«БІЗ ӨЗГЕЛЕРДЕН АЛДАМЫЗ»

Бақтыбек Қожықұлы Әміров 1996-1998 жж. Қырғыз мемле­кеттік медицина академия­сы­ның жалпы хирургия кафедрасында клиникалық ординатураны бітіргеннен кейін Новосибирск Клиникалық және Эксперименттік лимфология ҒЗИ Бишкектегі филиалына күндізгі аспирантураға түсті. Көптеген операцияларға қатысты, зерттеулер жүргізді. 2000 жылы Новосибирск қаласында “хирургия” мамандығы бойынша “Бауыр эхинококкозына шалдыққан аурулардың операциядан кейінгі кезеңде іріңдеу-қабынуының алдын алу” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Қазір докторлық диссертация қорғауға әзірленіп жүр. Республикалық және халық­аралық көптеген ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатысты. Бүгінгі таңда 17 ғылыми еңбектің авторы.

2003 жылдан қазіргі кезге дейін Алматы қаласының медициналық орталықтарында хирург-проктолог болып жұмыс істеп келеді.

Біз «жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» деп, Абай атамыз айтқандай, жұртшылық аузында жақсы атағы шығып жүрген білікті маманмен танысу үшін оны Алматы қаласындағы Панфилов және Гоголь көшелерінің қиылысындағы жаңадан ашылған «Доктор Әміровтің медицина орталығына» арнайы іздеп келдік. Әңгіме «ә» дегеннен қазақы табиғат жөнінде өрбіді.

-Маған өзіміздің қандастарымыз көп келеді. Бірақ олар не деп келеді? Мен «тойымды өткізіп алайын», немесе «ана шаруамды бітіріп алайын, мына шаруамды бітіріп алайын» деп келеді. Яғни, біздің қазаққа денсаулық керек емес. Керек болса да ең зәру, ең қажет, ең қымбат нәрсе емес. Қазаққа өзінің денсаулығынан бажасының, басқасының тойы қымбат. Дәріге, емделуге таппаған ақшаны соған табады. Оған қиналмайды. Ішетін тамағына, киетін киіміне, тіпті денсаулығына ақша қимайды, ал тойға қияды...

Оның үстіне о баста асқындырып алып келгені аздай енді келісіп қойған күнге де келмей қалып күйдіреді ғой!

-Абай атамыз қазақтың осындай мінезінен күйгенінен айтқан ғой ол да: «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ сені ауыртқан Құдай емес!» Қараңызшы, не деген сөз! Сіз осыны мынау жаңадан ашылып жатқан Емдеу орталығыңыздың маңдайшасына жазып қойсаңыз болады...

Енді сіздің осы Орталығыңызға қарай ойысақ. Ол үшін алдымен өзіңіз емдейтін ауру түрлеріне қысқаша тоқталып өтсеңіз. Олар аурудың қандай түрлері, оларды сіз кәзір қандай жолдармен емдейсіз. Мысалы, проктология дегенміз не?

-Проктология дегеніміз тоқ ішек аурулары. «Полип» дегеніміз – сүйел. Біз кәзір соның бұрынғыдай қандауырмен қан шығарып, кескілеп емес, қан шығармайтын лазермен күйдіру секілді соңғы озық үлгі-жолдарымен емдейміз. Оның бәрін кәзір атап отырудың мәні шамалы. Және біздің операциямыздан соң ауруханада жатып керегі жоқ, екі-үш сағаттан соң науқас үйіне қайта беруіне болады. Ауданды жерлерде геморрой деген ауруды емдейтін проктологтар жоқ. Тоқ ішек ауруларында адамдар көбінесе осы геморройды емдей алмай, қан кеткенінен өліп жатады. Ол асқынып кетсе парапроктатитке айналады. Қазақша аты – «жыланкөз». Ол уақтылы емделмесе «свищке» айналады. «Свищ» - кей жағдайда тоқ ішектің тесілуі, нәжістің сыртқа содан шығуы.

- Неге сіз кандидаттық диссер­та­цияңызды бауыр жағынан қорғадыңыз?

- Негізі дәрігер бәрін білуі керек. Сол себепті менің төрт мамандығым бар. Ал, бауырға келсек эхинококк деген құрт бауырды жей береді. Бауырдың адам денсаулығындағы орны айрықша екені бәрімізге түснікті шығар. Эхинококк ауыры неден пайда болады? Ауру бауыр өртелуі тиіс. Біз оны лақтырып тастай саламыз. Оны ит жейді. Иттің нәжісі арқылы жерге, ол кеуіп ауаға тарай бастайды. Бауырға түске құрт бір-екі жыл білдірмей сонда отыра да береді. Бұл аурудың маңызы соншалықты болғандықтан мен бұл тақырыпты таңдап алдым.

Сосын бізде аурудың созылмалы түріне айналып кететін тағы бір кесел – простота. Бұл – жыныстық қатынастың жұмысын реттеп отыратын без. Біз соны суықтатып аламыз да, емделмей жүре береміз.

Сондықтан мен осы фактор­лардың барлығын есептей келе проктологиялық орталық ашуды көптен ойға алып жүрген едім. Соның сәті енді ғана келіп жатыр. Бірақ, бұл жерде жалаң, таза проктологиялық аурулар ғана емес, урологиялық ауруларға да хирургиялық операция жасалатын болады, жарақат алғандарға көмектесу үшін травмотолгия бөлімін де аштық.

-Алматы сияқты ірі қала-мегаполиске қанша проктолог керек және бүгінгі таңда қанша маман бар?

-Қанша керек екенін айта алмаймын, ал қанша бар екеніне келсек, саусақпен санарлықтай ғана.

-Сіздің орталықтың өзгелерден артықшылығы демейік, қандай айырмашылығы бар?

-«Он-клиник» секілді орталық­тарда геморрой мен тоқ ішекті сызат-жырықты ғана емдейді. Одан арғы күрделілеу ауру кездессе ондағы дәрігерлер өз мойнына жауапкершілік жүктегісі келмейді де дереу басқа, орталық ауруханаларға хирургиялық операцияға жібереді. Біз ондай жауапкершілктен қашпай, кез келген жараны емдей береміз. Одан бөлек парапроктатиттің «свищ» секілді іріңдеген ауыр түрлеріне де операция жасай аламыз. Ол жерде көбіне жас дәрігерлер, тәжірибелері аз, сондықтан операция жасауға қорқады. Ал, жарнамалары сойқан! «Он-клиник» дегеніңіз «Мак-Дональдс» секілді жер шарына тегіс тараған нәрсе ғой...

Одан бөлек «Израиль медицина орталығы» деген ресми түрі де бар. Алматыда да жұмыс істеп тұр. Басқаша сөзбен айтқанда «еврей медицина орталығы» деген сөз ғой. Соған қарайды да біздің қазақ «е, нағыз мықтылар еврейлер екен ғой» деп соларға барады. Қазақтарға бармайды. Бірақ, ол орталықтар науқастың жазылып кетуіне кепілдік бермейді. Менің еврей халқына қарсы айтар ешқандай сөзім жоқ, бірақ сол орталықтардан жазылмаған жұрт маған келеді. Мен олардың ісіне риза емеспін және олардың қате істеген жерін жөндеп отырмын. Рас, олардың жабдығы біздікінен әлдеқайда бай, сұлу болуы мүмкін, бірақ айналып келгенде мәселенің бәрін маманның біліктілігі мен білгірлігі шешеді ғой...

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейміз. Қазақтың таланттылығы, алғырлығы көп халықтан артық екендігі тап мен үшін ешқандай күмән тудырмайтын аксиома болып табылады. Барымызды бағалауды үйренсек, озық деген елдермен тереземізді теңестірудің бір баспалдағы сол болар еді...

Ө.ӘБДІУӘЛИҰЛЫ