Елдігімізді батыл шешіммен дәлелдейтін уақыт жетті!..

Кәдірбек   СЕГІЗБАЙҰЛЫ,   жазушы:

«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп ақын Сара айтқандай қазақтың жақсысы болсын, жаманы болсын өзің туралы, өз тағдырың мен болмысың туралы сөз болса алдымен сөз басы өзіңе тигендей болады.

«Жас қазақ үні» газетінде белгілі журналист бауырым, дарынды ақын Қазыбек Иса Шығыс туралы бәріміз айта алмай жүрген мәселені қозғаған екен. Оқып шықтым, риза болдым. Әрине бұдан кейін қуанарыңды да, жыларыңды да білмейсің.

Қуанатының – ешқайсымыз айта алмай жүрген, Өскеменнің, Пав­лодардың, Солтүстік Қазақстан­ның өзге ұлт өкілдері жайлаған өңірлеріндегі облыстардың басын­дағы үлкен қасыретті, кеселді әңгімеге арқау еткен екен.

Өзіміз сол облыстың азаматы, төлі болғанымыз үшін Өскемен шаһарына жиі соғамыз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында бір автобус ішінен бір-екі қазақты көрсек, келіншегіміз ұл тапқандай қуанатын заманға да куә болып едік. Қазір Өскемен қаласындағы тұрғындардың жартысына жуығы қазақ екен ғой деп көңілді көншітіп жүрген жайымыз бар. Бірақ, қаланы араласақ қарынымыз ашады. Қазақстанның қаласы емес, мақала авторы айтқандай Ресейдің бір қаласында жүргеніміздей әсер алатынымыз рас болатын. Ол жөнінде сөз арасында, дастархан үстінде біраз әңгімелердің айтылып жүргенін де білеміз. Алайда, үлкен бір шындық облыстық мәслихат депутаттарының 80-90 пайызы орыс халқының өкілдері болғандықтан басқасы емес, халқымыздың мақтанышы, бір туар ақын атамыз санаған Абайдың атына көше беріп ескерткіш қою дейтін мәселенің соншалықты үлкен әңгімеге айналғанын да,  жаңағы 80-90 пайыз өзге ұлт депутаттарының да өре түрегеліп, қарсы шыққанын да жақсы білеміз.

Біздің халқымыздың рухани беделі, әдебиетіміздің пайғамбары Абай ескерткішінің бұрынғы күн көсем тұрған орынға барып орналасуы, үш-төрт көшенің болса да қазақша атауға ие болуы ең алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мырзаның ерлікке бергісіз үлкен еңбегі деп білемін.

Шығыс Қазақстанда әсіресе Өскемен төңірегінде «Георгиевка», «Алексеевка», «Андреевка» т.б. «овкалармен» аталатын әр қыраттың астындағы елді мекендердің көп болғаны анық. Бір қуанарлығы – солардың бір бөлімі өзінің тарихи атауына ие болып жатыр.

Ал, қала көшөлерін қалай қазақшалауға болады? Ол, әрине, облыс әкімінің бұйрығымен орындала салатын оңай шаруа болмаса керек. Ол үшін мәслихат депутатының құрамын қайта қарау керек болады. Қалай болғанда да жалтақшыл заман өтті. Тәуелсіз ел екеніміз рас болса, орыс не дейді, Қытай не дейді, басқалар не дейді деп жалтақтамай, өзімізге бір Алланың өзі берген құқығымызды пайдаланып, еңсе көтеретін елдігімізді батыл шешіммен дәлелдейтін уақыт жеткен сияқты.

«Жас қазақ үні» газетінің көпшіліктің ойында жүрген мәселені көтергеніне оқырман ретінде ризалық білдіре отырып, бұл мәселенің де сиырқұймышақтанып аяқсыз қалмауын тілер едім. Бұл жолда еңбек етіп, тер төгу – облыс қана емес, өзін ұлт зиялысымын деп санайтын барша азаматтың парызы деп білемін.

«Жас қазақ үні» жар салған мәселеге орай оқырмандарының Алтайдың алтын алқасы болған Өскеменге «Өр Алтай» немесе «Алтын Алтай», «Алтайкент», «Нар Алтай» сияқты аттарды ұсынып жатқанын да естіп жатырмыз. Әрине қол соғып қошаметпен құптайтын пікір деп білемін.