Ұлт үшін күреске шыққандар алған бетінен қайтпайды...
2009 ж. 15 желтоқсан
1242
0
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасына қарсы аштық жариялаушы Мұхтар Шаханов және оны қолдаушы Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Тұрсынбек Кәкішев, Сәрсенбай Рысбек, Рысқұлбеков Талғат, Сырым Айдос бастаған зиялы қауым өкілдері 9-желтоқсан күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстан Республикасының басшылығы 1994 жылдан бастап қоғамды «американдық ұлт» үлгісіне көшіруді қолға алды. Қазақ ұлтын тұқыртуға арналған шаралар жалғасын тауып жатты. «Қазақ ССР-і» болып аталып келген республикамыз тәуелсіздік алған соң «Қазақстан Республикасы» болып шыға келді. Бұрын Ата Заңымыздың басты өзегі ретінде қабылданған «Қазақ - мемлекет құраушы ұлт» деген тіркес алынып тасталды. Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезінің өзінде мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген қазақ тілінің беделі егемендік алған жылдар ішінде шарықтаудың орнына құлдырай түсті.
Ұлт жанашырлары кешегі баспасөз мәслихатында «Бүгінгі таңда қарапайым қазақ халқының қолында өз ұлтынан, ұлттық құндылықтарынан өзге дәнеңесі де қалған жоқ. Енді соның өзін көпсінгендей билік «Ел бірлігі» доктринасын қоғамға ұсынды. Бұл доктринаның тек қазақ халқын ғана емес, республикамыздағы өзге ұлт өкілдерінің де тілін, салт-санасын, рухани құндылықтарын тып-типыл ететіні күмәнсіз. Ұлт тұлғаларының наразылығынан кейін доктринаны әзірлеуші топ қулыққа басып, бұрынғы «қазақстандық ұлтты» «ел бірлігі» етіп өзгертті. Доктрина қабылданған күннен бастап бәріміз тұтас бір ұлтқа айналатынымызды, «мен қазақпын», «мен орыспын», «мен украинмын», «мен ұйғырмын» деп айта алмайтын жағдайға бет бұратынымызды» қадап айтып жатты.. Доктринадағы мемлекеттік тілді және этностар тілін дамытамыз деген сөздер жұртты алдарқату тұрғысында жазылған. Талқылауға ұсынылған «Ел бірлігі» доктринасында мынадай жолдар бар: «Этностық емес, азаматтық қауымдастық құруға бағытталған бастапқы таңдау – келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланады. Этностық ерекшелігіне қарамастан елдегі барлық азаматтардың мүдделерін тоғыстыру ең дұрыс жол екенін уақыт көрсетіп берді».
Жазушы Т. Кәкішев «Қазақстанда тұратын барша халықтың бірлігін қалаймыз. Ол бірлік мемлекет құраушы ұлт саналуға тиісті қазақ ұлтының төңірегінде жинақталуы керек. Жергілікті ұлтың мүддесі аяққа тапталған кезде тәуелсіздік те, бірлік те, татулық пен түсіністік болмайды» деді.
Аштық жариялауға бекінген әдебиет, өнер, қоғам, партия қайраткерлері, мерзімді басылым басшылары, «Желтоқсан көтерілісіне» қатысушылар, зейнеткерлер мен жас буын өкілдері билікке төмендегідей талап қоятынын мәлімдеді:
1.Бастауын «американдық ұлттан» алатын, қазақ ұлтының мүддесін маңсұқ ететін, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасын Алматы қаласында тал¬қылау уақытша тоқтатылды. Республика көлемінде де осындай қадам жасауды талап етеміз.
2.Қордаланып қалған ұлттық мүдделердің шешімін табу мақсатында Президент Н.Назарбаевпен дербес кездесу мәселесін шешу.
3.«Қазақстандық ұлт» идеясына біржола нүкте қоятын, жаңа ұлттық доктрина жасау үшін үкіметтік, парламенттік және қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері енгізілген арнайы комиссия құру қажет. Ал ұлттық мүддеге жанашырлықпен қарайтын азаматтардың, қоғамдық-саяси ұйымдар мен зиялы қауым өкілдерінің балама жобасы Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарында жариялануы керек деп білеміз;
4.Желтоқсан көтерілісіне тарихи-саяси баға беру және көтеріліске қатысушылардың құқықтық мәртебесін шешу қарастырылуы керек;
Сөз соңында ұлт жанашырлары «Егер жоғарыдағы талаптар орындалмаған жағ¬дайда 17 желтоқсаннан бастап аштық жария¬лайтынымызды мәлімдейміз» деді.
Қазірдің өзінде барлық қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалысы, «Азат», «Ақ жол», коммунистік партия өкілдері және де бүкіл халық қосылып қолдап жатқанын айтты.
«Жау кеткен соң қылышыңды қиға шап» демей ме, қалай болғанда да ел болып жиылып іс жүзінде ел бірлігінің тас талқанын шығаратын, оның ішінде бірінші кезекте қазақ ұлтының атын түбегейлі өшіретін мұндай доктринаның қабылдануына жол бермеуге тиіспіз.
Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА
№48-49