Бюджеттегі игерілмей қалған қаржы депутаттардың жағасын ұстатты
2015 ж. 04 маусым
1601
0
Министрлер кабинеті мәжіліс төрағасының ашуына тиді. Қабиболла Жақыпов 2014 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беруге келген министрлерді мәжіліс залынан қуып, бюджет мәселесін күн тәртібінен алып тастауға шақ қалды.

Депутаттар шенеуніктердің қазына қаржысына салғырт қарайтынына қапалы. Олар бюджет қаржысының жыл сайын игерілмей қалуын доғару керек дейді. Әсіресе ұлттық компанияларға шүйліккен мәжілісмендердің қарқыны қатты.
Республикалық бюджеттің атқарылуы дегенде орындалмау, игерілмеу, сапасыз жоспарлау сөздерінің қатар айтылуы заңдылыққа айналып бара жатқандай. Жыл сайын қайталанатын үрдісті айта-айта, депутаттардың да жағы талған сияқты.
Сол себепті олар бюджетті жоспарлау процесінде дербес жауапкершілікті заң жүзінде енгізіп, миллиардтарды игермей жатқандарға шара қолданатын кез жетті деп ашынды. Өйткені екі рет нақтыланып, бірнеше рет түзелген бюджеттің толық көлемде орындалмауы халық қалаулыларының наразылығын тудырды.
“2014 жылдың республикалық бюджет теңгерімді атқарылды. Шамамен 6 трлн теңге түсімдер, 7,1 трлн теңге шығыстар және 1,1 трлн теңге тапшылық”, – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Министрдің бұл есебі депутаттардың көңілінен мүлде шықпаған сыңайлы. Бюджеттің тиісті деңгейде орындалмағанына реніш білдірмеген халық қалаулысы кемде кем.Кемшіліктер жылда қайталанады деген депутаттар бірден қарсы шықты. Депутаттардың айтуынша, бюджет қаржысын тиімді жұсауға немқұрайды қарау әсіресе Инвестициялар және даму министрлігінде байқалады. Яғни 13 млрд теңге игерілмеген.
Екінші орында Ұлттық экономика министрлігі – 5,6 млрд теңге. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі – 3,3 млрд теңге. Ішкі істер министрілігі 3 млрд теңгеден астам қаржыны кәдеге жаратпаған.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 1,3 млрд теңгені ұқсата алмапты. Қыруар қаржыны игере алмағанына қарамастан, министрлердің мәжіліс залында емін-еркін жүруі төменгі палата төрағасының ашуына тиді.
“Сағынтаев мырза, қарап отырсам, кейбіреулер емін-еркін кіріп-шығып жүр. Мүмкін мына сұрақты күн тәртібінен алып тастап, сіздерді басқа шаруаларыңызға жіберерміз? Досаев қайда кетіп қалды? Бұл не деген жауапсыздық? Депутаттар дұрыс айтады. Жыл сайын бір сұрақ қайталанады. Тәртіп орнататын кез келген шығар. Игерілмей қалған қаржы үшін министрлерден, ұлттық компаниялардан жауап алу керек. Біз игермей жатқан сомма кейбір Азия елдері бюджетінің жартысын құрайды”, – деді ашуға булыққан мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов.
Сағынтаев мырза, қарап отырсам, кейбіреулер емін-еркін кіріп-шығып жүр. Мүмкін мына сұрақты күн тәртібінен алып тастап, сіздерді басқа шаруаларыңызға жіберерміз? Досаев қайда кетіп қалды? Бұл не деген жауапсыздық?Депутаттар атқарылмай жатқан инвестициялық жобаларға да шүйлікті. Айткүл Самақованың мәліметі бойынша, 2014 жылы 81 республикалық инвестициялық жоба аяқталуы тиіс екен. Бірақ оның 68-і ғана іске қосылған. 8 млрд-тан астам теңге игерілмеді. Аймақтарда 117 жоба аяқталмай, нәтижесінде 2,2 млрд теңге игерусіз қалды.
“Кей жобалар театрдағы спектакльдер сияқты, ашылады да – қол шапалақтап, қайта жабылып қалады. Алдау, былай қарағанда”, – дейді депутат Нұртай Сабилянов.
Бөлінген қаржысын игере алмағанымен қоймай, сыртқы қарыз көлемін арттырып отырған квазимемлекеттік сектордағы компаниялар да депутаттардың назарында. Әсіресе «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қорының қаржысын бақылауға алмасақ, ақша тиімсіз жұмсала береді, – деп отыр депутаттар.
Игерілмей қалған қаржы үшін министрлерден, ұлттық компаниялардан жауап алу керек. Біз игермей жатқан сомма кейбір Азия елдері бюджетінің жартысын құрайдыАл Мұхтар Тінекеевтің айтуынша, ұлттық компаниялар бюджет қаражатын қызметкерлерінің спорт залға баруына жұмсап, ысырап қылып отыр.
“Бахытжан Әбдірұлы, сіз болдыңыз ба «Самұрық-Қазынада»? Ол жерде кеше ғана оқуын бітіріп келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен жақын туыстары жұмыс істейді. Олар 1,5 млн теңге жалақы алып отыр. Бірақ компания олардың бассейндері мен спорт залдарының шығынын төлеп береді. Президент тапсырма берген жоқ па, ондай сапасыз қызметкерлер санын қысқартыңдар деп”, – дейді депутат Мұхтар Тінікеев.
Бар шерін тарқатып алған депуттаттар бюджетті жоспарлайтын органдардың жауапкершілігін арттырып, дербес жауапкершілікті заңды түрде енгізу керек деген ұсыныс айтты.
Өкпе-назын жарыса білдіріп жатса да, қаулы қабылдауға келгенде, депуттаттар әдеттегідей ауызбіршілік танытып, қаулыны бір ауыздан мақұлдады.
Дереккөз: Астана телеарнасы