ҚОЛШОҚПАРЛЫҚТЫ қашан қоямыз?

Жазушы Тұрысбек Сәукетайдың үстіміздегі жылы «Общественная позиция» («Дат») апталығының 14-ақпан күнгі санында «Мұқтардың мұңы» атты мақала жариялап, онда екі Мұхтарды бір-біріне қарсы қойып, Мағауинді көкке көтеріп, Шахановты кемсітіп тіл тигізгеніне қатты ашынған Қызылордалық намысты азамат Тобаш Ембергенұлы «Жас қазақ үні» газетінің № 13 санында, мен де осы басылымының № 16 санында «Мағауин - дисседент емес» деген мақала жазып, оған тойтарыс берген едік. Тобаш былай деп жазған: «Тұрысбек мырза, сіз осы парықсыз қылығыңыз арқылы, сол қара дақты өз жүзіңізге жағып алып отырсыз, өзіңіздің жазушы атыңызға жуырда жуылмайтын жаман ат жапсырдыңыз».

Мен де бір беттік көлемді мақаламда сөз жететін жете болса, жеткізіп-ақ айтқанмын. Ол мақалаларды Тұрысбектің оқымауы мүмкін емес. Бірақ, жөн сөзге тоқтайтын ол жоқ. Сол жолы өзінің жазушы атына жапсырып алған жаман атын жуудың орнына, жуырда қайтадан өз бетіне қайтадан қара дақ жағып алыпты. Ол қара дақ - оның «Жас алаш» газетінде 19-тамыз күні жарияланған «Мәстектер мәреге беттеді» атты мақаласы. Мақаланың авторы Тұрысбек болса, жариялап отырған Әмірхан Меңдеке. Мақаланың аты басқа болуы мүмкін десек, тақырыбын Меңдеке қойған деп те шамалауға негіз бар. Өйткені «Жас алаштан» оның «Мағауин шет елде қапа болып жүр, кетуге мәжбүр еткенбіз, қайта шақыруымыз керек, бірақ не бетімізбен шақырамыз» деген сыңайлы сөздерді оңды-солды сапырған мақаласын оқығанбыз. Демек «Мәстектер мәреге беттеді» деген мақаланың бірі ашық, бірі жабық екі авторы бар десек артық айтқандық емес. Оны кейінірек дәлелдей түсеміз.

Ал, енді Сәукетайдың қол­шоқ­парлық мақаласына келсек, мұнда да ол аталмыш «Мұхтар мұңы» мақала­сындағы бұрынғы әніне қайта басып, Мағауиннің жыртысын жыртып, жырын жырлайды. Біз оның «Жармақ» атты романын Сәукетай қанша мақтағанымен, мемлекеттік сыйлыққа лайық дей алмас едік. Оны жан-жақты дәлелдеп бере аламыз. Сыйлық комиссиясы мүшелері оған жеткілікті дауыс бермесе, оның себебін мен жақсы түсінемін. Кім-кімнің де белгілі бір адамға деген симпатиясы мен антипатиясы болады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мағауин өзі «Жұлдыз» журналының қаһарлы редакторы болып істеген жылдары қазақ жазушыларын шетінен қамшының астына алғаны екінің біріне белгілі. Сөйтіп өзіне қарсы антипатия туғызды. Соның жемісі бұл. Қазақ жазушылары Мағауинге сол антипатиясынан көпке дейін арыла алмайды. Ол бұл сыйлықты бұрын бір рет алған. Бұл жолы алмай қалғаннан оның ештеңесі құрымайды. Бірақ қаламдастарының симпатиясынан айрылғаны жақсы емес.

Екінші мәселе – Сәуке­тайдың Мағауиннің жолын құшып, қазақ ақын жазу­шыларының бәріне қарсы сойыл сілтеп, «мәстек» деп бетіне түкіріп, балағаттап боқтағаны, сөккені.

Несіпбек Айтұлы, Шөміш­бай Сариев, Рафаэль Ниязбеков – қазақтың бүгінгі айтулы, жақсы ақындары. Қай-қайсы да мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Бүкіл Қазақстан аспанында шырқалып жүрген әндердің жартысына жуығының сөз-мәтіні - Шөмішбайдікі. Тіпті, сол үшін ғана оған мемлекеттік сыйлық беруге болады. Соншама жүздеген әнге тамаша сөз жазу зор еңбек, сыйлыққа лайық еңбек емес деп кім таласа алады. Міне, сол өлең-жырлары, поэмалары тап-тамаша жақсы ақындарымызға Тұрысбек «мәстектер» деп тіл тигізіп, қорлап, олардың ар-намысын парықсыздықпен аяусыз аяққа таптап, ел алдындағы абыройын айрандай төгіп, моральдық зор ңұқсан келтіріп отыр. «Бөріктінің намысы бір», мынадай сұмдық сөзді оқып көріп, қан басқа шауып, ашынып отырған жайымыз бар.

Ақын қандай болғанда да, оны мәстек деп қорлауға болмайды. Оның ақын деген атының өзі-ақ қай атақтан да жоғары. Олардың алған сыйлықтары мен марапаттары, омырауға таққан темір-терсектері бәрі кейін жайына қалады. Ақынның ақын деген атағы жақсы жырларымен бірге мәңгі жасайды.

Үшіншіден, Тұрысбек сыйлық комиссиясы мүше­лерін мәстектен де бетер қор етіп «атам заманнан бері комиссияға мүше боп мүлгіп отырған мумиялар», яғни кептіріліп, солып қаңқасы қалған өлік деп жүректеріне найза сұғады. Бұған не деуге болады? Сәукетайдың өзі де жазушы ғой, мәстек сөзінің Сәукетайдың өзіне де тікелей қатысы бар. Әлде ол Мағауинді бірінші жазушы, өзін екінші санай ма екен?

Ол және былай деп жазады: «Кеңес үкіметі тұсында мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейтін». Жарайды. Ал сол Кеңес кезінде Сәукетай сияқты бейпіл ауыздардың баспасөз бетінде ауызына не келсе, соны жазып гөйітуіне жол берілетін бе еді? Берілмейтін. Бүгінде демократия деп, соны желеу етіп, адамдардың ар-намысына тиіп, боқтық-балағат сөздермен қаламдастарына қанжар сілтеп жүрген, жазушылардың арасына жік салып, дүрдараздық туғызып отырған Тұрысбек Сәукетайға не деуге болады. Кеңес кезеңі болса, партиядан шығарып, жұмысынан да қуып жіберер еді. Бүгінгі үкімет пен партияда ондай дәрмен жоқ. Тек сотқа беру керек, Жазушылар одағында оның жазушылық мәселесін, лаңкестігін қарау керек.

ІІ.

Енді бір басын ашып алатын мәселе – қазіргі қазақ әдебиетінде «халтурщик кім?» деген сұрақ. Осы сөз сыртынан бір адамға жылдар бойы әділетсіздікпен жапсырылып келеді. Соған нүкте қоятын кез келді. Көркем шығармадағы халтура деген – жасанды тартыс, миға қонбайтын нанымсыз уақиғалар, жұтаған тіл, қиюы қашқан қисынсыз сөйлемдер, жаңсақ идея, теріс тенденция, оқығанда кісінің құсқысын келтіретін кейіпкелердің дәлелсіз диалог-тілдесулері, көпірген көп сөзділік және тағы басқа жасандылықтар. Кәне, осы кемшіліктерден адамыз деп қай жазушы айта алар екен? Ешқайсысы да айта алмайды. Қай жазушы да «роман любит болтовню, выкладывай все, что на уме» деп Пушкин әжуалап айтқандай, роман, повестерінің қарнын көбік сөзбен қампита беруге құштар.

Т.Сәукетайдың «мәстек­тер» сөзінің арт жағында халтурщиктер деген сөз тұр. Ендеше екеуін қоса қарастырғанымыз жөн. Меңдекенің де бұл сөзді кімге оқ етіп атып жүргенін жақсы білеміз. Жақында «Қазақ әдебиеті» Қалтай қалжыңдарының бір тобын жариялады. Мемлекеттік сый­лыққа ұсынылған «Най­зағай» романы талқыланып жатады. Ең соңында сөз алған Қалекең: «Бұл шығармаға мемлекеттік сыйлықты беру керек, бірақ кімге беру керек – мәселе сонда» дейді. Бұған таңданған төраға Ғабит Мүсірепов: «Кімгең қалай?» деп сұрайды ғой.

- Осы кітапты аса төзім­ділікпен соңына дейін оқып шыққан адамға, - деп жауап беріпті Қалтай. Меңдеке мырза, міне сізге халтура керек болса!

Жетпісінші жылдардың бірінші жартысында әде­биет сыны қарқынды дамыды. Менің сыншы боп қа­лыптасуым сол кезеңге дөп келді. «Өткір жазады, турасын жазады» деп басылымдар маған жиі тапсырыс беретін. Бірде «Қазақ әдебиеті» редакциясы «бізге бір өткір сын керек болып тұр» деп тілек айтты. Алдында «Қансонарда» романын оқуды бастап, 17 бетіне дейін зорға оқып шыққанмын. Әрі қарай оқу азап еді, өзімді зорламадым. Жігіттерге соны айттым да «егер жариялайтын болсаңдар романды әрі қарай оқуға өзімді мәжбүрлеп, өткір сынның көкесін жазып әкеп берейін» дедім. Олар шошып кетті. «Ой, ол кісінің қалқаны Орталық Комитетте отыр, басымыз бәлеге қалады» деп ат-тондарын ала қашты.

Осы роман жөнінде сыншы Нығмет Ғабдуллиннің бір әдеби жыл қорытындысы жиналысында «Қалың романды оқып шығып ішінен синтаксистік жағынан дұрыс құрылған бір сөйлем таппадым» деп налығаны бар. Мен оған «ойпырмай, шыдамыңыз қалай жетті, мен 17 бетін зорға оқып тауыстым» дедім.Міне, халтураның нағыз бастаулары.

Мен сол жылдары ондаған романдар мен повестерге, әңгімелерге ешкімнің лауазымына, бет-жүзіне қарамай сын мақалалар, рецензиялар жариялаппын. Шығармалардың жетістіктері мен кемшіліктерін бірдей саралап отырып жазыппын. Сол кезде сондай қалыптасқан дәстүр болатын. Алдымен жақсы жақтарын, жетістіктерін айтасың, соңы­нан кемшіліктерін атап-атап, дәлелдеп көрсетесің. Ал, кәзір көптеген басылымдардың көл­дей-көлдей беттерінде жа­рияланып жатқан рецензия- мақалаларды оқып отыр­саңыз, кілең жалаң мадақ, бірде-біреуінің бірде-бір кем­шілігін көрсетпейді. Ақын-жазушылардың бәрі шетінен классик боп кеткен екен дейсің.

Жоғарыда жаңсақ-зиянды идея, теріс тенденциялар да халтураға жатады дедік. Сол жетпісінші жылдары жазушылар арасында махаббатты мансұқтау, сұлулары сүмірейту деген ауру пайда болып, олар махаббат пен сұлу қыздарды жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, оны жоққа шығарған шығармалар көбейіп кетті. Мен «Махаббат пен сұлулардың жазығы не?» деген тақырыпта бір емес, бірнеше көлемді мақала жариялап, оған шырылдап ара түстім. «Кейбір жазушылардың өмірде махаббаттан жолы болмаса, оған махаббат жазықты ма екен», - деп те ашына айттық. Махаббатты жоқ деп жағымды бас кейіпкер атынан мансұқтау, сұлу қыздарды көркем шығармада дәлелсіз, мотивировкасыз қор ету – халтура ма? Халтура! Зиянды идея, теріс тенденция! Бұл – өзі адасып қана қоймай, жастарды да адастыру. Ондай теріс тенденцияға уақытында тойтарыс беріліп отыру керек.

Меңдеке мырза, Сіз тап бүгінгі әдебиетіміздегі халтураның көкелерін көргіңіз келсе, «Қазақ» газетінің биылғы 23-30 сәуірдегі санында жарияланған менің «Әңгіме жайлы әңгіме» атты бір беттік сын мақаламды тауып оқыңыз. Егер Сәукетай екеуіңіз әдебиеттің теориясына жетік, әділетті білікті сыншы болсаңыздар, сондай халтураларды неге көрмейсіздер?! Бір жазушының қолшоқпары ғана емес, әділетті сынның қолшоқпары, туған әдебиетіміздің шын жанашыры болыңыздар.

Меніңше, халтурщик кім деген даулы мәселеге осымен нүкте қойылуға тиіс. Оның орнына халтураның элементтері: нанымсыз оқиға, жұтаған тіл, сүреңсіз сөйлемдер, қисынсыз диалогтер, көпірген көп сөзділіктермен күресейік.

Жұма-Назар

СОМЖҮРЕК, сыншы

Астана