ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ ДАУ ӨРШІП ТҰР

0
1298

d0bad0bed182d0b5d0bbd18cd0bdd18bd0b9

Қадым замандардан бері тарихтың түрлі теперішін басынан өткерген Түркістан алты алашқа ортақ алтын бесік болған десек, артық айтқандық емес. Бүгінде Түркістанды рухани астанамыз деп үкілеп жүрміз. Көне қала орта ғасырда-ақ мәдениет пен білімнің орталығына айналғаны белгілі. Алтайдан Дунайға дейінгі аралықты мекендеген халықтардың құт мекені болған. Өркениеттің өрісіне жол ашқан, тарихы терең Түркістан тіршілік үшін түрлі тайталастың қанбазарына да айналды. Сөйте тұра, орта ғасырдың өзінде-ақ қазақтың рухани астанасы болғаны мәлім. Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» атанған Түркістанды ұрпақтан ұрпаққа аманаттап жеткізіп отыру оңай болмаған. Рухани астанамызды ойрандағысы келген жаулар қалаға сан рет шапқыншылық жасаған. Алланың қолдауы шығар, Түркістан бәріне төтеп беріп, қазақтың еншісінде қалды.

  Бабаларымыздан қалған жәдігер қала – Түркістанның бүгінгі жағдайы бізді де толғандырады. Тіпті кейде ашындырады. Олай дейтініміз, ғұлама дәруіштеріміз бен айбарлы хандарымыз жерленген, күллі Тұран жұртына пана болған аруақты қаланың киесінен қорықпайтындар жетерлік екен… Сонымен…

 

КЕЛІСІМШАРТ НЕЛІКТЕН    СОТҚА СҮЙРЕДІ?

 

 

2007 жылдың шілде айында халық­ты әлеуметтік қорғау мақсатында, коммуналдық меншіктегі нысандардың құрылысын жүргізу үшін, Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) Құрылыс департаменті «Мемлекеттік сатып алу» байқауын өткізеді. Байқауға облыстағы сегіз жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) қатысқан. Нәтижесінде 971 200 032 теңге ұсынған «Бейбіт құрылыс» ЖШС жеңімпаз атанады. Қазандық құрылысының 2006-жылғы ағымдық бағадағы белгіленген құны 1 111 601 300 теңге болатын. «Бейбіт құрылыс» ЖШС ұсынылған бағаны 140 400 000 теңгеге арзандатады. 2007- жылдың 17-шілдесінде байқау комиссиясы №22А хаттаманы түзіп, осылайша жеңімпазды анықтайды. Сөйтіп 2007-жылдың 25- шілдесі күні, Түркістан қаласының Құрылыс бөлімі мемлекеттік мекемесі (сол кездегі бастығы Әліпбек Өсербаев) мен «Бейбіт құрылыс» ЖШС (директоры Убайдулла Искахов) «Мемлекеттік сатып алу» туралы № 27-с келісім-шартын түзген. Екі жақ құжатқа қол қойып, мөр басқан. Алайда, 2007-жылдың 31-шілдесінде Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің бастығы «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің директорына келісім-шартты бұзу туралы хат жазады. У.Искахов тапсырысшының хатына наразы болып, ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына (МАЭС) 02.08.2007-жылы талап-арыз түсіреді. Талап-арызда келісім-шартты біржақты бұзу негізсіз екенін айта келіп, соттан құрылыс бөлімін келісім-шарт талаптарын орындауға міндеттеуді сұрайды. 13.08.2007-жылы МАЭС У.Искаховтың талап-арызын қанағаттандырып, сырттай шешім шығарған. Соттың шешіміне келіспеген Құрылыс бөлімінің бастығы Ә.Өсербаев та ОҚО МАЭС-на артынша арыз жазады. Арызында «Бейбіт құрылыс» ЖШС 971 200 032 теңге ұсынысымен жеңімпаз деп танылған баға, құрылыстың ағымдық баға көрсеткішінен төмен екенін жазып көрсетеді. Сонымен бірге, жобалау-сметалық құжатта қазандықтың жабдықтары мен құрылысты монтаждау жұмыстарының құны 2004-жылғы нарықтық бағалар құнымен есептелінгені, «Бейбіт құрылыс» ЖШС байқауда көрсетілген бағадан 140. 4 млн. теңге төмен бағаға ұсыныс жасағаны туралы айтылады. Арнайы сарапшы мамандардың пікірін ескере отырып, 971 200 032 теңгеге қазандық құрылысын толық аяқтай алатындығына күмән келтіреді. Сондықтан соттан 13.08.2007-жылғы шешімді бұзуды сұрайды. Бірақ бұл шешім сот тарапынан өзгеріссіз қалады.

Сонда келісім-шарт түзілгенге дейін, Ә.Өсербаевтың күдік-күмәнін жариялауына не кедергі болды? 971 200 032 теңге қазандық құрылысының аяқталуына толық жетпейтініне көзі жетсе, келісім-шарт түзгенге дейін қайда қарап отырған? Неліктен алдын-ала сарапшы мамандармен ақылдаспаған? Келісім-шарт түзілгенге дейін барлық жұмыстар есепке алынып, құрылыстың жобалау-сметалық құжаты мұқият зерттелген болса, аяқ астынан мұндай дау туындамас еді.

 

971.2 млн. ТЕҢГЕ БӨЛІНІП, ҚҰРЫЛЫС БАСТАЛДЫ

 

 

Сөйтіп, ә дегенде-ақ сотпен бас­талған іс екі жақтың бір-бірінен тырнақ астынан кір іздегендей қарым-қатынасымен жалғасады. 2007-жылдың 28-тамызында № 27-с келісім-шартқа №1 қосымша келісім жасалады. Келісімнің 3-тармағында ОҚО МАЭС-ның 13.08.2007-жылғы шешімін негізге алады. Екі жақ қол қойып, мөр басады. Тиісті қаржы бөлінеді. Негізгі келісім-шарт бойынша құрылыс 2009-жылдың ақпан айында бітуі тиіс болатын.

2007-жылдың қыркүйегінде құрылыс жұмысы басталып, «Мемлекеттік сатып алу» келісім-шарты бойынша 2007-жылы 211.0 млн. теңге, 2008-жылы 760 2. млн. теңге қазынадан бөлінді. Алайда нарықтық құнсыздануға байланысты 2008-жылдың 10-қарашасында ҚР Индустрия және сауда министрлігі, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, «Түркістан қаласының № 1 және № 2 шағын аудандарының 40 Гкал/сағ-қ қазандығы және жылу желілері. ЖЖ түзету» жұмыстарын бекіту туралы бұйрығы шығады. Бұйрықта құрылыстың 2007 және 2008-жылдардағы ағымдық бағадағы құны 1 798 337 060 теңге болып белгіленеді. Бастапқы сомадан айырмасы 686 735 760 теңге.

 

ТАПСЫРЫСШЫ МЕРДІГЕРДІҢ ЖҰМЫСЫНА ҚАНАҒАТТАНБАДЫ

 

2

009 жылдан бастап тапсырысшы мердігердің жұмысына қанағаттанбай, Түркістан қаласының сол кездегі әкімі Бейбіт Сыздықов пен «Бейбіт құры­лыс» ЖШС басшыларының арасында келіспеушіліктер туындайды. Тағы да құжаттарға көз салайық. Б.Сыздықов 12.06.2009-жылы ОҚО-ның сол кездегі прокуроры М.Ахметжановқа жолдаған хатында: «қазандық құру жұмыстарын жүргізуге материалдық-техникалық базасы жоқ, мамандары тіптен жетіспейтін «Бейбіт құрылыс» ЖШС алған міндеттемелерін аяғына дейін жеткізбей, созбалаңдыққа салып, жұмыстарды қосалқы мердігерлер арқылы жүргізіп, қала әкімдігінің араласуымен тек бір қазандықты іске қосып, Түркістан қаласы тұрғындарының қысқа дайындық жұмыстарымызға үлкен күмәнін тудырды. «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің бұл жұмысты аяқтай алатындығына күмән келтіріп, берілген талап-арызды ОҚО МАЭС қанағаттандырмай тастады» дей келіп, прокуратура тарапынан қадағалау жүргізуді сұрайды.

«Мемлекеттік сатып алу» байқауы комиссиясының № 22А хаттамасында: «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес келеді», деп қорытындыланған. Әкімнің хаты мен байқау қорытындысының қарама-қайшы келуі екі жақтың арасында даудың туындағанын дәлелдейді. Әрине, дау жүрген жерде қашанда айтыс-тартыс үдеп жатады. Өнбес дау жұмысқа да кері әсерін тигізері сөзсіз.

 

ҚАЙТА ӨТКІЗІЛГЕН   ТЕНДЕР ІСКЕ АСПАДЫ

 

 

Даудың бір ұшы 2009-жыл­дың 5-маусымында «Ау­мақтық жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлаудың ұлттық бағдарламасын жүзеге асы­ру» мақсатында, ОҚО Энер­ге­­ тика және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының (ЭжКШБ) ұйымдастыруымен, «Түркі­стан қала­сының № 1 және № 2 мөлтек­аудандарын жылумен қамта­масыз ету үшін 40 Гкал/сағ-қ жылу қазандығын салу бойынша, «Мемлекеттік сатып алу» байқауын қайта өткізуге тіреледі. Байқау өткізіліп, қорытындысында: «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес келмейді, қазандық нысанын монтаждауға лицензиясы жоқ», деп көрсетіледі. У.Искахов байқау қорытындысына наразы болып, ОҚО МАЭС-на тағы да талап-арыз жазып, байқау қорытындысының өздеріне қатысты шешімін заңсыз деп тануды сұраған. 23.06.2009-жылы ОҚО МАЭС «Мемлекеттік сатып алу» байқауын ұйымдастырушы ОҚО ЭжКШБ-ның «Бейбіт құрылыс» ЖШС-не қатысты қорытындысын негізсіз деп таниды, У.Искаховтың талап арызын қанағаттандырып шешім шығарады. Шешімде көрсетілгендей, қазіргі ОҚО Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты, төтенше жағдайлар мен өндіріс қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау басқармасында, 18.09.2008-жылы аталмыш қазандықтың № К- 928 және № К-929 санды паспорты тіркелген. Бұл тек қазандық жұмысының гидравликалық тіркеуден өткенін растайды және жабдықтардың қауіпсіздігін тексеруге рұқсат береді.

Ал 23.06.2009-жылғы шешімге қарсы ОҚО ЭжКШБ 07.07.2009-жылы ОҚО-тық сотының азаматтық істер алқасына апелляциялық шағым жазған. У.Искахов бұл шағымға да қарсылық білдіріп, ОҚО-тық сотына наразылық хатын жолдайды. Сөйтіп 22.07.2009-жылы судья М.Амиров төрағалық еткен сот ОҚО ЭжКШБ-ның шағымын қанағаттандырмайды. ОҚО МАЭС-ның 23.06.2009-жылғы шешімі өзгеріссіз қалады.

 

451.0 млн. ТЕҢГЕ БӨЛІНІП, ҚҰРЫЛЫС ЖАЛҒАСТЫ

 

 

Ә лқисса, сөйтіп, МАЭС-ның 23.06.2009-жылғы шешімі негізге алынып, Түркістан қаласы құрылыс бөлімі (бастығы Абдусамат Исрайлов) мен «Бейбіт құрылыс» ЖШС (директоры У.Искахов) арасында 25.07.2007-жылғы № 27-с келісім-шартына қосымша 10.08.2009 жылы № 2, 11.08.2009-жылы № 3 келісімдер түзіледі. Қосымша келісімдерде көрсетілгендей, республикалық бюджеттен 301 932 247 теңге, облыстық бюджеттен 147 626 070 теңге бөлінеді. Мердігерлер қазандық нысанындағы № 1 және № 2 қазандықтарды монтаждау жұмыстарын аяқтаған соң, мемлекеттік қабылдау комиссиясының қабылдау актісі жасалынбаса да (құрылыс толық аяқталмағандықтан мемлекеттік қабылдау комиссиясына өткізе алмайды), 2009-жылдың 5-қарашасы күні қала әкімінің басшылығымен, № 1 және № 2 мөлтекаудандарға жылу беру мақсатында қазандықты іске қосады. 65 көпқабатты үйдің тұрғындарына жылу беріледі.

 

ҚҰРЫЛЫС ТОЛЫҚ АЯҚТАЛМАЙ, 235.0 млн. ТЕҢГЕ ДАУ ТУДЫРДЫ

 

 

Ал жобалау-сметалық құжат бойынша көп қабатты үйлерге ыстық су беретін бойлерлік жүйе салынбаған, яғни қазандықтың құрылысы толық аяқталмаған. Бас мердігер «Бейбіт құрылыс» ЖШС №2 (10.08.2009ж.) және № 3 ( 11.08.2009ж.) келісімдер бойынша бөлінген 451 772 000 теңгеге қазандық құрылысының барлық жұмыстарын 2009-жылдың 1-қарашасына дейін аяқтауға міндеттенген. Бірақ құрылыс толық аяқталмайды. Енді құрылысты толығымен аяқтау үшін тапсырысшыдан қалған сома 235 562 000 теңгені сұрайды. Осы тұста тапсырысшы тарапынан қаржы берілмеген соң, У.Искахов ОҚО МАЭС-на 29.10.2009-жылы тағы да талап-арыз түсіреді. Бірақ бас мердігердің талап арызына арқау болған 235.0 млн. теңгенің дауы әлі күнге дейін діттегеніне жете алмауда… Өйткені екі тараптың арасында қайтадан сот процесі жүріп жатыр.

 

ҚОСАЛҚЫ МЕРДІГЕРЛЕР «БЕЙБІТ ҚҰРЫЛЫС» ЖШС-ін СОТҚА БЕРДІ

 

 

Сот құжаттарында көрсетіл­гендей, 2009-жылдың аяғына таяу қазандық жұмысына қатысқан қосалқы мердігерлердің бірі – «Югсантехмонтаж» АҚ келісім-шарт бойынша атқарған жұмыстары үшін, «Бейбіт құрылыс» ЖШС басшыларынан, тиесілі 130 435 723 теңгесін даулап, ОҚО МАЭС-на арыз түсіреді. 04.12.2009-жылы МАЭС арызды қанағаттандырып шешім шығарған. Бірақ У.Искахов қосалқы мердігерге бұл соманы төлей алмайды. Қазандық құрылысына қатысқан өзге қосалқы мердігерлер – «Обелиск» ЖШС және «Юсталькон» ЖШС де еңбекақыларын талап етіп сотқа арызданады.

 

СОТ ОРЫНДАУШЫ ҚАЗАНДЫҚ МҮЛІКТЕРІНЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ

 

Мүлікке тыйым салу туралы сот орындаушысының 13.01.2010-жылы қаулысы шыққан. Әрине, сот орындаушылар сот шешімдерін орындау үшін қаулылар шығаратыны белгілі. Оған дейін 26.11.2009-жылы Түркістан қаласының әкімі Қайрат Молдасейітовтың қаулысымен және 30.11.2009-жылы арнайы құрылған комиссия мүшелерінің хаттамасымен, қазандық нысаны Түркістан қаласындағы «Жылу» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (МКК) беріледі. Комиссия құрамында болған У.Искахов та хаттамаға қол қояды.

Сот орындаушының қаулысында, ҚР АК 651-бабының 4-тармағындағы: «Аяқталмаған құрылыстың иесі оны тапсырысшыға тапсырғанға дейін және оған төлем жасалғанға дейін мердігер болып табылады» деген заң назарға алынады. Ал қазандық нысанының бас мердігері «Бейбіт құрылыс» ЖШС. Әттеген-айы, ҚР АК 651-бабының 4-тармағында құрылысқа қаржы құюшының, инвестордың құқығы туралы айтылмаған. ОҚО МАЭС-ның 27.10.2009-жылы шыққан, «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің мүліктеріне тыйым салу туралы орындау құжаты негізінде, ОҚО соттар әкімшісі Абай аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысының 13.01.2010-жылы шығарылған қаулысында: «Югсантехмонтаж» АҚ-ның пайдасына 130 425 723 теңге, «Обелиск» ЖШС-нің пайдасына 8 816 505 теңге, «Юсталькон» ЖШС-нің пайдасына 7 858 594 теңге өндіру үшін қазандық мүліктеріне тыйым салу туралы айтылады. Қаулының 2-тармағында тыйым салынған нысанның жабдықтарын өзге тұлғаға беруге, нақты әрекеттер жасауға, борышкер «Бейбіт құрылыс» ЖШС-не тыйым салынатыны туралы да айтылады.

Осыған орай, ҚР АК-нің 118-бабы бойынша, меншік құқығы мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап пайда болатынын айта кеткіміз келеді.

«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» дегендей, ҚР АК 651-бабының 4-тармағы сот шешімімен қазандықтың шаңырағын әлсін-әлсін шайқап бақты. Құжаттарға сүйенсек, «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің қазандық нысанына меншік құқығы тіркелмегендігі туралы, Түркістан қаласы әділет басқармасының бастығы Ғ.Қ.Абдихановтың, Түркістан аумақтық сот орындаушылар бөлімінің бастығы С.М.Ахатаевқа жазған 14.01.2010-жылғы хаты растайды. Қазынаның миллиондаған қаржысына салынған нысандарды мердігерлер «меншіктеп» ала беретін болса, онда заңға жарыған екенбіз.

 

СОТ ОРЫНДАУШЫ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН МҮЛІКТІ САТУҒА   ҚАУЛЫ ШЫҒАРДЫ

 

 

Қайтадан сот орын­даушы­лар­дың қаулысына оралайық. ОҚО МАЭС-ның 27.10.2009-жылы шығарылған орындау құжаты негізінде, 02.02.2010-жылы аға сот орындаушысы миллиондардың дауына байланысты кезекті қаулы шығарған. Қаулыда сотқа арызданып, тиесілі қаржыларын ала алмай жүрген қосалқы мердігерлер – «Югсантехмонтаж» АҚ, «Обелиск» ЖШС және «Юсталькон» ЖШС-нің қаржыларын тыйым салынған мүлікті сату арқылы өндіру туралы айтылады. Борышкер «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің төлеуге қаржысы болмауына байланысты, қазандықтың тыйым салынған мүліктері сатылатынын, Түркістан қаласы құрылыс бөліміне, ОҚО ЭжКШБ-на хабарлау туралы да айтылады.

Аға сот орындаушысының осы қаулыларына наразылық білдіріп, А.Исрайлов 10.03.2010-жылы Шымкент қаласы, Абай аудандық сотына арыз жазады. Арызда көрсетілгендей, соттан аға сот орындаушысының 13.01.2010-жылы шығарған қазандық мүліктеріне тыйым салу туралы және 02.02.2010-жылы шығарған тыйым салынған қазандық мүліктерін сату туралы қаулыларын заңсыз деп тануды сұрайды.

 

СУДЬЯ ҚАЗАНДЫҚ МҮЛІКТЕРІН ТЫЙЫМНАН БОСАТТЫ

 

 

Шымкент қаласы, Абай аудандық сотының судьясы М.Парменов 26.03.2010-жылы шығарған шешімінде, қазандық пен жылу жүйесінің жабдықтары қазынаның қаржысына салынғанын айта келіп, аға сот орындаушысы К.Жапарбекованың 13.01.2010-жылы шығарған, аталмыш қазандық мүліктеріне тыйым салу туралы және 02.02.2010-жылы шығарған, 130 425 723 теңге көлемінде қазандық мүліктерін сату туралы қаулыларын заңсыз деп табады. Оған ҚР қазіргі заңының 40-бабын негізге алады. 40-бапта: борышкердің меншік құқығына жататын мүлкіне тыйым салынуы мүмкін, деп жазылған.

А.Исрайловтың арызын қанағаттан­дырып шешім шығарады. Сөйтіп 30.03.2010-жылы Түркістан аумақтық сот орындаушылар бөлімінің сот орындаушысы П.Жадигеров қазандық нысанын тыйымнан босату туралы қаулы шығарған. Алайда, ОҚО соттар әкімшісі Абай аумақтық бөлімінің тағы бір сот орындаушысы ОҚО МАЭС-ның 27.10.2009-жылы шығарылған орындау құжаты негізінде, 08.06.2010-жылы қазандық мүліктеріне 130 425 723 теңге көлемінде тыйым салу туралы және 14.06.2010-жылы тыйым салынған қазандық мүліктерін сату туралы қайтадан қаулылар шығарған.

Бұл істе қаржы үшінші жақтан, яғни қазынадан келіп жатқаны, тапсырысшы да, мердігер де «Мемлекеттік сатып алу» заңы бойынша, келісім-шарт жасау арқылы, коммуналдық нысан құрылысын жүргізушілер екені ескерілмейді. Неліктен?

Міне, солқылдақ заң біраз келеңсіздікке жол ашқанын байқаған боларсыздар. Қазынаның қаржысына салынып жатқан, мердігердің жекеменшік мүлкі ретінде тіркелмеген нысанға тыйым салуға, сатуға, ҚР АК-нің 651 бабының 4-тармағындағы заң айқын жол көрсетіп тұрса, заңгерлер қарама-қайшы қаулылар шығармас еді.

Осылайша қазынаның миллиондары түрлі мекемедегі адамдарды әр түрлі әрекет жасауға сүйрейді. Біреу қарызға батады, біреу маңдайтер ақысын ала алмай пұшайман халге түседі. Үшінші біреулер біреуден біреудің ақысын заң жүзінде өндіру үшін алаөкпе болады. Бірақ халықты әлеуметтік қолдау үшін салынып жатқан құрылысты тезірек аяқтауға көбісінің бас қатырмайтынын осы даулардан байқауға болады.

 

235.5 млн. ТЕҢГЕНІҢ ДАУЫ ӘЗІРГЕ БАСЫЛМАЙ ТҰР

 

 

Б ұлай деуіміздің себебі бар. Өйткені қазіргі уақытта 235.5 млн. теңге сомадан қосалқы мердігерлер еңбекақыларын өндіріп алу үшін сотқа арызданып жүр. Құрылыстың жалпы жобалау-сметалық құны 1 798 337 060 теңге болса, барлық игерілген қаржы сомасы 1 422 000 000 теңгені құрайды. Жобалау-сметалық, салық және басқа шығындарын қоспағанда, әлі игерілмеген 235.5 млн. теңгесі бар. Осы 235 562 мың теңгенің дауы бір жылдан бері мердігерлер мен шенеуніктерді әбден шырғалаңға салды. Бүгінгі таңда «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің қосалқы мердігерлерге қанша қарыз екені белгісіз. Құрылысты жүргізуге қатысқан қосалқы мердігерлердің саны он екі. 235.0 млн. теңге бөлінсе, бас мердігер бұл сомаға құрылыстың қалған бөлігін аяқтай ма, әлде қосалқы мердігерлерге қарызын төлей ме?

 

ТҮЙІН

 

 

Киелі Түркістандағы қазандық нысаны құрылысы осылай өнбес даудың айтыс-тартысына арқау болды. Революция кезінде қолды болып, Эрмитажға экспонат болып кеткен киелі Тайқазанды ұзақ жылдардан соң, ұлт патриоттары орнына әупіріммен алып келіп қойған болатын. 19 жыл бойы сүйектерін суық сорып, қыста жылу көрмеген қала тұрғындарының маңдайына, жаураған жүректерін жылытатын жылу қазандығы бұйырып еді. Бір кездегі тайқазан сияқты оның тағдыры да шырғалаңға түсіп, шаңырағы біраз шайқалды. Халықтың рухын көтерген тайқазанның сыңарындай болып, Түркістан топырағынан орын алған жылу қазандығының ушыққан мәселесін оңынан шешіп, қалған қаржысын бөліп, құрылысты аяқтап, мемлекеттік қабылдау актісін жасап, халықтың игілігіне толық пайдалануға беруге 10-тамыз күні өткен ОҚО маслихатының сессиясында шенеуніктер уәде берді. Бас мердігерді ауыстыру мәселесі де қозғалды.

Мемлекеттің баға жетпес қазынасы – халық екені мәлім. Халыққа тиесілі мүлікті және қазына қаржысын бөлшектеуге, талан-таражға салуға ешкімнің қақысы жоқ. Кінәлілерді құқық қорғау органдары анықтай жатар.

Үш жылдан бері жалғасып келе жатқан, сот процестерінің том-том құжаттарынан көз сүрінеді. Даудың өзі құқық бұзушылықтан және жауапсыздықтан туындайтыны белгілі. Тапсырысшының, мердігердің және «Мемлекеттік сатып алу» байқауын өткізушілердің істері, терең зерттеуді қажет ететін, қарама-қайшылыққа толы шиеленіскен құбылыс. Барлық жұмыс мамандар тарапынан сауатты жүргізілсе, шенеуніктер осы мәселені шешуде біліктілік, іскерлік көрсеткен болса, дау мұншалықты өршімес еді.

Ушыққан мәселенің түйіні тарқатылған сияқты. Алайда, жүздеген жандарды сергелдеңге салған, айтыс-тартысы жүйкеге жүк түсіретін сот залындағы дау әлі мәресіне жеткен жоқ… Қалай болған күнде де, қазандық құрылысы толық аяқталып, Түркістан халқының игілігіне берілсе, елге адал қызмет етудің бір көрінісі осы болар еді.

Р. S : Хроникалық мақала арнайы сұрау салу арқылы алынған сот материалдары және Түркістан құрылыс бөлімі мен «Бейбіт құрылыс» ЖШС-нің материалдары негізінде, туған топырақтың аманатын орындау үшін жазылды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз