Назарбаев Астананың барлық кем-кетігін түзетуге уәде берді
2015 ж. 18 маусым
2154
7
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Астана бас жоспар» ҒЗЖИ» ЖШС-де болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысына Астананың 2030 жылға дейінгі бас жоспарына түзету енгізу, астаналық агломерацияны қалыптастыру жобасы баяндалды, сондай-ақ елорданың жаңа көлік жүйесін құру барысы таныстырды.
Сонымен бірге, Қазақстан президентіне Орынбор көшесін, жаңа теміржол вокзалы ауданын салу тұжырымдамасы, Нұржол бульварының екінші кезегі жобасы туралы баяндалды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа елдордада құрылысы жоспарланып отырған бірқатар ғимараттардың жобалары көрсетілді.
Президенті БАҚ-қа арналған брифингте атап өткеніндей, Астанада құрылыс жүргізу мен абаттандыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
«Біз қандай мәселелер бар екенін білеміз. Соның ішінде автотұрақ орындарының жетіспеушілігі де бар, ол мәселе міндетті түрде шешіледі. Жақында жауған жаңбыр кәріз жүйесінде қиындықтар бар екенін көрсетті, оны да жетілдіру қажет. Сонымен бірге балабақшалар мен мектептер салу мәселесіне де көңіл аудару керек. Қаланың одан әрі даму перспективасы ЭКСПО-2017 аумағын, оның айналасындағы көшелерді салуды, Сулы-жасыл бульварды абаттандыруды, жаңа саябақтар, соның ішінде аумағы 100 га болатын Ботаникалық бақ салуды қамтиды. Бұл еліміздің қақ ортасында жаңа мегаполис құруға мүмкіндік беріп, барша қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады», — деді мемлекет басшысы.
Источник: ИА "Казинформ"