Өскеменде «қызыл империяның» салқыны әлі есіп тұр

d181d0b5d0b9d196d182-d0bad0b0d181d0bad0b0d0b1d0b0d181d0bed0b23

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,   М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі :

 

Шығыс Қазақстандағы жер-су, көше аттарын қазақшалайтын уақыт әлде қашан жетті. Өскемендегі көшелердің қазақша атауларының  аздығы шынында қарын ашырады. Өскеменге барған адам Ресейдің бір ежелгі қаласында жүргендей ала-бөтен күйге түсетіні рас.

Облыстық ономастика мекемесі тек қана әдебиет қайраткерлерін емес, ұлтымыздың бір туар тұлғаларының есіміне айталық,  Ыбырай Алтынсаринның, Әлкей Марғұлан, Шоқан Уәлиханов секілді ғұламалардың атында неге көше жоқ. Бұл егеменді елдігімізге, ұлтымызға ауыр сын. Көше аттарын ауыстыру мәселесі бұл жеңіл-желпі қарауға болмайтын, өте үлкен жауапкершілікті әрі дұрыс шешім жасауды қажет ететін ұлтжанды азаматтардың ғана қолынан келетін ұлағатты іс. Облыс басшылығы ойланып-толғанып көше аттарын қазақшалауға көшпек ниет танытып, ұлт тарландарының есімін іздеп жатса, бізге хат жазып хабарласады деген үміттеміз. Халқымыздың бірегей мақтанына айналған өшпес есімдерді әріден қозғап, бүгінге дейін тізбелеп беруге дайынбыз. Тек қолдау болса болғаны...                     

Өскеменнен «қызыл империяның» салқыны әлі күнге дейін есіп тұр. Бәріне де уақыт төреші десек те шыдамның да шегі бар екенін ұмытпаған жөн.   Дау-жанжал мен байбаламға жол бермес үшін орыс халқының көрнекті тұлғалары саналатын Пушкин, Гагарин, Гоголь, Лермонтов сынды арыстары бір-бір көше иеленуге әбден лайық. Бірақ, қала көшелерін қазақшалаудың жөні осы екен деп кім-көрінгеннің есімін тықпалау әбестік болар еді.

Осыдан 3-4 жыл бұрын Елбасы «Семипалатинск» атауын қазақша да орысша да «Семей» деп қазақша атпен қалдырғанына қазақ жұрты риза. Ендігі кезек облыс орталығының  атауын алып тастап, өзгерту керек деген ұсыныс айтар едім.