Әлихан БӘЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы: Астана саммиті – жауапкершілігі мол жеңіс

baimenov

Саммит және Қазақстан

Таяуда елімізде өткелі отырған ЕХЫҰ саммиті шын мәнінде қазақ үшін де, Қазақстан үшін де ерекше оқиға. Тіпті Кеңес Одағының 70 жыл тарихында бірде-бір рет 50 ден астам елдің басшылары саяси сұрақпен жиналған емес. Ол кезде тек бас хатшылар қайтыс болғанда жиналатын. Осы ауқымда саяси мәселелер бойынша әртүрлі бағыттағы идеологияны негізге алған мемлекет басшыларының басқосуы Кеңес одағында да, ТМД аясында да, Орталық Азияда да болған емес.

«Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жан ашымағандық» деген ұстанымды алға қойған «Ақ жол» партиясы бұл шешімді халқымыздың жаңа биігі, жаңа жауапкершілігі деп түсінеді. Қазақ ретінде, Қазақстанның азаматы ретінде және балама пікір айтып жүрген партияның басшысы ретінде де мен бұл самитті тарихи оқиға деп бағалаймын. Осыған орай Елбасымыз Н.Назарбаевты, Сыртқы істер министрлігін және осы мақсатта жұмыс жасап жүрген барша ел азаматтарын бүгінгі саяси және мәмілегерліктің жеңісімен шын жүректен құттықтаймын.

Әрине көпшіліктің «Бұл саммит бізге не береді?» деген сұраққа жауап іздеуі де заңдылық.

Сөзсіз, бұл алқалы жиынның да, төрағалықтың да барлық бізге берері бір айда немесе бір жылда көрінбеуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді өлшемммен алсақ , бұл игі шаралардың біздің дамуымызға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Мемлекет деген абстракция емес. Ол қоғамның құрған құрылымы. Яғни мемлекет қоғамға жұмыс жасауы тиіс. Мемлекет те, оның түрлі тетігін ұстап отырған азаматтар секілді өзінің ортасына қарай бейімделеді. Егер біз Европадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына белсенді араласпай, ортамыз тек Шанхай Ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік келісімі аясында ғана болса, не болар еді? Егер байланысымыз тек Пекин, Москва, Минск, Ташкенттің арасында өрбитін болса, онда келешекте біздің дамуымыз қай бағытта жүрер еді? Сондықтан біз әлгінде атап өткен астаналармен қатар Вашингтон, Анкара, Лондон, Токио, Тегеран, Берлинмен де байланыста болуға тиіспіз. Ондағы араласудың бір бағыты– ел мүддесіне сай үлкен бастамаларды көтере отырып, оларды жүзеге асыру.

Біз төрағалық туралы жасалған ұсынысты о бастан-ақ қолдадық. Себебі нақты қолдау, қолдамау арасында таңдау тұрғанда, үшінші шешімнің жоқ екенін ескердік. Ойланып көріңіз, егер сол жылы Қазақстанның ұсынысы өтпей, төрағалық туралы шешім қабылданбаса не болар еді? Қазақ елінің дамуына қалай әсер етер еді? Біз төрағалықты қолдағанда осыны сараладық. Жалпы шет елдермен байланыста ең биікте, бар істің негізінде ел мүддесі тұруы қажет.

Төраға болғаннан кейін Қазақстан Европадағы мәселелерге де, көршілерімізге де жаңа жауапкершілікпен назар аударатын болды.

Саммит те төрағалық секілді қоғамды күрт өзгертпейді. Осы тұста бір нәрсені айта кетуге тиіспіз. Кез-келген адамға ортасы және көрген-білгені, оқыған-тоқығаны әсер етеді. Мәселен, осыдан жиырма жыл бұрын біз қандай едік? Қазір біздің дүниетанымымыз басқа. Өйткені көкжиегіміз кеңейді, әлемді тани бастадық. Ал, жаңа ақпаратпен толығудың да келешекте оң ықпалы болары анық.

Саммитке дайындық барысында Қазақстан осындай дүниежүзілік көлемдегі шешімдерді әзірлеуге басшылық жасайды. Сонымен қатар, кездесу тарихта Астана саммиті деген атпен қалады. Саммиттің бүкіл қабылданған құжаты Астана мәлімдемесі, Астана декларациясы, Астана меморандумы, Астана хаттамасы деген атпен есте қалады. Мұның өзі келешекте біздің билікті осы құжаттарды жүзеге асыруға мүдделі қылады.

Демек әрбір іс келешекте сөзсіз өз жемісін береді. Әрине Қазақстан азаматы ретінде біз оң өзгерістің ел ішінде тез жүзеге асқанын қалаймыз. Бірақ барлық өзгерістер бүгін болмады екен деп қолдауға лайық игі бастамаларға әділ баға беруден қашпаған жөн.

Осы жиынның өзі біздің қоғамға, әсіресе билікке жаңа жауапкершілік жүктейді. Себебі, ЕХЫҰ мемлекеттері басшыларының басын қосатын жиын өзге емес, өз елімізде өтейін деп жатыр. Жиынға төрағалық етуші де біздің Елбасымыз болмақ. Кейбіреулер мұның тек имидждық жағын көреді, пиар ретінде қарайды. Бұлай етуе болмайды. Мұның мазмұнды әсері бар екенін түйсінуіміз керек.

Қазақстан - біздің мемлекетіміз. Біздің әрібіріміз мемлекетімізді ортақ перзентіміз ретінде қарауымыз керек. Адам өзінің туған баласына, жарына, досына өнебойы тек кемшілігін айта бермейді ғой. Жақсысын да айтып,түзеуге тырысады. Сондықтан, кімнің болмасын кемшілігімен қатар жетістігін де көре білу керек. Билікке де осылай қарауымыз керек. Яғни біржақтылықпен кетіп қалмауымыз керек.

Ендігі жерде бәріміз самиттің дұрыс әрі мазмұнды өтуіне ықпал жасауымыз керек. Саммиттің құжаттарына дұрыс әсер ете білуіміз керек.

Негізінен ЕҚҰЫ-ның басты үш өлшемі бар. Бірінші – экономикалық, экологиялық, екіншісі - қауіпсіздік, үшіншісі – адами өлшем (адам құқығы, оның түрлі салалары). Ел әлеуетін дұрыс пайдалану - билікке сын. Егер билік барлық ЕХЫҰ аясында жоғарыда аталған үш өлшемді тең алып жүреміз деген болса, онда ел ішінде де осылай болуы қажет.

Бәрін тізбей,қысқа мерзімде қолға алатын бірер мәселені шолайын.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу

Қазақстандағы өзекті істің бірі– жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін шынайы еңгізу. Бұл бағытта сең әлі қозғалмаған. Мәселен, Оңтүстік өңірде 15-20 мың адам, тіпті 40 мың адамға дейін тұратын ауылдар бар. Олар Солтүстіктің кейбір аудандарынан, қалаларынан да үлкен. Аудан, қалалардың өз мәслихаты бар. Ауыл округтары әкімдерінде шағын бюджет бар. Кез-келген басқару деңгейінде бюджеті болғандықтан өзінің халық сайлаған алқалы органы болуы керек. Ол орган ауылда 8-9 адамнан тұрса да жетеді. Бірақ олар ауыл тұрғындары атынан бюджет қабылдау пәрменіне ие болуы тиіс.

Осылайша елімізде өзін-өзі басқару жүйесі толық енген кезде ғана елді мекендердегі тұрғындар өзіне қажетті нәрсені шеше алады. Мәселен бір ауылда бүгінгі күні ең өзекті мәселе – ауыз су дерлік. Ал жоғарғы жақтан қаржы бөлінгенде жолға бөліп жіберуі мүмкін. Астанада отырған билік өкілдері әр ауылға бірінші кезекте нендей нәрсенің қажет екенін анық біле бермейді. Ал ауыл тұрғындарынан құралған мәслихат жұмыс істейтін болса, онда олар өз ауылына не қажет екенін талқылау жасау арқылы шешер еді. Мысалы, еліміздегі бір елдімекенде ең өзекті мәселе мектеп делік. Ал, бұл елдімекеннің басшысы жоғары жаққа барғанда аталған елдімекеннің бар мәселесін тізіп барады. Ал биліктегілер болса, қаржыны көпір жөндеуге бөлуі мүмкін. Бұл шешімді билік өкілі көпір жөндейтін таныстары көп болғандықтан қабылдай салуы да ғажап емес. Өз ауылына тап қазір не қажет екенін білетін ауыл маслихаты қаржыны дұрыс пайдаланар еді

Сол үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу үшін барлық елд імекендерде мәслихат енгізу керек. Қалада мәслихат болып, ауылда болмауы – Конституциялық дискриминация. Сонымен қатар, елді мекеннің деңгейіндегі әкімдерді сайлау керек.

Еңбеккер абыройын қорғау

Сондай-ақ алдағы 2-3 жылдың көлемінде шынайы кәсіподақтар құруды қолға алуымыз қажет. Шынын айту керек, бізде соңғы 15 жылда инвестиция тарту үшін еңбеккерлердің құқығын екінші кезекке ысырып, бірінші кезекке жұмыс берушілер яғни, инвесторлар мүддесі қойылды. Қазір заңнамада жаңа мүмкіндіктер бар.

Мысалы 2007 жылы қабылданған еңбек кодексінде еңбеккерлердің құқығын қорғаутетіктері күшейтілген. Аталған кодекстегі шешуші жаңа ұсыныстар, жаңа мүмкіндіктер «Ақ жолдың» 20-дан астам ұсынысы арқылы енгізілді.

Мысалы, «Ақ жолдың» ұсынысымен салалық келісімшартта міндетті болатын сұрақтардың тізімі бекітілді. Бұрын мұндай міндетті сұрақтар деген болмайтын. Аталған міндетті сұрақтардың ішіне салалық көтермелі коэфицент дегенді енгіздік. Салалық келісімшартқа қатысудан бас тартқан шетелдік компаниялар болса, олардың бәріне сол келісімшарттың баптары қолданылады деген бапты еңгіздік. Бұрындары кейбір ірі алпауыттар бекітілген келісімшартқа қатысудан бас тартатын болса, ендігі жерде ешбір компанияның олай жасауға құқығы жоқ. Тағы да бір енген «Ақ жолдың» ұсынысы –әр кәсіпорындағы ең жоғарғы және ең төменгі жалақының ара салмағын кәсіподақтар арқылы бекіту. Бірақ осы тиімді ұсыныстарды жүзеге асыруда. Үкімет те әлі күнге дейінбелсенді емес. Олар үшін үйреншікті кәсіподақ тиімді болып отыр. Өйткені ол кәсіподақ биліктің айтқанынан шыға алмайды.

Үкімет, кәсіподақ, жұмыс беруші деген үш бұрыш болатын болса, осылардың арасында тепе-теңдік сақталуы керек. Егер де кәсіподақ басшылары үкіметке қарай бұрылып кететін болса, онда ол жұмысшыларды жұмыс берушілерге жығып береді деген сөз. Үкімет өз кезегінде тепе-теңдік ұстауға мүдделі болуы керек. Шынын айту керек Үкімет тепе-теңдік ережесін сақтамайды. Себебі Үкімет инвестиция құйылса болды, Президенттің алдында да, елдің алдында абыройлы боламын деп ойлайды. Ұзақтан бағалай білсе, ұлт мүддесін ойласа еңбекті, еңбеккерді белсендірек қорғар еді.

Осы тұрғыда бір мысал келтіре кетуге болады. Мәселен, өзімнің туған жерім – Жезқазғандағы «Қазақмыста» мыстың бағасы осыдан 15 жыл бұрын 900-1000 долларға дейін түсіп кетті. Қазір 6500-7500 долларға дейін көтерілді. . Бірақ «Қазақмыстағы» орташа айлықтың көлемі республикадағы орташа айлықтың көлемінен аспайды да. Ал, кәсіподақ ұйымы осы мәселені көтерейін десе, оларды басып тастайды. Бұрынғы облыс әкімі болса, кәсіподақ ұйымын басып тастағанды жетістікке санаған. Бұл халықтың болашағына балта шабу болып табылады. Егер кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жанданатын болса, еңбек құнды болуына ықпал етер еді.

Балама пікір –әлеует көрсеткіші

Тағы бір өзекті мәселе - сөз бостандығы. Біздің елімізде халықтың 2 пайызы оқитын бірде-бір басылым жоқ. Ең үлкен тиражды басылымдардың өзі осыған жетпейді. Ал, көп тиражды басылымдар негізінен саясатпен, қоғамдық оймен жұмысы жоқ сары басылым қатарындағылар. Бұл тұрғыда бұқаралық сипатта халыққа әсер ететін ең күшті құрал - теледидар. Өкінішітісі сол - соңғы уақытта теледидарда балама пікір айтуға жол жабылғандығы. Қазір саяси емес тақырыптардың өзін қозғау қиын болып қалды.

Біз тәуелсіз ел болғандықтан, БАҚ-да ел мүддесіне сай балама пікірді халыққа жеткізуге жол ашуымыз қажет. Өйткені ұтымды пікірлер елдегі жасөспірімдерге де, ойлы азаматтарға да, тіпті биліктің өзіне де қажет. «Сын түзелмей, мін түзелмес» - деген қазақ. Ендеше балама пікір – ел әлеуетінің көрсеткіші.

Сонымен қатар теледидар арқылы әлемге Ресей көзімен емес, өз көзімізбен қарау үшін жетекші арналар мен басылымдардың әлемнің негізгі аймақтарында тілшілері болуы шарт.

«Ақ жолдың» партияаралық кеңесте талқыланған негізгі ұсыныстарының бірі –телеарналардағы хабарлар арқылы халыққа ашық пікір жеткізу болатын. Бұл ұсыныс партияаралық Меморандумда өз орнын алды. Бірақ билік бұл ұсынысты қолдаудан қорқып отыр. «Нұр Отанның» бұрынғы басшылығының кезінде телеарналар арқылы ептеп пікір айту мүмкіндігі бар еді. Ал, «Нұр Отанның» қазіргі басшылығы болса құдды бір ЕҚЫҰ-ның саммитіне қарсы жұмыс жасап жатқан сияқты. Себебі олар өз еліміздің ішінде бітімгершілік, мәмілегерлікті жүзеге асыра алмай отыр. Бұл дегеніңіз - саммиттің негізгі тақырыбының бірі ғой. Ендігі жерде «Нұр Отанның» басшылығы ойлануы керек. Жоқ әлде осындай кері кеткен тірліктерді осындағы ЕХЫҰ мүше мемлекеттер елшіліктері көрмейді деп ойлайды ма? Егер «Нұр Отан» шын мәнінде қазақ деген халықтың әлеуеті үшін жұмыс жасап жатқан болса, ел алдында басқа партия өкілдерімен пікірталасқа шығудан қорықпасын.

Саммит өтті делік. Одан кейін құжатты жүзеге асыру жұмыстары жүргізілетіні сөзсіз. Қазақтанның биылғы жылы төрағалығы біткенмен, келесі жылы үштіктің құрамына енетіні белгілі. Бұл саммиттің құжаттары Астана декларациясы, Астана меморандумы деген атпен қалатындықтан, біз қол қусырып қарап отырмай, ондағы көрсетілген істерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек етуіміз қажет. Ал, ол шешімдердің ішінде адам құқығы, демократия, әділ сайлау жүйесі турасында сөз қозғалатыны да анық. Ендеше саммиттің Қазақстанға берері мол. Оны ала білу – билік пен қоғамға сын.