МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ ТАҒДЫРЫНА АЛАҢДАЙМЫЗ

Түпкі негізін «американдық ұлттан» алатын Қазақстан халқы Ассам¬блеясы ұсынған, қазақ ұлтын және республикамыздағы басқа ұлттарды жоюға алып баратын «Ел бірлігі» доктринасына қарсы Мұхтар Шахановтың аштық жарияламақ болған талабы әрі оны әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлерінің, партия басшыларының, қарапайым халық өкілдерінің қолдауы биліктің мазасын алуда. Тіпті ел арасына «М.Шаханов үй қамақта отыр екен» деген әңгіме де тарап кетті. Әрине мұның жел сөз екеніне көз жеткіздік. Бәлкім, базбіреулерге жұрттың пәпігін басып, үрей туғызу үшін осындай саясат қажет те шығар. Әйтсе де бұрын арнаулы жасырын құрылымда қызмет еткен бір адамның Шаханов туралы құпия әңгімесіне назар аудармауға болмас. Қазір технологияның жетілген, шарықтаған заманы. Билікке қарсы үлкен қауіп тудырған адамның көзін жоюдың жаңа түрлері шыққан. Мәселен, телефон арқылы қуатты толқын жіберіп, діттеген қарсыласының жүрегін мәңгілік істен шығаруға мүмкіндік бар екен. Шетелдік бір фильмде де нақ осындай қастандық жолы көрсетіледі. Билікке Шаханов сияқты бұрын екі рет инфаркт алған адамның жалдамалылар арқылы көзін жою пәлендей қиындық тудырмасы анық. Әрине, оның бетін аулақ қылсын. Бірақ елдік, ұлттық мүдделердің басында тұрған Шахановқа қарсы осыған ұқсас жасырын шаралардың қай-қайсысы да бүкілхалықтық ашу-ызаға ұласатынын кейбіреулердің есіне салғымыз келеді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар атынан: Бақтыбек ИМАНҚОЖА, Ермұхан ҚУАНДЫҚОВ, Құрманғазы АЙТМЫРЗА, Амандық РАМАЗАНОВ, Құдайшүкір АБДУЛЛАЕВ, Ерлан БАЙСЫМБЕКОВ, Ержан СЫПАТАЕВ, Мұхтар ҚАПАЛБЕК, Талғат РЫСҚҰЛБЕКОВ №48-49