ЖАЛҒАН ҒАЛЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕЙІК!
2009 ж. 09 желтоқсан
2292
0
Тәуелсіз алуымызға байланысты төл тарихымызды қазақ ұлтының мүддесіне сәйкес жазуға толық мүмкіндік алғандай болған едік. Тарихшыларымыздың біразы осыны жақсы түсініп, шама-шарқынша өткенімізді қаз-қалпына келтіру үшін едәуір белсенді еңбек еткен еді. Өкінішке қарай қазақ халқының тарихи білімге деген табиғи құштарлығын қара басының қамына пайдаланатын, осылайша өзінің беделін арттыруға тырысатын азаматтар азаймай отыр. Олар бір нәрсені түсінбей қойды: тарихшы атану, математик, химик тәрізді кәсіби де жүйелі және арнайы білім алуды қажет етеді. Мұндай болмаған жағдайда сіз жазған тарих бұрмаланған, қате де қисынсыз тарих болып шығуы әбден мүмкін.
Осының нақты көрінісі Мұхтархан Оразбай атты ғалымсымағымыздың орта ғасырдағы қазақ жеріндегі «Он оқ елінен», оның ішінде дәлірек айтар болсақ, Бес түрік дулу елінен шыққан Елібай деген ақынды қытай ақыны Ли Байдың негізінде қолдан жасау әрекеті дер едік. Мұндай шектен шыққан қисынсыздық осы кезеңді көп жылдан бері зерттеп жүрген тарихшы Әлімғазы Дәулетханның мақалаларында дұрыс сынға алынған.
Түркі дәуіріндегі қазақ тарихында, дәлірек айтар болсақ, ҮІ-ХІІ ғасырлар аралығында мұндай есіміне «бай» жалғауы қосақталған тарихи тұлғалар болған емес. Адам есіміне мұндай жалғаудың жалғануы Қазақ хандығының күшейіп, малға деген жеке меншіктің нақты орнығуы орын алған ХҮІІ ғасыр соңынан бастап қана орын ала бастады. Қазақтың үш жүзіндегі кісі есімімен байланысты басты-басты 26 рулық ұрандарға тереңірек үңілген адам мұны айқын аңғара алады. Сондықтан да ҮІ-ХІІ ғасырлардағы есімі бізге жақсы белгілі Түркі қағандарының, олардың туыстары «тегіндердің», тайпалық ұлыстарды басқарған «шоралардың» ешқайсысының да есімдері «бай» жалғауымен аяқталмаған. Жоқтан бар жасау деген осы болар. Мұхтарханның бұрынғы қисынсыз, суқұйды өтіріктеріне «елім, жерім деп» Қазақстанға ентігіп жеткен шала білімді бауырларымыздың бірі ғой деп кешіріммен қарап келген едік. Енді оның елге қадірменді ақсақалдарымызды шатастыру жолына түскенін көріп, үнсіз қала алмадық. «Қасқыр терісін жамылған» Мұхтарханның қалай «тарихшы» атанып жүргенін еліміздің белгілі тарихшылары жақсы біледі. Қазақстанның тарих ғылымында Мұхтархан Оразбай деген тарих ғылымының докторы, мұндай есімді профессор оның өзі ойдан шығарып отырған ҮІІІ ғасырдағы дулулардың (дулулар Х ғасырдан бастап қана дулаттар атанғаны да есімізде болуы тиіс) жалған ақыны Елібай тәрізді өмірде жоқ. Мұндай есімді тарихшыға біздің елімізде тарих ғылымының докторы ғылыми дәрежесі берілген жоқ! Батыста да, дәлірек айтсақ Түркияда да ғалымдарға біздегідей тәртіппен тарих ғылымдарының докторы атағы берілмейді. Өйткені оларда ғылыми атақ берудің мүлде басқа жүйесі орныққан. Қазақ тарихын көпе-көрнеу бұрмалау арқылы бедел, абырой жинамақ болған Мұхтархан ініміз тәрізді алаяқтардың адымдары қысқа, олар ұзаққа бара алмайды. Біздегі айтарлықтай биік деңгейде дамыған кәсіби тарих ғылымы мұндай жалған жолбикелерге орын беріп қояды деп ойламаймын.
Ал енді біздің міндетіміз, Мұхтархан тәрізді жалған зерттеушінің шимай-шатпақтарынан аңқау да сенгіш зиялы қауым өкілдерін сақтандыру болар.
Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстанның ерте дүние және ортағасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор.
№46-47 04.12-11.12.2009 ж.