БАРЫНША ІСКЕР БАҒДАРЛАМА... БІРАҚ, ӘЛІ ДЕ АТҮСТІЛІК БАР

Аталмыш бағдарлама жобасы алдыңғы он жыл бойы талғажу еткен нұсқадан гөрі насихат пен демогогиядан ада, барынша іскерлік сипаты бар. Дегенмен, танысу барысында атүстілік пен қолға алған шаралардың, ниеттердің әлі де бірқырын екендігі айқын болды. Бұл жоба бірыңғай Мәдениет министрлігінің пікірі мен пайымына құрылғандығы көрініп тұр. Ал, тілдерді, оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту бір министрліктің ауқымы емес, оған үкіметтік жұмыс тобы қатыстырылуы керек еді. Сонымен, өз ойымымыз бен уәжімізге ерік берейік.

Бағдарламаны іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органдар

Бұл органдардың барлығына бірдей жүктелген міндет аталмаған: ел тұтынысындағы тауарлардың 90 пайызға жуығы мемлекеттік тілді айналып өтетіндігі, жапсырмалар мен нұсқаулар импортталған тауарларды былай қойғанда, отандық тауарлардағы ақпараттың қазақ тіліндегі сапалы да сауатты және толық нұсқасы бола бермейді. Бұған жауапты Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі бұл жайтқа ат басын бұрған емес. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі ел азаматтарын төлқұжатпен және басқа да құжаттармен қамту үдерісінде мемлекеттік тілге толық көшуді ойластырмай келеді. Азаматтарды сәйкестендіру құжатының мемлекеттік тілде міндетті түрде толтырылуы заңнамалық актымен бекітілмеген, әсіресе ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндері мемлекеттік тілдегі транскрициясымен қамтылмағандықтан, лингвистикалық сорақылықтарға тап болуда. Демек, бұл тармақ жауапты органдармен келісіп әзірленбеген, оларға міндеттер нақты айқындалып, жүктеу қолға алынбаған.

Бағдарламаның мақсаттары

Көрсетілген кейбір мақсат айқын нысананы көрсетудің орнына, жай ғана насихаттық және афоризмдік сипатқа ие болып, бағдарламаның мақсаттарын бұлдырата түскен:

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы.

Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты.

Осылайша, мақсаттың бағдарлама үшін күтілетін түпкі нәтиже екендігі беймәлім қалған.

Міндеттер

Кейбір міндеттер өзінің мәні жағынан мемлекеттік тілдің дамуына қайшылық келтіре отырып, оны саяси жағынан тежеуге апарып соғады.Соның бірі:

- орыс тілінің функциясын сақтау;

Қазақстан республикасының ешбір заңдамасында орыс тілінің функциясы туралы айырықша нормативтік акт жоқ және оның қандай функция екендігі беймәлім. Ел Конституциясының 7-бабының 2-тармағына қатысты «орыс тілі қазақ тілімен ресми түрде тең қолданылуы» делінген жайт, оның функциясын айқындап тұрған жоқ, мүмкіндігін ғана анықтап тұр. Егер де бұл уәжді «орыс тілі қазақ тілінің орнын ресми түрде алмастырады» деген заңдық акт ретінде қабылдасақ, онда мемлекеттік тіл туралы ешбір шара қолданудың қажеті жоқ, оның орнында орыс тілі екендігі айқын болмақ.

Рас, орыс тілі Қазақстандағы азаматтардың өзара қатынасы мен ақпарат тарату және өндірудің басты тетігі екендігін мойындау керек және одан шұғыл бас тарту қауіпті екені де түсініті. Алайда, орыс тілінің елдегі екінші тіл ретінде қала беруіне саяси орын беріп, лингвистикалық және қоғамдық ушығысқа апармайтын басқа тактиканы ойлдастырған мақұл болар еді. Мәселен, елдегі азаматтардың дамуын қамтамасыз етудегі басты ақпарат тұтушысы (носителі) болып табылатын орыс тілі қоғамда қос тілділіктің нығаюы есебінен қорғалуы керек. Сонда, орыс және қазақ тілдерінің арақайшылығы түбірімен жойылмақ. Аталмыш міндет саяси және заңдық жағынан қайшылық туғызып қоймай, қазақ тілінің дамуына қасақана қойылған кедергі болып табылмақ. Сондықтан бұл міндетті кәзіргі монотілділіктен (орыстілділіктен) ең болмаса шынайы қостілділікке өтуді назарға алып: «орыс тілінің қоғамдағы орнын қостілділікті дамыту есебінен сақтау» түрінде келтірген абзал.

Келесі дүдәмәлі мол міндет:

– Қазақстан халқының басқа да тілдерін сақтауға мемлекеттік қолдау көрсету.

«Қазақстан халқының тілі» деген ұғым бізде әзірге заңдама жағынан да, басқа жағынан да жоқ, оның орнына «мемлекеттік тіл» және «этностық тіл» деп айқындауға бейім ұғымдар бар. Сол себепті, аталмыш міндет былайша түзетілгені мақұл:

– Қазақстандағы этностық тілдерді сақтауға мемлекет тарапынан қолдау.

Мақсатты индикаторлар

Бұл тарау «мақсаттық (нысаналық) индикаторлар» болып аталғаны жөн, әйтпесе, оны «индикаторы с целями» деп қабылдауға тура келеді. Алайда, бұл тараудан бұрын Бағдарламаның Мақсаттық (нысаналық) тобы (нысаны) айқындалуы керек еді. Аталмыш тараудың мазмұнына қарағанда, бұл Бағдарламаның нысаналық тобы – он алты миллион қазақстандықтар екен. Бұл айқындық та, нақтылық та емес, Бағдарлама онжылдық мемлекеттік жоба болғандықтан, ол барынша дәлдікке құрылғаны сауатты болмақ. Айталық, «мемлекеттік тілдің деңгейін меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 80 %-ға дейін» жеткізуді көздейтін индикаторға зейнеткерлерді де жатқызамыз ба? Жалпы, бұл тарау жауаптан гөрі сауалы басым жайттарды көлденеңдетіп тұр: «мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесін 100 %-ға дейін» деген индикаторға қалайша қол жетпек, егер де орыстілді мектептерде қазақ тілі пән ретінде ғана санаулы сағатпен он жыл бойы оқытылса, оның нәтижесі мемлекеттік талапқа жатқызылмастан, ҰБТ нәтижесі жоғарғы оқу орындарының талабына айналмаса?

Ал, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап қайда? Олар мақұрым күйінде өгей тілде мемлекетте қызмет істей бермек пе? Ал, қоғамдық қызмет ету салаларындағы азаматтарға қойылатын талап қайда?

Мына «республика халқының орыс тілін меңгерген ересек тұрғындарының үлесін 90% деңгейде» деген индикатор қалайша орындалмақ? Егер он жылда елге кемінде бір миллион шетелдік қазақтар ауып келсе, олар орыс тілін меңгермесе, шет қазақтарға есікті тарс жабамыз ба? Бәлкім, республика халқының орыс тілін меңгерген ересек тұрғындарының үлесі 90% емес, кәзір 98% деңгейде болса ше? Неге басқа сан емес, 90%? 90 пайызға ұмтылу деген кеңес заманында да жоқ нәрсе емес пе еді?!

ҚАЗІРГІ АХУАЛДЫ ТАЛДАУ

Аталмыш тараумен таныса келе, кейбір тұйыққа тірейтін жайттар сол күйінде қалып отырғаны алаңдатады. Тарауда келтірілген мына деректерге амалсыз тоқталуға тура келеді:

мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымы елеулі түрде кеңіді (қазақ тілінде оқытатын балабақшалар - 940, бұл 2001 жылмен салыстырғанда 68%-ға жоғары, мектептер – 3811, 2001 жылмен салыстырғанда 163-ке өсті, мемлекеттік тілді оқытатын 101 орталық құрылды); Елдегі балабақшалар неге этностық мазмұнға ие, мемлекеттік сипатқа тәрбиеленушілер қашан ие болмақ? Балабақшада қазақ тілінде ең болмаса толық тілі шықпаған, тәрбиені былай қойғанда, балалар есебінен жоғарыда аталған «мемлекеттік тілді меңгерген мектеп түлектерінің үлесін 100 %-ға дейін» өсіретін индикатор қалай жүзеге аспақ? Орыс, неміс, өзбек, ұйғыр аталатын санаулы сағатпен қазақ тілін шығарып салатын этностық мектептердегі түлектер өздерін қалайша Қазақстан азаматы сезінбек?Жалпы, бұл этностық мектептер қалайша мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымы болып табылады?

Ал, мемлекеттік қызметтегі жалған ақпарлармен «Іс жүргізуде мемлекеттік тілге көшіру» науқаны қашанғы жалған ақпарат жиынтығы болып есептен есепке көшіп жүре бермек? Осы тараудағы талдамада «іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге аудару процесі белсенді түрде іске асуда (мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 67%-ды құрайды);» Сол мемлекеттік органдардағы қызметшілердің өз міндеттерін атқармай, оны аудармашылар атқарып отырғаны неге жасырылады? Ендеше мәселені, «Іс жүргізуде мемлекеттік тілге көшіру» түрінде емес, «мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші» түріне жеткізетін уақыт жеткен жоқ па?

Жасырынбақ ойыны, бұқаралық ақпарат саласында да қамтылған: «мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметі нығаюда (мемлекеттік БАҚ контентінде қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 70%-дан астам, 2750 БАҚ басылымдарының 68%-ы толық немесе ішінара қазақ тілінде шығады)» делініпті. Ау, бұл қандай контент? Кәзір елдегі қазақтілді ақпарат тарататын басылымдар санының өзі он пайызға жетпейтіні әбден белгілі емес пе? Ал, «мемлекеттік БАҚ контентінде қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 70%-дан астам» дегенді қалай түсінеміз? Бұлар телекөрсетім бе, радиохабар ма? Жаңалықтар ма? Әлде, кәрей мен түрік телефильмдерінің аудармасы ма? «2750 БАҚ басылымдарының 68%-ы толық немесе ішінара қазақ тілінде шығады» деген жаңылпашты «елдегі барлық ақпараттың 68%-ы қазақ тілінде» деп ұғайық па?

«Қазақстанда тұратын этностардың тілдерін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі құрылды (жалпы білім беретін 7576 мектептің 1598-і орыс тілінде, 62-сі өзбек тілінде, 14-і ұйғыр тілінде, 2-уі тәжік тілінде оқытады, 2089-ы - аралас мектептер;» деген қасаңдықтың артында біз Кеңестік этностық білім беру жүйесін мәңгіге жалау етеміз деген пиғылды қабылдату тұр ма, сонда? Бұл мектептерде неге пәндердің жартысы қазақ тілінде оқытылмайды? Сөйтіп, болашақ қазақ емес жастар өздерін толық қазақстандық азамат сезінуге мектеп қабырғасында жағдай неге жасалмайды?

Жобада лингвистикалық аса маңызды фактор саналатын тілдік орта туралы ләм-мим делінбепті. Қазақ тілінің аясының тарылып, қор болуы да, сол фактордың қолға алынбай келуінен. Бұл тараудың мазмұнына қарағанда, қазақ тілін үйрету тек қана оқытушылар мен «қазақ тілі» аталатын пәннің қолында екен! Кеңестік кезде қай қазақ үшін орыс тілін үйрету орталығы ашылып, қыруар қаржы бөлініп еді? Бұған назар аударылмаған! Яғни, тілді меңгерудің қоғамдық сипаты мен басқа да факторлар қарастырылмаған, қарастырылғаны – мемлекет бюджетінен бөлінетін қаржыны қарбытатын әлдебір орталықтар мен орындар ғана! Азаматтардың азаматтық міндеті мен парызына сәйкес қойылатын мемлекеттік талап тағы да көрініс таппаған.

Сонымен біргі кәзіргі ахуалды айшықтап, айқындап отырған, қоғамда талай резонанс туғызған ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАР: ӘЛІПБИ, ОРФОГРАФИЯ, ОРФОЭПИЯ т.б. мәселелер ашылмапты, талданбапты.

Тараудың «Қазақстан халқының лингвис­тикалық капиталын сақтау және нығайту қажеттігі.» тармағында «қазақстан­дық­тардың бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға» деген уәж елдің тілдік капиталы қайсы және бәсекелестік басымдыққа қай тіл арқылы қол жеткіземіз деген сауал барынша «нақтыланғанымен», бұл саясат елдегі кемінде алпыс пайыз қазақтілділердің ерік-жігерін қалай айналып өтетіндігі белгісіз!

Бағдарламаның төменде келтірілген бөліктері жауаптан гөрі сауалды көп туындатты, сондықтан оларды талдау ретінде қарастыра келіп, өз уәжіміз бен сұрақтарымызды бас әріпті сөйлемдермен бөліп көрсеттік.

(Жалғасы бар)

Сағат ЖҮСІП