КӨРІПКЕЛДІҢ УӘЖІ: ТАБИҒАТ ТАРПАҢ, САЯСАТ САРСАҢ... НЕМЕСЕ «РОЗА ОТЫНБАЕВА БҰЛ ҚЫЗМЕТІНДЕ ҰЗАҚ ОТЫРМАЙДЫ»

Осыдан екі ай бұрын «Замана» газетінде Гүлмира Бақбергенова деген көріпкелдің болжамдары жарияланған болатын. Ол сол кезде Жамбыл облысында таяуда үлкен жол-көлік апаты орын алып, адам шығыны болуы ықтимал екенін болжаған еді. Гүлмираның айтқаны шынында да расқа айналды. 31-шілдеде Жамбыл облысында орын алған ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан 21 адам қаза болып, соқтығысқан екі автокөлік те түгі қалмай жанып кетті. Ол осы жолы су тасқынының қаупі сейілмегенін де болжаған еді. Біз Гүлмираның болжамдарының көпшілігі расқа айналған соң онымен тағы да сұхбаттасуды жөн санадық.

«Алдымен ауа райы жөнінде айтайын, – деді көріпкел. – Алда енді қапырық ыстық жоқ. Ай соңында жаңбырлы күндер бар. Биылғы күзгі ауа райы шаруаға жайлы өтеді. Дегенмен қыркүйек пен қазан айларында батыстан қатты суық жел тұратын кездер бар. Қыста суық аз. Алдыңғы жылдардағыға қарағанда, биыл қар аз жауады. Қыс ұзаққа созылмайды, көктем ерте шығады.

Енді су тасқынынан келетін қауіп жөнінде. Осы жылдың 15-қазанына дейін еліміздің Су комитетінің басшылары жедел іс-шаралар жасамаса, елге төнетін қауіптің сейілуі неғайбыл. Яғни Сырдария өзені арнасынан асып, жағалаудағы көптеген елді мекендерді су басу қаупі зор. Атап айтқанда, өзен бойын жағалай орналасқан төрт аудан халқы біраз әбіржиді. Адам шығыны болуы ықтимал. Су астында қалған үйлер құлап, бірталай адам баспанасынан айырылуы мүмкін. Мал мен автокөліктен де шығындар болмақ. Сондықтан аталған комитет тез арада қауіптің алдын-алғаны дұрыс болар еді.

Көріпкелдің сөзіне сенсек, жаңа жылға дейін еліміздің құқық қорғау салаларында бірқатар өзгерістер орын алады екен. Яғни біраз лауазымды қызметкерлер креслоларымен қош айтысса, енді біреулеріне жаңа қызметтер ұсынылмақ.

Г. Бақбергенова сонымен бірге ел арасында қатерлі ісік, бауыр, қант диабеті секілді аурулармен ауыратындар саны біршама көбейеді деген болжам жасап отыр. Олар көбіне шетелдерден әкелінетін сапасы күмән туғызатын кейбір дәрі-дәрмектердің әсеріненболатын көрінеді.

Сөзінің соңында көріпкел Қырғызстанға да арнайы тоқталып өтті. Ол: «Қырғыз елінде жаңа жыл қарсаңында тағы бір дүрбелең болмақ. Ал Роза Отынбаева бұл қызметінде ұзақ отырмайды», – деп кесіп айтты.

Сөз соңында біз Гүлмираның бұл айтқандары тек болжам ғана екенін оқырмандардың есіне тағы да салғанды жөн көрдік. Яғни осы айтылғандар кезінде шындыққа айнала ма, жоқ па – оған алдағы уақытта куә болармыз.

«Замана» апталығынан ықшамдалып алынды