Аяқдопта НАМЫСымыз аяққа таптала бере ме?

kz-tr-futbol

3 қыркүйек күні Еуро-2012 чемпионаты аясында ойнаған Қазақстан Түркия матчына қарап сөзсіз осындай ой түйесіз. Кейде бұл елдің намысын қорғайтын ұлдары жоқ па деген ойға қаласың.

Бұл жолы да «сол баяғы жартас» үлкен айырмашылықпен жеңілуге «мәжбүр» қалдық. Себеп намыссыздық. Намысты қолдан бере салатын ойыншыларымыздың ойынын көруге Астанадағы стадионға кемі 20 мың жанкүйер жиналды. Ойыншыларымызға жанұшырып қолдау білдірді, рухын, намысын ояту үшін бар даусымен айқай салды. Одан қалды теледидар алдында жанкүйер болған миллиондаған азаматтарымыз үн қосты. Бүткіл стадион болып айқай салса да, намысы оянар футболшы көрмедік. Қайдан оянсын. Ақша үшін футбол ойнауға келгендер болса. Ойынға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та келіп дем берді. Бірақ нәтиже жоқ. Елбасымыз еріккенінен келмеді ғой. Елдің намысы Елбасының намысы екендігін ескеріп келді. Намысымызды жанып, рухымызды көтеру үшін келді. Оны түсініп отырған не ойыншы не жаттықтырушы жоқ. Алаңға жиналған жанкүйерлердің шыдамы таусылған болуы керек, сүреңсіз ойын кезінде үстерін көмкеріп тұрған үлкен туымыздың орнына «Сборная – проходной двор» және Шторк түсінсін деген болулары керек ағылшын тілінде ауыз айтуға бармайтын үлкен лозунгтарын шығарды. Осы жазуды оқыса да былқ етпестен Бернд Шторк «жақсы ойнадық» деген баяғы әдетінен осы жолы да жаңылмады. Ойыннан кейінгі оның осы сөзі бізді мазақ етіп тұрғандай көрінді. Шамасы, ол осыдан бес жыл бұрын түріктермен ойнап, 0:6 болып ойсырай ұтылған есеппен салыстырып отырса керек. Алайда, түріктер осы жолы гол соғатын көптеген мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алмағанда, есептің сол бес жыл бұрынғы жағдайды қайталауы ықтимал еді.

Қарап отырсаңыз, алаңға шыққан 11 ойыншымыздың тек екеуі ғана қазақ ұлтынан екен. Нұрбол Жұмасқалиев пен Азат Нұрғалиев. Сонда «ұлттық құрама» деген атауды иеленіп тұрып, тым болмағанда өз ұлтымыздан жарты команданы жасақтай алмағанымыз ба? Бұл – елдің Футбол федерациясы басшылығында отырған азаматтарымыздың ұлттық рухының жоқ екенін көрсетеді. Рухты, намысшыл футболшыларды ойынға жібермеу бас бапкердің немесе Футбол федерациясының «салиқалы» саясаты ма?

Қысқасы Футбол федерациясы бар, Бернд Штрогы бар бұлардың әрекеті «қазақтар доп тебе алмайды» деген ой қалдырды. Бұл бір ұлтты қорлау деп білемін. Себебі Құдайға шүкір Самат Смақов, Таңат Нөсербаев, Жамбыл Көкеев сияқты қаншама қазақтың баласы бар доп тебе алатын. Оған Қытай, Швеция, Голландия сияқты елдерде жарқырап ойнап жүрген қазақ футболшыларын қосыңыз. Осылардың бәрін жинаса, бір команда шығар еді. Ал тебе алмайтындары болса үйретсін, жаттықтырсын. Б.Шторк ақшаны сол үшін алып отырған жоқ па? Неге біз одан өз ұлдарымызды тәрбилеуді талап етпейміз? Бернд Шторк қазақтың ақшасын алып отырған соң, жүйелі жұмыс жасасын. Ал, істегісі келмесе, орынды босатсын. Шетелден дайын футболшыларды шақыртып ойнатып жатқан оның бұл ісі көшедегі кез-келген адамның қолынан келеді. Шторктың бұл әрекетінен Қазақстанның футболы ешқашан дамымайды. Қалай дамысын бәрін шетелден уақытша шақыртып ойнатып жатса.

Ресейден, Германиядан шақыртқан футболшыларының қатырған түгін де, көрмедік. Оның қасында біздің жоғарыда атап көрсеткен қазақ футболшылары әлдеқайда жақсы ойнайтындығы сөзсіз. Бұның бір ғана себебі бар. Ол, қазіргі футболшыларында отанға деген ешқандай сезім жоқ. Ал қазақтарды алаңға қоя беріп, микрофонмен «Қазақ емессіңдер ме? Намыстарың қайда? Алға!», - деп ұрандатып, рух беріп отырыңызшы, сонда кез-келген азулы командаға төтеп беретіні ақиқат. Мысалыға осы ойында жанұшырып жүрген тек қана Нұрбол Жұмасқалиев пен Азат Нұрғалиев ғана. Тоқсан минут бойы тыным таппай маңдай терін төккен қос футболшы намыс дегендi басқаларға қарағанда әлдеқайда артық түсiнетiн сияқты.

Менің ойымша қайсібір спорт түріне болмасын, намысы жоғары, елім дейтін ерлер болмаса, қатыстырудың қажеті жоқ.

Мәселен, кезінде әлемді аузына қаратқан Франция құрамасында өзге ұлттың өкілдері көбейіп кеткендіктен олар жеңілістен көз ашпай, масқара болды. Жақында ғана Беларуссиядан да ұтылып қалды. Көрдіңіздер ме, өзге ұлттарда бөтен ел үшін намыс қайдан болсын?! Жалған намыстың нәтижесін көріп отырған боларсыздар.

Шторктың шәкірттері қанша жерден баптадым десе де, алаңға шыққанда атағы жер жарып тұрған командалардың алдында тізесі дірілдеп, құты қашып кетеді. Себебі футболшыларында намыс жоқ. Мұндайда сондай жігерсіз, намыссыз жігіттерді қайдан ғана жинап алған деп еріксіз зығырданың қайнайды. Бұл көзге көрініп тұрған шындық. Егер де намысы бар ойыншылар болса, оның алдында айдаһар тұр деп зәре құтын қашырса да қорықпас еді. Қарсы команданың мүшелері де өзіміз сияқты адам ғой. Айырмашылығы тек - қарсыласының рухын сындыра білуінде ғана.

Ал, енді қарсыласымыз Түркия құрамасы жөнінде сөз қозғасақ, біраз әңгіменің беті ашылайын деп тұр. Олар осы жолы да өздерінің өте өркөкірек екендіктерін тағы да бір көрсетті.

Болашағымыз жастарды, жастар болғанда да еліміз бойынша ең ақылды жастарымызды лицейлері арқылы «сүзгіден» өткізіп, қыздарымызға бір-бір түріктің баласын туғызып жатқанын ескерсек, түріктердің де бізге дос емес екені айдан анық көрініп тұр. Аталған футбол матчында бір-бір қазақтың қызын құшақтап алған түріктерге алаң толып кеткенде, бір қауіптің келе жатқанынан хабар беріп тұрғандай сезілді. Бұдан да қатты жаныма батқаны қазақтың қызынан туылған түріктің балалары «Түркиям, Түркиям» деп матч бойы айқай салуы. Сонда сорлы қазақтың қыздары отанында отырып өзінен туылған балаға ең құрығанда Қазақстанға титімдей құрмет көрсетуді үйрете алмағаны ма?

Бұл матчқа түріктер тек сергіп, бізді мазақ етуге келіп кеткені шындық. Мұны бар мықты ойыншыларын бізге қарсы ойнатуынан түсінуге болады. Бізді бауырлары екенін, енді еуропада ойнап жатқан жас команда екенін ескеріп көп гол айырмашылығымен емес сыйластық, достық ретінде бір екі гол айырмашылығымен жеңуге болады ғой. Футболда әлсіз екенімізді біле отырып, мазақ ретінде қақпамызды шұрқ-шұрқ тесіп жатқандығы қай бауырмалдыққа саяды. Футбол - бұл үлкен саясат. Әр елдің күшін, пиғылын осы спорт арқылы білуге болатындығы белгілі. Қазақ пен түріктің арасындағы қарым-қатынас жақсы емес екенін стадиондағы тәртіп сақшыларының шектен тыс көптігі, екі ұлттың арасын тек полиция ғана ұстап тұрғандығы айқын көрінді. Әрине, бәріне көндігіп үйренген қазақ ешқашан өздігінен біреуге барып соқтықпайды. Әлемнің ешбір ұлтымен басы піспейтін бауырларымыздың пиғылын беттеріне айқанымыз әбестік болмас. Түрік футболшыларын стадионға кіргізер алдында тәртіпті бұзып, өркөкіректеніп баса көктеп кіруге ұмтылғанын немен ақтап алуға болады? Тәртіпті түсінетін голландық Гус Хиддинк ортаға араласып, футболшыларын тәртіпке шақырмағанда не боларын білмейміз.

Бас жаттықтырушымыз Шторк қазақтың үстінен менсінбей қараса, Футбол федерациямызда ұлттық намыстары жоқ болса, шетелден ақшаға жалданған футболшылар отаны үшін күрескендей ойнамаса, ұлттық құрамамыз қайдан жеңіске жетсін?! Дәл осы түрімен ешқашанда қазақ футболы дамымайды. Олардың ойынына қарап тұрып жер шұқи-шұқи шаршадық. Енді тек іске кірісу қажет.

Асылбек БАЙЖАН