АЛТАЙ АЯСЫ – АУҚЫМДЫ ІСТЕР АЛАҢЫ!

0
871

Шырай кірген Шығыс, өзгеше көркейген Өскемен

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы VII аймақаралық ынтымақтастық форумының аясында 5 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысы орталығы Өскеменге келген болатын. Мемлекет басшысы әуежайдан түскен соң бірден шаһардағы нысандарды аралауға кіріскен. Президент әуелі Ертістің сол жағалауында бой көтерген, облыс орталығында өңір тарихында соңғы 15 жылда тұңғыш рет бой көтерген ауқымды да жайлы, сәнсалтанаты жарасқан, 280 бүлдіршінге арналған «Балапан» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Тұңғыш деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені ХХІ ғасыр талаптарына сай келетін, 12 ойын алаңшасы, арнайы автомобиль тұрағы, жылы еден, бассейні мен қысқы бағы бар мұндай ғимарат аймақта алғаш рет салынып отыр.

Айта кетейік, балабақша құрылысы өткен жылы маусым айында кәсіпкерліктің әлеу­меттік жауапкершілігі мен мемлекеттік әріптестік шеңберінде облыстық әкімдік пен «Қазцинк» компаниясының арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асты. Балабақша салу туралы ұсынысты былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазцинк» ЖШСі ұжымымен кездесу кезінде айтқанды.

Елбасы екі қабатты жаңа балабақшаны аралап көріп, көңілі толып шыққан соң бүлдіршіндердің атааналарымен және балабақша қызметкерлерімен кездесті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде шаһардың шырайланып, көшелердің көріктендіріліп, жолдардың жөнделгенін, қаланың ажарлана түскенін атап өтті. Сингапур мемлекетінде көшеге тасталған темекі тұқылы үшін 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төленетін мысалға келтіре сөйлеген Президент өңірдегі және облыс орталығындағы бүгінгі күні қалыптасып отырған осы сұлулықты, осы тазалықты сақтай білуіміз қажет деді.

Елбасы бұл күні Өскемен мен Семей қаласының құқық қорғау орындарының қызметкерлерімен кездесіп, қос шаһардың жол полициясының жеке батальоны мен осы қалалардың ІІБ күзетбекет батальоны қызметіне бірнеше темір тұлпарлардың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Ішкі істер департаментінің автотұрағы 70 қызметтік көлікпен толықса, облыстың аудандары мен қалаларының кезекші бөлімдері және жедел іздестіру тобының қызметкерлері «Уаз» маркалы 40 көліктің кілтіне ие болды. «Шкода» атты 30 жүрдек автомобиль қоғамдық тәртіпті реттеумен шұғылданатын қызмет өкілдеріне тапсырылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мұндай қамқорлықтың полиция қызметінің жұмысын ширатып, қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтауда үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Заң бұзғандар мен шектен шыққандар лайықты жазасын алуы керек, – деді Президент.

Сонымен қатар Президент бұл күні Ертістің сол жағалауындағы «Қазмырыш» АҚның экологиялық саябақ аумағында салынған теннис орталығының ашылу салтанатына да қатысты.

Соңғы үлгідегі құралжабдықтармен қамтамасыз етілген орталықты аралап көріп, жас теннисшілердің ойынын тамашалаған Елбасы өз сөзінде салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өңірлерде спортты дамыту қажеттігін баса айтты.

Нысанның құрылысына шамамен 600 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Теннис орталығы төрт жабық және 2 ашық корт пен 200 көрерменге арналған трибунасы бар негізгі ғимараттан, сондай-ақ, әкімшілік-тұрмыстық корпустан тұрады.

Президенттің жұмыс сапарының екінші күні көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылын аралаудан басталды. Мемлекет басшысы мұнда келісімен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратында болып, бірлестік ұжымына жедел медициналық көмек көлігінің кілтін тапсырды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасына апат зардаптарын жоюда барлық тапсырмалардың орындалып жатқанын, облыс бойынша 1154 үй зардап шексе, соның ішінде 615-і жарамсыз болып қалғанын, төрт мектеп, 12 көпір, 68 шақырым жол салынатынын, барлық құрылыстардың қараша айында аяқталатынына тоқталды.

– Кезінде Зайсан зілзаласы болғанда мұндай үлкен шаруа тындыруға мүмкіндік болмаған. Ол кезде билік әлі қолға толық тимеген болатын. Міне, Тәуелсіздіктің арқасында осыған қол жетті. Енді осы жерге, елге ие болатын, ата-баба жұртын сақтайтын ұрпақ тәрбиелеңіздер, – деді Президент ауыл тұрғындарымен кездесуінде.

Тарбағатайдан келгеннен кейін мемлекет басшысы Өскемен қаласындағы бірқатар өндірістік нысандармен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ титан құймалары мен қорытпаларын өндіретін жаңа зауытта болып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Президент механикалық өңдеу құймалары, вакуумды-доғалық пештер, электродты дәнекерлеуші плазма қондырғысы, электродты тығыздаушы пресспен, шихта дайындау қондырғысына қажетті жабдықтармен танысты.

Президент аралаған келесі нысан «Қазмырыш» ЖШС мыс қорыту цехы болды. Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа металлургия» жобасы аясында мыс өндірісінің балқыту цехындағы жіберу-жұмысты жөндеу барысымен танысты. Цехтың құрылысы осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Қайта өңделетін концентраттың жоспарланған көлемі жылына 294 000 тоннаны құрайды, зауыттың өндірістік қуаты – жылына 70 000 тонна катодтық мыс және жылына 100 000 тонна қара қорғасын. Зауыттың құрылысы үшін «Isasmelt» (Австралия) озық экологиялық таза технологиясы таңдап алынған. Бұл күкірт диоксидін ауаға шығаруды едәуір азайтуға және өндірістің қоршаған ортаға техногендік жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді. Құрылыстың құны 730 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаның аясында мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.

Кәсіпорын жұмысымен жақын танысып шыққаннан кейін мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан өңірінде тұрып жатқан этностар мен әртүрлі дәуірден келе жатқан 16 үй орналасқан аумақтағы этноауылды аралап көрді. Президент қазақ, орыс, кәріс, неміс, украин, әзірбайжан үйлері мен өзге ұлттар өкілдерінің үйлері кешенімен танысты. Облыста барлығы 5 Достық үйі және 74 этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді.

– Әлемдік дағдарысқа қара­мастан, экономика қарқынды дамуда, біз барлық пролеманы шештік. Өздеріңіз білесіздер, көктемгі су тасқынының салдарлары Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында дер кезінде әрі жедел шешімін тапқан болатын. Біз бейбітшілік, келісім және тұрақтылықтың арқасында кез келген қиындықты жеңіп шығатынымызға сенемін. Конфессияаралық және ұлтаралық келісім – бұл біздің басты бай­лығымыз, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ынтымақтастық–ырысқа бастағай

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үшінші жұмыс күнін Қазақстан мен Ресей арасындағы VII аймақаралық ынтымақтастық форумына келген Ресей федерациясының президенті Дмитрий Медведевпен кездесуден бастады. Сонан соң ежелден көрші екі елдің президенттері Өскемен қаласындағы «Алтай» технопаркінің аумағында экспозициялары қойылған Шығыс Қазақстанның тауар өндірушілер көрмесі мен тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы инновациялық технологиялар» көрмесімен танысудан бастады.

Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев «Орнықты даму және жоғары технология» атты Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының VII аймақаралық ынтымақтастық Форумының пленарлық отырысына қатысу үшін «Алтай» Шығыс Қазақстан өңірлік технологиялық паркіне келді. Технопарк жоғары технологиялық өнімдер шығаруды игеру мақсатында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, оқу ұйымдары мен кәсіпкерлік орта өкілдерінің күш-жігерін біріктірген көп профильді инновациялық инфрақұрылым болып табылады. Технопарк құрамына 13 ғылыми-зерттеу зертханасы, 7 инновациялық компания, патенттік-ақпараттық бөлім, көрме залдары, заманауи телекоммуникациялық жүйе және өндірістік бөлмелер шоғырландырылған.

Форумының пленарлық отырысында мемлекет басшылары Кеден одағының аясындағы өз елдерінің экономикаларын дамыту, ғарыш, атом, энергетика салаларында өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар ауқымды жиында ТМД елдерінің өзекті мәселелері, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Каспий теңізі, кедендік реттеу, көлік қатынасы, шекара аймағына қатысты жобаларды жүзеге асыру, екі мемлекет арасындағы өнімдер жөнелту, ғылыми, мәдени алмасулар секілді түйінді мәселелер жан-жақты сөз болды.

Өскемендегі Форумда «Парасат» Ұлттық ғылыми-техникалық холдингі физика-техникалық институты мен Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімінің Лазерлі физика институты арасында Лазерлі технология орталығын ұйымдастыру туралы келісімге, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университеті мен «Нанотехнологии-МТД» ЖАҚ арасында Нанотехнологияны енгізу саласында бірлескен орталық құру туралы келісімшартқа, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен А.Лорха атындағы картоп шаруашылығы Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институты арасында Биотехнология орталығын құру туралы келісімшартқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен «Курчатов институты» Ресей ғылыми орталығы арасында термоядролық синтез саласына зерттеу жүргізу туралы меморандумға, Шығыс Қазақстан Туристік қауымдастығы мен Ресейдің туристік индустрия одағы арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум мен тағы бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Азамат Әбілұлы

Өскемен

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз