Тұрсынай ОРАЗБАЙҚЫЗЫ ақын, журналист. Халықаралық «Алаш» және А.Фадеев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты. Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері : Тірлік кешем бірде ұтылып, бірде ұтып…

1
2011

Қай кезде де айтам сөздің ашығын,

Көңілімде құпия жоқ жасырын,

Өзімшіл боп жаралмаған болмысым,

Жүректе тек іңкәр сезім, ғашық үн.

Болмасам да ең ардақты, асылың,

Елім, саған жырдың төгем шашуын.

Біреулердей мініп алған желкеңе,

Қуанамын, болмадым деп масылың.

Асылдарың құшағында өзгенің,

Бірі мансап, бірі байлық көздеді.

Имандылық оятпады санасын,

Қайдан таптық пенделіктің өзге емін?

Ырыс-құты шалқып жатқан өлкемде,

Аш ұлдарың несібесіз мөлтеңдеп,

Масылдарың үлесіңді басып ап,

Желпілдейді жауыр болған желкеңде.

Үміт-шуақ тағдыр мұзын жібітіп,

Тірлік кешем бір ұтылып, бір ұтып.

Еркелерің жабырқатқан жаныңды,

Жүрсем деймін ән-жырыммен жылытып.

ЖАЯУ МҰСА

Мен де сіздей жаяумын, Жаяу Мұса,

Көңілден де кетпей жүр қаяу, құса.

«Аузы қисық болса да, байдың ұлы

Сөйлейтін» заман туды баяғыша.

Баяғыша теңсіздік тағы орнады,

Жемқорлардың байлық боп жан ардағы.

Азаттыққа қол жеткен отанымда,

Жаяу халқым жақсылық таба алмады.

Ел үлесін біреу мәз шайқап анық.

Ар-иманын кеткендей сайтан алып,

Өркениет дамыған бұл шақта да,

Сіздің тағдыр тұр тағы қайталанып.

Ән-жырыңнан қайсарлық, от көремін,

Жаяуларға күш беріп өткен едің,

Ала-құла өмірден жаным жеріп,

Мен де сіздей зорлыққа кектенемін.

Кектенемін өзімшіл пенделерге,

Тойымсыздық санасын меңдеген бе?

Қайыры жоқ халқына сол байқұстар,

Сіздің салған бір әнге тең келер ме?!

Дауылпазым, даламның өр түлегі,

Ән-жырың да өзіңдей еркін еді,

Сан мыңдаған жаяулар әніңді айтып,

Қанаттанып, рухтанып серпіледі.

Жаяу жүріп үш жүзге шықты даңқың,

Қайда барсаң, ардақтап күтті халқың,

Даңқы тұрмақ аты да аталмайды,

Сізді жаяу қалдырған мықтылардың!

ҚАЗАҒЫМ КАЙДА

ЖҮРСЕ ЕЛДІ ОЙЛАҒАН

(әні бар)

Жусаны, жауқазыны желге ойнаған,

Кең даланы халықпыз ен жайлаған.

Тағдырдың жазуымен алыс кетіп,

Қазағым қайда жүрсе елді ойлаған.

Дариға-ай, дариға-ай,

Қазағым қайда жүрсе елді ойлаған.

Жат елде сұлтан болып жанса бағы,

Тірліктен қалағанын алса-дағы,

Жүрегі «елім-айлап» қарс айрылар,

Қашан да ата жұрт боп аңсағаны.

Дариға-ай, дариға-ай,

Қашан да туған ел боп аңсағаны.

Тағдырдың соқса-дағы бораны әлі,

Елінің тимесе де «төр алаңы».

Арман боп ата мекен – кең даласы,

Қазағым туған жерге оралады.

Дариға-ай, дариға-ай,

Қазағым туған жерге оралады.

***

Кешір, Апа!

Көрші үйдің қызындай бола алмадым.

Басқаша өмір сыйлады мол арманым.

Көк қасқасын көлденең қойып үйге,

Шіреніп кеп біреулер қол алмады.

Жетегіне ердім де «жыр-киенің»,

Қалағаным сол болды – шын сүйерім.

Құрбым тойда жүргенде, мен оңаша

Музамменен тілдесіп, сыр түйемін.

Жас ғұмырдың жалынды жыр-әні боп,

Жансам дедім ізгі ойдың шырағы боп.

Қақты бірде арқамнан ауыл қарты,

Әкең жайлы жырларың ұнады деп.

Күндерім аз болса да налымаған,

Жыр-гүлімді арнадым еліме әман.

Көрші үйдегі апа да мақтау айтып:

«Анаң қандай бақытты!» – деді маған.

Қайтпас ердей жорықтан, барымтадан,

Деуші едім керегіңнің бәрін табам!

Кездерім болды ма екен тірлігіңде,

Бабытты етіп, өзіңді жарылқаған.

Құлпыртсам деп өсірген гүл бағыңды,

Мазасыздық жайлаған бұл жанымды.

Дұғама қосып айтам әр күн сайын,

Өзің жайлы жазылған жырларымды

***

«Әйелден ақын шықпайды!» – дейді біреу,

масқара-ай!

Ақылды сөз айттым деп, білгішсінген қасқаны-ай!

Айдай әлем алдында барыңды жоққа шығармақ,

Жонынан емес, тілінен тілер ме еді таспаны-ай!

Оқып соның мазағын, қапаландым –

бұл шыным,

Бетімді емес, намыстан жүрегімді шымшыдым.

Білмейді екен бәтшағар, «әйел-Ана» екенін,

Алғаш айтып жеткізген құдірет-жырдың тылсымын.

Ана арманын ағытып нәзік жүрек – пернеден,

Перзентім аман өссін деп тал бесікті тербеген.

Тұла бойды балқытқан дүниедегі жылы саз –

«Бесік жырын» әуезді, әсем сөзбен зерлеген.

Айналып зәм-зәм бұлаққа жүрек сөзі – тілегі,

Келген жандай жұмақтан мейірімді гүл өңі.

Әлдилеумен түн қатқан, ән-жырымен жұбатқан,

Ақындықтын бастауы – әйел емей, кім еді?!

Қазір айтсаң бәрі – аңыз, өткенге оймен қараңыз,

Билік айтқан топ жарып талай шешен Анамыз.

Ажары айға ұқсаған, ерлерді сөзбен тұсаған,

Ақындықтың үлгісі – Ұлбике мен Сара қыз.

Әділін айтар жан болса, бұл сөзімді растар,

Ақын қыздар игерген құлпырады жыр-асқар.

Тізіп бәрін жете алман, айтпай тағы өте алман,

Ел мақтаны емес пе, Фариза мен Күләштар!

«Бірін-бірі батыр» дер өресі биік, өсер жан,

Бізді ақын ғып шыңдаған дархан дала, әсем таң.

Жыр шырайын ашатын, сөз маржанын шашатын,

Өзге жұртта бар ма екен Ақмарал, Айнұр, Әселхан?!

Жүрсе де кешіп тозақ күн, сойқанын көріп азаптың,

Ұрпағын баулып өнерге, жасаған қолдан ғажап күн.

Бабалар сөзін хаттаған, ән-жырсыз таңы атпаған,

Ұлынан қызы кем емес ақын халық – Қазақтың!

ӘПКЕМЕ

Өмірде де, өнерде де тірегім – Лескүл Оразбайқызына

Бетке алған өнер атты ақ кемені,

Талантты боп туылған әпкем едің,

Жанымда сен болған соң жан сырласым,

Биік шырқап қанатын қақты өлеңім.

Өнер десе тұратын жүрегі еріп,

Момақан жанұяның түлегі едік.

Қазағымның ататын әрбір таңы,

Ән-жырға бөленсе деп тілеп едік.

Адастырмай өр мақсат, арман бізді,

Үміт гүлі желегін жарған ізгі,

Қобызыңның шанағы күй толғайды,

Қорқыт баба бастаған жалғап ізді.

Тауқыметін тірліктің сірестіріп,

Тұрса да өміріңде күрес тұнып,

Бала мінез, аңқылдақ ақ жаныңның,

Жақсылығын жүресін үлестіріп.

Бағалайды дәл мендей сыйыңды кім,

Сең болған соң жан сергіп, тыйылды мұң.

Сең болған соң тең болып төрт құбылам,

Тағдырдың жеңе білдім қиындығын.

Езілер өзіңді ойлап жүрегім көп,

Сен мұңайсаң менің де іреңім жоқ.

Соқтықпалы-соқпақсыз өмірімде,

Келесің қай кезде де тірегім боп.

Көмегің тиіп жүр ғой қанша жанға,

Қасиетіңді сөз етсем тауыса алам ба?

Саған қарап шүкір, деп жұбанамын,

Аяулы анашымды аңсағанда.

Бөлей алмай жүрсем де асылды үйіп,

Қуанамын барыңа басымды иіп.

Алла берсін, тоқсанның асқарында,

Қобызыңның әуенін асыр биік!

НАҒЫЗ ӘЙЕЛ

Жаратушы кейде кең өкім еткен,

(Болды ма екен жазмыштан, не тілектен)

Тартар жүгің көп қой деп,

Әйелдерге,

Бір ғана емес, сыйлапты екі көктем.

Ғажап көктем дейді жұрт екіншісін,

Бұл ұйғарым білгенге секілді шын.

Әйел үшін ерлер де ойлап тапқан,

Тіл жетпес әсемдіктің не түрлісін.

Жарасса жан-жарымен ынтымағы,

Жолатпай тағдырдың да мұң-тұманын.

Сырлы аяқтай кетпейтін, сіра сыны

Нағыз әйел қырықта да құлпырады!

***

Мен жайында айтарсың:

– Ақылы аз, жай ғана көрікті еді – деп.

Еркекті мойындамас ерікті еді – деп,

Жанымды елжіретіп, елітпеді – деп,

Қатып қалған не пәле – өлік пе еді – деп.

Осылай да осылай жеріткені көп,

Ерден безген әйелді көріп пе едің? – деп,

Ашынарсың зіліңді төгіп, төгіп кеп…

Ал, сен жайлы мен айтам:

– Жазылмайтын жырымның кейіпкері, – деп.

ҚҰРБЫҒА

Арамыз енді шын-ақ алыстады.

Сені билеп әкетті «табыс» дәмі.

Таңдаған өз жолыммен кете бардым,

Мұра ғып ар-ождан мен намыс шамын.

Бетке алып ізгі арманның алыс бағын,

Ар-ожданның жалауын тағы ұстадым.

«Тар жол, тайғақ кешуге» ұрынсам да,

Табыс қуған өзіңмен табыспадым.

Санаңды табыс билеп кетті бүгін,

Оған сай боп болмысың, ептілігің.

«Тойымсыздар» тобына кірігіп ап,

Елемейсің егілген көптің үнін.

Айтқан өжет ойларың тұр есімде:

– Жанмын дейсің жаралған күресуге.

Өмір заңы – адамзат мәжбүр, – дейсің –

Бірі өрлеп, ал енді бірі өшуге-.

Өмір-күрес!

Ар соты арашада,

Өзімшіл жан онымен санаса ма.

Байлық, бағың көңіліңді асқақтатып,

Ханшадайын қарайсың қарашаға.

Өмір-күрес!

Ойлыға тамаша ұғым:

Толғандырса халқының болашағы.

Быт-шыт қылғым келеді күресіңді –

Үлесіне қол созған қарашаның!

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз