Сөздерiне сенгенiм үшiн кiнәлiмiн

0
740

Мұхтар ШАХАНОВ:

«Айқын» газетiнiң 8 желтоқсан күнгi са¬нында Қазақстанның халық әртiсi Досхан Жолжақсыновтың «Менi «қол қойды» деп, сыртымнан тiзiмге енгiзiп жiберiптi» деген сұхбаты жарық көрiптi. Онда халық әртiсi өз ойын былай шегелептi: «Мен саясаттың адамы емеспiн. Жалпы, ұлтқа үлесiн қосқысы келсе, әркiм өз орнында қоссын. Ақынсың ба – өлең жаз, актерсiң бе – ойна, режиссерсiң бе – қой, әншiсiң бе – айт!» дейдi. Дұрыс-ақ. Айналаңның бәрi тып-тыныш, мамыражай шақта осылай етуге болады. Ал Қазақстан халқы ассам¬блеясы ендiргелi отыр¬ған, қалың көпшiлiктiң талқылауына ұсынылған, қазақ ұлтын тiкелей жоюға алып баратын «ел бiрлiгi» доктринасына да үнсiз бас изеп отыра беремiз бе? Елдiк, ұлттық мүддеге сезiмi селк етпейтiн ақын мен актердiң өлеңi де, ойыны да жалған азаматтық, жалған патриоттық емес пе? Досхан тағы бiр сөзiнде: «Ұлт мүддесiн қазiр айтпасақ айырылып қаламыз дегеннiң бәрi далбаса! Тiл туралы айқайлағаны¬мыз¬ға көп болды, ал содан не өзгердi? Бiздiкi әншейiн көпiрме сөз», – дептi. Осы сұхбатында Жолжақсынов «ел бiрлiгi» доктринасын қолдайтынын айта келiп: «…өзiммен келiспей, алып барып жапсыра салу – жақсылыққа апармайтын нәрсе» дей келе, доктринаға қарсы адамдардың тiзiмiне енгiзiлгенiне қарсылық бiлдiредi. Оқиға былай болып едi. Кiлең әдебиет, өнер қайраткерлерi бас қосқан жиында республикамыздың халық әртiстерi Досхан Жолжақсынов пен Асанәлi Әшiмовтi кездестiрiп қалдым. Досхан «ел бiрлiгi» доктринасына риза еместiгiн сездiре келiп, бұл мәселе төңiрегiнде өзiнiң бiзбен бiрге болатынын ашық айтты. Осы сөзiне сенгендiктен, Досханды аштық жариялау¬шы әдебиет, өнер қайраткерлерiнiң тiзiмiне ендiрген мен едiм. Сондықтан Досханға қол қойдырып алмағаныма және сөзiне аңғал¬дықпен сенiп қалғаныма кешiрiм сұраймын. Сол жиында Асанәлi ағамыз да бiзбен бiрге болатынын мәлiмдеген-дi. Қағазға қол қой¬маса да ол сөзiнде тұрды. Ұлт мүддесi төңi¬регiнде өтiп жатқан жиындардың бәрiнде бiзбен бiрге жүр.
Телефон арқылы маған келiсiмiн берген Рымғали Нұрғалиев деген тағы бiр академик ағамыз «Айқын» газетiнiң 9 жел¬тоқ¬санындағы санында «Мен оларға қосылмаймын» деген түсiнiк жазыпты. Мейлi, екi-үш, тiптi он белгiлi адам билiктiң ыңғайына жығылып, ұлттық мүддесiн жеке мүддесiне айырбастаса, одан қазақ халқы үлкен зардап шеге қоймас. Ерте ме, кеш пе, уақыт әркiмдi өз орнына қояды.

№48-49

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз