Қасқабай АСАНОВ: Еліміз енді “өтпелі кезеңге” ұшырамаса екен!

Қасқабай АСАНОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген гидротехнигі, КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты, еңбек ардагері:

-Энергетик мамандығы қазақ жастары бұрын өте сирек баратын мамандық болатын. Қазір одан да сиреп кетті ғой деймін, өйткені қай салаға қанша ұлттық маман керек деп қадағалап, бағыттап отырған ешкім жоқ, кеңес өкіметі тұсында ондай үрдіс бар еді...Сіздің бұл мамандықты тадауыңызға ненің, кімнің ықпалы тиді?

-Ешкімнің де ықпалы тиген жоқ, кездейсоқ болды. Ауылда өскен бала инженер болсақ дейміз, онда да инженер-механик болсақ дейміз ғой. Сол себеппен мен Ташкенттегі Ортаазаиялық политехникалық институтқа тапсырдым құжатымды.

-Неге Ташкентке? Шымкентке немесе жастардың бәрі армандайтын Алматыға емес?

-Себебі ол аулымызға ең жақын ірі қала болды әрі онда сіз айтып отырған қазақстандық қалалардай емес, техникалық институтта қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік бар болатын...Мектепті үздік бітірген мен 25 баллдан 24 балл алдым. Ол кезде кімнің қай оқуға түскенін қабылдау комиссиясы шешетін. Бір күні шақырды бәрімізді. Ректор Ниязов деген қазақ кісі еді, «мехфакта орын жоқ, басқа қалаған факультетіңе қабылдаймыз» деді. Мен қолында өскен ағайым, әкемнің інісі, колхозда бас бухгалтер болатын, жағдайымыз жаман емес, соны есепке алған мен: «стипендиясыз мехфакта оқуға бола ма?» деп сұрадым. Ректор: «басты қатырма, оқысаң – осы, оқымасаң кете бер!» деді...Сөйтсем, институттағылар ректордың сыртынан мехфакқа сол жылы қазақ тобын қабылдамайтын етіп қалыптастырып жіберіп, ректордың соны кеш біліп қалып, ашуға басып отырған кезі екен...Басымды қасып тұрдым да: «онда энергетик болайын» дедім. Ректор мұрны қолағаштай бір еврей кісіге қарады: «Николай Иванович, возьмешь?» «С удовольствием!» Міне, осылайша энергетик болдық та кеттік! Тобымызда екі-үш өзбек баласы болды, қалғанының бәрі кіл орыс, еврейлер, бастықтардың балалары, солармен оқыдық. Бітірген соң Бұқараға жіберді, бірақ сол кезде ағайым ауырыңқырап қалды-дағы мен ол жұмысқа бармай, Мырзашөл, Қызылқұм массивін игеріп жатқан КСРО Ауыл шаруашылық министрлігіне қарайтын «Главголодностепстройдың» №4 Жаңа құрылыс дирекциясына орналастым. Менің міндетім – салынып жатқан Шардара ГЭСі мен Мырзашөлде салынып жатқан құрылыс нысандарын жабдықтау мәселесімен айналысу болды.1963 жылы Мырзашөлдің Өзбекстанға берілуіне байланысты Шар­дараға, №5 дирекцияға техникалық бөлімнің бастығы болып ауыстым. Осы қызметтен 1964 жылы Шардара ГЭС-іне бас инженер етіп жіберді. 1964-65 жылдары ГЭС-тің 4 гидроагрегатын да өз қолыммен іске қостым. 1967 жылы КСРО Су шаруашылығы министрлігіне қарасты Главриссовхозтройдың Күрделі құрылыс басқармасына бастық етіп ауыстырды мені.

-Бас инженер болып істей бергеніңізде орныңызға өзіңіз қойып кеткен Ыбырай Сахов ағамыз секілді отыз жыл ГЭС-тің бастығы болар ма едіңіз?..

-Үнемі жаңа құрылыстарды іске қосумен айналысқан адамға ГЭС өз жұмысын бастағаннан кейін, бір қалыпты, орныққан жүйеге түскеннен кейін онша қызық іс қалмайды екен. Таңертең барасың, бір тексеріп шығасың, агрегаттар сағат сияқты сыртылдап істеп тұр... Тіпті, «Шардарастройға» ауысып кетсем бе екен деген ой келіп жүргенде Бас басқарма шақырып қалды...Мен өзім 1964 жылы ол құрылар кезде атсалысқан жағдайым бар болатын. Бізген ол кезде Қызылорда, Шымкент және Жамбыл облыстарындағы суармалы аймақта игерілген құрылыстар мен шаруашылықтар қарайтын. 1972 жылы Ертіс-Қарағанды каналының бойына сүт, ет, көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтар ашу жобасына байланысты біз Павлодар мен Қарағанды облыстарын да игере бастадық. Павлодар облысынан 3 совхоз, Қарағанды облысынан 4 совхоз құрылды. Каналды Жезқазған облысына, Жәйремге қарай әкелдік. Ол жақтан 2 совхоз құрылды.1973 жылы Оңтүстікке Дінмұхаммед Қонаев барды, біздің жұмысымызды аралап көрді. Бастығымыз Э.Х.Гукасов Социаистік Еңбек Ері атанды. 1974 жылы Мәскеуге қарайтын, Іле өзенінің бойын игерумен айналысатын «Союзиливодстроймен» біріктіруіне байланысты Бас басқарманы Алматыға көшіру жайлы үкіметтің қаулысы шықты. Содан бері алматылықпыз. Сол көшіп келген кезде кірген үйіміз осы.

- Сол сіздер құрған совхоз­дардың барлығы бүгінге дейін жұмыс істеп тұр ма?

-Істеп мандытып жатқан жоқ. Су тартатын құбырлардың одан бері бәрі ескірді. Оларды жаңалап, жөндеп, ауыстыру қайтып қолға алынған жоқ. Республикамызда 1990 жылға қарай 2,5 млн.гектар суармалы жер бар болатын. Соның көп болса қазір 1 млн. гектары пайдаланылады. Онда да оңтүстіктегі бұрыннан негізі бар төрт облыста. Қалған аймақтағылар «бітті» десе де болады...Жәйремдегілер құбырларды сатып жіберді. Қазір негізінен жерасты суын пайдаланып күн көріп отыр.

- Осы суландыру мәселесіне бүгінгі күн тұрғысынан бәрі дұрыс істелген деп айтуға бола ма? Соншама жерге мақта, күріш егеміз деген саясат өзін-өзі ақтады ма?

- Дүйсенқұл Сарықұлов деген азамат болды. Соғыс жылдары Өзбекстанда, кейінірек Қазақстанда Су шаруашылығы министрі болды. Сол кісі айтатын еді. Соғыстың алдында Сырдарияға су торабын салу мәселесі көтерілгенде, біздің қазақтар қарсы болғанға ұқсайды. Сонда бірде Мәскеуге кетіп бара жатқан сапарларында Өзбекстанның басшысы Осман Юсупов Дүйсекеңе: «Ей, қазақ, айтсайшы ана туысқандарыңа, қашанғы мал бағып күн көреді, егінмен де айналысу керек қой, неге қарсы шығады» деген екен...Сырдың бойында ертеден қалған арықтардың ізі әлі күнге дейін бар. 1990 жылдардың басында суландырған жерлер Қазақстандағы барлық ауыл шаруашылық өнімінің төрттен бірін беріп отырды. Қызылқұмда 130-150 мың тонна күріш өндірілді. Әр ауылда клуб, мектеп, адам жанына не керек, бәрі болды. Мақтаралда әр егін алқабына дейін асфальт төселді, соның бәрі судың арқасы. Егер Шардара ауданындағы 87 мың га алқап тиімді пайдаланылса, 200 мың халықты асырар еді. Және суармалы жердегі өнім – қолдағы, сенімді өнім.

Екінші мәселе – тегіс жерге салынған Шардара ГЭСі. Сырдың суы есептеулі 25 млрд текше метр немесе 25 текше километр. Орта жылдары 15-16 текше км. Қызылордада 300 мың га суармалы жер оған, оған 6-7 текше км су керек, булануы, сіңіп кетуі, оған тағы 2-3 текше км қосыңыз. Шардара су қоймасы болмаса су көктемде теңізге ағып өтіп кетеді. Шардара соның 5 текше км жиып, беріп отыр. Су аз жылдары Қызылордаға су жетпей қалады. Одақ құлағалы бері су мол болып тұр ғой. Енді мына Көксарай көп мәселені шешеді. Шардараға сыймаған, Арнасайға текке кетіп жатқан 3 текше км су сияды оған. Ол бізге берген Құдайдың байлығы! Ол қыста жияды, көктемде, жазда беріп отырады. Әлі-ақ оның айналасына халық толады, бәріміз соның куәсі боламыз.

- Ал, сол судың соры - күріш пен экологияның соры - мақтаның орнына бау-бақша, жеміс ағаштары, жүзім, азықтық шөп өсіру секілді айтылып жүрген ұсыныстарға қалай қарайсыз?

-Оның бәрін егуге болады, бірақ кімге сатамыз? Жүзімін қайда жіберерін білмей отырған молдавандар секілді шарап етіп іше береміз бе? Мақтаға келсек оның бір талы да пайдаға аспай қалмайды. Тек оны тоқып, тігіп, игілікке асыруды үйренуіміз қажет. Шымкентте үлкен кешен қолға алынды да, сол күйінше қозғалмай қалып қойды. Аты жер жарған «Восход» тігін фабрикасы аяғынан тұра алмай-ақ қойды. Бақшаға су мақтадан көп керек. Күріш дегеніміз – азық. Біз 500 мың тоннадай күріш алып отырған болатынбыз. Тамшылап суару дегенді де жаппай қолдана беруге болмайды. Оның да көзін, жүйесін табу ләзім.

Аралға келсек, оны қалпына келтіру үшін жылына 60 текше км су керек. Оны тірілтеміз деу бүгінгі таңда орындалмайтын әңгіме. «Кіші Арал» жасап алдық па, міне, осыны сақтағанымыз дұрыс.

-Екі заман кезінде де жұмыс істедіңіз. Ол дәуір мен бұл дәуірды салыстыра аласыз. Тәжірибеңіз жетеді. Осы тұрғыдан не айтар едіңіз?

-Орыста «созидатель» және «разрушитель» деген сөз бар. Кеңес өкіметі сол «созидатель» мемлекет болды. Біз тәуелсіздік алғалы бері негізінен көбінесе тек «разрушать» етумен ғана айналасып келдік. Ауыл шаруашылығы болсын, өнеркәсіп болсын, қай жағын алсаңыз да. Тіпті сол кезде салынған нысандарды әлі сатып тауыса алмай жатқан жоқпыз ба? Бізде кәзір «жоспарлы жүйе» жоқ. Жоспарлы жүйе болмаған соң бақылау жоқ. Бақылау жоқ деген сөз ұрлауға жақсы, ұрлыққа жағдай жасап қою деген сөз. Қазір бізде жоспарлы жүйеге бетбұрыс байқала бастады. Енді бізге «созидатель» болу керек...

- Мерейтой деген артқа қарайтын, ой түйетін меже ғой. Оқырмандар да өзіңіз секілді қатардағы инженерден Су шаруашылығы министрінің бірінші орынбасарына дейін көтерілген, көпті көрген ел ағаларынан «не айтар екен» деп аталы сөз күтіп отырады.

- Біздің үйде туған күн деген тойланбайды...Әркім өмірде өз пешенесіне жазылғанын көреді. Менің айтарым – ендігәрі халқымыз осы жиырма жылдықтай аласапыран, өтпелі кезеңді көрмесе екен. Қытайдың ең жаман қарғысы екен ғой, «өтпелі заманда өмір сүр» деген. Аласапыран заман келсе қанша жерден сен басың алтын болса да, ел байлығы күштінің қолында, тістінің аузында кетеді. Оған қарсы ештеңе істей алмайсың.

Екінші айтарым, жастарға білімге, өнерге ұмтылу керек! Біздің өндірісте, әсіресе энергетика саласында төменгі деңгейдегі қолмен істейтін, орысша айтқанда «мастер» дейміз ғой, нақты инженерлік жұмысты істейтін қазақ баласы жоқ деуге болады. Орыстар кетіп қалды. Қазақтың бәрі пәпкі көтерген бастық болғысы келеді. Менің Шымкентте өзіммен бірге оқыған құрдасым бар, наладчик, жасы жетпіс беске келсе де, баласы екеуі бірігіп электрстанция, трансформатор подстанцияларын іске қосып берумен, жөндеумен айналысады. Шымкенттегі баяғы пресс-автомат зауыты қайта іске қосыла қалса, оған жұмыс істей­тін қазақтың баласын таппай қиналып қалатынымыз анық.

Өз өміріме келетін болсам, «әттеген-ай!» демейтін адам боласы жоқ шығар, дегенмен өкінетін ештеңем жоқ. Балалар өсті, ержетті. Немерелер бар. Енді ел аман, жұрт тыныш болсын!

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Тарлан Табаныңыз тиген жердің әр тасы- Тұтас мынау Қазақстан картасы. Құмстандар гүлстанға айналса, Өзіңіздей тарландардың арқасы. Су құдайы Сүлейменсіз айбарлы, Шөлді Мырза жасады ел жайдарлы. Шағыл басқан Қызылқұмның қойнауы, Шағалалы Шардараға айналды. Басымыздан өтті талай қилы күн, Одақ білді оза шапқан жүйрігін. Ташкеннің де таңғалдырып талайын, Мәскеудің де алдың үлкен сыйлығын! Торлап бізді тұрғанда да тұман күн, Шежіренің тереңдігін ұға алдың, Тарихтың да талай сырын ақтарып, Шыңғыс ханды Қоңырат қып шығардың! Қуаныш пен шаттық сыйлап күн-айың, Саңлақ көке, Саулығыңды сұрайын! 75 бұл – үш 25 емес пе, Үш есе енді қуат берсін, Құдайым! Қазыбек ИСА