АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН, БАУЫРЛАР!

0
895

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Әр күнін ораза ұстап, сансыз құлшы­лық жасап, дұға-тілекпен өткізген қа­сиетті Рамазан айымен де қимай-қимай қоштастық. Алла таға­ланың рақымы мен мейіріміне, кешірімі мен шарапатына толы бұл айды әлі талай еске алатынымыз хақ. Десек те, қасиетті айды іле-шала Айт мерекесі де жетіп, дүние мен ақиреттің ғажап құндылықтарын сездіріп, жүрегімізді ерекше рахат сезіміне бөледі. Бұл мереке бір айлық оразадан кейінгі жалпы халықтық ауызашар іспетті. Өйткені, дінімізде бұл айт «әл-ъидул-фитр», яғни «ауыз­ашар айты» деп аталынады.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахих хадистерінде айт мейрамына тамақ жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, сырқат мұсылмандардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру тән екендігі айтылған. Олай болса, айт күндерін ізгі амалдарымызды кемітпестен көтеріңкі мерекелік көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізген мақұл.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жүргенін көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда, олардан: «Бұл – біздің Исламға дейінгі тойлап келе жатқан мерекеміз», – деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): «Алла сіздерге мұнан да ұлық екі мереке берді. Олар – Рамазан және Құрбан айттары!» – деп осы екі ислами мейрамдардың ұлық екендігін сездірген.

Айттың өзіне лайық жарасымды да сауабы мол амалдары жетерлік. Сол таңда ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет.

Айтта ата-ана мен қарияларға сәлем беріп, батасын алу, сырқат кісілердің үйіне (ауруханаға) зиярат еті п, көңілін сұрау да ізгі амалдар қатарына жатады.

Араздасып қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралаудың да маңызы ерекше. Өйткені, Алла тағала: «Сен, кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят), – деп мүміндерді барынша кешірімді болуға үндеген. Көңілі жабырқау, қамқорлыққа мұқтаж жандар мен жоқ-жітіктер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау, садақа күтіп, дәметері хақ. Сондықтан да мұндай жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін аулаған абзал.

Республика мұсылмандары Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы ішкі және сыртқы саясатына қолдау білдірумен қатар ұлттараралық келісім мен діндераралық төзімділікті одан әрі де нығайтуға, сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге мұнан былай да күш-жігерін аямай жұмсай береді деп сенеміз. Біздегі бүгінгі өзара сыйластық пен жарасымдылық, ынтымақтастық пен діндерге деген құрмет – басты мақсатымыз болып қала береді. Біз, бұл жетістіктеріміз үшін Алла тағалаға сансыз мадақ айтып, шүкірлік етуге тиіспіз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына қосу жөніндегі бастамасына нақты іспен барынша қолдау білдіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық.

Елім, жерім, дінім, Отаным, халқым деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген Елбасы мен ел қамындағы асыл азаматтарымызға Алла тағала жар болғай! Ойға алған іс-жоспарларын жүзеге асыруға күш-қуат бергей!

Асыл дініміз шақырғандай бейбіт, әрі өзара сыйластық пен ынтымақта өмір сүрер болсақ, онда мұнан да қарқынды дами түсеріміз хақ.

Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадат­та­рымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан мо­лайт­қай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!

Ізгі тілекпен,

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз