МӘҢГІ ӨЛМЕС ерлік жыршысы

Ұлы Абай бастаған асыл арналы ұлы жолға ой-сезім, күш-қуаттың өзгеше бітімімен келіп, қуаныш пен күйініш, қиналыс пен жеңіс, арман мен ағыс арасында жалындай жанған Несіпбек ақын бастау алған тұнық тұмадай, нәзік сезімді ғаламат күшке айналдыра алатын лепті лирикасынан кең тынысты, алып құлашты, қаншама дәуір мен заманалар дауылына төтеп беріп, биігі бір аласармаған, қайта Алаш даласының абыз-жүрегіндей болып арманын айғақтай жырлаған, әлі де тұғырдан таймай, қайта дәуірлеп, үнін естірте бастаған эпикаға бет бұрып, әр ақын жүрегі дауалап бара бермейтін, ізденісі көп, ізі деректі, әр шумақ өлеңге орасан зор жүк артатын жанрға баруы кемеліне келген ақынның кесектігін, дараланған дарын екендігін байқатты.

Н.Айтұлының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Ерлікке ескерткіш» кітабына енген қос поэма жоғарыда айтқан ойымыздың үдесінен шыққан туындылар. Басқа басқа, алғашқы поэманың «Ту» аталуында орасан зор мән бар. Қазақ үшін ең қасиетті ұғым, ерлікке өлшем ерен әрекеттің символындай ту жығылса – рухтың өшкені, киенің жоғалғаны болып, асқақтай желбіресе - жауының құтын қашырып, елінің айбынын асырып, сонау ықылым заманалардан тартқан салқар көштің жолы әлі даңғыл, мемлекетінің тұғырлы екенін көрсеткен баға жетпес құндылығының бірі. Міне, осы «Ту» поэмасын оқып отырып, бұл жанрды жаңа биікке көтере алған ақынға ризашылық білдіресің.

«Алданған жас баладай

күнде ойынға,

Заманның кім кетпеген

ыңғайында?

Санасаң шаш етектен

шеккен бейнет,

Не пайда салынғанмен

құр уайымға?»

деп басталған жырдың алғашқы аяқалысынан-ақ алысты шалған, арзанға соқпай асыл іздерге көз тіккен ақынның өз бейнесі көрінеді. Көне суреттерден көкірек көзімен ой тапқан баланың ес дүниесінен сәуле шашқан ақындық қуаты заманаларды көктеп өткен. «Күнде ойынның» сайран өмірінен оймен ойнап жол тапқан, ол ойынын «ел парызы» деп атаған Несіпбек ақын бұл сүбелі шығармаларды жазуға ерте даярланған секілді. Эпикалық туындының ауыр ойдан бір күрсініп алып, табиғат суретімен төгіле жөнелген арынды тасқыны бұл жанрдың дара шыңы танылған Ілияс Жансүгіров рухымен тілдескендей, қуатынан қанат алып, іле жалғап, ілгері жүйтки жөнелген асау күйдей әсерге бөлейді.

«Еске алып келмес күнді

енді қайтып,

Төрде отыр бір қария

әңгіме айтып.

Таңдайын тыңдағанның

тамсандырып,

Сөйлейді бір күлдіріп,

бір мұңайтып».

Жаңағы ғажайып суреттер ішінде жүрген ақын жүрегі енді баян жырға көшкен. Жыр жорғасымен ата тарихтың тарлау жолдарына тереңдеп бойлай береді. Поэманың өн бойында жатқан асыл арқау ерлік ғұмыры, өшпес даңқы сонау жоңғар шапқыншылығы кезіндегі тарихи уақиғалардың аласапыран шақтарынан тіл қатады.

«...Ауырлық түсер болса

ел басына,

Аруақтың жер батады

жамбасына...

...Жерініп жатырынан

жүргендердің

Тартпаса қары сынсын

қандасына».

Жыр желісінің басында эпиграф секілді түскен осы жолдарға үңіліп көріңізші? Жырдың ыстық қаны, шыншыл жаны бірден шиыршық ата, шамырқана жосылады. Жер бесіктің асты-үстін бірдей әлдилеп бебеу қаққан өмір жүрегімен тілдеседі. Айтарын орағытпай, сын сүрлеуге салып, бояуын қалыңдатпай, ақ алмастың жүзіндей жалаңаш тастайды. Өткірдің жүзі тиіп кеткеннің қанын шығарады. Лебінің өзі сатқын мен боямпазды алшақтан-ақ үркітетіндей. Әдеттегідей байсал басталатын жырлардай емес, «Ту» ерекшелене түсіп, бар қуатымен бұлқына ұмтылады.

«...Қазақ пен қалмақ

киіз туырлықты,

Қайғының екеуі де

уын жұтты...».

Сөз, айтар астарында әлі айғағы мол болса да, толық айтыла қоймаған ой жатыр. Еркін екі елді бір-біріне айдап салушының айқұлағы алыстан қылтыңдайды.

«...Өтті ғой содан бері

қанша ғұмыр,

Күн батса қайта туған

ай қуанып...»

Дүние алмакезегі, өткен дәурен, жаңа заман, жүз жылда қазан өзгерістер, ауысу, бір күйден озу, бір күйге түсуді ғұмыр өлшемінде қолмен қойғандай ай, күн, алмасу ұғымында дәл бере білген Несіпбек ой тереңінде еркін жүзетін, сүңги жүзіп, гауһар сүзетін тұлға екенін де танып кетеді.

Ел үшін, бір тұтам жер үшін қасық қанын аямай, ту түбіне жиналған қазақ қолы соңғы шайқасына, азаттықтың ақырғы аламанына жиналуда. Жан-жақтан төңкеріле жосылып жеткен үш жүздің түмен-түмен әскерінің барлық туы бір тудың маңына қадалуда. Дүрілдей желбіреп аруақтана, айдындана түсуде. Жан беріп, жан алысар шайқас алды. Елдің басын қосқан намыс шайқасы. Тек жеңіспен аяқталар бірлік айқасы.

«...Самғайды қыран көкте

желдегендей,

Кеудесін ашу-ыза кернегендей.

«Адамзат, сендер бекер

таласасың,

Бір таудың шын иесі «мен»

дегендей...»

Ұлы шайқасқа кіргелі тұрған ақын жалт етіп өмір көзімен әлемді шалып, самғап заңғарға көтеріліп кетеді. Биіктен көз тастап, шаңқылдап ой толғайды. Алысты меңзейді, айқынды көрсетеді. Өзгеше қимыл, тосын әрекет. Ұлт үшін ұлы шайқас болса да ой тереңінен табыла бермейді. Адамзат ауылында қыранға серік бола алар құдірет жоқ секілді. Бір төбеде дүрілдеген тулардан ұшып шығып мәңгілікке қалықтап, сайын дала, салқар жеріңнің мәңгі сақтар ой биігі мен жігер нұрын алған қайратты сезім секілді. Несіпбек көрген, Қабанбай, Бөгенбай бабалар, Төле сұңғылалар ұшырған қыран.

«Алтай менен Барқытбел –

Атажұрты өзінің,

Қарашығы көзінің.

Бұл араға келгенде,

Жау қарасын көргенде

Дарабозға дем берер

Тауда жортқан тағысы,

Құстың қанат қағысы.

Соққан желдің лебі де,

Өзен-судың ағысы.

Әр бұтасы, әр тасы,

Қоғасы мен қамысы».

Жол жорғадағы баян үлгісінен ақпа судай арынға ауысқан ақын төгілдіре тербегенде, жалпы жыр нұсқасының бір тынысты жолы осындай болса керек-ақ деп ойға қаласың. Қалай дегенде де төрт аяғын тең басқан етене үлгі аракідік араласып отырып, уақиғаны көркемдеуге көп әсер берген.

Поэманың бесінші бөліміндегі шабыт қанаты ерекше арынды. Себебі, шиеленісер де шешілер түйін осы бөлімде.

«...Соққандай құйындатып

дауыл қатты,

Тулақтай кең даланың

шаңын қақты.

Қан бояп ат тұяғын шашасынан,

Өзен-су қып-қызыл боп

ағып жатты...

...Торғауыт топырлата

қуды келіп,

Көрмеген атқан оғын

құр жіберіп.

Кенеттен аттың басын

қайта бұрды,

Қашқан қол желбіреген

туды көріп.

...Қос жебе қатар тиіп

өндіршектен...

...Төбеде туын жықпай

қасқайып тұр...

...Егіліп жан қалмады

жыламаған,

Көргенде Қазымбетті

құламаған».

Өзі өлсе де ел туын жықпаған қайран бабалар! Талай сын сағаттарда сағы сынбай, сындардан сүрінбей өткен Қазымбет батыр құлатпаған ту емес пе, қыран қанатында қалықтаған, ақын шабыт боп, бүкіл қазақ ойы боп шарықтаған. Осы тұстан поэманы аяқтауға да болушы еді. Алайда, Несіпбек кешегіні бүгінмен байланыстыра кетуді, алтын тамырлардың асыл дәндерінің көктеуін, ұлы тудың ұрпақ қолында берік тұғырда екенін баяндауды жөн көрген тәрізді.

«Жауыздың ешбірі жоқ

жаза көрген,

Қашанда қиянаттан қазақ өлген.

Көк тудың қасиетті киесі атар

Сабынан ұстамасақ

таза қолмен».

Кітаптағы екінші поэма - «Ақмола шайқасы». Бірінші шығармада ақынға дем беріп баяндаушы Жақыпбек абыз болса, мұнда әйгілі Саққұлақ шешеннің ұлы Ералы.

Шығармада ақын алғашқы поэмасында сұрақ тастап, ойды бүркемелеп кеткен тұстарын қопара түскен. Кене ханның көтерілуінің дәлелді себептерін сонау жоңғармен байланыстыра кетеді. Расы сол екеніне иландыра суреттейді.

Поэмадағы уақиға желісі тарихи негізді. Әр әрекет кеп, оған қарсы жауап нақтылы орнына қойылған. Сол намыс сынға түскен кезеңде ұлт мүддесінен өзін жоғары қойған, жау жағына шығып, жарамсақ әрекетке барған сұлтандар ісі уақиға шиеленісінің шешілмес түйінге айналып бара жатқанын, бұл жорықтың, азаттықтың ақ жолының соңғы нүктесі тек ерлікпен қойылатынын білген, бастарын ел мен жер үшін бәйгеге тіккен арыстардың арпалысы дерек көзімен баяндалады.

«...Қайдасың, қара қобыз –

кәрі жырау,

Алыстан сарыныңды

таныдым-ау...»

деп бір қуанышына замана қайғысын арқалатып жіберген ақын.

«...Жер үшін жан

садаға мал түгілі,

Даланың шамырқанды

еркін ұлы.

Сібірдің аюына қарсы шапты

Көкжалдың көзі

қанды бөлтірігі...

...Дүние теріс бағып

сыңаржақты,

Аспанды айықпастай

тұман жапты...

...Кінәлап не табамын

ол ғасырды,

Сеземін сырқыраған

жамбасымды...»

Абылайлап атқа қонған Кенесары мен Наурызбай, Ағыбай мен Басықара батырлардың Ақмоланы шабарда орта шепті Абылайдың ақ туы тұрған тұсты «Ұлы Ту» атауы да үлкен ойды меңзейді емес пе? Поэмадағы баяндалатын ұрыс-шайқастар, төрелер алдындағы дау-дамай тартыс бұқпалап қалған елді ел санамай шауып тастаған намысты ер әрекеті, ақыры зор қайғымен аяқталған уақиғаның ұзын-ырғасын жіліктемей-ақ, кез-келген тұсын ойып алып үңілсеңіз, киелі қасиеттің рухы елес беріп, бар тамырға атой салғызып қоя береді.

«...Түсінде жүреді

ылғи арыз айтып,

Жабырқап Басықара,

Тайжан маған...

Астында мынау әсем Астананың

Үн-түнсіз жатырсың-ау,

қайран бабам...

...Бөленген Азаттықтың

таң нұрына,

Айналған ұрпақтардың

ән-жырына.

Астана – ескерткіштің ең ұлысы

Ұлт үшін құрбандардың

барлығына!»

Тағы да ақын бері өтіп, аталар арманының асқақтап, рухы мәңгі биік бәйтеректей мәуелеп тұрғанын, ол мекеннің қапталында Қабанбай, бөктерінде Бөгенбай, арқасында Ағыбай жатқан Астана екенін жырлап береді. Бүкіл қазақ даласының ең ұлы шайқастарының куәсі де осы Астана болып табылады. Азаттықтың туы алғаш желбіреген жердің киесі тартатынын да ой астарында нанымды баяндап өтеді. Ол баянның болашағы берік қолда. Киенің иесі бар. Иесінің сүйенер рухы, қолдар қасиеті бар. Арманы асқақ, арнасы айдынды елі бар.

Кітаптағы екі поэма да қазақ поэмасының эпика жанрына қосылған баға жетпес туынды. Ең құндылығы - өткен мен бүгінді жалғап, дәуірлердің тынысын беруі тұғырдың биіктігін, терең тамырдың тектілігін танытқаны болуы керек.

Иә, өткен мен бүгінгінің сабақтастығын арттыра түсуге арналған ақынның айбынды жыр туындылары өз заманында әділ бағасын алатынына сенім мол.

Айбек ТІЛЕУХАНҰЛЫ,

ақын-драматург, ҚР Мәдениет қайраткері