КӨПШІЛІККЕ БІР САУАЛ: СЫЙҚЫРЛЫ ОРЫНДЫҚТЫҢ СЫРЫ НЕ?

1
920

Ол екеуіміздің танысуымыз қызық болды. 1968-жылдың көктемі. Бір күні Алматының Гоголь және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы «Көне кітаптар» («Букинист») дүкеніне бара қалсам, қаламгер ағамыз Әнуар Әлімжанов жүр екен. Дүкенде қалыптасқан тәртіпке бағынып, күбірден көтеріңкі, сыбырдан пәстеу үнмен сәлемдестік. Сол әредікте қасымызға нығыз төртпақ жігіт келді. Қолында өзі тақілеттес қалың кітап бар. Маған басын бір изеді де, кітапты Әнуарға ұсынып: «Әнеке, бағана айтқаным, міне, осы», деді. Ал Әнекең одан кітапты ала бере:

-Амантай, Ғаббаспен таныссың ба? – деп мені шынтағымнан ұстады.

-Жоқ.

-Ендеше танысып қой, жазушы інің, сатирик Ғаббас Қабышев.

-Ә, сырттай біледі екенмін.

-Ғаббас, бұл ағаң – Амантай Сатаев. Қазақстанның тұңғыш тарихшы-архивариусы.

Бейтаныс екеуіміз қол алыстық. Қолы күректей екен.

-Жігітім, екі кило ет алу үшін дүкенде екі сағат сарылып кезекте тұрып жүрген мынау заманда сенің қолыңды алу қойдың санын құшақтата қойғандай екен!- дегенімде Абекең:

-Өй, айналдым! – деп қарқылдап күліп жіберді. Әнекең екі иығы селкілдей үнсіз күле беріп:

-Ақырын, ақырын, – деді бізге.

-Ребята, пожалуйста, потише, – деді сатушы келіншек те.

…Амантаймен сегіз жыл есіктес көрші болдым. Ақкөңіл, кеңқолтық, әңгімешіл еді. Көне тарихтан сөз бастасаң, желкенін жел керген қайықша қалқып жөнелетін марқұм (топырағы торқа болсын!). Ал кітапханасындағы дүниесі жүздеп саналса да, мыңдапқа бергісіз: пәленбайыншы жылдары Қазан, Санкт-Петербург, Омбы… баспаларында шыққандар. Абекеңнің ізі қалмаған тарихи мұрағатжай Кеңес Одағында жоқ дей аламын. Кітап алмасу жолымен алыс-жақын шет елдерден келіп жеткендері қаншама?!

Оның мұрағатжайында көне фотосуреттердің көшірмелері де біраз бар. Өздеріңізге ұсынып отырған мына ерекше фотосурет – солардың бірі. Ол қай жаққа барып қайтса да, келген күні телефон шалып: «Ғаббас, айналдым, тез жет, сарқыт бар!» деп аңқылдап күлетін. «Айналдымы» – сөзінің сыралғысы. Солайша бір қоңыраулатқан соң барғанымда ең алдымен осы суретті көрсетті. Мен еріксіз таңдандым. Бұрын көрмеген кереметім!

-Абеке, бұл не? – дедім. Ол көңілі көктем бола қарқылдап күліп:

-Айналдым, сен осы сұрағыңмен аялдай тұр. Бәрібір айтпаймын. Гәзетке шығартамын, сонда бәрің бір-ақ білесіңдер, хорошо? – деп қуақылана тағы күлді. Шынында: «Көкшетау жақтан алып келдімнен» басқа ештеңе айтпады.

Ол бұл суретті гәзетке шығартқан жоқ-ау деймін. Шығартса, маған көрсетсе керек еді. Сірә, жолсапары көп Абекең, әне-мінемен жүріп, гәзетке ұсынып үлгірмеген болар.

«Көкшетау жақтан алып келдімі» есімде болып, мұны бірде Көкшеге ала барып, ескікөздердің бірнешеуіне көрсеттім, «Бұны бұрын көріп пе едіңіз? Бұл не?» деген сауалыма олардың жауаптары әрқалай болды. Ендігі жауап, құрметті оқырмандар, сіздерден болсын. Естіп-білгендеріңізді нақты дәлелімен жазып, редакцияға жолдағайсыздар!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

1 Пікір

  1. Бұл орындықты Петропавл қаласының өлкетану музейінен бала кезімде көргем. Әлі тұрған шығар деп ойлаймын. Бірақ 2000 жылдары ол музейге толық жөндеу жұмыстарын жүргізген, сол өңірді мекендеген орыстардың бір мықты көпесінікі болғандықтан қоймаға түсуі де мүмкін. Бұл орындықты ақ патшалардың бірі сыйлаған. Нақты кімге екені есімде жоқ. Тіпті сол кездегі татар не қазақ байларының біреуіне болуы да мүмкін. Нақтысы, Петропавл қаласында.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз