ҰБТ қарсаңында “тест саудасы” қыза түсті
2015 ж. 01 маусым
1907
1
2 маусымда басталатын Ұлттық бірыңғай тестке (ҰБТ) оқушылар әртүрлі жолмен дайындалып отыр. Бірі өз біліміне сенсе, енді бірі тест тапсырудың “жеңілірек жолына” иек артқан. Соңғылардың есебінен пайда тапқысы келетіндер де бар.
Алматы қаласындағы орта мектептердің бірін биыл бітіргелі отырған оқушылардың бірі тест жауабын сатушылар жайлы естігенін жасырмады.
“ҰБТ-ның дайын жауаптары әр жерде сатылады екен. Соны сатып алып, тестке өзіммен бірге алып кірсем бе деп те ойлаймын. Менің басқа сыныптастарым да осындай жолдарды іздестіріп жүр. Өйткені, былтыр ҰБТ тапсырғандар да алдын ала жауаптарын сатып алыпты дегенді жиі естідік”, – дейді ол.
Қызылорда қаласындағы 212-мектеп-гимназияны аяқтап жатқан Әзиза Кеңесбек мектеп бітірушілер тест тапсыруға “сиқырлы сағат” алып кіру туралы айтып жүргенінен хабардар. Оның кәдімгі сағаттан ерекшелігі – ішіне ҰБТ жауаптары көрсетілген суреттер енгізілген-міс. “Сиқырлы сағаттың” бағасы 15 мың теңге (шамамен 80 доллар) тұрады екен.
Бірақ Әзизаның өзі ондай айла-тәсілдерді қолдануға қарсы.
“Біріншіден, өз біліміме сенемін. Екіншіден, сатылып жатқан «тест жауаптар» нақ биылғы ҰБТ жауаптары екеніне ешқандай кепілдік жоқ. Үшіншіден, тест тапсырар кезде қатаң қадағалайды. Ұсталып қалсаң, тестен шығарып жіберуі мүмкін”, – дейді ол.
Мектеп бітіруші Әзиза Кеңесбек айтқан “сиқырлы сағатты” сатушыларды интернет арқылы жолықтырған Азаттық тілшісі олардың бірін сөзге тартқан еді. “ВКонтакте” әлеуметтік желісінде Aigerim деген атаумен тіркелген сатушы дәл қазір ең өтімді тауар боп тұрған “сиқырлы сағаттың” өзі де таусылып қалғанын айтты.
“Әсіресе оны ҰБТ тапсыратын жастар көп алады. Қолымдағы тауар бітті, енді ҰБТ-ға дейін тағы әкеп сатамыз”, – дейді ол.
Осыдан үш жыл бұрын мектеп бітірген Жұлдыз Пірмағамбет қазір Қызылордадағы “Болашақ” университетінде білім алып жүр. Кезінде ол да ҰБТ-ға базардан сатып алған “дайын тест жауабымен” кірген.
“Бірақ, сол сатып алған парақтарда еш сұраққа жауап болмады. Босқа алып кіріппін, егер ұстап алса тестен шығарып тастайтын еді. Енді ойласам, сол жолы өз басымды қауіпке тігіппін. Сатушылардың ақша табу үшін ғана шығарған дүниесі ғой, әйтпесе, олардан барлық сұраққа жауап шыққанын ешкімнен естіген жоқпын. Сол себепті биылғы түлектерге айтарым – өз біліміңізге ғана сеніңіз, алданып қалмаңыз”, – дейді ол.
Алматы базарлары мен сауда орталықтарында әртүрлі баспадан шыққан “тест жауаптарын” қиналмай табуға болады. Мұқабасы түрліше безендірілген, сыртында “Жаңа база” деген жазуы бар кітапшалардың орташа бағасы 300-800 теңге аралығында.
Сатушылар ҰБТ жақындаған сайын бұл кітапшалар қымбаттай түсетінін, оны сатып алып жатқандар көп екенін айтады. Саудагерлердің бірінің сөзінше, “дайын тест жауаптарын” сатып алуға оқушылар жаңа жылдан бастап келе бастаған. “Әр парақтан әр сабаққа кемінде 10-15 дұрыс жауап табылуы мүмкін” деп сендіруге тырысты ол.
Сыртынан қарағанда қалың кітапшаға ұқсайтын “тест жауаптарын” кім құрастырған деген сауалға сатушы: “тек осымен шұғылданатын жігіттер бар” екенін ғана айтып, әрі қарай жауап беруге ықылас танытпады.
“Кез-келген базарда еркін сатылып жатқан “тест жауаптары” шын мәнінде биылғы ҰБТ жауаптарына сай келе ме” деген сауалды Азаттық тілшісі Ұлттық тестілеу орталығы өкілдеріне қойған еді.
Қазақстан білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Дархан Жақсыбеков тест жауаптары тек ҰБТ өткеннен кейін ғана жарияланатынын айтады.
“Базарда “тест жауабы” деп сатып жатқандарға сенбеу керек. Өйткені, ҰБТ өтпей тұрып алдын ала дұрыс жауаптар шығуы мүмкін емес”, – деді ол Азаттыққа.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда биыл орта мектеп бітіретіндердің жалпы санының 71 пайызы, яғни 88 мыңға жуық түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берген.
Еске салсақ, ҰБТ қарсаңында білім және ғылым министрлігі елде тест тапсырушылар мен ата-аналардан “тестен жоғары балл алуға” деп ақша жинайтын алаяқтар пайда болғанын айтып, “ондай ақша жинау заңсыз іс-әрекет екенін және қылмыстық жауапқа тартатын мәселе” болатынын ескерткен хабарлама таратты.
Заметили ошибку на сайте? Нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: Азаттық