Назарбаев: Менің әкем кеңес билігі қыр соңына түспес үшін өзін кедей ретінде көрсетті
2015 ж. 05 маусым
4791
4
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Сума Чакрабартимен әңгімелесу барысында өзінің әкесі туралы айтып берді.

Елімізде өткен шетел инвесторлары кеңесінің отырысында Сума Чакрабарти Нұрсұлтан Назарбаевтың атасы диірменді иелік етіп, ауыл шаруашылығы жайлы көп хабары болғанын айтты деп хабарлады Today.kz.
“Мен сіздің атаңыз (Назарбаевтың атасы – ред. ескертпесі) ауылда диірмен қожайыны болғанын білемін. Сіз де аграрлық кешен жайлы көп білесіз. Маған Қазақстан қонақжайлылығы мен дәмді тағамдары үшін ұнайды. Мен бүгін біздің ауылшаруашылықты талқыға алғанымызға дән ризамын. Мен көптеген жергілікті өнімдердің дәмін таттым: Қызылорданың күріші, Алматының алмасы және әрине Қазақстанның жоғары сұрыпты ұннан пісірілген наны. Біз Қазақстанда ауыл шаруашылығына барынша атсалысатын боламыз”, – деді Чакрабарти.
Өз кезегінде Қазақстан президенті Назарбаев ЕҚҚДБ тарапынан еліміздің өнімін жарнамалаудың өзі айтарлықтай көмек болғанын атап өтті.
“Мен сіздің диірменге иелік еткен атамды есіңізге алғаныңызға риза болдым. Ол ауқатты кісі болатын. Алайда әкем жаңа кеңес билігі қыр соңына түспес үшін өзін кедей ретінде көрсеткен еді. Сіздің елімізде тағам дәмді деуіңізге келсек, егер еуропалық банктің басшысы жүрген жерінде қазақ өнімдерін насихаттап жүретін болса, бұл аргарлық кешенге көрсетілген көмегіңіз болмақ”, – деді Назарбаев.
Еске салсақ, шетелдік инвесторлар кеңесінің XXVIII пленарлы отырысы биылғы жылы Қазақстандағы агралық сектордың дамуына арналды. Кеңес мүшелері Қазақстанның аграрлық саласын дамытудағы маңызды бағыттарды талқыға алатын болады.
Дереккөз: Nur.kz