ОН АЛТЫ МЫҢ ОҚУШЫ ОРЫСША ОҚИДЫ

d0bad18bd0b7d18bd0bbd0bed180d0b4d0b0

Қызылорда қаласындағы қаракөздеріміздің   балалары мектептерде осылай білім жатыр

 

Сырт көзге Қызылорда да мемлекеттік  тіл мәселесінде ешқандай  проблема жоқтай сезіледі. Өйткені аймақ  тұрғындарының түгелге жуығын яғни нақтылай  айтқанда  96 пайызын қазақтар құрайды. Қалғандары - кәріс, орыс, шешен және түрік халықтарының өкілдері. Олар  кешегі кеңестік кезең   тұз-дәмдес қылған  жылдардан бері бізбен Сырдың суын бірге ішіп, ауасын бірге  жұтып, бір нанды бөле жеп, ауылы аралас, үйі іргелес . Көбі осы  жерге атажұрттарындай сіңісіп кеткен. Сол  тағдырлас ағайындардың қай-қайсысының  өкілдері  болсын бұл күнде жергілікті халыққа жат емес. Бәрі тонның ішкі бауындай етене жақын, құда-құдандалы, тіпті тай-құлындай бірге өскен қаналастарымыздай бауырлас. Олармен кездесіп, амандық-түгендік сұрассаңыз сөзінің «бисмилласын» «Ассалаумағалайкумнен» бастайды. Тіпті  «отбастарың, мал-жандарың аман ба», деп  сенің іші-баурыңа кіріп кететінін қайтерсің. Айтайық, түрік қызы Гүлшіннің  әке-шешесінің  Қазақстанға көшіп келгеніне  жарты ғасырдан асқан. Соған қарамастан  олар ана тілдерін әлі ұмытпапты. Қазақ тіліне сірә қамшы салдырмайды. От басы, ошақ қасында бәрі түрікше сөйлесетін көрінеді. Бауыр еті – балаларын да  жастайынан солай  үйреткен, тәрбиелеген.

- Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы « 111- Интернационал» ауылында дүниеге келдім. Сол ауылда орысша оқып, білім алдым. Бұл кешегі қызыл империяның салқыны шығар. Әйтпесе, әке-шешем дініне берік, түріктер ғой. Жергілікті халықтың басым көпшілігі балаларын «өнер, білімнің көзі - орыста» / Абай/ деп сол тілді меңгеруге беріп жатқан соң оларда қатардан қалмайық дегені шығар, мені де орыс сыныбына оқуға берген - дейді бізбен әңгіме барысында Гүлшін Гейдарова .

-Кішкентайымнан бауырмал қазақ балаларымен бірге ойнап өскендіктен бе, құдайға шүкір, мемлекеттік тілді олардан кем білмеймін – дейді ол сөзін әрі қарай сабақтап-. Қазір мен Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетте оқытушымын. Әлем тілдері факультетінің шығыстану кафедрасында істеймін. Студенттерге дәріс беремін. Сонымен бірге осы Қызылордағы Түрік ұлттық мәдени орталығының төрайымы қоғамдық қызметін де қоса атқарамын

Ауылдағы өзге ұлт өкілдерінің еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін қазақша бұлбұлдай сайрайтыны қызылордалықтар үшін бүгінде ешкімге таң емес. Ал ескі шаһардағы орыс тілділердің егделіктеріне қарамай, тілдері икемге келмей жатса да іштегі бар қазақшасын сыртқа шығаруға асығып-аптығып жататындығы олардың бізге – қазаққа деген оң ниет пен ыстық-ықласынан дейміз.

Иә, Сыр елінде мемлекеттік – қазақ тілінде сөйлейтін, жазатын жандарды алыстан әуре болып іздемей-ақ, кез келген ауыл-қаладан, табан астынан табатыныңа еш күмәніңіз болмасын..

Халқымыздың сөз зергерлерінің бірі академик-жазушы Ғабит Мүсірепов «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деп тегін айтпаған.Сол ойды, сананы өсіретін, байытатын рухани құндылықтарымыздың бастауы негізінен қазақ тілінде. Олай болса сол басқа халықтардан айырмамызды тайға таңба басқандай еншілеп көрсетіп тұратын ана тіліміздің, ұлттық байлығымыздың ахуалы жастарға тәлім-тәрбие беретін мектептерде қалай екен? Осы мақсатпен республикада алғашқы болып мемлекеттік тілге көшкен өңірдегі Қызылорда қаласының білім беру бөліміне алдымен ат басын бұрдық. Өйткені тәрбие - тал бесіктен емес пе?.

Келген шаруамызды қалалық білім бөлімі қызметкерлерінің өзінен, яғни оның іс қағаздарынан бастадық. Барлығы басшылықтан басталады дегендей шаһардағы 50-дей мектепке ақыл айтып, жөн сілтейтін, қай жағынан да бас-көз болатын осы жер ғой.

Бөлім мамандарының құрақтай ұшып, бізге әкеліп ,алдымызға қойған, көрсеткен құжаттары- жиналыстар мен мәжілістердің қаттамаларының бәрін көзден тегіс өткеріп шықтық. Айтса айтқандай екен. Алдымызда тұрған құжаттарды оқып көргенде байқағанымыз олардың толтырылуы түгелдей дерлік ұлт тілінде екен, бастықтың бұйрықтарынан бастап. Дәліздегі, кабинеттегі қабырғаларға ілулі тұрған әртүрлі хабарландырулар, тағы басқа көзге түскен құттықтау сияқты жазулар ұжымда біз сөз етіп отырған жағдайдың жаман емес екендігін көрсетті.

Дейтұрғанмен жасыратұғын ештеңесі жоқ, істің бәрін судан ақ, сүттен таза деуден аулақпыз. Білім бөлімінің іс қағаздарымен танысу барысында бірен-саран өтініш-арыздардың, сонымен бірге есеп-санақ қағаздарының орыс тілінде жазылғандары да кездеседі..Алайда олардың кейбір қызметкерлерінің орысша сөйлегенді өздеріне үлкен мәртебе санайтындарын есепке алмағанда мемлекеттік тіл мәселесі мұнда ойдағыдай деп айтуға толық негіз бар.

Басшылықтың берген мәлі­ме­тіне сүйенсек облыс халқының үштен бірі тұратын ескі астанада мектептердің барлығы дерлік қазақша екен. Демек, қалың қазақ ұйысқан Қызылордада жас ұр­пақтың баршасы осылай білімді ана тілінде алып жатса, еліміздің өзге аймақтарына қарағанда кімнің болса да мерейін үстем етер игілікті іс қой бұл. Солай емес пе? Біздің бұлайша қуана қол соғуымыздың себебі бұрын кең байтақ кеңес заманында еліміздің күллі қала, аудандарында пролетариаттың ұлы көсемі В.И Ленин тіліндегі мектептердің кең қанат жайып кеткені тарихтан белгілі. Өйткені, «бұратана халық» өкілдерінің бәрі «күнсіздерге күн болған, жер жүзіне нұр болған»/ Жамбыл/ сол Ленин тілін - орыс тілін білмесе аштан өліп қалатындай күй кешті ғой сол кезде. Қайтсін енді. Тіпті көсем тіліне берілгендігі сонша біреулері орыстардың өзін басып озып, шаң қаптырып кетті. Ең аржағы орысша өлең жазып, қарасөзден де есе жібермедік. Ақыл айтып, ұлт үшін шырылдап жүрген кемеңгерлеріміздің өздері де ресми тілде сөйлегенді әдетке айналдырды. Бұл оларға қаралай жала жабу емес. Өтірік десеңіз көзі тірі не бұл өмірде өздері жоқ мүйізі қарағайдай ақын, жазушыларымыздың, академиктеріміздің бетке ұстар зиялы қауымдарымыздың мұрағаттарына зер салыңыз, қай тілде екен?

Ақиқатына келгенде біздің тіліміздің тағдыры - арбаның алдыңғы жағы қайда жүрсе солай қарай қарай бағыт алған соңғы дөңгелектері тәрізді болды. Әйтпесе, сол ағаларымыз о баста төрт табандап ұлтым деп жанып күйгенде тілін бұзбай, дінін сатпай, таза сөйлегенде, ана тіліміздің ахуалы мұндай деңгейге дейін төмендемес еді ғой. Біз осы өкініштің азабын әлі тартып келеміз. Осындайда өзбек айғайындардың сонау алпысыншы жылдары Алматыға келгенде «Сіздердің иттеріңізге дейін орыс болып кетіпті ғой» / Қадыр Мырза-Әлі/ деп айтқан ащы да болса әзіл-қалжыңы мойындайтын шындық..

  Тәуба!Еліміз тәуелсіздік алғалы дінімізде, тілімізде еңсе көтеруде. Орыс тілді мектептердің бұл күндері көбі жабылып, барларының сыныптары қысқаруда. Керісінше ұлт мектептерінің қарасы көбеюде.

Дейтұрғанмен бұнымен мемле­кеттік тілде оқыту мәселесі Қызылорда да түпкілікті шешілген деуге аузымыз бармайды. Бұған себепті әсіресе қала мектептерінен іздесең алыстан емес, табан астынан табасың. Олай дейтініміз мұнда орыс мектебі арпа ішіндегі бір түйір бидайдай жалғыз болғанымен білім беріп жатқан мектептердің барлығының тілі қазақшаның аулынан әлі алыстау.ма деп қалдық. Оқу ұяларын аралап, сыныптарға кіріп, дәрістердің тілдеріне назар аударып қарасаңыз, көпшілігі әлі сол баяғы қалпы, орыс тілінен ажырамаған. Оның үстіне партада отырғандар кімдердің балалары деңіз - барлығы дерлік өзіміздің қазақтың қаракөздері. Бұл сөзіміз өтірік десеңіз мына мәліметке назар аударыңыз .

Жалпы қаладағы 49 мектепте 1624 қазақ сыныбы бар. Бұл мектептердің 632-сі орыс сыныптары . Ал оларда оқып жатқан күллі 41468 оқушының 25472 –і ғана таза қазақ тілінде оқып жатыр. Қалғандары - 15996-сы орыс сыныбында білім алуда. Қараңыз, айырма азғантай. Егер осылай кете берсе орысша оқып, орысша сөйлеп, ана тілінде тек былдырлайтындардың қатары жылдан жылға көбеймесе азаймайтыны айтпаса да белгілі болып тұр.

Жағдайымыз осылай бола тұра алқалы жиындарда «бізде мемлекеттік тіл мәселесінде проблема жоқ, өзгелерге қарағанда көш ілгеріміз» деп кеуде керіп мақтанамыз. Бұл өтірік емес қой. Ал жоғарыдағы 16 мыңдай баланың қай тілде оқып жатқанына неге көз жұмып қараймыз? Білсек те білмегендей болып отырмыз. Несін жасырайық, сол сыныптағылардың көбі биліктегілердің балалары. Бұларың қалай, мұның алдын алайық деп бас қатыруға да асықпайтынымыз да сондықтан. Бірақ, мақтануға ұялмаймыз. Осылай мектептердегі оқушылардың жартысына жуығы орысша білім алып жатса, ол солай жалғаса берсе бұған кім кінәлі? Биліктегілер ме, жоқ әлде мектеп басшылары ма? Кім, кімдер?..Әрине,бәріне тек өзіміз, тек қана өзіміз кінәліміз. Басқа ешкім емес.

Өмір деген қызық. Сырттағы, алыс-жақын шет елде жүрген қандастарымыз «Балаларымызды қазақша оқытқымыз келеді. Бізге кітап жіберіңдер» деп алыстан мойындарын созып, қол бұлғайды. Ал Қазақстандағы, атап айтсақ Қызылордадағы кейбір қазақтар керісінше орысша шүлдірлегендерін өздеріне әлге дейін үлкен мәртебе, мақтаныш санайды.. Сонда жауға салса ақ алмастай қиып түсер ұлттық тіліміз кімге керек ? Тек сырттағы қазақтарға ғана ма?Әлде ұлт тілі үшін күресіп жүрген санаулы тұлғаларға ғана ма?

Біз барған қалалық білім бөлімінің басшылары естіген жанның көңілін құлазытатындай келеңсіздіктерден хабары болып, мән-жайды толық білгенімен өз қолдарын өздері кесе алмайды. Тек бөлімдегілер ғана емес, мектеп директорлары да солай. Бұған себеп - «балаларыңды неге қазақша сыныпқа оқытпайсың» деп ата-аналарды есіктен кері қайтара алмайды олар. Оған олардың құқығы жоқ көрінеді.. Осыны біліп алған пысықай кейбір ата-аналар өздерінше «баламды қай тілде оқыту- өз еркімде. Бұл менің конституциялық құқым» деп, жүздері шімірікпейді екен..

-Оу, халайық,бұл қалай? Өзге елде емес өз елімізде, өз жерімізде өз перзенттерімізді өз ана тілінде - қазақ тілінде оқытуға арланатын болғанымыз ба, сонда ? Бір ауыз сөзді басымыздан асырмайтын, сол үшін өліп-тірілетін ар-намыс қайда,? Егер біле білсек сол жұрттың бәрі білетін, үлгі тұтатын Ата заңымыз - Конституциямызда ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау, қорғау- - әрбір қазақстандықтардың басты міндеті деп те тайға таңба басқандай етіп айтылған емес пе? Әлде қазақша оқыған балалардың сауаты орысша оқығандардан кем бе.? Яки болмаса «сен қазақша оқығансың, әрі тұр» деп өңменінен итеретіндей біреулер бар ма екен оларды?

– Қазақша оқыған бала­ның білімі,ой өрісі орыс сынып­тарындағыдан кем дегенді кім айтып жүр, ол бекер сөз. Сенбейтіндер болса тек қаладағы мектептерден ғана емес аймағымыздың кез келген қазақ сыныптарындағы балаларының сауатын бақыласын, тексерсін, көздерімен көрсін,қалай екенін - дейді Қызылорда гуманитарлық колледжінің ардагер ұстазы Сексенәлі Раханов. - Мен мектепті ауылда оқыдым, жоғарғы білім алдым. Одан бір жерім кеміп, көштен қалғаным жоқ. Біраз қызметтер атқардым. Жалғыз мен бе осылай оқыған? Халқымыздың қаншама ұлы тұлғалары бар тарихта? Бәрін жіпке тізейік пе?

  Жөн.пікір. Мұны мойындамасқа хақымыз жоқ.

Осы жерде бір нәрсенің басы анық, қалай десект е ұлттық тіліміздің күллі айшықтарын орыс сыныптарындағы оқитын қаракөздеріміз жақсы біледі деу- артық. Білсе олар тек ата-аналарымен, дос-жарандарымен ауызша сөйлеп, оқуды білуі мүмкін. Ал шын мәнісіне келгенде ғасырлар бойы талайды тілімен тақырға отырғызған бабаларымыздың айшықты, сұлу сөз өнері құдіретінің қадірін біле ме олар? Олай болса халқымыздың ауызша-жазбаша шешендік өнерін қанына, бойына сіңірмегендерді ұлт жанашыры деуге, қазақ деуге бола ма?

  -Өз басым ана тілін білмейтін кейбір қазақтарға жаным ашиды. Неге олар өз елінде жүріп, өз ана тілінде сөйлемейді? Соған таң қаламын.- дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті орыс қызы Елена Рыбина. Бұл-көкейге қонымды, ақылмен мойындайтын, еттен емес сүйектен өтетін сөз

Қазақтың талантты ақындары­ның бірі Ибрагим Исаев

«Өз тілімде сөйлемесем,

Шөлдеп тұрған сияқтанам...

Өз тілімде сөйлемесем,

Қазақ емес сияқтанам» ..дейді. Көкейдегі сөз емес пе? Жолың түсіп , басқа жаққа, мәселен шет елге барғанда, орысша - өзге тілде сөйлеп тұрсаң «мен-қазақпын» дегеніңе олар сене ме? Сенбейді ,әрине. Сондықтан да айтар сөзіміздің тобықтай түйіні - мен -сөйлемесем қазақша, сен- сөйлемесең қазақша, сонда кім сөйлейді қазақша?! Бұл басқалардың алдында жанға батпай ма, қаракөздер-ау?!

 

Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ.

     Қызылорда қаласы