналған комиссияға мүше болып енді. Бұрынғы бағдарламаны дайындау кезінде болмаған бұл демократиялық жаңалық қазақтардың көпшілігінің көңіліне үміт отын жағып, енді тіл туралы бағдарламаның беті бері қарар, тілдің жанашырлары да комиссиядан орын алыпты ғой деген сенім сезімін тудырғаны анық. Әрине, мемлекеттік билік орындары өзінің дағдылы саяси тәсілімен комиссияға өздерін қолдайтын адамдарды өздерінің көзқарастарымен келіспейді-ау дегендерге қарағанда артығырақ енгізуге тырысуы да мүмкін, бірақ тырнақ астынан кір іздемелік, әңгіме санда емес сапада болуы керек... Бұл «әлқиссаны» айтып кетуімнің негізгі мақсаты – ертең Бағдарлама қабылданғанда бұл мәселеге көз тігіп отырған жұртшылық кімнің кім екенін де білуі шарт. Комиссия құрамы туралы сөз болғанда менің: «Бұл Комиссияға балалары, немерелері қазақ мектебінде оқымайтын, қазақша білмейтін адамдар мүше болып кірмеуі керек. Өздерінің балаларын орыс мектебіне беріп, «қазақ тілі жасасын!» дейтін екіжүзді азаматтарға сенуге болмайды» деген жанайқайым орынсыз қалжың ретінде қабылданған болуы керек, қаперге де алынбады. Өз басым, саяси-қоғамдық өмірімде талай комиссияларға еніп, билікпен де, оппозициямен де, халықаралық ұйымдармен де бірлесе отырып жұмыс жасадым, өкінішке орай, осындай комиссияларға мүше болып енген адамдардың бір бөлігі талқылауға қатыспайды (ол үшін оған ештеңе де болмайды, бірақ «мен осындай комиссияның мүшесімін» деп шіренуге толық негіз бар), ал енді бір бөлігі талдап отырған тақырыпқа ешқандай қатысы жоқ өзінің ойларын, естеліктерін айтып лағып кетеді, тағы біреулері, ашығын айтайық, биліктің көзқарасын қолдау үшін ғана комиссияға кіреді («оларды кіргізеді» деген дұрыс болар). Ұлттық мәселеге келгенде осындай жалған «демократиялық» сасық қулықтан аулақ болғанымыз дұрыс. Бағдарламаның келешекте қандай болып шыққаны да осы комиссияның жұмысына тікелей қатысты екенін ұмытпалық.

Алматыда өткен алғашқы отырыста комиссия төрт рет бас қосып, жұмыс істейді дегенге қуанып та қалдым. Республика бойынша «Ұлт тағдырының» бөлімшелерін тік тұрғызып, олардың пікірлерін жинақтап, ұсыныс ретінде дайындай да бастадық. Жобаның талқылануына комиссия мүшесі ретінде мен де шақырылдым, алайда жол қаражатын өзім көтеруге шамамның келмейтінін білдіріп едім, бұл мәселеге олардың бастары ауырмайтындығына көзім жетті. Бағдарлама жобасын талқылау үшін комиссия мүшелерін бір жерге жинай алмаса, комиссияның не үшін құрылғанын? Демек комиссияның аты бар да заты жоқ, әйтеуір «халық та осы бағдарламаны жасауға ат салысты» деген атақ үшін ғана құрылғаны ғой. Мемлекеттік маңызы бар құжатты талқылауға арналған отырысқа комиссия мүшелерінің қатысуына жағдай жасай алмаған мемлекеттен не сұрайсың? Оны былай қойғанда, шын мәніндегі Комиссияның құқығы, жұмыс істеу ережесі, бюджеті мен әрбір жобаны дауысқа салып қабылдау жолдары да нақты құжат түрінде бекітілуі керек еді. Бізде ол да жоқ. Меніңше, осы жобаны ертең қабылдау кезінде Комиссияның әрбір мүшесінің қалай дауыс бергені міндетті түрде жариялану қажет. Төраға мен оның орынбасарларының пікірлері, комиссияның жұмысына берген бағалары да халықтың көз алдында болғаны дұрыс деп білемін. Бағдарламаның жобасының мәтінімен толық танысып, Амангелді Айталы ағамыздың сын пікірлерін оқып шыққаннан кейін, Астанадағы аталмыш отырысқа қатысқан Комиссияның басқа да мүшелерінің үнсіз қалғанына таң қалып отымын. Олар, мүмкін, қабылданған бағдарламаға дайындаушылар емес, комиссия мүшелерінің жауап беретіндігін білмейтін де болар. Меніңше, комиссия мүшелері де, осы комиссияны ұйымдастырушылар да осы мәселеге ерекше мән бергені дұрыс сияқты. Қоғамдық комиссия мүшелері бұл мәселені дәл осылай қабылдамаған жағдайда, кешегі отырыстан соң, бірнеше облыстарда «қызу талқылау» жүргізіп, Мемлекеттік тіл статусын алған күнге қарсы бұл бағдарлама жобасын қабылдап жіберулері де ғажап емес.

Мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайына үш мысал

...23 шілдеде қоғамдық ұйымға берілетін БИН алайын деп Жетісу аудандық Халықты қамтамасыз ету орталығына барып едім, қазақ тіліндегі өтініш жоқ болып шықты. «Орыс тіліндегі қағазды толтырудан бас тартып едім, орталықтың қызметкері «Орыс тілі де мемлекеттік тіл емес пе» деп мені бір таң қалдырды. Бастығына барып едім (103-бөлме), «бізге жіберген қазақ мәтінінде техникалық қателік көп, өзіміз де түзей алмай отырмыз» деген уәж айтты. Жағдайларын түсініп, қателіктерін түзеп алсын деген оймен, тамыздың 3-жұлдызында қайта бардым. Баяғы жартас – бір жартас, ешқандай қазақ тіліндегі өтініш мәтіні жоқ. Демек Алматыдағы 10 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдар, не БИН-дерін ала алмай, жұмыстарын тоқтатқан, немесе бастары салбырап, орыс тіліндегі өтінішті толтыруға мәжбүр болуда.

...2 тамызда менің қызымның айы-күні жетіп, толғағы басталған соң жолдасы оны Алматы қаласындағы №2 перзентханаға алып келіпті. Өтініш толтыратын жердегі медбикеш (қазақ қызы, аты Қарлығаш болуы керек) қазақ тіліндегі өтініштің үлгісін сұраған қызыма, «не осыны толтырасың, немесе кете бер» деп, орыс тіліндегі өтініштің үлгісін тықпалапты. Әрине, ең дархан, қамқор және аялы жандардың ауруға дөрекі мінез көрсетуі басқа мәселе, ал перзентханадан қазақ тіліндегі өтініштің табылмауы - біздің бүгінгі тақырыбымыз!

...Аңшылық билетімнің мерзімін создырып алу үшін Алматыдағы «Аңшылар одағына» барып едім, қызметкер келіншек бір ауыз қазақша мәтіні жоқ, жаңа (!) билетті ұсынды. Әрине, Ресейлік билетті алудан бас тарттып, қазақша мәтіні жоқ билеттің өмірге келу себебін сұрап, едім қызметкер «жоғарыдан жіберілгені осы» деп жауап берді. Бұл – республикалық деңгейдегі құжаттың сиқы!

Бұл қолайсыз жағдайлардың барлығы бір адамның басынан бір айға жетпейтын уақытта орын алған оқиғалар. Ең қызығы, бұлардың барлығы мемлекеттік шенеуініктер көп шоғарланған Алматы мен Астанада болған. Ал Өскемен, Павлодар, Қостанайда не болмақ. Ондағы қазақ тілділердің бастарына бұндай жағдайлар күніне бірнеше рет түспесіне кім кепіл. Орыс тілін білмейтін, «Отаным, жерім» деп келген жүз мыңдаған оралмандардың тіл мәселесінде қандай қиыншылық көріп жүргенін кім біледі!?

Міне, біздердің қабылдайтын (егер, шынында да, біздер қабылдайтын болсақ!) бағдарламамыз осы келеңсіз жағдайлардың шешімін табуға бағытталуы шарт. Ал орыс тілін пайдаланатын адамдар үшін жоғарыдағы оқиғалар бұл өмірде ешқашан кездеспейтін жағдайлар.

Бағдарламаның

басты бағыты мен мақсаттары

Бағдарлама жобасын дайындау оңай жұмыс емес, сондықтан орасан зор еңбектің жасалғандығына ешқандай күмәнім жоқ, алайда бұл жоба қазақ тілін аяғынан тік тұрғызып, оны мемлекеттік тіл ретінде қоғамның барлық саласында қызмет етуін қамтамасыз етеді деп айта алмаймын. Бағдарлама жобасының мақсаттарына келейік:

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы.

2. Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын көпшілікке тарату.

Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты.

Қазақстан халқының лин­гвистикалық капиталын дамыту.

Біріншісі – ұран, қазіргі қолданыста «мессидж» деп те атайды. Таласуға да болмайтын қарапайым шындық. Екіншісін, өз басым, түсіне де алмадым (Мүмкін, «мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету» деген сөйлем түсініктірек болар) Үшіншісі де - аксиома. Төртіншісі де оңып тұрған жоқ, қолданылмай жатқан қазақ тілінің лингвистикалық капиталын қалай дамытпақпыз, ал диаспоралардың тілдерін алсақ, оларды дамытатын өз елдері бар, демокртиялық ел есебіндегі біздің міндетіміз – олардың өз тілдерінде сөйлеуіне, жазуына, өзара пайдалануына ешқандай заңды кедергі жасамау ғана.

Енді міндеттерге тоқталайық, бірақ міндеттердің бүгінгі күннің проблемаларынан (жоғарыдағы мысалдарға қараңыз) шығатындығын да ұмытпалық:

- Мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру және стандарттау; (Бұрын жетіспей жатқандығын мойындау ма, әлде шовинистік ұйымдардың «қазақ тілін үйренейік десек, әдістемесі дұрыс емес» деген сылтау сандырақтарын қолдау ма?)

- мемлекеттік тілді оқыту­дың инфрақұрылымын дамыту; (Жиырма бір жыл бойы ин­фра­құрылым жасаған жоқпыз ба)

- мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру жүйесін құру; (Бұған жеке тоқталамыз)

- мемлекеттік тілді насихаттау және қолдану аясын кеңейту; (Сонда біздер «мемлекеттік тілді насихаттаудың» өзіне 31 жыл бөлген ел болады екенбіз. Гинесс кітабына енетін шығармыз!)

- мемлекеттік тілді қолданудың дәрежесін арттыру; (Өте дұрыс! Бірақ жолдары мен нақты әдіс тәсілдері осы бағдарлама жобасында бар ма?)

- мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, тіршілік қызметінің барлық саласына араластыру; (Бағдарлама жобасында «мемлекеттік тілді қызметтің барлық саласына араластырудың» механизмі берілуі шарт)

- қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйеге келтіру; (Қазақ тілінің лексикалық қоры әлі жетілмеді десеңіздер Тіл институты Сіздерді сотқа беруі әбден мүмкін)

- қоғамның тіл мәдениетін дамыту; (Мемлекеттік тілді мойындамайтын қоғамның тіл мәдениетін дамыту – бос тірлік)

- орыс тілінің функциясын сақтау; (Ойланып қараңыздаршы, бұл – Ресей Федерациясының міндеті емес пе екен?)

- Қазақстан халқының басқа да тілдерін сақтауға мемлекеттік қолдау көрсету;

- ағылшын тілін және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену. (Жобаны дайындаушылар ағылшын тілін шет тілдерге жатпайды деп ойлайтын болулары керек)

Жұмысшы тобы талассыз шындықтарды алдымызға тарта отырып, бір ғана мәселеден қашқақтап отырған сияқты. Бұл – мемлекеттік тілді қолданудың заңды қажеттілігін жасау. Сонда ғана жоғарыдағы мақсаттар мен міндеттерді «дамытуға», «жүйеге келтіруге болады. Сонда ғана сан түрлі орталықтар пайда болады, этнолагерьлер жұмыс істейді, өзбек, тәжік, орыс мектептері өздігінен жабылып, азаматтар өз балаларын қазақ мектебіне бере бастайды. Сонда ғана халыққа ешқандай «тофельдің» де, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін тексеретін орталықтардың да, қажеті болмай қалады. Мемлекеттік тілді білмейтін адам жұмысқа өтініш те бермейді, егер кіре қалса, бір күннен соң, қолындла қандай алтын сертификат болмасын өзі арыз беріп, шығып кетуге асығады. Бағдарлама қазақ қоғамын барлық өркениетті елдерде бар осындай жағдайға алып келудің нақты жоспарын алдымызға жайып салу керек еді. Меніңше, алдымыздағы бағдарлама жобасы не 20 жыл кешігіп шыққан, немесе 20 жылдан кейін жарыққа шығуы керек еді. Бұл – бүгінгі күннің талабына сай келмейді.

Енді жобаны дайындаушы­лар­дың теориялық талдау жұмыстарының шыңы болып табылатын проблемалық аспектілерге тоқталайық:.

Алдағы он жылда - 2011-2020 жылдардағы кезеңде тіл құрылысының логикасы еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына елеулі қауіп-қатер әкелуі мүмкін бірқатар проблемалық аспектілердің болуынан туындайды.

Қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейі. Бұл проблемалық аспект мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай әдіснамасы мен стандартының болмауына, қазақ тілі оқытушылары мен мамандары даярлығының төмен деңгейіне, оқыту инфрақұрылымы қызметінің бірыңғай стандарттарының болмауына, мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру және мониторинг жүйесінің жоқтығына тікелей байланысты.

Бұл мәселенің бар екендігі шындық. Бірақ жобаны жасаушылар бұл жерде толықтай орыстың кейбір айқайшыл ұйымдарының 1989 жылдан бері қайталаудан жалықпайтын байбаламдарын «дәлелдерін» келтіргендіктеріне таң қаламын. Әлі есімде, 1994 жылы АҚШ-та, Стэнфорд университетінің студенттері, оқытушыларымен кедесуде бір профессор ұлттық мәселе туралы сөз сөйлеп тұрған маған «Кешіріңіз, біз Қазақстанда қазақ тілін білмейтін адамдар кетуге мәжбүр болып жатыр» дегенді естіп едік. Сіз біздің алдымызда орыс тілінде сөйлеп тұрсыз. Ал Сіздің қасыңыздағы жолдастарыңыз қазақ тілін сіз сияқты біледі ме?» деген сұрақ қойды. Мен «Олардың өздерінен сұраңыз» деп құтылдым. Қасымда отырған төрт орыс тілді азаматтың ішінен біреуі шығып, «біріңғай әдіснама жоқ, оқытушылардың мамандығы төмен, ынталандыру жоқ....» деп, дәл осы бағдарламадағы сөздерді қайталай бастап еді, американдықтар шек-сілелері қатып күлді де, жаңағы сұрақ бергені шығып, «Сіз не айтып отырсыз. Егер қазақ тілі мемлекеттік тіл болса, оны оқытуға тиым салса да, сендер түнде тығылып оқып, ақшаларыңды беріп меңгерулерің керек қой! Бұл сылтауларыңа жол болсын» деп сөзін бөліп жіберді. Жоғарыдағы «дәлелсымақтардың» астарында тағы бір аса қауіпті мәселе жатыр. Ол – орыс тілін үйрену процесіндегі артықшылықты мойындау. 90-жылдары, қазір де кейде кейбір ақымақтардың аузынан шығып кетеді, «орыс тілді мектептерде білім беру сапасы артық» деген әңгіме көтерілгенін білеміз. Бұл - мемлекетке, ұлтқа қара күйе жаққанмен бірдей деп ойлаймын. Біздегі берілетін білім бағдарламасы (мемлекеттік стандарт) – бірдей, оны оқытатын оқытушылар да бір адамдар, олардың отыратын орындары да, емтихан талаптары да бірдей, сонда тек қана орыстардың бастары қазақтардың бастарына қарағанда ерекше жаратылған, артық тұрған нәсіл деген фашистік ұғым ғана шығады. Орыс тілін біздер олардың стандарттары артық, немесе әдіснамасының біріңғай болғандығынан, әйтпесе ай сайын 10 000 теңге ынталандыру сыйлығын алғаннан үйренген жоқпыз, - әскерде жүргенде 5-6 айдың ішінде көштен қалмайық, мақау болмайық деп үйрендік. Ол жерде, жалпы Кеңес өкіметінде «біріңғай талап» болатын, сол талаптан туған қажеттілік қана бәрімізді орыс тілін меңгертіп шығарды. Демек орысқа да, қазаққа да біріңғай талап керек. Сол уақытта «мониторинг жүйесі» деген ғылыми сөзіңіздің де ешкімге қажеті болмай қалады.

Елдің әлеуметтік-коммуника­тивтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің жеткіліксіз енгізілуі. Осы бағыттағы проблемалық мәселелер, ең алдымен, халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық саласында мемлекеттік тілді белсенді қолдану аясының кеңеюіне, оны заңның, ғылымның және жаңа технологияның тілі ретінде дамытуға байланысты. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қолданудың беделін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде танытып, кеңінен тарату мәселелерінің маңызды тізбесі, сондай-ақ тіл саласындағы келеңсіз дақпырттардың және таптаурын ұғымдардың орын алуы проблемалық жағдай болып табылады.

Басы дұрыс басталған, бірақ «дамытудың» орнына «қолдану» деген сөздің тұрғаны дұрыс еді. Мемлекеттік тілдің жеткіліксіздігі «демалу мен ойын-сауықта» емес, қаржы мен банк жүйесінде екендігін естен шығармалық. Ал оны «отбасы құндылығы ретінде таныту» деген сөзге, өз басым түсіне алмадым. Қазақ тілі – мемлекет құндылығы болуы шарт. Әрбір тіл сол тілді қолданушылар үшін отбасы құндылығы болмақ. Бұл жердегі тағы бір түсініксіз шұбалаңқы сөйлем – «тіл саласындағы келеңсіз дақпырттардың және таптауырын ұғымдардың орын алуы» деген тұжырым. Бұл, мүмкін, тіл мәселесін көтеруден жалықпай жүрген қазақтың тіл жанашырларына бағытталған болар. Олай болса, жетіскен екенбіз дегеннен басқа амалымыз жоқ. Айта кету керек, бағдарлама жобасының тілі өте ауыр, ал кейбір сөйлемдердің құрылысы, сөздердің байланысы қазақ тілінің грамматикалық заңдарын да, синтаксисін де жоққа шығарып тастайды. Келешекте осыған да мұқият көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын.

Қазақстандық қоғамда тіл мәдениетінің төмендеуі. Лингвистикалық кеңістікті аталған аспектіде одан әрі дамыту терминология, антропонимика және ономастика проблемаларымен, сөйлеу және жазу мәдениетін жетілдіру, сондай-ақ толерантты тілдік орта құру қажеттігімен айтарлықтай салмақ түсіріп отыр.

Тіл мәдениетінің төмендеуі­нің басты себептерінің бірі – теледидардың тілі. Түрік елі сияқты мемлекеттік тілге аударылмаған ешқандай да хабар көрсетілмейтін жағдайға жеткенде ғана жастардың тіл мәдениеті дамуға жағдай туады. Тек үзбей қолданыста болған тілде ғана тіл мәдениетіне деген сұраныс туады. Терминология да сол уақытта дамй бастайды.

Қазақстан халқының лингвисти­калық капиталын сақтау және нығайту қажеттігі. Бұл аспектіде қазақстандықтардың бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға, Қазақстан мәдениетінің тілдік әралуандығын қалыптастыратын этностардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға және халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын тілін және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге байланысты проблемалар топтамасы бар.

Бұған қосымша бағдарлама жобысында мынадай жолдар бар: Міндеттер:

1. Коммуникативтік-тілдік кеңістікте орыс тілінің қызметін сақтау (!)

Нәтиже көрсеткіштері:

- Орыс тілінде оқытатын, тәрбие-білім беретін мекемелердің үлесі

- Мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі (мемлекеттік органдар (МО) бөлігінде) мемлекеттік тілмен қатар, орыс тіліндегі ақпараттарға қол жеткізу дәрежесі

- Азаматтардың қарым-қатынасы жағдайында (МО бөлігінде) тілдерді тең қолдану қағидаларын сақтау деңгейі

- Қызмет көрсету (байланыс, көлік, банк, сауда және т.б.) саласында орыс тілін пайдалануға қолжетімділік дәрежесі

Жобадан алынған бұл үзіндіге түсініктеме беріп жату артық болар. Бұл «міндеттерден» соң қазақ тілі қалайша мемлекеттік тіл деңгейіндегі өзінің қызметін атқара алатындығын бір алланың өзі біледі деп ойлаймын.

Бағдарламаның тағы бір жерінде орыс тілін меңгеруді 90 пайызға жеткіземіз деген мақсат та бар. Әупірімдеп жүріп 98 пайыз қазақ тұратын Қызылордалықтар ана тіліне келіп еді, енді 90 пайызға жету үшін 50-жылдардағыдай қазақ мектептерін жауып, тағы да орыс мектептерін ашуға тура келетін болар. Бағдарлама осы күйінше заңдық күшіне ене қалса, күнделікті өмірлерінде орыс тілінің ешқандай қажеттігі жоқ жерлестерім, тағы да орысша үйреніп, облыстағы енді жабылайын деп тұрған жалғыз орыс мектебін жүзге жеткізу кірісетін болар.

Сондықтан да, менің ойымша, бұл бағдарламаның мақсаты мен міндеттері қазақ тіліне қатысты бір-бірімен тығыз байланысты үш мәселені шешуге арналуы керек еді. Олар:

1. Заңдық негіздегі өзгерістер

Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады деген (республикада мемлекеттік тіл екеу деген ұғым) Конституциялық тұжырымның (7-бап) қазақ тілінің жолын байлап тұрғанын осы он жылдың ішінде мектеп балаларына дейін түсінген сияқты. Мемлекет қызметкерлері де, заңды бақылайтын органдар да қит етсе осы сөйлемді көлденең тартып, күрсіне қолдарын жаяды. Кейде мен «тәуелсіздік үшін біздер не үшін күрестік, егер өзіміздің көңілімізден шыққан заңды қабылдай алмасақ, өзгерте алмасақ» деп таң қаламын. Егер әрбір мақсатты ұранды сөздермен әрлеп қою керек болса, бірінші мақсатты «Қазақ тілі – міндетті, ал басқа тілдер қажеттілікке қарай қолданылады» деген өтпелі кезеңнің ұранын ұсынар едім. Сол уақытта іштегі шұбар жыландар да, шеттегі кіржің қабақтар да жақ аша алмай қалады. Себебі бұл – дүниежүзілік тәжірибе. Демек алдағы жылдардың басты міндеті - осы заңдық қайшылықты реттеп, Конституциядағы жетінші бапта жалғы ғана қазақ тілін қалдыру болып табылады. Бұл мәселе шешілмейінше, ішкі қайшылық та, керек десеңіз, ұлтаралық дүрд араздық та бықсып жанған шала сияқты қала береді.

Заңдық негіздегі өзгерістің екінші қадамы – «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдау болып табылады. Айта кету керек, заң жобасын жасаушылар, өздері қарап шыққан басқа елдердің тілге қатысты заңдарын (Әзірбайжан – «Әзірбайжан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» Заңы; Бельгия – «Мемлекеттің тілдері туралы» Заңы; Франция – «Француз тілін байыту туралы» Заң, «Француз тілін пайдалану туралы» Заң, «Француз тілінің тазалығын қорғау туралы» Заң, Француз тілін пайдалану туралы жазбаша өкім. Израиль – «Иврит тіліндегі әндерді қолдау туралы» Заң, Латвия – «Мемлекеттік тіл туралы» Заң, «Тілдер туралы» Заң; Мальта – Мальта тілін дамыту жөніндегі Ұлттық кеңес құру туралы акт; Польша – «Поляк тілі туралы» Заң. Ресей Федерациясы – «Мемлекеттік тіл туралы» Заң, «Ресей Федерациясы халықтарының тілдері туралы» Заң, «Орыс тілі» Федеральдық мақсатты бағдарламасы, Сингапур – Халықтық іс-қимыл партиясының «Мандарин тілінде сөйлеңдер!» науқанын өткізу туралы және Ақпарат, коммуникация және өнер министрлігі жанындағы мандарин үшін науқанының хатшылығын құру туралы қаулысы; Словакия – «Мемлекеттік тіл туралы» Заң; Тәжікстан - «Тәжікстан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» Заң; Өзбекстан – «Мемлекеттік тіл туралы» Заң; Украина – Мемлекеттік тіл саясатының тұжырымдамасы; Филиппин – Филиппин тілін дамыту жөніндегі комиссияны құру туралы № 7104 акт) беріпті. Бірақ көздерін жұмып отырып қараған болулары керек, «Мемлекеттік тіл» деген терминді көрмей қалғанға ұқсайды. Бағдарлама жобасы соңғы уақытта талай сөз болған, жоғары деңгейде де талқыланған бұл мәселеге мүлдем тоқталмайды! Оның орнына қос тілділікті дамытуға, қорғауға арналған «Тілдер туралы» заңға өзгерістер енгізумен ғана шектелмекші.

Заңдық негіздегі үшінші қадам – «ҚР Ономастика туралы» заңын қабылдап, қазақ пен басқа ұлт өкілдерінің, әсіресе орыстардың арасындағы кикілжің мен түсінбестіктің өзегі болып отырған, шешімін таппаса, қазақтардың ар-намысына қозғау салып, күндердің күнінде атқа қондыруға себеп болатын жер-су аттарын біржақты шешу. Сол арқылы отаршылдық пен коммунистік идеологияның белгісі ретінде қойылған атаулардан толық тазару. Бұл – отаршылдық зардабын шегіп, өзінің тәуелсіздігін алған барлық ұлттардың басынан өткен халықаралық тәжірибе. Өкінішке орай, бұл бағыттағы шаралар жүйесі, сыпайылап айтқанда, тым әлсіз деп ойлаймын (1.Ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық, қоғамдық пікірді ескеру, азаматтық қоғам институттарын және БАҚ-тарды кеңінен тарту қағидаларын енгізу ; 2. Ономастика саласында қолданылатын НҚА-ға (1993 жылғы 8 желтоқ­сандағы «Қазақстан Републи­касының әкімшілік-аумақ­тық құрылысы туралы» ҚР Заңына) тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу; 3. Географиялық нысандардың атауын мемлекеттік тілде жазу мен орыс тілінде және басқа тілдерде транслитерациялау ережесін әзірлеу)

2. Жауаптылық мәселесі

Бағдарламадағы ең басты мәселесі заңдарды қабылдау арқылы қазақ тіліне қажеттілік тудыру болса, екінші қадам – сол заңның орындалуына деген жауапкершілікті нығайту, нақтылау, жұмыс істеткізу жолдарын белгілеу болуы керек. Ұлы философ Сократтың «Өзінің шығарған заңын ұстана алмаған елдің болашағы жоқ» деген сөзі бекер болмаса керек. 21 жылдың ішінде моншаның билеттерін мемлекеттік тілге аударуға шамамыз келмесе, заңды да кінәлай беру артық болар. Билет демекші, қала көлігінде билет алмаған жолаушыға айып тартқызатын заңымыз бар да, тәуелсіздігіміздің негізі болып табылатын, Парламент қабылдап, Президент қол қойған «Тілдер туралы» заңның баптарын бұзған жандарға ешқандай жаза белгіленбеген.

«Әкімшілік кодексіндегі» екі бап, меніңше, әлі күнге дейін бір жерде қолданылған емес. Францияда қоғамдық жерлердегі жазбаларда мемлекеттік тілді қате жазған жандар 5000 евро айып төлейді екен. Ал қазақ тіліндегі нұсқауларды лупамен де көруге келмейтіндей етіп жазған тауарларды өндірушілер мен сатушылар қалай жазалануы керек? Қазақ тілінде бір де бір бланкісі жоқ банктер қанша айып төлеуі шарт. Менің бес әріптен тұратын аты-жөнімді жазғанда бақандай екі қате жіберетін (КӨШІМ - КУШИМ) мемлекеттік органдардың қызметкерлері қалай жазаланбақ? Әлде олардың компьютерлерінде қазақ әрпінің болмауы – мемлекеттік тілді мойындамауға дәлел болады ма? Билеттерді тек қана ағылшын тілінде жазып беретін (соңғы екі жыл бойы барлық авиакомпаниялар электронды билет сатуға көшті. Ресей бұндай компанияларды мемлекеттік тілді қолдануға мәжбүр ету ү.шін сотқа беруге кірісті) компаниялар қашан жабылады. Айтпақшы бұл туралы «осы мәселе қаралып жатыр» деген Бас Прокуратураның жауабын алғанмызға бір жыл болды... Қазақ елі өзінің Конституциясында Құқықтық ел екендігін белгілеген. Бағдарлама жобасында бұл бағыт екі баппен көрсетілген («НҚА-ға тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қатайту және құқықтық олқылықтарды жою бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу»; «Көрнекі және жарнамалық ақпарат құралдарында заманауи әдеби қазақ тілінің дұрыс қолданылуына бақылауды күшейту») Меніңше, бұл жерде де нақтылық жетіспейді. Жоқ жаупкершілікті қалай қатайтасың, бұрын болмаған бақылауды қалай күшейтесің!?

3. Өткен бағдарламаны талдау, саралау жұмыстарының қажеттілігі

Жобаның тағы бір жетімсіздігі - өткен 2000-2010 жылғы бағдарламаға талдау, сараптау жұмыстарының жүргізілмегендігі. Дайындалып жатқан құжатымыз - бүтіннің бір бөлігі ғана. Жаңа бағдарламаның басы өткен бағдарламаның соңынан жалғасын алуы шарт. 21 жылдың ішінде бірдеме жасалған шығар, ал жасалмаса, оның себептерін ашып алу – жаңа бағдарлама жасағаннан да маңызды деп ойлаймын. Өткен бағдарламадағы көптеген алға қойған мақсаттардың жүзеге аспай қалғандығын бәріміз білеміз. Енді оны қайталамаудың жолдары табылмайынша, бұл бағдарлама да алдыңғының жолын қуу мүмкіндігі торлықтай сақталады. Демек мемлекеттік бағдарлама ертегінің деңгейінде қалады.

Жобаның «Қазіргі ахуалды талдау» бөлімінде өткен жылдарды екі ауыз сөйлеммен қорытыпты (1997-2000 жылдары – 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына және Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бекітілуіне орай қоғам өмірінің негізгі салаларында тіл құрылысының құқықтық негізі қалыптаса бастады.

2001-2010 жылдары – Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде тіл құрылысы стратегиясының мынадай үш бағыты айқындалды: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту, орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау, Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту. Сондай-ақ осы кезеңде Мемлекет Басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлылығы» ұлттық мәдени жобасын іске асыру басталды). Бұл жолдарды талдау деуге аузым барар емес, ал одан кейінгі жарты бет «тіл құрылысында қандай тамаша табыстарға қол жеткендігі» туралы рапортқа ұласқан. Қанша балабақша, қанша мектеп, қанша БАҚ басылымдары, қанша сөздік т.т. (Егер осылардың барлығы ешқандай нәтиже беріп, ілгері жылжу байқалмаса – мәселенің басқа жақта болғаны ғой! Д.К.) Айта кету керек, бұл «жетістіктерді» дұрыстап бере білудің де жолдары бар: Мысалы 7576 мектептің 1598-і орыс тілінде десеңіз, қазақ тілінде білім алатын балалардың саны орыс тілінде оқитындардың санынан бес есе көп сияқты түр береді. Сол уақытта қазақ мектептерінің жартысына жуығы ауылдардағы 60-70 бала оқитын шағын комплектілі мектептер екендігі, ал оқитындардың санына шаққанда, қазақ балаларының тең жартысына жуығы орыс тіліндегі мектептерде оқуға мәжбүр болып жүргендігі тасада қалады. (Иә, «мәжбүр болып жүр» деген сөзді байқамай айтып қалған жоқпын, өткен жылы «Ұлт тағдыры» қозғалысының Өскемен, Павлодарда өткізген «Балаларыңыздың болашағы - қазақ тіліндегі мектепте!» деген дөңгелек үстелдерінде солтүстік облыстардың аудандарындағы орыс тіліндегі мектептердің жасанды түрде сақталынып, қазақ балалары амалсыздан орыс мектептеріне баруға мәжбүр болып отырғандығы туралы көптеген мәліметтер түсті. Д.К.). Тағы бір жерде «2003 мектепке дейінгі мекеменің 260 орыс тілінде» деген «ізгі хабар» жүр екен. Бұны оқыған жұртшылық «Балабақшадағы қазақ тілінде тәриленіп жатқан балалар да орыс тілінде тәрие алушылардан бес есе көп екен» деп арқаны кеңге салатындығында сөз жоқ. Ал менің қолымдағы 2003 жылдағы мәлімет бойынша республика бойынша мектепке дейінгі балаларды дайындайтын 204 қазақ тобы болып, онда 9494 бала оқыса, 2004 оқу жылында 218 қазақ обында 12734 бала білім алыпты. Ал осы жылдары (2003 жылы) орыс тілді 374 топта 24216 бала білім алған. Демек әңгіме мектептің санында емес, сонда оқитын балалардың санында болуы керек.

Материалдық тұрғыдан ынталандыру мәселесіне көзқарас

Бадарлама жобасында тілді оқығысы келмейтіндер үшін арнайы бағыт дайындалған екен. Ол «ҮШІНШІ БАҒЫТ. Мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру жүйесін құру» деп аталады. Бұл бағыт екі топты қамтыған сияқты. Біріншісі: «Мемлекеттік қызмет көрсететін және халыққа қызмет көрсету (банк, сауда ұйымдары, қызметтер көрсету саласы т.б.) саласындағы ұйымдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру жүйесін құру»; болса, екіншісі «Мемлекеттік тілді білу деңгейін табысты (мерзімінен бұрын) үздік игергендерді материалдық ынталандыру жүйесін енгізу».

Бұларды ынталандырудан қалған қаржы «Білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру жүйесін құруға» бағытталмақшы. Егер одан да ақша артылып бара жатса «1. Барлық ынталы адамдарға (?) қазақ тілін оқып-үйренуге мемлекеттік көмек көрсетуге» жұмсалмақ. Демек, «менің ынтам жоқ» дегендер ақшасыз қалуы әбден мүмкін.

Мемлекеттік тілді ынталандыру жөніндегі әңгіме осы жиырма жылдың ішінде сан рет көтерілгендігі белгілі. Бірақ халықтың арасынан ешқашан қолдау тапқан емес. Оның да нақты себептері бар.

Біріншіден, материалдық ынталандыру кімдерге берілуі керек деген мәселеге алдымыздан шығады. Мен «қазақ тілін білмеймін» деп арыз бергендердің барлығы да ынталандыруға жататын болса, бәрі де білмейтіндердің тізіміне кіруге асығады. Олардың біреуін не бірнешеуін «сен білетін едің ғой» деп тоқтата алмайсың. Өзіне міндетті мәселе үшін мемлекет ақша беріп тұрса, оны кім алмайды. Ынталандыру тек қана қазақ еместерге, диаспора мүшелеріне ғана қолданылады деп тағы да айта алмаймыз – қазақ тілін білмейтін қандастарымыз да жеткілікті. Олар ынталандыру ақшасын алып жатқан Асылы Осман мен Гер-ағамызға ала көздерімен қарауы әбден мүмкін.

Екіншіден, бұл мәселе, сөзсіз, тағы бір коррупция тудырады. Әлі күнге дейін тілге бөлінген миллиардтардың ізін таба алмай жүрген ызалы азаматтарға тағы бір соғыс майданы ашылып беріледі. Ынталандыру мөлшері, оның кімдерге берілу қажеттілігі, т.т. -барлығы субъективті түрде шешілген жерде сан түрлі әлеуметтік әділетсіздіктер орын алады.

Үшіншіден, ынталандыру алғашқы орынға шыққан уақытта мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру туралы мәселе күн тәртібінен түседі. Қазақ елінің азаматтарының мемлекеттік тілді білуі парыз және міндет болса («Ел бірлігі» доктринасындағы тұжырым) сол міндеттерін жүзеге асырғандарға сый-сияпат көрсету – менің миыма кірмейді. Ондай жағдайда әскерге барып, міндетін өтегендерге де ынталандыру жүйесін енгізу керек болар. (Кеңес өкіметі кезінде құрылысты өздері міндеттеріне алған мезгілде бітірген ұйымдарға мемлекет тарапынан қомақты сыйлық берілетін. Осы түсініксіз жағдайдың себебін кейінірек білдім; ...ол уақытта бір де бір құрылыс уақтылы бітпейді екен. Сондықтан да уақтылы біткеннің өзі аса үлкен табыс, ерлік ретінде қабылданатын).

Төртіншіден, осы уақытқа дейін қазақ тілін ынталандыру болмағандықтан «үйрене алмай жүрген» адам жоқ. Бұл – талабы да, ниеті де жоқ азаматтардың сылтауы ғана. Ертең ынталандыру мөлшері 10000 теңге болса, «неге 50 000 теңге емес, мен бұл 10 000 теңгеге бола қазақ тілін үйреніп не жыным бар» деп кекірейетіндер де шығады. Оларға не айтамыз? Азаматтың өз мемлекетінің тіліне деген ынтасы қаншаға бағаланады екен!!!

Төртіншіден, бұл мәселені қолдаушылар өткен ғасырдың 30 жылдары мемлекеттік деңгейде қазақ тілін үйренушілерді ынталандыру тәсілі болған деген уәжді алдымызға тартады. Меніңше, ол уақыттағы жағдай мүлдем басқа болған. Ол жылдары жас республиканы «советтендіру» мақсатында орталықтан, Мәскеу мен Ленинградтан, басқа да Ресейдің қалаларынан жүздеген, мыңдаған мамандар келе бастады. Олардың тез арада жергілікті тілді меңгеріп кетуі үшін ынталандыру тәсілі қолданылған. Бірақ қазақ жерінде туып өскен, кейде «біз диаспора емеспіз, жүздеген жыл бойы осы жерде ата-бабаларымыз тұрып келген» деп кеудесін соғатын біздің азаматтарды олармен салыстыру – үлкен күнә болып саналады.

Бесіншіден, Конституциядағы 7-бап жөнге түспейінше, ондағы орыс тілінің қазақ тілімен бірдей қолдануы алынып тасталынбайынша, тілдік шеттетілу (дискриминация) болмау үшін орыс тілін тезірек меңгергендер үшін де ынталандыру болуы керек...