ЕКІ ҒАСЫР – ЕКІ ДҮНИЕ ТАРАЗЫСЫ

d0bdd0b8d18fd0b7d0b1d0b5d0bad0bed0b2

«Өтпелі кезеңде өмір сүруден құдай сақтасын» деген екен қытайдың бір данышпаны. Бірақ қазақ баласы жаратылғалы не көрмеді, қандай азап, мехнат шекпеді. Егемен ел атанып, тәуелсіздікке жету үшін тағдырдың қай тауқыметін тартпады. 1991 жылдың желтоқсан айында Кеңес өкіметінен бөлініп шыққан республикалардың ең соңы болып қазақ елі Тәуелсіздік Декларациясын жариялағанда ақын Рафаэль Ниязбек 48 жаста екен. Яғни КСРО деп аталатын қызыл империяның нендей мемлекет екенін біліп болған шағы. Ұзын арқан, кең тұсаумен 160 – тан астам ұлт пен ұлыстың коммунистік идеологияға жұтылып бара жатқан кезі. Партия енді бір толғаса ұлтымыздың атауынан айырылып, «совет халқы» боп жоғалуға жақын едік. Ұлттық болмысымыздың діңгегі – Ана тілімізден айыратын қатерлы қауіп төнді. «Халық пен партия біртұтас» деген жалған ұранның арғы бетінде партия – совет номенклатурасы қаланың қастерлі жерінде, арнайы салынған кең пәтерлі үйлерде, емханасы, сауықтыру орындары, бала бақшалары, дүкендері, қоймаларына дейін бөлектеп алып, ол аз болса, мемлекеттік саяжайларда тегін тұрып жатты.

Қара халық кісі құнына алатын таңсық асты номенклатура қара бақырға алатын. Сол ұранның бергі бетінде қарапайым халық пысынаған «хрущевкаларда», жатақханаларда тұрғанына мәз болып, сүйек-саяққа таласып қорлықтың, тапшылықтың көкесін көріп те өздерін «бақытты жандар» санатына жатқызып далақтаумен жүрді.Өйткені биік мінберлерден «Бәрі де халық үшін, халықтың бақыты үшін» деп барлық деңгейдегі партия – совет басшылары халықты есінен тандыра дуалаумен болды.Мыңжылдықтар бойы негізгі қорегі ет пен сүт тағамдары болған қазақ өз дүкендерінен хек дейтін қайқы қара балық пен шошқаның басын ғана көретін болды. Не қажет, не қыжалат болса – соның бәрі үстеме бағамен астыртын сатылатын. ( «Құлагердің құлыны» кітабы, 130-бет. «Дефицит көбейген жылдарда» ). Ғарышқа кемеден кеме самғатып жатқан, жер асты, жер үсті ракеталарын самсатып, «капиталистерді» кірпік қақтырмай ұстап тұрған державаның халықты осынша қинауының негізгі себебін ақын былай түсіндіреді.

«Дүние оңалмасын байқағасын,

Қазандай қайнамайды

қайдан басың.

Өзгені сөз етудің қажеті жоқ,

Ар-ұят дефицитке айналғасын».

Осылай Р.Ниязбек ХХ ғасырмен қош айтысты. Ол ғасырға қимастық білдірген қазақ – ең топас, ең көрсоқыр қазақ болар.Өйткені 1926 жылдан 1939 жылға дейін КСРО тұрғындарының саны 16 пайызға өскен. Соның ішінде: Армения – 45,5 пайызға, Тәжікстан – 43,8 пайызға, Әзірбайжан – 38,5 пайызға, Өзбекстан – 37,4 пайызға, Түрікменстан - 25,4 пайызға, РСФСР – 17,1 пайызға өсіп-өнген. Украина мен Қазақстанда халақ саны кеміген. 1930 – 1933 жылдар аралығында қазақ халқы 5 миллион 873000 – нан 2 млн 493500 – ге кеміген. Яғни 3 млн 479500 адамымыздан айырылған екенбіз. Шетке қашқан 1 млн 130 мың қазақтың 60 пайызы қырылды. Қазақ интеллигенциясының 105000 өкілі тұтқындалып, олардың 25000 – ы атылды. Бір халықтың жартысынан көбін қырып тастап та «жақсылық» жасадық деуі қалай, бұл лениншіл, сталиншілдердің?Осыдан кейін Қазан төңкерісімен бірге келген геноцидті, репрессияны ұмытып, социализм қазаққа жақсылық әкелді десек 3,5 миллион қазақтың әруағы ұруы мүмкін. Бәлкім, ұрған да шығар. Бүгінгі қасірет кешегі қасіретті ұмытудан басталады. Рафаэль ақын ондай жаңғалақ емес. Ақын бұл тақырыпқа ертеректе қалам тартып, «Тас құдай» деген сүбелі роман жазды. «Құлагердің құлыны» кітабында да ел тағдыры, ұлт тағдыры кеңінен толғанып, келелі суреттеліп, оқушы қауымға жол тартқан. Оның «Қара мылтық», «Отыз жетінші жыл», «Түрмеде туған баланың мұңы», «Ақсақалы жоқ елде» сияқты өлеңдері даланың бұлшық етіндей қуатты әрі сом көрінеді. Ақын қай тақырыпқа қалам тартса да кең көсіліп, сүрінбей сілтейді. Күнбе-күнгі өмірде ешкімнен тайсалмайтын, пікірін жасқанбай ашып айтатын, табиғатында ұсақталып көрмеген, «көп айтса – көндіге» бара алмайтын ақын ақ қағаз алдында Құдайдың алдында отырғандай ақтарылады. Оның «түрме» деп отырғаны абақты емес – тікенек сыммен алыстан орап қоршаған КСРО империясы. Адамнан қасиет, сөзден қадыр қашқан заманның орнауы заңды құбылыс. 1933 – 37 жылдары ұлттың ақыл-ой, ар-ожданы дерлік жақсылар типыл болды. Олардың орнын шолақ белсенділер, текіректеген ешкібастар мен суайттар басып қалды. Елдің «ақсақалсыз» қалуын ақын осылай мегзейді. Осындай ахуал қалыптасқанда саясат сайқалдары қалай-қалай сайрайды десеңші. «Саясаткерлер сөйлегенде» деген өлеңін оқығанда Рафаэльдің көз сұғы көк семсерге айналып, езуінде мысқыл тұрғанын аңғару қиын емес.

«Көңіліне бұл жұрттың тоң

қатқалы,

Саясатты сөйлейді толғап бәрі.

Суырылып шетінен ағылғанда,

Алтын заман жүргендей

орнатқалы».

Ақынның сөзін жоққа шығара алмайсың. Өйткені өтірік сөйлеу қоғамдық нормаға айналған. Бұл өлеңнің түйінінен ақын жанының күйзеліп, ашынғанын көреміз.

«Бір қатынның шыға сап

етегінен,

Тіршіліктің дәм татқан

шекерінен.

Саясаткер өседі

Туған елін

Саясаттың құрбаны ете білген».

Қазақ елінің болашағы жарқын екені рас болса, үшінші мыңжылдықтан бар-жоғы 9 жыл бұрын өз Байрағын көтерген мемлекеттің көші енді ғана жолға шықты. Әрине, Ұлы көштің кем-кетігі болмай қоймайды. Соны аңдап, кейитін ақын, келесі ғасырларды бетке алған сол Ұлы көштің жақсы нышандарына қуана да біледі. «Тәуелсіз ел болғалы», «Тамыр», «Алтын заман» сондай көңіл семіртетін, жақсылықты көре білуге үндейтін өлеңдер.

«Құлагердің құлыны» тақырып аясымен де ерекше. Ақын аңғарымпаз. Аңғарғаны да аз емес. Бәріміз көріп-сезіп жүрген жаңа әлеуметтік құбылыстар баршылық. Бірақ заманға ілесе келген көп жайтты оймен қорытып, түрін түстеп, тегін тектеп беруге әркімнің шама-шарқы жете бермейді. Мәселен, 20 жылға жуық уақытта, Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтыққа бет бұрды. Бағаны сұраныс белгілейтін болды. Алыс-беріс түбірімен өзгерді. Жекеменшік үстемдік алды. Ептілер мен бишікештер мемлекет меншігі мен өз меншігінің арасында бір құлақ арна тартып үлгерді. «Это твоя проблема», «Это моя проблема» дейтін қатқыл, безбүйректеу адами құбылыс орнықты. Міне, осының бәрі адамдардың мінез-құлқын, пейілін күрт өзгертті. Мейірімнен, адамгершіліктен тұратын дүние суып сала берді. Майда қулық, бақай есеп балақтан басқа шықты. Бұрын біреуді кемсіткісі келсе «саудагер неме» дейтін қазақ ала қарғадай боп базарда отыр. Есептен алдайды, таразыдан қағады немесе жыланып, қыңсылап, сүмірейіп өлермендікпен саудаласады. Ал қалтасына азын-аулақ ақша түсіп, жілігіне май жүгіріп, желкесіне май біткендер ар-ұятты ұмытып, дөрекі сөйлеп, жолда тұрған кісілерді қағып-соғып, төрге ұмтылатын болды. Осының бәрін философтар мен әлемтанушылар жіліктеп, саралап, ел-жұртқа неге асық болу керектігін, неден қашық болғаны жөн екенін жазып, түсіндіріп отырса артық болмас еді. Бірақ, амал не, қалың елдің ішінен сондай сүбелі еңбек жазған азамат әлі күнге шыға қойған жоқ. Әйтсе де сол олқылықтың орнын Р.Ниязбектің мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Құлагердің құлыны» деген өлеңдер кітабы толықтырып тұрғандай көрінеді. Оның «Базарда» деген бір өлеңі бір диссертацияның жүгін көтеріп тұр. «Жырға қоссам да бұл ғасырды», «Бір бастыққа», «Қазақ көрсем», «Мәңгүрт жандар», «Бір әкімге», «Дүние тұрса орнында» секілді өлеңдер адамдардың социализнен капитализмге өтер жолындағы рухани диірменнен қалай, қандай көңіл күймен шықанын баян етеді. Өр тұлғалы, бала мінезді ақын аңғарымпаздықпен ілген ойларын жалтақсыз, күлбілтелемей қағазға ақтара салады. Осы мінезіне салып Рафаэль ақын «Мен – шындықпын» деп қасқайта жазыпты.

Кез келген шығарма – Автордың автопортреті. Кез келген адам өзінің ішкі потенциалын сезеді. Түйсінеді. Сондықтан да әр ақын өз мінберін өзі жасайды. Қазақта ақын аз ба, көп пе? Мен қазақпын дейтін, ана тілінің мәйегінен дәм татқан кез келген қазақты поэзияның буы шалған. «Бала-шағаның қамымен жүріп, қызметтен бас көтере алмай өлеңнен қол үзіп қалдық қой, әйтпесе біз де өлең жазғанбыз. Сол жолмен кеткенде талай-талай ақындардың алдын орап кетер ме едік» деген сөзді мен ( Э.Т. ) партия функционерлерінен, басшы қызметтегілерден, тіпті егде адамдардан да көп естідім. Осы орайда Сәкен Жүнісовтің әскери қызметтен босай сала екі-үш кітаптың басын қайырған бір өлермен жазауыққа айтқан сөзі есіме түседі. Дастархан басы. Бір автордың кітабын талқылап, баспаға жіберуге қол көтергенбіз. Автор дәстүр бойынша талқылауға қатысқан 11 – 12 адамды ресторанға шақыратын кез еді. Ресторанда алдыңа жайнап ас, оның сәнін келтіріп қылқа мойындар жеткен соң редколлегияның екінші, негізгі бөлігі басталады дей бер. Әркімнің жолына, мәртебесіне, жасына қарай сөз беріледі... Бұл жолы жасы үлкені әлгі отставкіге шыққан генерал екен.Сөз соған берілуге ыңғайланғанда Сәкен дастархан иесін тоқтатты: «Генералға сөз бермексің ғой? Солай ма? Оның үлкен қателік. Сіз генерал жолдас, ренжімеңіз. Сіз өз салаңызда генералсыз. Ал әдебиетте, әзірше, рядовойсыз. Мынау әдеби орта. Әдебиеттің генералы менмін. Қалғандары полковник, майор, капитан боп ұсақтап кете береді» деген еді әзіл-шынын араластырып,

Марқұм Сәкен сері айтқандай әдебиетте әркімнің өз орны бар. Рафаэль Ниязбек Жамбыл облысы, Талас ауданынан келген бойда әдеби кештерде күркіреп өлең оқып, Алматыны дүр сілкіндірген арқалы ақын болатын. Ол отставкаға шықпайтын поэзия генералы. Өнер мәңгілік бәйге. Сол бәйгеге қосылсаң да қосыласың, қосылмасаң да қосыласың. Мәреден сөреге дейінгі аралықтың ең қиыны, қиын да болса барынша адалы - өз жанрыңның секциясында озу, Жазушылар Одағының секретариятынан өту. Өйткені онда өзін көптің бірі санайтын ақын да, прозашы да жоқ. Шетінен «Сен тұр, мен атайындар». Олар берген дауыста бес батпан салмақ жатыр.

Жайшылықта пенде болғанмен поэзияны өзінің ар-ұяты санайтын ақын ағайындар Р.Ниязбекке бұдан бұрын да бір кісідей дауыс беріп, мемлекеттік сыйлыққа ұсынған. Бұл жолы да солай. Енді тек «Құлагердің құлынына» қалың саясат, қамыс саясаттың арасынан Батыраш, Қотыраштар шыға келіп, сойылын білеп, алдын кеспесе екен дейміз. Жалпы бұл кітап туралы көп сөздің, мадақтың керегі де шамалы. Өйткені Кітапты парақташы - өзі сөйлеп тұр.

Р.Ниязбек поэзия секциясынан да, секретарияттан да дін аман өтіп, мемлекттік сыйлыққа ұсынған 5 жазушының қатарына ресми түрде қосылыпты. Өткен жолы мемлекеттік сыйлыққа бірде бір қаламгер ілінбеді. Әдебиет - бар өнердің анасы. Өнердің өзге салаларының өкілдеріне жоғары сыйлық беріліп жатса құба-құп. Бірақ ақынды киношымен, прозашыны композитормен немесе актермен жарыстыру секілді ережені мен ( Э.Т. ) қабылдай алмаймын. Үкіметтік ресми орындар Ресей бізден ананы үйренді, мынаны үйренді, деп жатады. Озық ойды, кемел істі қабыл алғанның еш сөкеттігі жоқ. Путиндік Ресейде қазір ғалымдардың жағдайы жақсы. Ғылым академиясының жүйесіндегі ғылыми дәрежесі бар ғалымдар айына 50.000 рубльден кем алмасын, деп В.Путин кесіп айтты. Оған да төрт-бес жылдай уақыт болды. Әдебиеттің, өнердің әр саласына жеке-жеке сыйлықтар да тағайындалған. Жыл сайын әдебиет пен өнер адамдарын арнайы шақырып, ордендерді Президент өз қолымен тағып жатады. Дәл қазір басқа саласы туралы айта алмаймын, Ресейдің әдебиет саласында тоқырау бар. Бұрынғы Д.Кугултинов, Р.Ғамзатов, В.Распутин, Е.Евтушенко, А.Вознесенскийлерше сілтейтіндер жоқ. Ал қазақ әдебиетінде қандай да болмасын атаққа лайық ақын, жазушылар іркіліп, жиналып қалды. Олар, алдымен, адам. Адам болғасын әдебиетке араласқан 18 жасынан 70, 80, 90 жасқа дейін классикалық дүниелерді ытқыта берер Автомат емес. Шығандап шығар сәтінде олар өз бағасын алуға тиіс. Ол жасына қарап берілетін зейнетақы емес. Ал Рафаэль Ниязбек кез келген ұлттық әдебиеттің көркі боларлық азуын Айға білеген арқалы ақын.

Эрнест ТӨРЕХАНОВ,

М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты