ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

0
1424

d188d18bd293d18bd181-d182d2afd180d0bad196d181d182d0b0d0bd

Ал гоминдаң жағы болса Кеңес одағынан екі ел арасындағы бейбіт келіссөзге келістіруші болуын өтінді. Жияң Жешінің Шынжаңға жіберген өкілі Жаң Жыжұң мырза Кеңес одағының Үрімдегі елшілігіне талай рет кіріп, мәселенің өз ұпайларына шешілуіне жәрдем сұрады.

2 қазанда Уақыттық үкіметтің жоралар мәжілісі №100 қаулыны мақұлдап, гоминдаң үкіметіне Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі мәселесін соғыссыз тәсілмен, яғни келіссөз тәсілімен шешуді ұсыныс етті. Шығыс Түркістан Республикасы жасақтаған арнайы топ үйірме бастығы Рахымжан Сабырқажиевтің бастауымен Үрімжіге барды. Кеңес жақ келіссөздің басталуына аса мән берді. Қытаймен келіссөз өткізуге қатынасатын Шығыс Түркістан Республикасы өкілдер үйірмесінің соғыс шебінен аман-есен өткендігі, сонай-ақ Қытай билеушілер өкілдерінің күтіп алуына ие болғандығы жөніндегі арнаулы хабар, Кеңестің ең жоғарғы билік органына тез жеткізіліп, онан соң Сталин, Молотоп, Берия, Маленков, Микоян қатарлы негізгі басшыларының құлағына жетіп тұрды. Келіссөздің табысты болу-болмауы қатты алаңдатты(«Шынжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер» 155 бет).

Кеңес одағы жақ: «Келіссөздің басталуы келіссөз табысты болуынан дерек бермейді, Сондықтан үш аймақ төңкерісінің ішкі бөлегіндегі күресте Ахметжан Қасыми, Әбдыкерім Аббасов өкілдік еткен бірлікке келу мен келісімге келуді қуаттаған төңкерісшіл топты, сөзсіз, бар күшпен қолдап, күшін біртіндеп кеңейтіп, келіссөздің сәтті жүрілуіне кепілдік ету керек», – деп есептеді. 1945 жылы 10 қазанда Ахметжан уақыттық үкіметтің жоралығына толықтырылды. Сонымен бірге Кеңес одағы келіссөз барысына тікелей араласып, келіссөздің табысты болуын үздіксіз қадағалап отырды.

Келісімнің 1945 жылы 17 қазаннан 1946 жылы 6 маусымға дейін 8 айға созылуының өзі шын мәнінде Сталиннің «түн ұзарса, түс көбейедінің» керін келтіріп, жағдайды реттеудің орайын қарастыруы еді.

Әлихан төре ұйымдық жақтан өз құқығын анағұрлым күшейтті. 1945 жылы

22 қазанда Шығыс Түркістан үкіметі №114 қаулыны мақұлдап, Әлихан төрені әскери істер комитетінің төрағалығына сайлады, сондай-ақ әскери істер комитеті әскери істерге басшылық ету құқын меңгерді. «Бұдан былай барлық әскери қимыл мен оған қатысты істер әскери істер комитетіне мәлімделіп, бекітілгеннен кейін атқарылады»,- деп белгіленді. Әрі Әлихан төре бірден “маршал” шенін алды. Көп өтпей Әлихан төре басқарған органның мәртебесін арттырып барлық орган оған бойсыну керек деп жариялады. Осыдан кейін қазына меңгермесі, мемлекеттік банкте “Уақыттық үкімет” қарауында болды. Олардың кіріс-шығыс, меже есебін бақылау құқы болды. Қазыналық құқықта сонымен қоса әскери қосынды қорғау, қару-жарақ, жабдықтарды сатып алуға меже есептен қаржы босату барынша арттырылды.

Келіссөз басталғаннан кейін Егенаев пен Рангфангі Құлжаға барды әрі 24 қазанда Жыңда алдымен уақыттық үкіметтің Үрімжіге барып қайтқан Рахымжан Сабырқажиев, Ахметжан Қасыми, Әбілқайыр төре үшеуіне кездесіп, олардың Қытаймен жасасқан алғашқы келіссөзінің нәтижесін тыңдады. Іле-шала Малатов, Маленков, Микоян қатарлы Кеңес одағы басшыларына телеграмма жолдап жағдайды мәлімдеді. Олар тағы үш аймақтың бірлікке келуі мен келісімге келу жөніндегі позициясын ұғысты. Сол күні тағы телеграмма жолдап: «Келіссөз азат болған бірнеше әкімшілік өңірдегі тұрғындар арасында аңыс қозғап, кері әсер тудырды» -дегенді аңыс етті. Бұдан Кеңес одағының уақытты соза түсу саясатының екінші жағында халықтың қарсылығынан алаңдаған көңіл күйінің барлығын да аңғаруға болады.

Сол жылы қарашада үш аймақ ұлттар құрылтайы ашылып, Әлихан төре құрылтайда Кеңес одағы мен Ахметжан, Аббасовтарды өкіл еткен кеңесшіл топтың сатқындығына қарсылық көрсетті. Әлихан төре құрылтайда Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін дәріптеп және қытайларды қуып шығуға үндеді. Әрі Шығыс Түркістан Республикасы уақыттық үкіметі дегенді Шығыс Түркістан Республикасы үкіметі деп өзгерту талабын ортаға қойып, Шығыс Түркістанның мүддесін қорғауға бар күшін салды. Құрылтайда мақұлданған қаулыда былай делінген: «Тұтас Шығыс Түркістанды азат ету жолында жалғасты күрес жүргізу керек, Қытай үкіметі бізге еркіндік бермесе, өзіміз қолға келтіруге құшынуымыз керек, ұлттық төңкерісті Шығыс Түркістанның барлық жеріне кеңейтуіміз керек»(«Шығыс Түркістан бостандық газеті» 1945 жыл 18 желтоқсан).

Әлихан төре және оның жақтастары халықтың қанаудан, езгіден құтылып азаттық алуды аңсаған көңіл күйінің жоқшысы болып, Шығыс Түркістан тәуелсіздігін дәріптеп, «уақыттық» деген сөзді алып тастауға бар күшін салды. Осы арқылы өзінің мұсылман және түркі ұлттарының түпкілікті мүддесін сатқан аталмыш келіссөзді бүлдіруге бекігенін ашық көрсетті. Алтайдан Оспан батырдың өкілі болып келген Ләтіп Мұстафаұлымен де ұзақ кеңесіп, кеңестіктердің жаман ниеті мен алдағы күрестің қиындығы туралы жол-жорық көрсетті. Бұдан кейінгі күрестерінің басқа емес кеңестік қызылдармен болатынында жасырмады. Қалибек Хакіммен де байланыста бола білді. Оңтүстік Шынжаңдағы Тасқорған ауданында келісімге қарсылық білдіру мақсатындағы қарулы көтеріліске астыртын жетекшілік етті. 1946 жылдың басына келгенде көтерілісшілер Тасқорған, Қағылық, Поскамды ілгерінді-кейінді басып алып, бейбіт келіссөз арқылы беріле салуға қарулы қарсылық білдірді.

Келісім нәтижесінде көңілі жай болған кеңестіктер ендігі жерде Шынжаң өлкелік үкіметке жаңадан мүше болып кіретін мүсылмандарды сараптан өткізді. Берияның мақұдауымен, Ахметжан Қасыми, Әбдікерім Аббасов, Ысқақбек Мононов қатарлы адамдар жоралыққа лайық деп танылды. Осыдан кейін құрылған Шынжаң өлкелік бірлескен үкіметтің төрағасы Жаң Жыжұң болса, төрағаның бірінші орынбасары Ахметжан Қасыми мырза, тағы бір орынбасары Бұрһан Шахиди болды. Демек, Ахметжан мырза Жаң Жыжұңмен сәйкесе отырып, келіссөз нәтижесінің қытайлар жағында болуына ішкі жақтан сәйкескен «қайраткер» есептелгендіктен еңбегі еленіп отыр деген сөз. Кеңестіктердің бет бұруымен Шығыс Түркістан Республикасы үкіметінің ішіндегі екі жіктің соңғы трагедиясы Әлихан төреге тән болды.

1933 жылы Қожанияз өлкелік өкіметтің орынбасар төрағасы боласың дегенде Шығы Түркістан ислам Республикасының құлауына күш шығарса, бұл жолы Ахметжан өлке төрағасының орынбасары болуы үшін Шығыс Түркістан Республикасы үкіметінің құлауына астыртын жұмыс істеді.

Кеңес пен Қытай Шығыс Түркістан мәселесін әлде қайда шешіп қойған болсада, Әлихан төрені райынан қайтара алмады. Қорқыту, бопсалаудың бәрі де өнім бермеді.

«1946 жылдың 17 маусым күні Құлжадағы Совет консулы Әлихан төреге телефон соғып: Қорғас шекарасында Өзбекстанның сол кездегі бірінші секратары Осман Юсұпов күтіп тұр. Сізбен ақылдасатын маңызды мәселелер бар көрінеді. Тез барыңыз,- дейді» («Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 10 том, 253 бет. Әлімғазы Дәулетхан «Шығыс Түркістан жұмқұриеті және Әлихан төре» мақаласы. «Астана полиграфия» АҚ, Астана 2008). Сөйтіп, Әлихан төрені Жәркент қаласында екі күн ұстап тұрған соң, Алматы арқылы Тәшкент қаласына ұшақпен әкетеді.

1976 жылы 91 жасында Ташкентте қайтыс болады. Сол Әлихан өзін сұраққа алған Кеңес қызметкерлеріне соңғы өтінішін сұрағанда: «Мен сендердің қолдарыңда тұрмын. Атасыңдар ма, шабасыңдар ма ерік сендерде! ..Мен сендердің жалған уағдаларыңа сеніп, халықты азаттық күреске шақырып едім.Олар маған сеніп күрес майданына шығып еді. Осы барыста мыңдаған жастар құрбан болды. Жараланып, кемтар болып қалды. Ақыры мынау болды. Олардың қып-қызыл тырнақтары менің жағамда кетті. Алданып, қапы қалған халқымнан кешірім сұраймын. Мәрттік ете алсаңдар, менің осы тілегімді халқыма жеткізіп қойыңдар. Басқа айтарым жоқ!», -деп күңіренген екен(«Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 10 том, 254 бет. «Астана полиграфия» АҚ, Астана 2008).

Тағдырдың қиын сыны, сабындай бұзылып, сайтандай құбылған алдамшы замана пенделерін сынаққа салатын болса, бұл сыннан «қыл көпірден» өткендей сүрінбей өтетін адамдар көп болмаса керек. Сол тұстағы күрестердің ішінде Әлихан төре мен Оспан батыр бастаған күрес тек қана елі мен жерін қорғау сынды адал ниеттен туындаған исламшыл түркіліктің таза ақиқатын көрсете алды. Алайда әр түрлі идея мен мүдделер көлеңкесінде жүгірушілердің көптігі олардың адымын аштырмады. Алысты көре алмайтындар көз алдындағы алдамшы саясаттың құлы болып, ұлттар тағдыры тағы да тәлкекке түсті.

Үш аймақ қозғалысының соңғы тағдыры

1946 жылы 17 маусымда Кеңес одағы ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі бұрынғы Шығыс Түркістан Республикасы үкіметінің төрағасы Әлихан төре, Рахымжан Сабырқажиевтарды қорғас арқылы Кеңес одағына қайтарып әкетті. 27 маусымда Шығыс Түркістан Республикасы үкіметі ең соңғы үкімет жораларының мәжілісін ашып, мәжілісте «бейбітшілік шартына сай, Шығыс Түркістан Республикасы үкіметі өзінің толық құқынан бас тартты, Республика өмір сүруден қалды» деп жариялады. Исламшылдық және түрікшілдік идеясын барынша көтерген Әлихан төре басшылық еткен феводал діни жоғары жіктегілердің халықтық көтерілістің шынайы жеңісінен пайдаланып Шығыс Түркістанды қорғаған адал ниеті кеңестіктердің тұншықтыруына тап болды. Үкімет белгілеген 324 қаулыда былай деп белгіленді: «Шығыс Түркістан Республикасы үкімет комитеті Шығыс Түркістан Іле аймақтық кеңесіне” өзгертіледі, отыз екі адам мүше болады, кеңес бастығы Әкімбек Қожа, орынбасары Әбілқайыр төре болады.

Бұрынғы меңгерме, мекеме органдары Іле аймағының мекеме дәрежелі органдарына өзгертіледі.

Тарбағатай, Алтай аймақтары жирма сегізінші маусымнан бастап жаңа құрылған өлкелік үкіметтің емеуріні бойынша үйлесімді теңшеу жүргізеді.

Үш аймақ үкіметінің орган газеті- “Азат шығыс Түркістан газеті” Іле уәли мекемесінің орган газетіне өзгертіледі» («Шынжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер» 232-233 беттер).

Үш аймақ қозғалысында қалып­­тас­қан екі топтың бірі Оспан бастаған қарулы күрес пен Әлихан жанын сала қорғаған Шығыс Түркістан үкіметі болса екін­шісі кеңестіктердің мүддесін қорғау­шылар еді. Әлиханның жа­сырын қолға алынып Кеңес ода­ғына әкетілуімен бірге қалып­тасқан Оспанға қарсылық идея бір мезет Ахметжан, Аббасовты өкіл еткен қызылшыл топтың күресін үш аймақтағы ықпалды орынға шығарғандай көрінді. Шынжаңның Қытай аумағынан бөлінуін қаламайтын қытайлық отаншыл топтардың белсене әре­кеттенуі мен Кеңес одағының зор күшпен қолдауы қытайлардың ұпайын түгендеп берді. Әлихан төре тобының тәуелсіздік идеясы мен қытайларға қарсы тұрып, қытайларды қақпайлау идеясы гоминдаң аталатын қара қытайларға қарсы күреске өзгерді. Сырттан кеңесшіл қызылдар тіке ықпал етсе, іштен қытайлйқ қызылдар сәйкесіп Шынжаңды иелеуге бар күшін салды.

Алайда, жоғарыда айтылған үш аймақ үкіметінің 324 қаулысында Шынжаң өлкесінің бірлікке келген атын атын атамай, Шынжаңды Шығыс Түркістан деп атау идеясы жалғасты өмір сүрді. Ілені Шығыс Түркістанның Іле аймағы деп атады. Бұл идеялардың әлі де сақталуы кеңестіктердің «өз шекпенінен» шығушыларға деген сенімін кетірді. Жағдайдың қажетіне қарай оларды бірден тарпа бас салудың реті болмағандықтан олар «бір бармағын бүгіп қалды».

1946 жылы 1 шілде де Шынжаң өлкелік бірілескен үкімет құрылып, үкіметтің жоралары Үрімжідегі батыс ғимаратта мәнсапқа отырып серт беру рәсімі өткізілді. Шартқа сай, Ахметжан Қасыми бастаған үш аймақтың 8 басшысы өлкелік бірілескен үкіметтің жоралық міндетіне тағайындалды. Ахметжан қатарлы адамдар бірілесіп «Шынжаңдағы әр ұлт халқына хат» жариялап, мынаны үндеді: «Біз Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында құрылған Шығыс Түркістан Республикасы үкіметі өз борышын өтеп болды, үш аймақ жеке-жеке өлкелік бірлескен үкіметке тіке қарайды деп жариялаймыз» («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 295 бет).

Бұл арада империялардың ойыны адалдықпен орындалып жатқандай көрінгенімен, сол тұстағы өзін ұлт зиялысы санаған түркі азаматтарында мансап-мәртебеге деген пендешіліктің басым болғаны да өтірік емес. Сол үшінде олар қай кезеңдеде белсенділік танытудан қашпаған. Мейлі қызылдасқан Шынжаң болсын, мейлі түрікшіл жас мемлекет болсын олар қалайда мансап бұйырар деген дәмеден аулақ емес болатын. Сол үшінде тарихтың сындарлы кезеңдерінен сүрінгенін уақыт көрсетті. Өзі сенген үкіметке де халыққа да сенімсіз саналып, өз ғұмырларын ғана емес өздеріне ілескен халықты да адастырды.

Кеңестіктердің ойыншығына айналған Үш аймақ қозғалысының соңғы тағдыры трагендиамен аяқтады деп айтуға болады.

(Жалғасы бар)

Жәди ШӘКЕН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз