Өскеменді қазақшалауды Рамазан кезінде бастап кету керек

d183d0bbd18bd0bad0b1d0b5d0ba-d0b5d181d0b4d0b0d183d0bbd0b5d182

Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы, ақын,   ҚР Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты,    «Жұлдыз» журналының бас редакторы,   Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы :

Осыдан тура он жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне « Аталар қойған атаулар еліне қашан оралады?» деп шарқ ұрып жазған болатынмын. Алайда, осы мәселе өз шешімін әлі де таппағанына тағы да көз жеткізіп отырмыз. Оны «Өскемен қай елдің қаласы?» атты жанайқай мақаласымен «Жас қазақ үні» басылымы да дәлелдеп отыр. Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы бері он тоғыз жылдың жүзі болса да, мұндай мәселенің  сол күйінде жатқаны не деген масқара...

Тарихи деректер және ел аузындағы жырлар бойынша, Өскемен қаласының бастапқы аты - Домқала. Өткен ғасырда өмір сүрген Ертісбай ақын айтқан:

Ғайнолла, Ғалиолла, Халиолла,

Бұлардай ұста бар ма Семей,  Домда,- деген өлең жолдары ел аузында.   

Шығыстың бес елінің тарихын жазған  Құрбанғали Халид « Тауарих-хамсаның» («Қазақстан» баспасы, 1992 жыл) 174-бетінде былай деген: «Өскеменді қазақтар Домқала дейді. Өскеменнің орысша мағынасы «усть»- құю, судың құяр жері, «камень» - тас, тасқұйған болады. Асылы түркіден аударылған. Өскеменнің суы ескіде «тасты өзен», « тасқұйған» аталған екен. Судың орысша атауы - ульба. Өскемен атына  «горды» қосып жүр, ол «тау» дегені. Бірақ қазақтардың Дом атағаны мұнда орыс келмей, қала салынбай тұрған күнде, бұрын Дом атты кісінің қыстауы болған. Орыстар да алғаш Дом деп атағанымен соңынан өзгертті. Мұны маған айтқан Ахмет аға 1897-жылы жасы сексеннен асып кеткен.  Оның атасы Баймұрат Өскемен деп салынғанда келген келген, сонда тұрған, балалары да осында туған».        

Байқайсыздар ма, үстемдік құрған жүйенің Көкшетауды Синегорье, Аққулыны Лебяжье, Бурабайды Боровое, Шортанданы Шучье, Абылай алаңын Ясная Поляна деп аударып алу (калька) үрдісімен о бастағы Тасқұйған өзенінде тұрған Домқаламыз Усть-Каменогорск болып шыға келген. Ал, кейбір этимологтардың пікірінше, «домқала»- «дом(том)» деген түбірден тараған домалақ, домбауыл, домбыра, домбығу, домбал, домбай, т.б. сөздермен төркіндес. Шығыс Қазақстанның жергілікті тұрғындарында көлемі үлкен затты «домға» теңеу әлі сақталған: «домдай болып семірген жылқы» немесе «домдай үлкен жота». Осы тұрғыдан алсақ, «домқала» сөзінің ауыспалы мағынасы «үлкен қала» дегенге саяды. Бұл мысал бұрынғы атаулары ұмытылып бара жатқан басқа қалалар тарихында назар салуға жетелейді.

  Бұдан бір-екі ай бұрын Өскемен қаласына барғанымда, бір жағымсыз көріністің куәсі болдым. «Ботпай» тауының шыңында еліміздің көк байрағы желбіреп тұратын. Енді сол туды да көп көргендері ме түсінбедім, жыртып, сындырып тастапты. Бірде Мәскеуден келген бір топ жазушыларға Өскемен,  Қостанай, Петропавлды аралаттық. Олар болса, «Біз құдды бір Ресейді аралағандай болдық, неге қазақтың қаймағы бұзылмаған жерін көрмеске» деді.  Ресейдің қала, көшелерінің аттары, қызыл көсемдерінің есімдері Өскеменде өткен заманды әлі көксеп тұр. Осындай негіздерді қолға ала отырып, қазақ десе намысы жететін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев, облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков секілді қайраткерлер үлкен саясат ретінде, мақсат-мұрат ретінде, рамазан айында осы істің  шешімін тауып, Өскеменді қазақшалауды бастап кетеді деп сенемін. Бұндай ұлттық маңызы зор істе барлығымыз да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз деп үміттенемін.