Қазақ елі «Мәңгілік Елге» қадам басқан даңғыл дамуға дауыс берді!
2015 ж. 28 сәуір
3005
1
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
"МӘҢГІЛІК ЕЛ" МАҚСАТ - БИІКТЕРІНЕ ЖЕТЕ БЕРЕЙІК
– Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді бүкілхалықтық жарқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс Сіздің орасан мемлекеттік қайраткерлік еңбегіңіз бен қуаттанған болашағы айқын, ынтымағы жарасқан бүкіл Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жеңісі. Сіздің халықаралық ғаламдық, бүкіл еларалық қарым-қатынастағы абырой-беделіңіздің жемісі.
Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, ұлттың рухын, ұжданын, санасын, сапасын көтердіңіз. Жаңа Қазақстанның Астанасын жарқыратып, кең-байтақ елімізді татулық пен тұрақтылықтың біздің еліміздің қайраткерлігі мен жасампаздығының алтын бесігіне айналдырдыңыз. Сайлау күндері бүкіл Қазақстан халқы «Қазақстан – 2050», «Нұрлы жол» стратегияларыңызды бес институционалдық реформаңызды қолдады. Бұл жобаларыңыздың барлығы біздің халқымыздың болашаққа деген ұлы жорығы. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз қазақтың мәртебесін асқақтатып, ел бастаса, кемеңгер көсем, сөз бастаса дүлдүл шешен, қауіп төнсе – қас батыр Өзіңіздей ұлы перзенті бар қазақ халқының бақытын көтердіңіз. Қазақ халқы сізді көтерді. Қазақстан бүкіл халқымен «Мәңгілік Ел» мақсат биіктеріне сәтті сапарлар мен жаңа жеңістермен жете беріңіз. Еліміз жайнасын, Елбасымыз жасасын! Өрле, Қазақстан!
Мұхтар Құл-Мұхаммед, Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының жетекшісі:
ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ ҮШІН АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТУГЕ МІНДЕТТІМІЗ
– Бейбіт елде бақытты өмір сүріп жатқан Қазақстан халықтары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу аса қиын болған жоқ. Өйткені, әрбір адаФм өз таңдауын алдын-ала Ұлт көшбасшысына деген сеніммен анықтап қойған-ды. Бұл – нағыз жеңіс! Шынайы халық қолдауы! Тіпті, сайлауға тұрғындарымыздың бұрын-соңды 95 пайызы қатысып көрмеген екен; бұл – жоғары белсенділіктің белгісі. Мен болашақ үшін дұрыс таңдау жасаған халқымызды мақтан тұтамын. Енді халқымыздың сол зор сенімін ақтау үшін бәріміз де аянбай еңбек етуге міндеттіміз.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасы:
ПРЕЗИДЕНТІМІЗ БЕН ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ НЕГІЗГІ ЖЕҢІСТЕРІ ӘЛІ АЛДА
– Ұлт көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты «Ақ жол» партиясы атынан сайлаудағы зор жеңісімен құттықтаймын. Елбасымызға ел үшін атқарар еңбек жолында табыстар тілей отырып, біздің Президентіміз бен халқымыздың негізгі жеңістері әлі алда екенін айтқым келеді. Сайлауалды бағдарламасында Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бес институционалды реформаны жүзеге асыру керектігін айтқан болатын. Ол дегеніңіз біздің еліміздің даму бағытындағы жаңа белес болмақшы. Біз осындай жаңа биікке жету жолында бәріміз де өз үлесімізді қосуымыз керек.
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
ЫНТЫМАҒЫ МЕН БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ ЕКЕНДІГІМІЗДІ КӨРСЕТТІК
Қазақстандағы Президенттік сайлау әлем жұртшылығы қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келіп, экономикалық дағдарысқа ұшырап тұрған шақта өтті. Соған қарамастан, халық сайлауды жан-жүрегімен сезінді. Мұны сайлаудың қорытындысынан айқын аңғаруға болады. Сайлауға Қазақстан халқының 95 пайыз қатысуының өзі біздің ұлттық деңгейге көтерілгенімізді әлем алдында дәлелдеді. Елбасына шын ықыласымен сенген халық бір тудың астына бірігу арқылы ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел екендігін көрсетті. Халықтық мойындау, халықтық бағалау дегеніміз дәл осындай болуы керек шығар. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар өздерінің оң бағасын беруде. Мұның өзі қазақ жұртының саяси мәдениетінің жоғары екендігін аңғартқандай. Бір сөзбен айтқанда, бұл сайлау тарихи маңызы зор шара болды.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ БАЯНДЫ БОЛУЫ ҮШІН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ЕЛБАСЫНЫ ТАҢДАДЫ
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі-сыртқы саясаттың үндестігін сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегінің нәтижесінде бүгінгі таңда ел жұртшылығы қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жаймашуақ заманда өмір сүріп жатыр. Ең басты байлығымыз – тәу етер Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін қазақ халқы Елбасын таңдады. Қазіргідей алмағайып заманда елдің қалыптасу кезеңі әрі қарай шыңдала түсуі үшін дауыс берді. Бүгінгі таңда Елбасы туралы қазақ ұлтының ғана емес, Қазақстанды мекендеген барлық ұлт өкілдерінің пікірі өте жоғары дәрежеде. Осы уақытқа дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Мемлекет басшысы елдің даму жайын егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Осыдан-ақ, халық нұрлы болашаққа бет алғанын бағамдады. Сондықтан да, Елбасымен бірге еліміздің болашағы жарқын болатынына жас та, кәрі де – бәрі сенеді. Өз кезегінде мен де Елбасының сенімді өкілі ретінде еліммен бірге Елбасына сенім арттым.
ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ЖЕҢІСІ!
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ 97,75 ПАЙЫЗ ДАУЫС ЖИНАП, ЗОР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
2015 жылғы 26-сәуірдегі ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы халықтың ең белсенді қатысқан және демократиялық, ең әділ сайлау болды! Оған сайлаушылардың 95,22 пайызы қатысты! Халықаралық бақылаушылар бірауыздан бағалағандай, ешқандай заң бұзушылық тіркелмеді. Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов кезектен тыс президент сайлауының қорытынды нәтижесін жариялап, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 97,75 пайызы дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа бергенін хабарлады. Сонымен, Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенті сайлауында зор жеңіске жетті!
Дүбірлі шарада Астана және Алматы қалаларымен бірге он төрт облыс түгелдей қамтылғаны түсінікті. Экзит-полл таңғы 7.00 мен кешкі 20.00 сағат аралығында 550 сайлау учаскесінде өткізілді. Бұлардың 312-і қалалық, 238-і ауылдық нысан. Маңызды зерттеуге мың жарымнан аса адам қызмет көрсетті. Бұдан бұрын да аса білікті шетелдік және отандық мамандар арқылы бірнеше мәрте сынақтан әбден өткізілген аталмыш сауалнама әдісі мейлінше анық та сенімді мәлімет жинауға мүмкіндік беріп келеді. Сөйтіп, экзит-полл қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттар төмендегіше нәтижеге жетті. «Нұр Отан» ХДП ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев – 97,75, Коммунистер ұсынған Тұрғын Сыздықов – 1,61, өзін-өзі ұсынған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Құсайын Әбілғазин – 0,64 пайыз дауыс жинады. Басым көпшілік дауыспен жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақ халқына зор алғыс сезімін жеткізді: – Мен әрбір азаматқа, әрбір отбасыға маған ел дамуындағы бүкіл Тәуелсіздік жылдары бойы сенім артқаны және осы жолғы сайлауда қолдағаны үшін ризамын. Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу идеясы Қазақстан халқы Ассамблеясына тиесілі. Бұл шешімді қазақстандықтар қолдады. Менің кандидатурамды ұсынғаны үшін «Нұр Отан» партиясына рахмет айтқым келеді, партия мүшелері жергілікті жерлерде белсене жұмыс жүргізді. Сондай-ақ Республикалық қоғамдық штабқа да ризамын. Оның өкілдері бүкіл республиканы аралады, халықпен кездесіп, елде жүргізіліп жатқан саясатты түсіндірді. Барлық сенімді өкілдер мен белсенділерге алғыс айтамын, – деді мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев атқарылып жатқан жұмыстарды республика азаматтарының тағы да қолдағанын атап өтті: – Осындай жалпыға ортақ сенім болмаса, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру қиын болар еді. Сайлауға рекордтық қатысу көрсеткіші қазақстандықтардың бірлігін, тұрақты мемлекетте өмір сүруге деген құлшынысын, сондай-ақ мен ұсынған бағдарламаларды қолдауын көрсетті. Осының бәрі Отанымыздың болашағы мен өркендеуі үшін еселенген күш-қуатпен жұмыс істеуді міндеттейді, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың тұтастығын, дамуға және болашақ ұрпақ үшін биік мақсаттарға бірлесіп жетуге деген талпынысын көрсеткен сайлаудың тарихи мәніне назар аударды: – Сайлау барысында заңнама талабы толық сақталды. Сайлауды байқауға көптеген шетелдік байқаушылар мен журналистер келді. Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа биік саяси мәдениет пен демократия қағидаттарын паш етті, сол арқылы өз деңгейін әлем алдында тағы бір сатыға көтерді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ел алдына қойылған ауқымды мақсаттарға жету үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты. – Бізде білікті мамандар, жеткілікті қаржы-қаражат, саяси орнықтылық, халықтың бірлігі мен достығы бар. Біз индустрияландыру, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қойылған міндеттерді орындаймыз, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруін қамтамасыз етіп, қазақстандықтардың тұрмысын жақсартамыз, – деді мемлекет басшысы. *** Сайлау барысын 858 байқаушы қадағалаған. Олардың 293-і ЕҚЫҰ-дан, 410-ы ТМД-дан, 10-ы ШЫҰ-дан, тағы 15-і түркі мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінен, 11-і түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясынан, 3-і Ислам ынтымақтастығы ұйымынан келген. Жалпы, 116 бақылаушы 37 шет мемлекеттің азаматтары. Бұдан басқа, осынша елден 168 тілші жиналған. Сонымен, Қазақ елі тарихи таңдау жасап, ынтымақтан туған ырыс пен тұрақтылыққа, «Мәңгілік Елге» қадам басқан даңғыл дамуға дауыс берді! Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы 2015 жылғы 29-сәуірді – 26-сәуірде кезектен тыс сайлауда сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың ант қабылдау күні деп белгілеуді қаулы етті.
"Қазақ үні" газеті