КӨҢІЛ ТАЗАРМАЙ КӨШ КӨЛІКТІ БОЛМАЙДЫ

0
1505

Еліміз егемендік алғалы алыс-жуық шетелдердегі қандастарымыз өзінің тарихи Отаны – Қазақстанға орала бастады. Қазірге дейін сырттан келген қандастарымыздың саны бір миллионға жетті. Десе де шетелде әлі де болса бес миллион қазақ отыр. Олай болса олардың бұдан кейінгі отанына оралу мәселесі қалай болады? Орала алмаған қандастарымызға қазақ мемлекеті қай деңгейде рухани көмек көрсете алады? Отанына оралған қазақтар отанына не берді? Отаны оларға не берді? Көші-қон және шеттегі ағайынмен жұмыс істейтін құзырлы органдардың ісіне көңіл тола ма?

Бүгінде қазақ көшінің тоқырай бастағаны туралы ақпарат құралдар жиі дабыл қағуда. Ендеше көшті қайта қозғау үшін саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер және жекелер бұл істі шешудің жолын қалай қарастыру керек?

«Жасылдар Руханият» партиясы осы және басқа да күрмеуі күрделі мәселелерді шешу мақсатында «Жас қазақ үні» газеті,«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі,«Отандас-ел» Республикалық қоғамдық бірлестігі, «Ұждан» пікір-сайыс клубы секілді орындардың сәйкесуінде жақында ғана «Қазақ көшінің бүгінгі мәселелері және оны шешудің жолдары» атты дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырды.

Аталған шараға Қазақ Диаспорасы өкілдері, көші-қон және алыстағы ағайындар үшін жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар, әдебиетшілер мен ғалымдар және БАҚ өкілдерінен – «Руханият Жасылдар» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин, белгілі қаламгерлерден Серік Қапшықбайұлы, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Уақап Қыдырханұлы, Оразақын Асқар, Смағұл Елубай, Жәди Шәкенұлы, Ыбырай Файзуллин, Қайрат Байтолла, Халқазат Төлеухан, Мұхан Мамытхан, Рахым Айыпұлы, Өмірзақ Ақжігіт, Есенгүл Кәпқызы, Жаңыл Әпетова және т.б зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші айтыла-айтыла жауыр болуға айналған қандастарымыздың тағдыры тағы бір мәрте талқыға түсті. Төменде сол дөңгелек үстелде ортаға қойылған түрлі пікірлер мен ұсыныстарды қаз-қалпында жеткізіп, оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көрдік.

Серікжан МӘМБЕТӘЛИН, «Руханият Жасылдар» партиясының төрағасы:

-Біздің «Руханият Жасылдар» партиясы шет елдерде жүрген қандастардың Атамекенге оралуына тиімді жағдайдың жасалуына мұрындық болуға тырысып бағуда. Егер біз шетелдегі қазақтарды көшіріп алсақ, мемлекеттің 80 пайызын қазақтар құрайды екен. Жалпы оралмандарды 3 топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, біржолата көшіп келуге ниеті бар, алайда қазақ еліне келе алмай отырғандар. Екіншіден, көшіп келген, бірақ, Қазақстанда азаматтық ала алмай жүргендер. Үшіншіден, азаматтық алған күннің өзін де қоғамға бейімделе алмағандар. Бұл мәселені Көші-қон комитетінің жауапты қызметкерлерін және Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет министрлігін шақырып қыркүйек айының ортасында ««Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясымен бірлікте партияаралық отырыстар ұйымдастырып, қойылған мәселелер мен оны шешудің жолдарын ҚР үкіметі мен қатысты министрліктерге жеткізуді және көші-қон туралы заңның кейбір баптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді ойластырып отырмыз. Қазақтардың ішіндегі ең төменгі жағдай – оралмандардыкі. Сондықтан оларға жасалатын әлеуметтік көмектердің үлесін арттыруымыз қажет. Бұл мәселе өз шешімін таппаса, мәз емес жағдай осылай жалғаса бермек.

Уахап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері:

-Біз 1955 жылы Оразақын Асқар екеуіміз алғаш Отанға келгенде жағдай мүлде басқаша еді. Кеңес үкіметінің ызғары сол – шетелден келдік деуден қорқатынбыз. Ал, қазіргі бейбіт заманда тәуелсіз елімізге оралып, оралман атанғанына қынжылып жүргендер бар. Біздің заманымызда Кеңес Одағының қарамағында отырған елге келгенде алдымыздан не күтіп тұрғанын да білмедік. Қысқасы, Отанымызға өлермендікпен келгендердің бірі болатынбыз. Әлі күнге дейін сол өлермендіктің арқасында келе жатырмыз. Туыс-туған, дос-жарандардың кейбірінің «көрмей жүрген орыстарың ба еді, не іздеп барасыңдар, не өнерлерің, не білімдерің жоқ» деген сөздерін естігенде біз «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дегендей енді бізді қайтара алмайсыңдар, малшы боламыз ба, егінші боламыз ба, бәлкім бақытымыз ашылып кететін шығар» деген нар тәуекелмен шекарадан өткенбіз. Сөйтіп, қазақ еліне деген отаншылдық сезім бізді Қытай топырағында қалдырмады. Содан бірі әлі де басымыздан оралман атауы алынған емес. Жергілікті халық үшін әлі де «қытаймыз»…

Бүгінгі ағайынның Отанға оралуы тікелей Елбасының арқасы. Ол кісі: «Келсеңдер есігіміз ашық, құшақ жая қарсы аламыз» деді. Құдайға шүкір содан бері осы ұлы көш әлі де саябырлаған жоқ. Н.Ә. Назарбаев Түркиядағы кездесуде тек қана Қытайдан келген қандастарымызды ғана емес, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен барша қазақ баласының басын қазақ даласында қосуға ешқандай кедергі болмайтындығын қадап айтқан болатын. Ең алғашқы қазақ құрылтайын өткізу мәселесі де осы кездесуде көтерілді. Біз де сол құрылтайдың ашылуына шын ниетімізбен құрақ ұшып қызмет еттік. Дәл сол кезеңде қазаққа деген бауырмалдық, жанашырлық, адамгершілк ізгі қасиеттер, отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық тәуелсіздіктің нұрын артта қалған ағайынға қайтсек жеткіземіз деген құлшыныс бар болатұғын. Сондай-ақ ауызбіршілік сияқты барша адами құндылықтар көзге ұрып тұратын. Ал, бүгінгі таңда осы құндылықтар бірте-бірте солғын тартып бара жатқанға ұқсайды. Бірақ, біз ел бүтінделмей ме, тәуелсіздік кемелденбей ме, қандастарымыз еліне оралмай ма, сонан соң қиюы қашқан шаңырақты бүтіндеп алатын шығармыз деген болатынбыз. Өкінішке қарай, сол шаңырақты әлі күнге дейін басымызға көтеріп келе жатырмыз. Жиырма жыл деген аз уақыт емес қой. Сол шаңырақтың күлдіреуішіне бір уық қадай алдық па? Мұның өзі өзекті өртер өкініш емей немене? Айналып келгенде мемлекетке ешқандай кінә таға алмайтын сияқтымыз. Өйткені ауыз жүзінде бәрі бар. Айталық Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Көші-қон департаменті, қоғамдық ұйымдар да өз әлінше оралмандарға әлеуметтік көмек көрсеткен болып көрінеді. Бірақ, дәрмені аз, талпынысы жеткіліксіз. Шын мәнінде қазақ жұртына көшіп келген оралмандар осы елдің сауын сиыры сияқты!. Оны кез-келген адам күрпілдетіп сауады, сорпылдатып емеді, тіпті, сүт шықпағандарының желінін жұлып ала жаздайды.

Тағы да бір айтайын дегенім – жақында ғана Қытай еліне барып келдім. Сонда кейбір жағдайды көріп, көңіліме көп нәрсені түйіп қайттым. Мәселен, Үрімжі қаласындағы Қазақстан консулының төңірегіндегі жасалып жатқан қиянат істерден жаныңыз шошиды. Жүздеген, мыңдаған адам кезекте тұр. Бұл кезекке алыс аймақтарда тұратын қазақтар жете алып жатқан жоқ. Ол ұзыннан-ұзақ кезек бір жылда келе ме, әлде екі жылда келе ме, мұны ешкім білмейді. Ал, ол жерде жүрген делдалдар жыртылып-айырылады. Тек ақшасын берсе көңілдегі шаруасы тез шешіледі. Мінеки, жер жүзіндегі қызметтің бәрі саудаға айналып кеткені осыдан-ақ белгілі. Қоғамның бұл дерті жыл сайын асқынып бара жатыр. Осындай келеңсіз жағдайды көргенде арттағы бауырларға жаның ашиды, жүрегің елжірейді. Бірақ, бұл біздің құзырымыздағы шаруа емес. Тек осы құзырлы мекемелердің атқарып отырған жұмысы көңіл көншітпейді. Оның үстіне біздегі тойымсыз жемқорлық тиылмай тұр. Аталған ұйымдардың аты бар да заты жоқ. Бұдан сырт тағы бір мәселе – оралмандардың қол жеткен табыстарын қызғанып, оларды қорлап, кемсітіп қырын қарайтындардың қатары көбейіп барады. Бұған дәлел ретінде айта кетейін, өздеріңізге белгілі Қабылсаят деген азамат оралмандарды жәбірлеп, балағаттап ар-намысына тиді. Ал сол адам әлі күнге дейін қызметте отыр. Оған ешкім айқайлап, сенікі дұрыс емес деп біреу байбалам сала алды ма? Жоқ, өйткені бұл біздің қолымыздан келетін іс емес. Оның үстіне қазіргі қоғамдық қызмет жүйесі солай қалыптасып қалған. Мұндай керағарлық түзелмей оралмандардың жағдайы оңалады деп айта алмаймын. Баяғыда қазақғымыз кеңес үкіметі жер аударған шұбырындылардың барлығын бауырына тартып, жарты құртын жарып беріп, құшағына алды деп жар салып жүрміз. Сөйткен қазақ енді неге өзіне – өз бауырына өшіге қарайды сонда?! Бұл бір асқынып бара жатқан жара сияқты. Осы көңіл жарасы жазылмай, біздегі алабөтендік ешқашан жоылмайды. Жасыратыны жоқ, ұлтымыздың жүрегіне бауырмалдық, мейірбандық жылуын қайта құймасақ, бұл мәселе түбегейлі шешілмейді. Мұны ақын өлеңімен, жазушы қаламмен, ғалымдар ғибратымен, ақсақалдар ақылымен, ұстаздар сабағымен айтсын. Сонда ғана тоз-тоз болған «ақылдылардың» санасына сәуле қонатын шығар.

Рахым АЙЫПҰЛЫ, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

-Біз қандастарымызға тәуелсіздік қарсаңында ғана көңіл бөле бастадық. Сол кезде парламентте талқыланып, қолданысқа жіберілген заң оралмандардың жалпы жағдайына сәйкес келді ме жоқ па, мұнымен санасып жатқан ешкім болған жоқ. Жасыратын несі бар, бір қайнауы ішінде дүмбілез заң оралмандардың мүддесін қорғағаны сол, олардың азаматтық құқығын тіпті де әлсіретіп жіберді. Сондықтан біз бүгіннен бастап әрекеттенбесек, алдағы уақытта қабылданатын заң шала-жансар күйінде қабылданып кетуі мүмкін.

Және бір айтарым – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына Талғат Мамашев келгеннен бері оралмандар мәселесінің дер кезінде оң шешім табуы да саябырлап кеткені байқалып отыр. Сонда оның Қазақстан азаматы бола тұра, бойында қазақы қанының жоқтығы ма? Мәселен, қауымдастыққа Қалдарбек Найманбаев басшылық етіп тұрған кезде шетелдерге шығуға үлкен мүмкіндіктер бар-тұғын, ол да қожырап кетті. Қазіргі күндегі шетелмен барыс-келіс қызметі де сын көтермейді. Осындай түйткілді мәселелерді «Руханият Жасылдар» партиясының көтергені көңіл қуантады. Бір өкініштісі – Қазақ қауымдастығы тарапынан қандас-ағайындардың тағдыры үшін ешқандай ұсыныс-пікір немесе оң шешімін тапқан ешбір нәтиже байқалмайды.

Мұхан МАМЫТХАНҰЛЫ, «Отан­дас-Ел» Республикалық қоғам­дық бірлестігінің төрағасы:

-Әрине, бұл көтеруге тиісті өзекті мәселе. Өз басым 1997 жылдан бері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығындамын. Ең әуелі екі нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Біріншіден, Қазақстанға оралмандар керек пе, жоқ па? Олар өздері көшіп келуге міндетті ме? Әлде қазақ елі көшіріп әкелуге тиісті ме? Осы сауал барлығымызды толғандыруы керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Дүниежүзі қазақтарының бір-ақ мемлекеті бар, ол – Қазақстан» деген болатын. Қазақ териториясының 80 пайызын қазақ қорғамаса, бабаларымыздан қалған ұлан-байтақ жерді ертеңгі күні кімнің жаны ашып қорғамақ. Қытайдан қазақтар не үшін келеді. Олар тек ұрпақ қамы үшін, шұғылалы ертеңі үшін келеді.

Екіншіден, Қазақстанда екі үлкен орган бар екенін білесіздер. Бірі – Көші-қон басқармасы, енді бірі – Дүниежүзі қазақтарының қа­уым­дастығы. Осы екі бірдей мекеме оралмандар мәселесін жан-жақты тал­қылап, оны шешуге тиісті емес пе?!

Қауымдастықтың ғимарат үйін салу барысында үкімет берген аз ғана сома жетпейтін болғандықтан оралмандар «жұмыла көтерген жүк жеңіл» десіп іргетасын бірлікте қаласқанбыз. Алыстан тентіреп келген ағайынға аз да болса сая болар деп ойлағанбыз. Ал қазір ол сауда орталығына айналды. Оралмандар есігінен сығалай алмайтын қиын күнге жетті. Қауымдастықтың қазіргі басшысы ойына не келсе соны істейді. Ғимарат та оның жеке мүлкі сияқты. Тіпті ерін, тырнақ бояйтын бір қызды есігіне отырғызып, оған Мәдениет министрінің арнайы марапатын алып берді. Ал Гималай асқан қазақтардың көзі тірілері, ел үшін тер төгіп қазақ диаспорасына еңбек сіңірген талай ақсақалымыздың бұл марапатқа қолы жетпеді. Бұл деген нағыз масқара емес пе!? Қызылағашта топан су апаты болғанда Елбасының әмір-пәрменімен бүкіл халық аттанысқа келгенде қауымдастық ондағы суға кетіп жатқан 200 оралман отбасының хал-жағдайын білмек түгілі, ат ізін салған жоқ.

Аты таудай болғанмен құр қаңқасы ғана тұрған қауымдастықты арам пиғылды адамдардан арашалап, қайта құруды қолға алуымыз керек деп санаймын. Халық өзіне арнап салынған үйдің игілігін өзі көруі керек қой.

Осыдан он шақты жыл бұрын марқұм Қалдарбек Найманбаев екеуміз 1995 жылы халық әлі қоныстана қоймаған Шелек ауданынан 1500 шаршы метрлік үй сатып алып едік. Сол қадамымыз сәтті болып қазіргі күнде Шелекте 1500 оралман отбасы қоныстанып отыр.

Елге көшіп келген оралмандар «бер, бер» деп айқайлайды екен» деген алып-қашпа сөздер таратушылар да бар. Ал, жоғарғы жақ болса «оларға жақсылық жақпайды екен» деп енді квота беруді де доғарамыз дейді. Мейлі, квота бермесе, бермей-ақ қойсын. Есесіне егіндік жер берсін, су берсін. Онсыз да осындай келеңсіз жағдайға тап болған 28 отбасы соңғы бір жыл ішінде қайта Қытайға кері көшіп кеткен. Бізді «Нұр Отан» елеп-ескеріп, жоғымызды жоқтаса, шеттегі қазақтар өздері құдайдай көретін Нұрекеңді қолдап аянбай еңбек етер еді. Біз Елбасымен біргеміз. Ал арамызға от жағушылар бізді жек көрінішті еткісі келеді.Бүгінгі отырыс та сол жақсы бастаманың басы деп білемін.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары:

-Мен өзім Дүниежүзі қазақта­ры­ның қауымдастығында үш жылдай қызмет еттім. Шетелмен болған әдеби-мәдени байланыстарда белгілі істерді қолға алғандығын да жоққа шығаруға болмайды. Десе де 2000 таралыммен шығардық дейтін кітаптарының 500 ғана данамен жарық көруі, Қажығұмардың «Қылмыс» романының өзінің не бәрі 1000 ғана данамен шығуы секілді «бармақ басты, көз қыстымен» жасалатын көмескі қылмыстар менің жанымды қатты түршіктірді. Шындықты айтқаным үшін басқаларға жағуым да қиын болды. Десе де ұлт мәдениетіне жасалып жатқан қиянататты айтпай шыдауға дәрменің жетпейді.

Жалпы біздің заңдарымыздың әлсіздігінен оралмандарға қатысты көптеген даулы мәселелер әлі шешілмей келеді. Сол үшін де ең алдымен халықтың көші-қоны туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуіміз керек.

Серік ҚАПШЫҚБАЙҰЛЫ, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын:

Көші-қон мәселесінің жағдайы бәрімізге белгілі. Бұл ұлттық саясаттың бір бұтағы ретінде даму жолына түсті ме, әлде кежегесінен кері тартып тұр ма? Мұның бәрін іштей сезіп-біліп отырсыздар. Бұл тек қана саяси іс болса, онда біздің қолымыздан келмейтін шаруа. Ал, керанаулықтан, немқұрайлылықтан туындап отырса, мұның жөні бір басқа. Жуықта оралмандарды бүйі тигендей қылған мынадай бір оқиғаға куә болдым. Ағымдағы жылдың шілде айында қалаған мамандықтары бойынша университетті үздік (қызыл дипломмен) бітірген 41 студент төрт жыл бойы өздері оқыған оқу орнының тіркеуінде болған, Қазақстан азаматтығын алмағаны себепті олар ешқандай жұмысқа қабылданбаған. Өйткені ол жастар келген бетте бірден азаматтыққа құжат тапсыра алмайды. Оған себеп – арғы беттен келетін ата-анасына, туыс-туғандарына қарайлайды. Сол үшін де олар Қытай паспортымен жүре тұруға мәжбүр. Үкімет осылайша елім деп еңіреп келіп, өнер-білім қуған жастардың сағын сындырып, тауын шағып отыр. Ендігі үміт – «жығылсаң нардан жығыл» дегендей еліміздегі жалғыз пәрменді партия «Нұр Отанға» мүше болып кіруден басқа шығар жол қалмаған сияқты…

Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ,

жазушы, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері:

-Көп жағдайда оралмандардың мұң-зары өз ортамызда ғана айтылады да Елбасыға толық жетпейді. Толық жеткенді былай қойып, екі арада жұмыс істеушілер халық пен президенттің арасын алыстатуға тырысады.

Қытай мен Қазақстан арасында еңбек келісім-шартының болмауына байланысты мұнда көшіп келген зейнет жасындағы қарттар ешқандай зейнет ақыала алмайды. Қытайдан көшіп келген көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлы сол зейнатақыға қол жеткізе алмаған күйінде қиын тағдырда о дүниеге аттанды. Ең бастысы – сырттан келген ағайынның өзінен шыққан өкілдері билікке араласқанда ғана олардың жанайқайы жоғарғылардың құлағына тез жетіп отырар еді. Мұндайда оралмандардан шыққан депутаттардың болғаны керек-ақ.

Ыбырай ФАЙЗУЛЛИН, «Көрші» журналының бас редакторы

-Қытай мен Қазақстан арасында көші-қон туралы ешқандай келісім-шарт жоқ. Біз олардан келісім шартты әл қылу былай тұрсын, Қазақстан аумағындағы 440 мың шаршы километр жерді өз картасына кіргізіп, ұрпақтарына оқытып отырғанына да ауыз аша алған жоқпыз.

Әрине, шетелдегі қандастары­мыздың бүгінгі тағдырына алаңдау­шылық білдіріп отырған ұлт зиялылары санаулы ғана. Әсіресе Қытайдағы қазақтардың болашағы күңгірттеніп бара жатқандай. Олар діннен, тілден айырылса қалай нағыз қазақ бола алады. Ал елге оралған оралмандардың құқықтық теңдігі де көңіл қуантпайды. Мәселен, өзге ұлт өкілдерінен тоғыз парламент депутаты сайланды. Оралмандардан неге бірде-бір депутат жоқ. Тіпті, ауыл әкімі болғандарын да көрмедік, естімедік. Үлкені – Қытай мәселесі. Қытай азаматтарының шет елге шығуына, қоныстануына рұқсат етілген заң бар. Қытай оралмандарын «алып келдік» деп мақтанудың қажеті жоқ. Жылына жиырма мың отбасын көшірсек, 5 миллион оралманды 250 жылда көшіріп бітеді екенбіз. Оған дейін қазақ та қалмайды шетте!

Бірде, «есіктен кіріп, төрге озған» деген мақала шыққан болатын. Қай оралман, кімнің төріне шығыпты, тым құрыған да ауыл әкімі болып сайланыпты ма?! Дулат Исабеков болса, «Монғолия мен Қытайдан оралмандарды алып келудің қажеті жоқ. Олардың менталитеті басқа» деді. Ал біреулер болса, «сендерді кім шақырды?» деп,- көкірегін қағып тұратындар да жоқ емес.

Оралмандар не аламыз деп емес, не береміз деп келеді.

Мұның барлығы еларалық тату­лыққа сызат түсіретін жайттер. Қандастардың жағдайын ойлас­тырғанда ең бірінші кезек күттірмейтін мәселе – олардың азаматтық құқықтарына қол сұқпау. Олардың Қазақстан қоғамына бірден кірігіп, қазақ елінің түрлі заң-қағидаларына бейімделіп кетуі үшін әрқашан тура жол көрсетуге тиіспіз.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы

-Президент барлық істе төменге сенеді. Ал, төмендегілер жоғарыға өтірік мәлімет береді. Оралмандар мәселесі де сондай жалғандықтың құрбаны боп келеді. Көші-қон төңірегінде, әрине, шешілмей отырған көптеген проблемалар бар. Елбасы оралмандар мәселесін министрлік пен қауымдастық өзара селбесіп барлық істі ақылмен шешіп жатыр деп ойлайды. Ал іс жүзінде олар өз құлқынын ойлайды, қалтасын қампайтуды көздейді. Атқарушы биліктің арам пиғылы жойылмай, оралмандардың арман-тілегі орындалмайды. Ал елге оралған ағайындар ылғи да көші-қон комитетін, құқық қорғау органдарын төңіректеп зарлап жүреді. Бұл кеңестік замандағы керенау саясаттың «жемісі». Осыдан барып отанға оралуға ниеттенген ағайындардың көңілі суиды. Өзбекстандағы оралмандар өзбек, Ресейдегілер орыс, Қытайдағы қазақтар қытай болады. Бұл мәселе енді 20 жыл ішінде шешілмесе, оларға Атажұрттың керегі болмай да қалуы мүмкін. Қазақта «бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз тегін айтылмаған. Оның жыртығын шеттен оралған қазақпен жамау керек. Ең бастысы – оралмандар туралы заңға тың ұсыныстар енгізу қажет. Оларды қайткен күнде де өз құшағымызға тартуымыз керек. Қазақ елінің шамасы әр жыл сайын 50 мың отбасына әбден жетеді деп ойлаймыз. Әр шенеуніктің қалтасына құмға құйған судай сүңгіп жатқан қаржыны оралмандардың көші-қонына жұмсаса сол да жетер еді. Мұнымен қоса оралмандарға квотаны екі еселеп беру керек. Бұл мәселені көтеруден еш уақытта жалықпайық, ағайындар. Ең болмағанда оралмандарды ҚР Сыртқы істер министрі және Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың қармағына қарату керек. Ақтау қаласында оралмандарды бейімдеу орталығы ашылды. Осындай орталықтар Алматы, Астана және басқа да облыс орталықтарында ашылуы керек деп есептеймін. Дегенмен, Ақтауда ашылғаны, сол облыс әкімінің ынтасының арқасы шығар. Ал басқа облыс әкімдері ше?

Оралмандар өз үйіне келді. Біз қонақ емеспіз, өз үйіміздің төріне шығайық. Мың жерден басымызға алтын құйып алсақ та, өзге елде тұрып, өзге ұлт болып кете алмайсың.

Оразақын АСҚАР, ақын:

Таяу жылдардан бері мемлеке­тіміз шеттегі қандастарын құшағына тартып шақыртып алып жатыр. Бұған әрине қуанып отырамыз. Қазақстаннан кейінгі өз қандастарын шақыртып алып жатқан екінші үлкен мемлекет Германия екенін бәріміз білеміз. Қазақ жерінде өмір сүріп жатқан неміс көп. Немістер өзге елдегі бауырластарын самолетпен арнайы алдырып жатыр.Бірақ қазақ мемлекеті мұндай батыл қадамға бара алған жоқ. Бұл өзге елдерден қорқатын жалтақтығымыз. Қазақ мемлеметіне шын тәукекел мен шынайы ерлік жетіспейтіндей сезіледі де тұрады. Ал өз жеке басымнан алып айтсам, аңсаған ата жұртқа 1955 жылы келдім. Шекарадан өткенде аса қорқынышпен өттік. Шекарадан алып өткен жүгіміз баратын жерімізге өзімізден бұрын жеткізілді. Дайын үйге келіп кірдік. Осыдан кейін үкіметке ештеңе деп айта алмадық. Келген бетте Қазақстанның малын бағып, ауласын сыпырсам да жан бақсам деп ойлағам. Бақытыма орай, көкейдегі мақсатымнан әлде қайда жоғары дәрежеде өмір сүрдім.

Халқазат ТӨЛЕУХАН,

ағар­тушы-зейнеткер:

-Бір кездері Кеңес үкіметі қазақтарға ессіздендіру саясатын жүргізген. Содан есімізден айырылып қалдық та, енді туысы қайсы, туыс емесі қайсы, жеп жатқаны қайсы, сұрап отырғаны қайсы осыны айыра алмай қалдық. Қытайдағы қазаққа да ессіздендіру саясаты жүрілмеді деп ойлайсыздар ма? Оларға да осындай саясат үстемдігін жүргізуде. Сөйтіп олар да мәңгүрттеніп барады. «Ей, ұрпағым сен ертең қытай боп кетесің, сүйікті Атамекеніңе кел, ел бол, мәңгілікті ойла, сенің ата-бабаң көк түрік, сенің аруақты бабаң Күлтегін» деп айтатын дуалы ауыз қарияларымыз бар ма? Неге Күлтегіннің ескерткішінің көшірмесін Астанаға әкеліп орнатып қойдық. Осындай тектіліктің өнегесін бүгінгі жас ұрпаққа түсіндіре алдық па? Мен бір нәрседен алаңдаймын, біз арғы бетте жүргенде қытайларды мазақ қылатынбыз. Оларды «сен жақсы, мен жақсы» дейтін халық деп. Яғни, бәрін мақтай беретін ел санайтынбыз. Ал қазақ еліне келгенде таң қалғаным – бір кемшілікті айта бастасаң, «ол жағын айтпай-ақ қойыңыз, саясатқа тиіп кетіп жүрер» дейді. Сонда 20 жыл бойы жалған көпірме мақтаудан не ұттық? Әбден таяқбасты боп қағажу көрген, жігері жасыған халықтан қандай шындық күтуге болады. Бірақ, ел тағдырына алаңдайтын зиялы қауымнан бір ақиқат іздейтінім рас. Меніңше Н.Ә.Назарбаев керемет көреген патша. Бірақ періште емес, ол да пенде болғасын қателесетін шығар. Ал патшаның кемшілін айтсақ, «ойбай, саясатқа тиіп кетіп жүрмесін, өйтіп айтпа, жеккөрнішті боласың» дейді біреулер. Сонда жанкештілер елге оралды ма? Есінен айырылған халық арғы бетте қалды деп ойлаңыздар. Ал қарапайым халық есінен айырылсын, айырылмасын олар бейне сәби секілді. Басынан сипап алдасаң жақсы көріп қалады. Халықтағы осы бір сезімталдық әлі жоғалған жоқ. Қытайдағы қазақтың да сезімталдығы жойылмаған. Олар «қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйемін» дейді. Заң адам баласының жақсы игіліктері үшін, теңдігі үшін жасалуы керек. Бірақ заңды жасаған адамдардың өз қол-аяғын шырмап алып, қозғала алмай отырғандарын түсінбеймін. Президентпен бірлесіп заңды жасайтын қарапайым халық емес пе?! Оралмандар үкіметке, Елбасына өкпелемейді деп ойлаймын. Бірақ, есігінен қаратпаған әкімге ше? Балақтан алып басшыға кіргізбей қойған хатшыға ше? Арыз-шағымыңды жеткізбек болсаң, ауыл әкіміне де кіре алмайсың. Тым құрығанда талап-тілегіңды айтайын десең, «әй, оралман сұрағалы келдің бе, алдымен берем десеңші» дейтіндерін қайтерсің?! Сонда немізді береміз, бағып-қаққан бала-шағамызды жанымызды бердік. Біз өзімізді мәңгілік атақонысқа арнап келген адамдармыз. Бізге ең керегі – оралмандардың қазақ жеріне балдай батып, судай сіңіп кетуі үшін жасалатын өміршең заң керек. Заңды өзіміздің игілігіміз үшін кемелді етіп жасап шығуға болады ғой. Қазақта «ойнаса баласы жеңеді, шындаса әкесі жеңеді» деген сөз бар. Қамқор әке деп отырғанымыз Қазақстан үкіметі мен президент. Өйткені олардың қолында құқық бар. Халықтың қазынасын ұрлап, өз жемсауын толтыруды ойлайтын жемқорлардың жолын неге кеспейді?! Заңымыз, прокротурамыз тұрғанда, бұл қолдан келмейтін шаруа емес қой.

Қайрат Байтолла,

жеке кәсіпкер:

-Тәуелсіздік алғаннан кейін, Елбасымыздың тікелей нұсқауымен шет елдегі 5 млн. қандастарымызды, ата-жұртына оралту үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құрып, бұл ұйымға үлкен міндет жүктеген еді. Жалпы оралман қауым, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының үйін – жат ел, әлемнің 38 мемлекетінен ата-жұртын аңсап жүрген қандастарымыз бен қазақ елін жалғайтын көпір әрі осы елге келгенде жылы үйіне кіргендей шүйіркелесіп, мауқын басатын үлкен баспанасы ретінде қарайды. Сөйтіп келген қандастарын, бұл ұйым өз бауырына баса алып отыр ма? Жоқ! Жатсыну бар, менсінбеу бар, кеудеден итеру бар. Онда, шет елдегі қазақтардың және оралмандардың жағдайына жаны ашымайтын бұл ұйымның қажеті қанша? Осыдан бұрын ұйым, оралмандар үшін азды-көпті жұмыстар атқарғанымен, Елбасының оралман үшін жұмыс істеуге берген ғимаратын, сауда-саттық үйіне айналдырып жіберген. Оларға қарасты қонақ үй, асханадан оралмандар игіліктене алмай қалды, әрі оралмандар құрған бірқанша ұйымдарымыз осы қабаттан қуылып отыр. Оларға неге тегін мекеме бермеске? Сауда-саттықтан түскен ақшаның бір бөлігі неге оралман үшін жұмыс істемеске? Ал, осы ұйымның жертөлесіне сауна ашып қойған, қазақы ұғымда біз сауна деген атауды «жын-ойнақ» деп түсінеміз. Шет елдегі 5 млн. қандасымызға пана болатын бұл ұйымды, жын-ойнаққа айналдыруға бола ма?

Оралмандар, өткен айда мемлекеттік Көші-қон коммитетінің төрағасы Қабылсаят мырзаның «Монғолиядан келетін қазақтардың 98% сауатсыз, білімсіз» деген сөзіне, бір тіксінсе, жақында «Қазақия» газетінде – қауымдастық төрағасы Талғат Мамашевтың «РуханиятЖасылдар» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин мырзаға: «Оралмандарды саясатқа арластыруға болмайды» деп, лауазымына лайық емес сөз айтқанын оқыдық. Сонда оралмандар Қазақстанда өгей бала болғаны ма? Бұл сөздерге оралмандардың өкпесі қара қазандай. Демек шетелдегі 5 млн. қандасымыз бен елге оралған 1 млн. аса оралманға пана болады деген мүйізі қарағайдай, екі мекемеден, көңіл қалғалы қашан!

Ендігі талабымыз осы қауымдастықтың команда құрылымын өзгертіп, оралмандар үшін жұмыс істетсек. Оған жат жұрттағы 5 млн. оралманның жанын түсінетін ұлтжанды, басшы (оралман болса да болады) сайлауымыз керек деп білеміз. Ұйым қызметкерлері, әр елден келген оралман өкілдері болуы шарт деп білеміз.

Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы:

-Ең әуелі мен осында отырған ағаларыма наразымын. «Нұрлы көшті» басқарып отырған жігіттің Шымкенттегі 3,5 мың оралман отбасы жайғасқан «Асар» секілді мөлтекауданға қолы қандай қиындықпен жеткенін естісеңіз төбе шашыңыз тік тұрады! Өзбекстанда вице-премьер-министр(!) болып істеген жігіт елге кеп лауазым қуып кеткен жоқ. Міне, қытайдағы қазақтың ішінен де осындай бір атпал азаматты шығару керек! Қазір қазақтың ұлт болып қалу-қалмау мәселісі туып тұр. Дәл бүгінгі күні қалай екенін білмеймін, бұрын Қазақстанның азаматы Қытайдан үш адамды визамен шақыртып алатын мүмкіндігі бартұғын. Осындай мүмкіндіктің бәрін тиімді пайдалана біліуіміз қажет. Үшіншіден, біз қыста «қазақстандық ұлт» доктринасына қарсы балама жаздық. Оны қайта-қайта ой елегінен өткізіп, екі-үш апта арнайы талқыладық. Сол сияқты ендігі ұсынылатын заңды шала күйінде қабылданбасы үшін «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей азаматтар ақылдаса отырып оған балама жазылуы керек. Сонан соң барып, жоғарыға жолдануы тиіс деп ойлаймын. Мұны атқармасақ болмайды. Меніңше заң деген – шеңбер ғана. Ең ұтымды тәсіл – арнайы бағдарлама. Шеттегі қазақты бес жылда көшіріп әкелетін бағдарлама жасалмай, бұл істің алға баспайтыны анық. Сол үшін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалану жолында аянып қалмауымыз тиіс. Бүгінде билікте жаны қазақ емес азаматтар өте көп. Оларға орыс тілді мемлекет болғаны жақсы, мұндайлардың қазаққа еш уақытта жаны ашымайды. Себебі олар орыс тіліне әбден үйреніп қалған. Мұнымен қоса Солтүстік Қазақстанда болашағы жоқ деп үкімет айтпайтын, яғни елдімекен қатарынан шығарып тастаған 700-ден астам ауыл бар. Ол ауылдар қазір иен тұр. Бірақ паналайтын үй-жайлар бар. Мен сол ауылдарды былтыр екі апта жүріп көріп келдім. Ауыл тұрғындары «мұндағы мектеп жабылып қалған соң, амалсыз көшуге мәжбүрміз, мектебіміз жабылмас үшін ең болмаса үкімет оралмандарды көбірек әкелсе екен» деп отыр.

Түйін:

Қандастарымыздың қамын ойлап, ел азаматтары арнайы ұйымдастырған басқосуда айтылған құнды ұсыныс-пікірлер қалтарыста қалмай, жоғарыға жетіп жатса мақсатымыздың орындалғаны…

Қызғынды да тартысты өткен пікір таласта жастардың жұмыссыздығы, квотаның мардымсыздығы, жер мәселесі, Қытайдан келген азаматтардың зейнет ақысының дүрыс таңайындалмауы, Қытай мен қазақ елі арасында еңбек келсім шартының жасалмағандығы, адамдары сирек қоныстанған елді мекендерге мен ауылдарға сырттан келген ағйындарды тарту, сондай-ақ қазақ қауымдастығы керек пе, жоқ па, керек болса білікті мамандардың қатарын арттру мәселесі де тілге тиек болды. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдері түкірігі жерге түспейтін депутат болып сайланып жатқанда, құзырлы билік органдарында елім деп келген бірде-бір оралманның жоқтығы шынында жанға батады. Бұл осы жиналыста көтерілген маңызды мәселелердің бір шоғыры. Яғни өрбіген әңгіменің алтын арқауы. «Жасылдар Руханият партиясы» осы және басқа да күрмеуі күрделі мәселелерді шешу мақсатында алдағы жерде «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясымен бірлікте партия аралық отырыс ұйымдастырып, сақталған мәселелер мен оны шешудің жолдарын ҚР үкіметі мен парламентіне және де қатысты министрліктерге жеткізге уәде берді. Әрі халықтың көші-қоны туралы заңның кейбір баптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді ұсынатындығын білдірді.

Бұл жан-жақты жасалған талқы алдағы уақытта оралмандардың тыныс-тіршілігіне байланысты қабылданатын заңға игі ықпалын тигізіп толағай табыстарға жетелейді деген үміттеміз.

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз