Қалдыбай ұста

d0bad0b0d0bfd0bad0b0d0bd21

Қазақта батырлардың, атбегілердің, құсбегілердің атын құрметтеп, олар жайында өлең-жырлар шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Тарихтағы белгілі шеберлер жайлы білетініміз жоқтын қасы. Сондай ұстаның бірін С. Мұханов өзінің «Өмір мектептерім» кітабында әнгімелейді. Ал біздің айтпағымыз Қоңырат руының Жетімдер атасынан шыққан Қалдыбай ұста жайында. Тарихты білер қариялардың бәрі өмірден өтіп, енді еліміздің егемендігін алып, жоғымызды жоқтап, түгендеп, барымызды асырып, өткенімізге еркін көз жіберіп отырған мына заманда оны күйіттеу байырғыны аз білетін бізге бұйырып отыр. 19 ғасырда өмір сүрген Қалдыбай ұста атадан-балаға жалғасқан шеберлердің, өнерпаздардың ұрпағы. Жастайынан Бұхара ұсталарының арасында өскен. Осы күнге дейін ұсталарының шеберлігімен дүние жүзін тәнті етіп отырған Бухара, Самархан қолөнершілерінің арасына ол кісі әкесіне ілесіп барып, сонда белгілі ұста-шебердің қолында 17 жыл бойы тәлім алған, ұсталықтың қыры-сырын үйренген. Ең алғаш Қалдыбай ұста, әкесімен бірге Бұхарға келгенде бұлар тоқтаған үйде ұсталардың жұмысы қызып жатыр екен. Темірді қамырша илеп, не бір көркем заттарды асқан шеберлікпен жасап жатқан ұсталардың үлкеніне бала Қалдыбай сын айтыпты. Сонда әлгі ұста «көңілің толмай тұрса өзің істе» деп, жезтабақты(поднос) қолына ұстата салыпты. Ұстаның құрал-сайманымен әлгі ыдысты әрлі-берлі әрлеген Қалдыбай әп-сәтте әкесімен бірге барған кісілермен шай ішіп отырған ұстаға алып кіргенде, отырғандардың бәрі таңқалған. Жергілікті ұста әкесіне: ақыры шеберлік үйренуге алып келген екенсің, балаңды маған бер деп Бұхарда алып қалып, бар білгенін Қалекеңе үйреткен.

Әбден ұсталығы толысқан шағында еліне қайтпақ болған шәкіртін Бұхараның қазағының қызына үйлендіріпТүркістанға қайтуға ұрықсат берген. Түркістан өңіріне аты белгілі Қалдыбай ұстаның қолынан шыққан заттары сол елдің халқына көп тараған.

Қазіргі Сүткент елді мекенінің тұрғыны Тоқмаханбет Жұмановтың үйінде 70 қақпаны және басқа заттары сақтаулы. Кейінгі жылдарға дейін жеткен, құранды(құрамалы) киіз үйі көргендердің бәрін қызықтырып, таңғалдырып келген. Ол киіз үйдің керегелері бүктемелі, уықтары жалғастырмалы болып, көшіп-қонғанда ыңғайлы екен. Бұл мақаланы жазуға негізгі себеп - Қалдыбай ұстаның Бұхардың әмірінің сынған алмас қылышын қалай қалпына келтіргені жайлы тарих еді. Белгілі сазгер Мыңжасар Маңғытаевтың бабасы Күленбай өз заманында белгілі палуан, батыр атанған адам. Ол өзінің туысы әрі құрдасы Орбасы палуан екеуі Бұхардың бір ұлан-асыр тойында сайысқа түседі. Бұл екеуіне палуандар шақ келмейді. Үстіне май жағып алған әмірдің қоңыраулы сарай палуаны Орбасыға алдырмай біраз әурелепті. Үсті-басы малмандай май өзбектің палуаны да атан түйедей алып, әрі әбжіл екен. Бір сәті келгенде қабырғаның төменгі етегіне қол салған Орекен көтеріп, жерге ұрғанда әмірдің палуанының бауыры езіліп кетіп, жан тәсілім еткен.

Билік әмірде болған соң Орбасыны тұтқындап, зынданға тастайды.

Елге жеткен Күленбайлар бүкіл Отырарға белгілі бай, «байлығына тәңірім жетпесе, адам жетпейді» деген артында сөз қалған Жанкүшікке келіп әмірдің сәлемін жеткізеді. Немере інісін құтқаруға суыт аттанған Жанкүшік әмірдің әмірімен өзімен Қалдыбай ұстаны да алып Бұхараға кетеді. Қалдыбай ұстаны әмірдің әдейі сұратқаны - ортасына қақ бөлінген алмас қылышы бар екен, соны бір жөндесе Қалдыбай ұстаның қолынан келеді деп, күні түсіп тұрғанда әдейі алдыртқан. Ат-тон айыбына түйенің мойын терісінен жасалған екі мойнаққа алтын-күміс толтыра төлеп және Қалдыбай ұста әмірдің ортасынан қақ бөлінген алмас қылышын біріне-бірін жымын білдірмей жалғап берген. Орбасы палуанды бостандыққа шығарып, елге алып қайтады. Ұста әлгі қылыштың қалдығынан өзіне бармақтай кездік жасап алған екен. Жарықтық Қалдыбай ұста әлгі кездікпен түйенің тоқпан жілігін ағаш жонғандай жонып, өрнек жасап отырады екен. Түркістанның ұсталарының ішінен шыққан бірегейі Қалдыбайдың ежелден келе жатқан халық шеберлерінің ортасынан шыққаны хақ. Кенесары ханның інісі Наурызбайдың наркескен қылышы да қоңырат шеберлерінің туындысы екені тарихтан белгілі. Әйгілі Қалдыбай ұстаның заттары неге кездеспеске деп әкем марқұм Досыбай мұражайларға барғанда көзілдірігін киіп үңіле қарап жүретін. Сонда іздейтіні Қалдыбай ұстаның таңбасы екен. Ол таңба қазіргі орыстың «х» әріпіне келетін белгі екен (екі басбармақтың тырнақтарынң сырт жағын біріне-бірін тигізгенде пайда болатын белгі). Қалдыбай ұстаның тікелей ұрпақтары жоқ. Бұхарада 20 жылдай тұрып, үйленіп келгені әнгімеміздің басында айтылған. Жалғыз ұлы елге келген жылы үйін өрт шалып қайтыс болады. Ол кісіден қалғаны - ұстаның ел қолында жүрген жәдігерлері.

Ералы АХМЕТОВ