ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ (Қытай сапарынан естелік)

Тұрсынбек Кәкішев,

Жәди Шәкенұлы

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Шын мәнінде қытай реформа­сының тереңдеуіне байланысты автономия саясатындағы «автономия құқын алған жерлерде сол ұлттың тіл, жазуы қолданылады. Сол ұлттың өкілі негізгі басшылық орында болады» дегендері күн санап әлсірей бастағаны жиі айтылады. «Барлығын бір ғана ұлттың атымен байланыстыратын» үрдіс күн сайын ұлғайып келеді екен. Тіпті бізді бастап жүрген жігіттердің өзі екінің бірінде шыр-пыр болып, «қытай саясатының абзалдылығын» жиі дәріптеумен болды.

Мори жаққа бізден бұрын жолға шыққан Шәміс Құмарұлы аудан әкімінің орынбасары Ербол Донайұлын ертіп алдымыздан тосып тұр екен. Бізді бірден «Тораңғы» қонақ үйіне түсіріп, ел мен жердің қыр-сырын таныстыра бастады.

Мори қазақ автономиялы ауданының жер көлемі 22 мың 171 шаршы километр болып, мұнда 100 мыңға тарта халық тұрады екен. Оның төрттен бірі, яғный 25 мыңы қазақтар екен. Қазақтардың бір бөлімі аудан орталығында әр түрлі ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап сатса, көп бөлімі ауылды жерде егінші-малшы болып тірлік кешеді екен. Аудан орталығында әжептәуір орта мектебі, емхана тағы басқа да халықтық құрылымдары бар екен.

Аудан жағдайымен қысқаша таныстырған қонақ иелері бізді Інгібұлақ ауылының жайлауына қарай бастады. Қаланың шаң жұтып жүрген адамдарын таза ауамен тыныстатайық деген меймандостықтары болуы керек. Біз ел мен жердің жағдайына құлақ түріп, жерлік шежірені тыңдауға да әуестене бердік. Өзінің туған ауылы болғандығынан ба Шәміс Құмарұлы бұл өлкенің ой мен қырына әбден таныс екен. Аузы сөзден босамай біраз тарихты аударып-төңкерді:

- Тарихшы ғалым Нығмет Мыңжани ағамыздың келтірген деректеріне негізделгенде 7-8 ғасырларда қазақтың керей тайпасын құраған шеп, сеп, байлау, қойлау сиқты тайпалардың бір бөлімі осы өңірлерде жасаған деседі. 607 жылы шеп тайпасының бастығы Керінеркін хан тағына отырып, өзін «Изен баға қаған» атаған екен. Біздің Мори ауданындағы ескі жұрттар мен жайлаулықтардың бір бөлімін халық сол Изен баға қағанның жұрты деп жүр. Бұл деректерді Нықаң қытайдың көне тарихынан алғанын айтқан еді. Ал Інгі деген бұл жердің атауы да сол кездегі тайпалардың бірінің ханшайымының аты деседі.

Біз Шәмістің әңгімесіне тамсана отырып, «Інгі» деген сөздің дыбыстық жақтан «Еңлікке»-де жақын келетінін байқадық. Қалайда халқымыздың ежелгі тайпалары мекен еткен ескі жұрттың бірінде жүргенімізді білдік.

Бізді тау елінің пейілімен қарсы алған Інгібұлақтықтардың ықыласы да ыстық болды.

Тарихтың қатпары қалың телегейіне үңілгенде көне көк түріктер мекені болған, бағзыдан ата-бабаларымыз күл төккен қасиетті мекеннің бірі алтын Алтайдың да аңызы аз емес қой. Әрине, біздің ендігі сапарымыз сол дархан далаға тураланып, 24 шілдеде ұлы Ертіс бастау алған Өр Алтайға ат басын бұрдық. Сан алуан аңызға жүкті болған Алтай даласының ақын-жырауларға ғана мекен емес, толарсағынан қан кешетін батырларды туғанын исі қазақ біледі. Соның ішінде Абылаймен тізе қоса отырып жоңғарларды жеңуде ерен ерлік көрсеткен Ер Жәнібектей ердің ұлардай шулаған ұрпағы мен өзінің қара шаңырағының Өр Алтайдың Шіңгілінде отырғанын біреу біледі, біреу білмейді. Өлі разы болмай, тірі байымайды деп білетін қазақ жоралғысын құрметтеп, ел мен жеріне қорған болып, осы өңір әдебиетінің алтын өзегіне айналған Ер Жәнібек атамыздың қара шаңырағына сәлем беру, дұға оқу онсыз да ішкі парызымыз еді. Тіпті әдебиетіміздің шешендік сөз өнері сөз болғанда да екінің бірінде Ер Жәнібек айтыпты дейтін кестелі сөздердің алдымыздан көлденеңдейтіні де өтірік емес.

Ер Жәнібек бабамыздың тіке ұрпақтарының Қытай асып кетуі және орыс-қытай арасындағы әр түрлі көзқарас ұқсамастықтары салдарынан батырдың есімі Қазақстанда кештеу көтеріліп еді. Тарихи деректер мен шежірелерде айшықты ізімен жазылған осы тұлағаның ел мен жеріне толық таныстырылмауы бізді де қынжылтқан болатын. Ұлы тұлғаның есімін ұлағаттау мақсатында 2006 жылы 9 маусымда Алматы қаласында «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық конференция өткізген болатынбыз. Сол конференция шешіміне орай батырдың жалаңаш жатқан қабіріне көрнекті кесене, үлкен ескерткіш қою, көше атын беру, батыр атында кітаптар шығару тектес көптеген игі жұмыстарды атқару көзделген еді. Содан бергі төрт жылда ащы теріміздің тәтті жемісін көрдік. «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорын» құрып, қор төңірегінде көп жұмыстар тындырылды. Батыр атында «Ер Жәнібек» кітабының екі томы жарық көрді. Алматы қаласынан батыр атына көше берілді. Қанат Сүлейменовтай азаматтың демеушілігімен батыр басына айбынды ескерткіш қойылды. Көптеген мақалалар жариаланды. Сөйтіп елдігімізді көрсетіп, халқының батырын қайта өзіне табыстадық. Ер Жәнібек есімі Алты алашқа мағлұм болды.

Аталған шаралардың біразына Алтайдан арнайы шақырылған Ер Жәнібек бабамыздың жетінші ұрпағы, әнші-сазгер Сағдат Мырзахметұлы да куә болып еді. Біздің де қара тартып бара жатқанымыз сол Сағдаттың отбасы ғана болып қалмастан Өр Алтайдың ең басындағы аудан есептелетін Шіңгіл жерінен Алтайдағы сапарымызды бастап, Ертісті қуалай жүріп, осы өңірдің әйгілі тумаларына тағзым жасау еді.

Өр Алтай жеріне ілінген сайын марқұм Халифа Алтайдың «Сағындым қайран Алтай» аталатын сағынышты әні есімізге түсті.

Ән өлкем, қайран Алтай,

өскен жерім,

Кір жуып кіндігімді

кескен жерім.

Дүниенің төрт бұрышын

шарласамда,

Есімнен еш кетпейді дариға-ай

көшкен жерім.

Жалған-ай!

***

Сағындым алабөтен Сартоғайды,

Тал-терек, қайыңменен

қарағайды.

Сайраған мың құбылтып

бұлбұлымен,

Аспанда шырылдаған,

дариға-ай, бозторғайды.

Жалған-ай!...

Біз Халифа Алтайдың туып өскен жерінен – Бұлғын өзені қиып ағып жатқан Сартоғайды кесіп, Шіңгіл қалашығын бетке алып келеміз. Аспанда шырылдаған дала торғайы – Халифаның сағынышы! Мүмкін рухы торғайға айналып осы даланы – кір жуып, кіндік кескен қасиетті өлкесін шарлап жүрген шығар.

Бұл ғана емес Сартоғай атауы ауызға алынса талай шежіренің шекесі көрінеді. Оспан төңкерісіне қатысты әңгімелерде 1943 жылдың күзінде осында бекінген Гоминдаң шерігіне тұтқиыл шабуыл жасаған қазақ сарбаздарының ерлігі айтылатын. Оспан батырға серік болған Сұлубай сынды ерлер де осы өңірде қанаттанып, туған даласының бір биігін жастанып қыршынынан қиылған еді-ау. Артына қалған «Сұлубай әні»: «Шіңгілдің мөлдір суындай, деп салған әнім Сұлубай» -деп әлі де асқақтата, сағынышпен айтылып жатқандай сезіледі. Енді қарасақ бұл өлкенің әр бір тасы сол ғажайып тарихты бауырына басып жатқандай білінеді.

Біз Шіңгіл қалашығына іліне бере алдымыздан күтіп тұрған Сағдат Мырзахметұлы мен Төлеген Құмарұлы бастаған шағын топ ауылдарына қарай жетелей жөнелді.

1756-1757 жылдары Жоңғарлар бір жола тынышталғаннан кейін Ер Жәнібек бабамыз бастаған бір бөлім ел қазіргі Шығыс Қазақстан жеріне қарай көшіп, қабырғалас отырған ағайынның біразы Батыс Қазақстанда қалып қойған еді. Әсіресе құрамымыздағы Тұрсынбек Кәкішев, Мақсұт Темірбаев, Темірхан Үндемесов үшеуіміз сол айрылып қалған ағайынның артынан Жәнекеңнің ауылына алғаш рет ат басын бұрып келе жатқан ағайын есептелеміз. 260 жылдай көріспеген туыстар сағынышпен қауыштық.

Ер Жәнібектің кіндігінен Ноғай, Балжан, Бәйтік үш ұл болып, Шіңгілді мекендеген батырдың қара шаңырағын ұстаушы Ноғайдан тарайтын Елубай ұрпақтары екен. Біз түскен үй Елубайдың немересі Зарықханның шаңырағы болып бүгінгі ұябасары Сағдат Мырзахметұлы екен. Жәнекең ұрпағындағы ең үлкені 87 жастағы Баймолла Сырғабайұлы деген ақсақал төсек тартып жатқандықтан бас қосуға келе алмапты. Оспан алғаш атқа қонғанда Абылайдың Ер Жәнібекке берген ақ туын көтеріп шығып, күреске ұрандап үн қосқан осы Зарықхан батыр болыпты. Екі жарым ғасыр аман сақталған сол ту 1958 жылға келгенде Алтай аймағының басшыларының қолына түсіп, із-тозсыз жоғалыпты. Біз шаңыраққа сәлем бере кіріп, дастарханның бетін дұғамен аштық. Әрі осы үйде сақталған Ер Жәнібектің туы салынған, әлі де киелі бұйым ретінде қастерленіп келе жатқан көне сандыққа көз айдын болдық. Батыр рухына ұсынған шапанымызды ауылдың үркендерінің бірі Рахат Зарықханұлының үстіне жаптық. Олар да бізге арнайы сый дайындап отыр екен, «батыр бабамыздың табарагы» деп арнайы шапандар жапты.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей біз шайға қанып, алдын ала сойылған ақ сарбастың басына бата жасаған кезімізде шаңырақ иесі Сағдат өздерінің «Сәлиқа-Сәмен» операсын қоямыз деп мұрындарына су жетпей жатқанын айтты. Әрі тұсаукесерге үлгеріп келгенімізге қуанып, құрметті қонақ ретінде театрларына шақырды. Іздегенге сұраған – бізге керегі де бауырларымыздың осындай әдеби-мәдени қимылдары ғой. Қуана келісіп, көрермен болуға дайын екенімізді білдірістік.

Аудандық мәдениет мекемесінің пайдалануына берілген қалашық орталығындағы клуб та әжептәуір кең екен. Үлкен-кіші бауырларымыз да мол жиналыпты.

«Сәлиха-Сәмен» әсілінде ғашықтық дастан. 1946 жылы алғаш жарияланатын кезде авторы Әсет Найманбайұлы делініп, арада біраз дау туған екен. Ал оны Қызыр Мамырбекұлы жазған деушілер де көп болған. Авторы кім болса ол болсын, жергілікті халықтың аңызы бойынша оқиға осы Шіңгіл жерінде болған деседі. Жұрт соның куәсі етіп, Сәлиха мен Сәмен бекінген «Жаятас» деген жерді көрсетеді. Дастан – қосыла алмаған екі ғашықтың трагедисымен аяқталады. Осы аудандағы көрнекті ақын Мақсай Қожанайұлы бұған сенарий жазыпты. Режиссоры Иса Адубайұлы деген жас жігіт екен. Сағдат Мырзахыметұлы Ясукейді, Қанат Сәлімұлы Сәменді, Ақлима Ақанқызы Сәлиханы, Күлина Хасенқызы Ханымды сомдаған бұл қойылымның аса сәтті жасалғанына тебіренгенімізді жасыра алмадық.

Театр өнері Қазақстан қазағында белгілі кезеңге көтерілгенмен қытай қазақтарында жоқтың қасы еді. Ал мына бастама сол соны соқпаққа түрен салған екен. Болашағы бұлдырай бастаған бауырларымыздың ұлттық өнерін пәш еткен тамаша бастамасына таңдай қағып, алдымызға келген тілшілер тобына да ағынан ақтарылдық.

Шіңгіл даласы өнердің кеніші ғана емес талай ақ иық ақындарлың да өрісі де болған екен. Бұл даланы жырымен дүбірлетіп өткен Арғынбек Апашбайұлы (1883 – 1946 ж.ж.) Шынжаңдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі болып, оның артында «Жыр роман», «Қалам алып Арғынбек», «Жер адамның анасы», «Жігіт сол», «Жақсы-жаман», «Насихат», «Бір заман», «Сайыскер сарбаздардың жайы», «Мұса мерген», «Ырысханды жоқтау» секілді көптеген еңбегі қалыпты.

(Жалғасы бар)