Мүшәйра әділ өтті ме?

10
1615

Алтай аясын дүбірге бөлеген мүшәйра туралы алты ай айтса да аз… Шығысты шырайға бөлеп, Өскеменге өлең келтірген халықаралық жыр додасы ұлттық рух сыйлаған дүлдүлдер дүбірі ретінде есте қалатыны анық. Бұл тұрғыда Алтай бауырына қазақы рух сыйлауда Абай ескеркішінен бастап еселі еңбек етіп келе жатқан өлке басшыларының өнімді еңбегін ерекше атау ләзім.

Қысқа ғана уақытта, бас-аяғы бір жарым айда 150-дей ақын қатысқан, 600-дей өлең түскен бұндай бәйге мүшәйра тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Бас бәйгесі бір миллион теңге дегеннен, бас салып кіріскен ақындардың ішінен 20 ақын іріктеліп, Өскеменге келіп өлең оқыды. Өзгеше көркейген өлкенің тойын тамашалады.

Той өкпесіз болмайды дегендей, бұл мүшәйраның да бұрмалаушылықтарын айтып жүрген ақындар аз емес… Иә, осындай игі идея айтып, ұтымды іске асыра білген қала басшылығына риза болып, ал аламан бәйгедегі ала қазылыққа ашуланған арынды ақын Рафаэль Ниязбековтің: «Идеяны данышпандар ойлап табады, іске асыратын жігерлілер, ал қызығын көретін алаяқтар…» деп, әйгілі фразаны айтып жіберуі де тегін болмаса керек…

Ең бастысы Алтай ордасына Алаш жыры келді. Ал ақындар бағасын «қазылар» емес, қазақ оқырманы береді!..


Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

(Бас жүлде)

Үш таған

Уа, Ата Заң!

Ел. Жер. Ер.

Үшеуін — үш таған көрдім,

Соған серт.

Сен нұсқаған заманға ердім,

Жеті қат жер астына түтік шығып,

Жетем деп, Жеті жарғы, саған келдім.

Сығыр ат, жын мен жыбыр есік-төрден,

Тарихтың тақсыретін кешіп келген,

Алаш тұр алдыңа кеп аяғынан

Тұсауын Алла өзін шешіп берген.

Безер іші, ылғи беті күлген,

Кердегінің өзі сипап кекілінен,

Ауылға, басыбайлы саған келдім,

Жетіліп жер бетінің жетімімен.

Көк Түркі, көкбөрінің тұқымы бір,

Үкілі ұл, үкілі қыз, үкілі жыр.

Иманы Яссауидың жан тербеген,

Исатай, Махамбеттің тұқымы бұл.

Алдымен ер-тұрманын өрнектеген.

Бекзаттық жерді ұшықтап жөргектеген.

Бай болған, бағлан болған ұлықтарға

Құдайым таупих бере гөр деп келем.

Ер. Жер. Ел.

Үшеуін — үш таған көрдім.

Соған серт.

Сен нұсқаған заман көрдім.

Жеті қат жер астына түсіп шығып,

Жетем деп, Жеті жарғы, саған келдім…

Қасымхан

Бегманов

(Екінші жүлде)

Ата заңның 15 жылдығына

Мақсат — алыс, өмір шақ.

Абай

Жесірлерін қаңғытып,

Жетімдерін жылатпаған ел едік,

Ұлтқа қарсы мұңсызды ұнатпаған ел едік,

Көңіл түссе көл едік,

Хас дұшпанға шөл едік,

Көкбөрідей көп едік,

Елдің қамын жеп едік.

Алпамыстай айбатты ек,

Қобландыдай қайратты ек.

Неге жеттік біз бүгін,

Көңілі бұл қазақтың,

қарашаға белгісіз

құлазыған күзгі күн.

Жабырқатты-ау жұртымды,

Тілсіз, ділсіз көп мәңгүрт ұстап елдің

тізгінін.

Катон жақта отырған, әлдеқашан ұмытқан

қараша үйдің түндігі мен үздігін.

Тілге тірек болмаған сыйлар дейсің сізді кім?

Сүйер дейсіз сізді кім?

Ұлтымның рухы, сен ешқашан қартайма,

Кемсіткенін қазақты келімсектер байқай ма?

Қызы сұлу, қысы ұзақ таңғажайып осынау

Оралхан да сағынып,

оралғандай Алтайға.

Шекесінен қараған күні кеше кімсің деп,

Қашып жатыр жан-жаққа

шенеуніктер біртіндеп.

Ұялмаған ұлттан,

Туған жердің асты-үстін тонап алып

шулатып,

Қашып кеткен құрықтан,

Олар ата-баба салт-дәстүрін

балабақшада ұмытқан.

Олар қасиетті қарашаңырақ пен киелі

табалдырықты ұмытқан.

Оларды кімдер қалай өткізген

бас айналар баспалдақты сұрыптан.

Етегіне таулардың

қабат-қабат ғимараттар салдырып,

Қытай, араб, үнді… асып,

қымбат-қымбат алуан бұйым алдырып,

Беліндегі ұрықты қонақ үйде… шет елде

бәденді жас қатынның жатырында

қалдырып,

Кеткен сонау жеркенішті түн құрсын.

Ділі бөтен, тілі жат биіктегі

әлгіндегідей жандардың,

Қайранда-қайран қазақтың сөзін сөйлеп,

жыр жазып,

Алдына барған күн құрсын.

Мың құбылған алмағайып

алып-сатар заманда,

Жүректегі зарыңды сенің кім білсін!..

…Қозғайтұғын шерлерін бір әдемі ән күтті ел,

Көз ұшынан көрінер аламанда шаң күтті ел.

Шалқайып жүр ортада Тәуелсіздік тірегі,

Ата заңды аяулы,

аттап өткен мәңгүрттер.

Қазағымның басына туғандай боп нұрлы күн,

Оңға баса бастады-ау кері кеткен тірлігім.

Абыздардың абызы

Шығысымда Ұлы Абай рухымды күзетіп,

ескерткіш боп тұр бүгін.


Қазыбек ИСА

(Үшінші жүлде)

Асқар Алтай

Тауға шықсаң, әсерлі әсем реңі,

Көркемдіктен көңіл көркі кіреді.

Төбең көкке тимей қалар бір елі…

Тікұшақпен тіке шыңды айналсаң,

Бура бұлттар бірге ілесіп жүреді…

Мұзтау осы — мұзбалақтар түлегі.

Талай жандар бүл өлкені жүр аңсап,

Тастағандай табаныңа кілем сап,

Көркем әлем көзден бал-бұл ұшардай

Көз ілуге қорқасың сен бірер сәт…

Алтай ғой бұл ажарымен әйгілі,

Алашымның қазыналы байлығы.

Бұла күшті бұлқындырар бойыңда,

Бұқтырманың бұрқылдаған айдыны…

Шырайынан шығып кетер шын есің,

Шығыс десе — шығатын Күн, міне, шың!..

Күнікейдің көктен түскен айнасы

Марқакөлді маржан көл деп білесің…

Шекпеніңді бұлтқа бір-ақ ілдірген,

Шырқау шыңның кереметін кім білген,

Көкірекке құйылады жыр мүлдем.

Күн астынан Күнікей қыз көрінгін,

Қол жететін жерге келіп тұрмын мен…

Ергене көн! Ертедегі көш кімді,

Қызықтырмас… ел болдық қой, ес кірді…

Асқар Алтай асып түскен баяғы

Күміс күйме күмбірі де естілді…

Қатондағы Қарағайды төске алғын,

Қошуақты жігіттері қоштар мың…

Кермиықты Кербұғыны көргенде,

Оралхандай өр ағамды еске алдым…

Марал баққан маңғаздардың қосында,

Мүйіз қанын құйып берсе, шошынба.

Тартып тастап… тарлан ашқын, тосылма!

Бал табатын аралары арқылы

Мал табатын қазақтар да осында!..

Шынары да шыңға тегін өспеген,

Өркенді өлке, өрісі кең, өскелең.

Еркемді ерте Ертіс барсам кешке мен,

Үлбіреген Үлбіге енді көшті өлең…

Тасқындаған кенге айналар тасы да,

Тауға биік бой созады Өскемен!

Тәңірдің бұл қазағыма сыйы нақ,

Жерұйыққа тілей бердім жиі бақ…

Биіктіктің билеп алған күйі ұнап,

Қыран самғар қияға бір шыққан соң,

Жерге түскің келмейтіні қиын-ақ!..

Зейнолла ТІЛЕУЖАНОВ

(Үшінші жүлде)

Қап-қара түнде қап-қара қызды құшақтап…

Қап-қара түнде қап-қара қызды құшақтап,

Қап-қара бұлттар жапқанда айды түсі аппақ.

Қап-қара түнге қарсы ағып бара жатырмын,

Қап-қара түндей негрдің қызын құшақтап!

Қап-қара түнге қап-қара тұлпар ағады!

Қап-қара көзін қап-қара жалы жабады.

Қап-қара түнде қап-қара айғыр арқырап,

Алтын тағадан алтын ұшқындар жарқылдап.

Көзіңді аш, жаным, аспанға ана қарашы!

Алтын ай көкте тұлпардың сынған тағасы…

Балықтай болып, құшақта тулап қара қыз!..

Қара қыз, айтшы! Асығып қайда барамыз?

Қара қыз үнсіз… сезімге мас боп қалғандай,

Ұмыттым мен де, Құралай қызды армандай!..

Африканың күнінен гөрі түні ыстық,

Түнінен гөрі негрдің қара қызы ыстық.

Қап-қара түнде қабылан атып екеуміз,

Қап-қара түнде алғашқы рет сүйістік!..

Қорқыныш емес, дауыл да, нөсер жаңбыр да,

Айналып барам — қызғаншақ — қара Маврға!

Қап-қара қызды қап-қара түннен қызғанып,

Басамын қамшы сабалақ жалды айғырға!

Алып ұш мені!.. Алыста қалған көктемге,

Керіліп жатқан Кербала шөлдеп өтсең де!

Қайрылма кейін, тұлпарым, сенен өтінем,

Жердегі сұлу қыздарға бәрін кешірем…

Алып ұш мені, қап-қара айғыр от кеуде,

Лапылдап жанған тозаққа кіріп кетсең де!

Қап-қара қызды қап-қара бұлттай жабайын,

Махаббат жайлы ақырғы жырды жазайын,

Қап-қара қызбен лапылдап бірге жанайын,

Қап-қара түнде қап-қара күл боп қалайын.

Қап-қара тұлпар, тозаққа кіріп кет мейлің!..

Бермесе Алла! Жұмақтан дәме етпеймін!

Ол жақта жүрген жалаңаш хордың қыздарын

Шүйіншісіне алмаймын жерде көктемнің!

Көрсоқыр түнде келемін ұшып, тау ма алдым?

Қыздармен бірге бүлдірген терген сай қалдың…

Жұмақтан маған бәрібір орын таптырмас,

Жуытпас мені орнығып алған жауларым!

Қап-қара бұлттар жапқанда айды түсі әппақ,

Қап-қара қыздың жанары әппақ, тісі әппақ.

Қап-қара түнге қарсы ағып бара жатырмын,

Қап-қара түнде қап-қара қызды құшақтап…

Байбота Серікбайұлы

ҚОШЫМ-НОҒАЙ

(Ынталандыру)

Абайдың көлеңкесі

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса…

Абай

Ауылын іздеп табам деп қалайда бақтың,

көлеңкесімен көп жүрдім талай дарақтың.

Көлеңке басы ұзарып кеш түскен шақта

қайтадан ұлы бәйтерек — Абайға бақтым.

Жоғалмай тұрып көзіңнен жылыстап арай,

өзіңе ғана сенгенің дұрыс па, қалай?!

Кеш түскен сайын Абайдың көлеңкесі де

ұзарады екен ұлғайып Шығысқа қарай!

Астарлы әр сөз ақынның бір сыры сынды,

сол сырды ашпай, кернейді күрсін ішімді:

ұлы бәйтерек екінді ауғаннан бастап,

көлеңкесімен қорғайды Күншығысымды!

Жарықтық Абай Шығыс Батысқа айналған

қазақ жырын ойменен нақыштайды алуан.

Сапардан қайтқан атамның алдынан шықтым,

шылбырын ұстап, баладай ат ұстай барған.

Жан болсаң егер жас өркен өлең өсірген,

ғибрат алып, шығарма, төрем, есіңнен:

тағылым іздеп, Шығысы Батысқа айналған

жадыма тұтқам Абайдың өнегесін мен.

Байрағын көкке көтеріп Ұлысым ізгі,

ес жиып енді, кең алдық тынысымызды.

Ұлы Абайға ұқсап бағдары Батысқа

айналған көлеңкемізбен қорғайық

Шығысымызды!..

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

(Ынталандыру)

Шығыс шолпаны

Жайықтың ерке самалы сынды,

Жібектің мұңды жанары сынды,

Жырыммен сені аймалайын, шіркін,

Бармысың, Алтай, дара мүсінді.

Ар жақтан көшкен, бер жақтан көшкен,

Қара шекпен мен кержактар көшкен.

Бекзат даланың, дертті таулардың,

Күйікті сырын көп жаттап өскем.

Сұраусыз төрге сұлағандардан,

Кеудеде қанша жылады арман.

Кездер де өтті Ертістің ұлы

Ертіске атын суара алмаған.

Өскемен, соның өткердің бәрін,

Келешек ұқсақ өткеннің мәнін.

Өмірдің заңы — қатарлас сыздың

Соңында нұрлы көктемнің бары.

Оралхан — ойдың азабы ғаріп,

Ғарыштың кеткен ғажабы дарып.

Мәрт ақындарың жазады өлең,

Марқакөліңе қаламын малып.

Қаптаған жота, қыраттарыңнан,

Қазына толы сұрақ табылған.

Шығысым менің — шырайлым едің,

Көркіңе сенің жұмақ та құрбан.

Бұл жақта жел де таңға асығады,

Жалына бұлттың жармасып алып.

Телегей теңіз сезімге мынау

Бұқтырма бөгет болмасы анық.

Сізде де аңыз бар, бізде де аңыз,

Ғасырлар көшін үзбегені анық,

Үлбі мен Шүлбі егіз бұрымды

Арманшыл ару үзбеген жарық.

Есті арға бітік сыздықтау жара,

Ұлылығың да ұлы іс басталған.

Батыстан біздер тамсанып қарар,

Шолпаным сенсің Шығыстан жанған.

Мүшәйраға қатысқан барлық ақындардың өлеңдері өздеріне өтініш жасағанмен қолымызға тимегендіктен, түгел жариялай алмағанымызды ескертеміз.

10 ПІКІРЛЕР

  1. Нұротаныңның өзі қылмыскерлерден құралған емеспе ? Тапқан екенсің айтатын жерді. Бұл қазы болып жүрген ақындарың Нұротанды жырлаудан шаршамайтындар ғой.

  2. Мүшайраны тендерге-сауын сиырға айналдырып алған бұл «әділ»қазылар алқасын енді мүшайраның маңына жолатпау керек. Адал, жырдың киесінен қорқатындардан жасау керек.

  3. Қазылар алқасы осы бір топ ақының еншісіне берілген. “Фигаро здесь, Фигаро там” баяғы. Өйткені бұлардың қалталары толып қайтады, соған әбден дәндеген. Жастары
    75-тегі Қадыр мен Тұманбай жастарға орын босатуды ойлар емес, сүйретіліп қалмайды ешқайдан. Жалпы мүшәйра, айтыс жас таланттарды тәрбиелеу болуы керек қой. Қатысатындардың жасын 35-тен, қазылардың жасын 50-ден асырмайтын ереже-заң қабылдау дұрыс болар еді, өйтпесе көпке белгілі 50-60-тағылар силық деп, 60-80-
    дегілер қазылық жасаймыз деп шапқылай береді.

  4. Менде өлеңдерімді осынау мүшәйраға өткізген едім. Бірақ өкпем жоқ. Маған Қасымханның жырлары ұнады.
    Өзімнің осынау мүшәйраға жолдаған өлеңдерімнің бірін ел назарына ұсынғанды жөн көрдім….

    Абайдан соң….

    Абайдан соң жыр жаздың,
    Бұрымын көріп қыздардың.
    Мұқағалиға да сан еліктеп,
    Қарайған тауға жүз бардың.

    Тұма жырды аңсап шөлдедің,
    Дәмін ап шөп пен шөңгенің..
    Сезіндің іштей бір күні,
    Жанартаудың мәңгі сөнгенін.

    Абайлап сөйлер күн туды,
    Тұмшалап қайғы күлкімді.
    Құлқынның қамын ойлаған,
    Ниет билемесінші ұлтымды.

    Кім-кімге күліп жағынды,
    Аяқтан шалып дарынды.
    Қалбаң қағып құзғындар,
    Сындырды бәлкім сағыңды.

    Жағасынан алып жаманның,
    Сиясын сықтың қаламның.
    Көр-соқыр мәңгүрт заманды,
    Шықпыртып енді сабар кім.

    Кей жанға мансап ақындық.
    Кей жанға арман әкімдік.
    «Жүк түбінде жатпайды,
    Зергерге керек асыл жіп.»

    Абайды қайдан табамыз,
    Абайды қайдан аламыз.
    Ұранға бәрі айналған,
    Өткен күннің бәрі аңыз!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз