БЕН ЛАДЕН ЖҮР БІЗДЕ ОҚЫП...

АҚШ тағы 2001 жылдың 11 қыркүйе­гіндегі бүкіл елді шулатқан оқиғаны дүйім жұрт әлі ұмыта қоймаған шығар. Атақты лаңкес Усама Бен Ладен ұйымдастырған сол оқиғадан алты айдан кейін Қызылорда қаласына қарасты Жақыпбек Махамбетов ауылындағы Бауыржан мен Айгүлдің отбасында тағы бір сол аттас Бен Ладен дүниеге келді. Қазір ол сегіз жаста. Жақында үшінші сыныптың табалдырығын аттады.

Кеңес Одағының Батыры Жақыпбек Махамбетов ауылындағы №143 орта мектептің оқушысы Бен Ладен биыл жазда екінші сыныпты тауысты. Атақты лаңкестің есімін иемденген кішкентай сол оқушы керек десеңіз күллі дүниені дүрліктірген Бен Ладеннің кім екенін де білмейді. Ол қандай адам, не істеді, не бүлдірді? Одан түк хабар-ошарсыз.Тек сабағына барады, үйде ата-анасының айтқанын екі етпейді. Өзінен кіші үйдегі бір қарыннан шыққан Дамир мен Қарақаттар жыласа жұбатады. Қолы қалт етсе сабағын оқып, мұғалімнің берген үйге тапсырмасын мұқият орындайды, бар болғаны осы.

Жұрт тосырқай қарайтын есімге көп балалы отбасыда өскен әкесі Бауыржан мен оныншы сыныпта оқитын әпкесі Қазынаның айтуларына қарағанда құйттай Бен Ладеннің кісі таңқаларлықтай оғаш мінезі жоқ көрінеді. Иі жуас, үйде де, түзде де сондай екен..

-Бірінші сыныпқа барғандағыдай емес, қазір оны мектепте балалар да мазақтамайды. Оқуының үлгерімі де жақсы, екінші сыныпты мақтау грамотасымен аяқтады - дейді олар.

Шынында да біз барып көрген Бен Ладенге үйіндегілердің берген мінездемесі сай келеді. Сөйлеген сөзінен бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалатындай алып-ұшып тұрған жытқырлығы да байқалмайды. Өте момын. Қойған сұрақтарыңа мұғалімнің алдында тұрғандай имене жауап береді. Қанша айтқанмен әлі бала ғой.

-Қайдағы бір лаңкестің есімін балама қоюым – дейді әкесі Бауыржан Айтбаев, -АҚШ-тағы Ақ үйдің басшысы Дж.Бушқа деген қарақазандай өкпемнен туған еді. Өйткені ол Америкаға Президент болған кезінде әлемді түрлі құйтұрқы әрекеттерге салды ғой. Қарап отырған ислам мемлекеттеріне жазықсыз тиісті. Сондықтан мен оған қарсы шығар дәрменім болмағандықтан Бен Ладеннің бұл ісін ерлікке балап, атын қойған болатынмын – дейді ағынан жарылып. Ал оның жұбайы Айгүл бұған қарсы болыпты. Жөнді бір кісінің аты табылмады ма деп әбден қарсыласып бағыпты. Бірақ, «өзім білем» деп күйеуі Бауыржан алған бетінен қайтпапты. Амал қанша сөйтіп, өрлігінің, «қайсарлығының» арқасында отағасы жеңіске жетіп, «метриканы» (туу туралы куәләкті) солай алған .

-Өскенде кім боласың, Бен Ладен болғың келе ме?- дедік кішкентай «лаңкесті» сынап. Аңқау бала Усама Бен Ладеннің кім екенін қайдан білсін, «иә» деп жауап берді...

Бен Ладен жақыннан бері каратэ секциясына қатысып жүрген көрінеді. Аяқ-қолы әлі икемге келмей жатса да әкесі Бауыржан баласынан үлкен үміт күтіп отыр.

-Менің балам атағы әлемге аян Бен Ладендей жаман атпен емес, ең болмаса елінің жақсы атын шығарған аты шулы спортшы болса арманым не - дейді ол.

...Иә, әке бауыр еті баласының келешекте, өскенде халқына керекті азамат болуын қалап, нені армандаса да онысы орынды-ау, тек қайдағы бір лаңкестің атын қойғаны болмаса...

Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ.

Суреттерде – үшінші сынып оқушысы

Бен Ладен Бауыржанұлы Айтбаев