«ҚЫЗЫР»

85 жастағы соғыс және еңбек ардагері Мыңжанов Қызыр Аманжанұлы қан майданға Зайсаннан 1944 жылы 18 жасында аттанады.

Сол жылы Ленинград майданында Маршал Говоровтың армиясындағы 886 дивизияның 986 полкы 2 батальонының 2 ротасындағы 3 взводта сапер болады. Майдан жолдарын жарылғыш заттардан тазалайды. Сонымен Ленинград Выборг шебі бойынша біздің әскерлер, 1944 жылы 19 июнь күні таңғы сағат 3-те шабуылға шығады. Ұрыстың қызып тұрған кезінде, жау оғы оң жақ ортан жілігіне тиіп, бір оғы кеудесіне тиіп, тағы бір оң жақ шынтағын мылжалайды. Сонда «Қош, әке-шеше, Финляндияның даласында қарға-құзғынға жем болып қалып барам» деп күбірлеген екен...

Ұрыс аяқталғаннан кейін ауыр жараланып жатқан Қызырды бір орыс жауынгері далада қалдырмай, жарақатын таңып аман алып қалады.

Елге қос балдаққа сүйеніп оралады. Төрт айлық демалыстан кейін Зайсандағы «Жаңа тұрмыс» колхозының председателі бір күні майдангер жігітке маған көмекші хатшы болсайшы деп қолқа салады. Жарты жылдан кейін колхоздың бас есепшісінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Сонымен тағы бір жарты жылдан соң сенімді ақтаған Қызекеңе бастық «енді сен ауыл шаруашылығының бас есепшісі бол» депті... «Бас есепші болуға тиянақты білім керек» дейді үлкен жауапкершілік жүгін сезінген Қызыр...

-Сонымен мен Алматыдағы алты айлық бас есепші мамандарды қайта дайындайтын білім жетілдіру курсынан бірақ шықтым, - деп жалғады әңгімесін ұлағатты қария. - Басында қатардағы есепші болып жұмыс істеген маған бас мамандардың білімін жетілдіру курсы қиынға соқса да табиғи қағылездігімнің арқасында үлгеріп кеттім.

Бір күні Алматының Мәдениет және демалыс паркінде ақын-жазушылар кітаптарын өздері сатып жатыр деген сөзді естіп паркке мен де бардым. Келсем ақын-жазушылар жағалай отыр екен. Бір тұста белгілі ақын Ғали Орманов тұр екен. Таяу келіп сәлем беріп, бір кітабын алдым. Сонда Ғалекең маған кітаптың бір шетіне былай деп тілек жазған еді.

Оу, Құрметті інім Қызырым!

Кітап сатып алам деп,

Бір-екі жол сыздырдың.

Кітап сатып алдың да,

Басқаларды қыздырдың.

Мұнан кейін Тайыр Жароковтан кітап алдым. Бірақ маған арнап жазған шумақтары сәл қисынсыздау көрінді, әрі көңілімнен шықпады....

Ақындардан сәл ұзақтау жерде тұрған белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтың алдына бардым.

Ол кісі мені көріп:

- Атың кім, інім? - деді..

- Қызыр .

- Қызырдың кім екенін білесің бе?

- Білем.

- Олай болса былай Қызырым,, қазақша кітаптарымның бәрі сатылып кетті. Орысшаға аударылған кітаптарым қалды. Ғабит аға қолымды қысып тұрып, бір кітабына:

«Қызыр інім! Кітапқа да Қызыр бол. Ғабит Мүсірепов» деп қолтаңба жазып берді.

Келесі бір сәттерде әңгіме көрігін қыздырған қарияға өзімнің «Серпер» атты жыр жинағымды естелік ретінде ұсындым да:

-Ата сіздің есіміңізді кім қойған еді? - дедім.

Қария көп ойланбай-ақ:

- Мен дүниеге келіп бесікте жатқанда, үйімізге қонақ келіпті. Өзінің айтуынша әлгі қонақ Меккеге жеті рет барып келген екен. Ата - анамның өтініші бойынша сол кісі менің құлағыма азан шақыра айқайлап, атымды Қызыр деп қойып кетіпті...

Талап Қараш

Алматы