ӨСКЕМЕНДЕ БҰНДАЙ САЙЫС, БҰРЫН-СОҢДЫ ӨТПЕГЕН!

d0b0d0b7d0b0d0bcd0b0d182-d0bad0b0d181d18bd0bcd0bed0b2

Өскемен жылдан жылға, күннен күнге қазақтанып келеді. Осыдан тура бір жыл бұрын қаланың қақ ортасына ұлы Абай ескерткіші орнатылған-ды. Сол кезде қуанбаған қазақ жоқ шығар. Әсіресе Шығыстағы қаракөздеріміздің төбесі көкке жеткендей керімсал күй кешкен. «Абаймен бірге Өскеменге ұлттық рух келді» деп бөркімізді көкке атқанбыз. Расында, һәкім Абайдың Өскеменге келген соң шаһардың шырайы кіріп, сан жылдар бойы сансырап, қансыраған қазақтың рухы қаһарына мінген. Міне, тағы да тұп-тұра бір жылдан кейін Өскеменде ұмытыла бастаған ұлттық мұрамызды ұлықтаған үлкен шара өтті. Әуелі екі күнге созылған жыршылар сайысы, оның соңын ала халықаралық жыр мүшәйрасы.

Жыршылар шықты сайысқа!

Айта кетейік, «Алтын арқау» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен облыстық әкімдік пен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қолдауымен Ата Заңымыздың 15 жылдығы құрметіне арналған «Ғасырлар – ескен есілім, жырлармен жеткен есімің» атты жыршылар сайысы облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отыр.

Жыршылық өнер жайлы айтқанда, есімізге әуелі Сыр өңірінің жыршылық дәстүрі түсетіні белгілі. Содан болар көпшілік жыршылық өнер сол өңірде ғана қалыптасқан деп ойлайтын. Жоқ, Шығыста да көмейінен жыр төгілген керемет жыршылар бар екен. Көрмей жүр екенбіз, лайықты бағасын бермей жүр екенбіз.

Сайыста облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 19 үміткер бақ сынасты. Оның ішінде талай аламанға түсіп бақ сынаған, тіс қаққан хас жыршылар да, әлі үйренері көп, бір қайнауы кем жатқан жас жыршылар да қатысты. Жыршылардың ең жасы – 2 сыныпта оқиды екен.

«Еңлік-Кебек», «Түсіпхан Сүлейменнің қиссасы», «Ақнайман», «Қамбар мен жолбарыс», «Ер Тарғын», «Сабалақ батыр», «Жошы – Алашхан», «Бір қыздың оқиғасы»... Екі күннің ішінде жиылған қауым осы жырларды тыңдап құлақ құрышын қандырды. Әрине, жыршылардың бәрі бірдей төрт аяғын тең басты деп айта алмаймыз. Шатасып қалу, сөзін ұмыту, бірыңғай мақамды қайталау секілді жағдайлар болды. Мұны мұндай бәсекенің алғаш рет өткізіліп отырғанынан болар деп түсіндік. Десек те өңірімізде тыңдарманның таңдайын қақтырған жыршылардың бар екеніне қуандық. Мәселен, белгілі жыршы, республикалық жыр сайыстарының бірнеше дүркін қатысушысы семейлік Дүйсенғазы Ныхметжанов тоғыз жырға тапсырыс беріпті. Уақыттың аздығынан бұл жырлардың барлығын тыңдауға уақыт болмады.

Сонымен екі күнге созылған жыр сайысы да мәресіне жеткен-ді. Бас жүлдені өңіріміздегі жыршылардың көшбасшысы Дүйсенғазы Нығметжанов иеленсе, 1-орынды өскемендік Данияр Әкелеев пен зайсандық Мұратхан Долбаев өзара бөлісті. Екінші жүлдені Меделбек Әбілмәжінов еншілесе, 3-орынды Көкпекті ауданынан келген келешегінен зор үміт күттіретін жас жыршылар Әділбек Ғазизов пен Санжар Зейнулдинов, жармалық Назым Омарғалиева мен семейлік Роза Шарифуллина иеленді.

Алла сәтін салса, жыршылар сайысы келесі жылы да жалғасын табады. Сайысты ұйымдастырушылардың аузынан осындай жылы сөз естідік. Тағы бір қажет дүние - Өскеменде жыршылар мектебін ашу. Мұндай ұсынысты жыр сайысына құрметті қонақ ретінде шақырылған белгілі ғалым, академик, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов ағамыз айтты.

– Тебіреніп, толқып отырдым. Қайран өнеріміз тұншығып, булығып жатыр екен. Көктемгі тау суындай лақ етті. Лақ етіп қана қойған жоқ, Шығыста ұлт өнері өшіп қалған деген ғалымдардың өңешіне құм құйды. Облыста қазақ ауан қалыптасыпты. Ризамын.

Ертеректе кәнігі жыршылар талантты өрендерді екшеп, іріктеп алып кәдуілгідей тәрбиелеген. Баптаған. Бүгінгі сайыстан Жанақ, Шөжелердің, кешегі өткен Шәкір Әбеновтардың өзін көргендей күй кештім. Шығыста жыршылар мектебін неге ашпасқа. Құдайға шүкір, Қанипа Бітібаева сынды білгір әдебиетшілеріңіз, Дүйсенғазы Нығметжанов сынды жыршыларыңыз бар. Жо-жоқ, сіздерде ондай мектеп ашуға толық негіз бар екен. Басшылар соны ескерсе екен, - деді ғалым.

Орынды ұсыныс. Ол кісіден кейін сөз айту пәтуасыздық болар. Тек айтылған сөз айтылған жерде қалмаса болғаны...

Өскеменге Өлең келді!

Енді жыр мүшәйрасы туралы бірер сөз.

Өскеменде дүркіреген жыр сайысы, күркіреген жыр мүшәйрасы өтеді деп кім ойлаған? Бүкіл Алматының азуын айға білеген ақын-жазушылары осында көшіп келгендей. Хас ақыны да бар, жас ақыны да бар. Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Ғалым Жайлыбай, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Иранғайып, Исрайыл Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет, Көпен Әмірбекұлы, Жәркен Бөдешұлы, Байбота Серікбаев, Қазыбек Иса, Қасымхан Бегманов, Талғат Ешенұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс.... Айта берсек, жалғаса береді. Тек Алматы емес, еліміздің өзге өңірлерімен қоса көршілес қырғыз, өзбек, ресей, моңғол мемлекетінен мүшәйраға қатысуға тілек білдіріпті. Өскемен қаласының әкімдігі ұйымдастырған бұл мүшәйраға ұзын-саны 150-ге тарта ақын қатысқан. Олардан 600-ден астам өлең түскен.

Ата заңымыздың 15 жылдығы, Өскемен қаласының іргетасы­ның қаланғанына 290 жыл, ұлы Абайдың туғанына 165 жыл... Мүшайраға негізінен осы үш тақырып өзек етілген-ді. Алайда ақындар Алтайдың сұлулығы мен Абайдың ұлылығын жырға қосқанымен Өскемен туралы аз айтқандай көрінді. Дегенмен де жыр бәсекесі алғаш рет ұйымдастырылса да жоғары деңгейде өткенін айтуға тиіспіз.

Мүшәйраның жүлде қоры да жаман болған жоқ. Бас жүлдеге 1 миллион теңге тігілді. Бұл құрметке қарағандылық ақын Серік Ақсұңқарұлы лайық деп табылды. Оны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тапсырды. Бірінші орынды иеленген семейлік Тыныштықбек Әбдікәкімовке сыйлықты осы дүлдүлдер дүбірін дүрілдетуге себепкер болған Өскемен қаласы әкімі Ислам Әбішев тапсырды. Екі екінші орынды Қасымхан Бегманов пен Бақытжан Алдияров өзара бөлісіп, үшінші орынды қырғыз ақыны Әкпар Рысқұлов, қазақ ақыны Қазыбек Иса, «қап-қара түнде қап-қара қызды құшақтап» өлең оқыған Зейнолла Тілеужанов пен «көктүріктің көк белбеуіндей көк Ертісім» деп жыр төккен Әбубәкір Қайран иеленді. Байбота Серікбаев, Болат Үсенбаев, Талғат Ешенұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Әлия Дәулетбаева секілді ақындар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Ақын Бауыржан Қарабек қала әкімінің арнаулы сыйлығына ие болды.

Иранбек Оразбаев - Ақтамберді жырау, Исрайл Сапарбай – Дулат Бабатайұлы, Рафаэл Ниязбек – Шаһкәрім, Жәркен Бөдешұлы – Төлеужан Ысмайылов, Жанат Әскербекқызы - Асқар Егеубаев, Жарас Сәрсекұлы – Нұрлан Мәукенұлы атындағы арнаулы сыйлықтармен марапатталды.

– Егемендігіміздің арқа­сында жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайтадан жанып жатқан жайы бар. Соның бір айқын дәлелі – бүгінгі өткен мүшәйра. Оның үстіне жыр сайысының Шығыста, Өскеменде өтуі. Ойлап қарасақ, осыдан жиырма жыл бұрын Өскеменде мүшәйра өткізу мүмкін бе еді, мүмкін емес пе еді? Әрине, мүмкін емес еді? Міне, бұл Егемендігіміздің елге тартқан сыйы, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мүшәйрада сөйлеген құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар облыс басшысы мүшәйрада оқылған өлеңдер­дің барлығы арнайы кітап болып басылып шығатынын және жыр сайысы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратынын айтты.

Сонымен, Өскемен қаласын қазақыландыруға күш салып жүрген «Жас қазақ үні» газеті Бас директоры , ақын Қазыбек Иса айтқандай, «Былтыр Алтай ордасына Абай келіп еді, биыл Абайдың інілері, Алаштың ірілері келді. Яғни, Өскеменге Өлең келді!»

Тек ұзағынан сүйіндіргей деп тілейік!

Еңбек ерлері елеусіз қалмады

Облыс орталығындағы Ата заңымыздың 15 жылдығы мен Өскемен қаласының 290 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік шара кезінде әр салада іскерлік көрсеткен бірнеше адам Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсынуымен наградалармен марапатталды.

Биылғы қыс пен көктем Шығыс өңірі үшін оңай болған жоқ. Ел-жұрттың басының аман, бауырының бүтін болуы үшін талай азамат тынымсыз еңбек етті. Сол бір қатулы көктемде Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев жетекшілік еткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық төтенше штабтың біршама тер төккенін жұрт біледі. Бұл күні шаһар басшысы 2010 жылғы көктемгі су тасқыны кезіндегі штаб жұмысына іскерлікпен жетекшілік еткені үшін облыс әкімінің ұсынуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің арнайы медалімен марапатталды.

Белгілі ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасовтың есімін ардақ тұтпайтын жан кемде-кем шығар елімізде. Алаштың аяулы азаматы бүгінде 70 жасқа аяқ басыпты. Салтанатты шара үстінде облыс әкімі Б.Сапарбаев ғалымды мерейтойымен құттықтап, ел Президенті Н.Назарбаевтың жолдаған арнайы алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ бұл күні өңір мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген бірнеше азамат «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды.

қазылар алқасы

Қазылар алқасының төрағасы – Ұлықбек Есдәулетов, мүшелері – Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, Қырғызстан Жазушылар одағыныңтөрағасы Омар Сұлтанов, Серік Ғабдуллин, Нұржан Қуантайұлы, Қытайдан келген ақын Жеңісхан Нүсіпұлы.

Азамат Әбілұлы

Өскемен