ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ (Қытай сапарынан естелік)

(Жалғасы. Басы өткен санда)

 

Шынжаң телевизиясында аударма фильм жасау орталығының ашылуымен кино-фильм аудару ісі де кемелдене түсуде.

Қытай тілінен қазақшалаудан  тыс арабшадан қазақшалау немесе қазақшаны қытайшалау жағына да белгілі еңбектер бар. Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы «Құран кәрімді» қазақшаласа(Ұлттар баспасы, 1990 ж), сібе ұлтынан шыққан аудармашы Қабай Абай шығармалары мен «Абай», «Абай жолы» романдарын қытайшалапты. Біздің қаламгердерден де Жамбыл Жабаев, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Дүкенбай Досжан, Қалдарбек Найманбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ахтанов, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан секілді біраз ақын-жазушылардың шығармалары да азды-көпті қытайшаға аударылыпты.

Кейінгі жылдардағы ондағы аударманың бір ерекшелігі әлем әдебиетінің озық үлгілері Қытай тіліне күнбе күн аударылып, Қытайдағы ұйғыр және қазақ қаламгері  оны не қытайша нұсқадан не аудармасынан оқу мүмкіндігіне ие екен. Осы арқылы қазақ жастары әлем әдебиетінің бүгінгі озық үлгілерінен өз қажеттерін тауып отырыпты.

Хайша Табаракқызы өзінің аудармадағы еңбектерін айта келіп:

- Соңғы жылдары қазақтың көптеген қаламгерлерін қытай тіліне тәржімаладым. Өткен жылы ғана «Қазақтың айтыс ақындары», «Қазақ дастандары» бастаған ауыз әдебиетіміздің алтын жауһарларын милиард халыққа жеткіздім. Менің бағытым да бақытым ұлтымның мәдениетіне, әдебиетіне қосылған қомақты байлықты хан ұлтына, солар арқылы дүниеге таныту. Маған біреудің атақ-абырой, ақшасы керек емес. Елімді сүйетін ет жүректің әмірімен еңбектене беру ғана керек, - деп ағынан ақтарылды.

Жалпы дастархан әңгімесінен біз Шынжаңғдағы қазақтардың ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, реттеп баспадан шығару ісінің де өте сәтті жүргізілгенін байқадық. 1980 жылдардан бастап, аймақ, аудан дәрежелі орындардың бәрінен ауыз әдебиеті мұраларын жинайтын арнайы қоғамдар құрылып, өнімді жұмыстар атқарыпты.

1979 жылы «Қазақ мақал-мәтелдері» (О.Қанапин қатарлылар құрастырған), 1980 жылы шыққан «Қазақ халық ертегілері» (О.Қанапин, З.Сәнік құрастырған) бұл жұмыстың бастамасы болса, «Қисса-дастандар», «Тарихи жырлар» «Батырлық жырлар» (18 том), «Ғашықтық жырлар» (8 том), «Ертегі-аңыздар» (4 том), «Шежіре» (3 том), «Тарихи айтыстар» (6 том), «Айтыстар» (6 том), «Тарихи ән-күйлер» (4 том), «Шешендік сөздер» (4 том), «Мақал-мәтелдер» (2 том) баспадан шығыпты. Бұдан сырт ауыз әдебиетін дәріптеген «Ауыз әдебиеті туралы пайымдаулар» (1984ж.), «Қазақ әдебиет тарихының таңдамалы үлгілері» (1985ж), «Қазақ ауыз әдебиеті туралы» (1985ж), «Ауыз әдебиеті тарихы» (1988ж) т.б. зерттеу еңбектері жазылыпты. Аудандардан жиналған «Ауыз әдебиетінің» төрт томы қайтадан сұрыпталып «Қазақ ертегі аңыздары»  (2002ж), «Қазақ мақал-мәтелдері» (2005ж), «Қазақ қисса-дастандары», «Қазақ өлең-жырлары» деген атпен ШҰАР-жағынан энциклопедиялық төрт том болып жарық көріпті. Біздің «Мәдени мұра» бағдарламамыз бойынша шығарылып отырған «Бабалар сөзі» ұласпалы 100 томдығының 25 томы Шынжаңдағы сол көп байлықтан көшіріліп алынып отыр. Ауыз әдебиетінің асыл үлгілерімен қатар жеткен ұлан-асыр ән-күй, өлең жір, халықтық тіл де халқымыздың ортақ қазанының қаймағын қалыңдата түскені баршамызыға аян.

«Ақбұлақ» ресторанындағы алғашқы әңгімеміздің уақыты қысқа, адамы аз болғанмен бізге берер тағылымы мол болды. Біз әңгіменің арқауына қарап отырып, ендігі жол сапарымыздың межесін де барынша айқындай түскендей болдық.

Біздің осы жолғы сапарымызға қаржылық демеу көрсетуші Алматы қаласындағы Айбын Әубәкірұлы мен Жеңіс Түркияұлы деген кәсіпкер азаматтар еді. Біздің Үрімжіге келе жатқанымызды білген Айбын Бейжіңде жүрседе Үрімжі қаласына арнайы ұшып келіпті. Қонақжайлық пейіл танытқан ол қасына Үрімжідегі серіктестігінде жұмыс атқаратын бір топ қытай азаматтарын ерте келіпті. Өздерін Асқар, Адал деп қазақша таныстыра бастаған Жаң, Шуе, Фу деген қытай жігіттерінің рулық лақамы «шапырашты», «уақ», «керей» деп аталады екен. Әңгімемізді әзілге айналдырған оларға дән риза болдық. Айбын бізге: «Қазақ тағамын күнде көріп жүрсіздер, қытай аспузылына ертіп апарып, бақа-шаян жегізейін»-деп осы қаладағы сәулетті саналған қытай ресторандарының біріне бастады. Атын «ресторан» деп атағанымыз болмаса бір жекенің иелігіндегі шығын қалашық екен. «Бақа-шаяндар» делінген теңіз өнімдерін дайындайтын арнайы ас үйіне апарғанда суда тірі сақталған неше түрін көрсетті. Әркім тапсырысын айтса болды, қолма-қол сүзіп алып дереу дайындайды екен. Тек тамақтану ғана емес суға шомылу, парға қақталу, дене массажы, көңіл ашу, емделу, демалу, қоналқа секілді сан түрлі хикіметтің барлығы да осы «қалашықтан» табылады екен. Бүгінгі қытай реформасындағы жекелердің базарға бейімделуі мен саяхатшы-қонақтарын баураудың не бір жағдайы жасалыпты. Келушілердің де аяғы үзілмейді. Тіпті біз жақтан барған бірнеше таныстарымыздың да төбесі көрініп қалды. Ер-әйел, бала-шаға дегендей бәрі-бәріне айырым-айырым жағдай жасалған.

Осы сапарға бірге шыққан медицина ғлымының докторы, профессор, Қазақстан тіс дәрігерлігі қауымдастығының президенті Мақсұт Темірбаев пен Марал Ишан әулиенің шөпшегі, Қостанайдағы егін шаруашылығының үлкен маманы, кәсіпкер азамат Темірхан Үндемесов те жақсы демалып қалғандарын білдіріп, дән ризалықтарын танытып жүр.

23 шілде күні таң ата алдын ала уағдаласқан Кәбен Сәлиұлы өз үйіне дәмге шақырды. Мақсатмыздың бірі ел көріп, жер көріп халықтың шынайы өмірімен танысу болғандықтан ақ тілекті аттап кете алдмадық. Осы қаладағы ақсақалдар қатарына қосыла бастаған Кәбен ұзақ жыл ШҰАР парткомында жауапты қызметтер атқарған екен. Әсіресе Шынжаң қазақтарының Үрімжі сынды қалаға кіріп, жұмысқа орналасуы, отырақтасуы жағында біршама еңбек еткен соң ел аузында ардақталар аға атына ие болыпты. Осы үйде бізді қарсы алғандардың ішінде белгілі кино режиссоры Мақсат Кәдірханұлы да болды. Тяьн-Шан киностудиясында ұзақ жыл дыбыс режиссері болып жұмыс атқарған Мақсаттың есімі «Көрікті мекен» киносына режиссерлік етуімен тіпті де таныла түскен екен. Біздің елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаевпен бейресми кездесуде болғанын да айтты. «Көрікті мекен» Қазақстан телеарнасында да көрсетіліп, көрерменнің оң бағасын алған-ды. Өзінің еңбек жолына қысқаша тоқталған Мақсат жақында «Гүлбике» атты фильм жасағандықтарын, оны күзде Дүниежүзі қазақтарының 4-құрылтайына тарту ретінде ала баратындықтарын да айтты.

Біз осы орайда Шынжаң қазақтарының кино-театрлары туралы да қысқаша мағлұмат алдық.

1930 жылдары кеңестік Қазақстан жағынан тамыр алған театр өнері де белгілі дәрежеде дами бастапты.

Сол жылдары Үрімжідегі қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы қарауындағы қазақ театрының артистері «Қыз Жібек» пьесасын, «Қаракөз», «Шұға» трагедиясын, «Еңлік-Кебек», «Ер тарғын», «Қалқаман-Мамыр», «Қалың­мал» және «Шаншарлар», «Алдар көсе» опера-комедияларын сахналаған екен. Бұл дәстүр Іле, Алтай, Тарбағай аймақтарында да өз жалғасын тауыпты. Айталық, қазақ театрының Алтай аймағында дүниеге келуінде ағартушы Шәріпхан Жеңісқанұлының рөлі зор болып, «Қалқаман-Мамыр», «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Шұға», «Қалың мал», «Қаракөз», «Айман-Шолпан» опералары мен трагедиялары қойылумен бірге жергілікті авторлардың «Ескі үкімет парақорлары», «Килікбай күлкі ашар», «Аюбай», «Талап» сияқты пьесалары жұртпен дидарласқан екен.

1951 жылдан бастап қазақтың ән-күйлері дыбыс таспаларына жазылып, Шынжаң халық радиостанциясынан таратыла бастапты. 1953-1954 жылдары Шыңжаңда тұңғыш рет «Қасен-Жәмила» фильмі сәтті жасалып, оған өз кезінде қытайда болған Бұхара Тышқанбаев, Абылай Түгелбаев секілді Қазақстанға танымал тұлғалар да қатысыпты. 1964 жылы «Айгүл» атты фильм түсірілсе, 1961-1962 жылдары «Сәлиқа-Сәмен» операсы сахналасыпты. Одан кейін «Тияншан қызыл гүлі», 1980 жылдардан кейін «Жетім қыздың махаббаты», «Қыз бейіті», «Сержан», «Сахарадағы Дәлеш», «Жусанды дала», «Көрікті мекен», «Гүлбике» фильмдері жасалған екен. Бұл елден Пәтиха Мәлікқызы, Мүтәліп Әміреұлы, Мүтәліп Әбдірахманұлы секілді белгілі кино актерлері, Жанар Сағатқызы сияқты танымал кино режиссорлары да шыққан екен.

1970 жылдан іске қосылған Шынжаң телевизиясы 1985 жылы 22  қыркүйектен бастап қазақ тілінде хабар тарата бастаса, 1988 жылға келгенде қазақ тіліндегі телефильм аудару-жасау ісімен де арнайы айналысқан екен. Сөйтіп, 1989 жылдан қазірге дейін Шыңжаң телевизиясының қазақ тілінде таратқан кинофильмдері 3 мың сериялдан асыпты. Бұл қомақты сандарды «Қазақстанбыз – қазақпыз» деп мақтанатын біздің елмен салыстырғанда, әрине, ұялатын жеріміздің көп екені бірден аңғарылады.

Біз Кәкеңнің үйінен шыққан соң ат басын Мори қазақ автономиялы ауданына бұрдық.

Жалпы қытайдағы қазақтарды басқаратын биліктік жүйе және автономия сөз болғанда 1949-1950 жылдан кейін ресми түрде Қытай Коммунистік партиясының басқаруына өткен қазақтар өмірінде көптеген өзгерістер болғаны анық. 1966 жылдан 1976 жылға дейінгі шалыс қадамын «төрт кісілік төбенің лаңы» немесе «мәдени төңкеріс» деп атаған қытайлар қазір «бір елде екі түзім» немесе «жұңгоша ерекшелікке ие социализм» дегенді өзінің басқару бағыты етіп, комунистік жүйеде жұмыс істеп келеді. Деседе «Жұңғоша ерекшелікке ие» деген анықтауыш қосуы қағаз жүзінде коммунистік партияның басқаруындағы социалистік түзім дегенді білдіргенімен іс жүзінде капитализмнің экеномикалық бағытын ұстанатын ел дегені екен. Яғный идеялогиясы комунистік, экономикасы капиталистік жүйемен дамып келе жатқаны көзге көрініп, санаға сіңіп тұр.

Қытай мемлекетінің қазақтарды басқару саясаты автономия түзімі арқылы іске асатын көрінеді. Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты қамтитын Іле Қазақ автономиялы облысы, Санжы хұйзу(дүңген) автономиялы облысына қарасты Мори қазақ автономиялы ауданы, Құмыл аймағына қарасты Баркөл қазақ автономиялы ауданы, Гансу өлкесіне қарайтын Ақсай қазақ автономиялы ауданы бар екен. Бұларға автономия 1954 жылы беріліпті.

Қытай халық республикасының ұлттық территориялық автономия заңы ҚХР 6-кезекті мем­лекеттік Халық Құрылтайының 2-мәжілісінде 1984 жылы 31-мамырда мақұлданып, 9-кезекті мемлекеттік Халық Құрылтайы тұрақты комитетінің 20-мәжілісінің 2001 жылғы 21-ақпандағы «Жуңхуа халық республкасының ұлттық территориялық автономия заңына өзгеріс енгізу туралы қаулысына сай» өзгерістерге ұшыраған екен.

Автономия заңында автономия алған ұлтқа қаратылған төмендегідей жеңілдіктері  бар:

9-тармақта «...әрқандай ұлтты кемсітуге және езуге тиым салынады, ұлттық ынтымақты бүлдіретін және ұлттарды бөлшектейтін әрекеттерге тиым салынады» делінсе, 10-тармақта: « ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары өз жеріндегі ұлттар да өз ұлтының тіл-жазуын қолдану және дамыту бостандығы, өз салт-сана, әдет-ғұрыптарын сақтау немесе өзгерту бостандығы болуына кепілдік етеді» делінген. Ал 11-тармақта:  «Ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары әр ұлт азаматтарының діни сенім бостандығына кепілдік етеді» делінсе, 17-тармақта: «автономиялы районның төрағасы, автономиялы обылыстың бастығы, автономиялы ауданның әкімі территориялық автономия алған ұлттардың азаматтарынан болады» делінген. Тіл мәселесіне келгенде,

21-тармақта: «Өз қызметінде жалпылық қолданылатын бірнеше түрлі тіл-жазуды қатар қолданатындар территориялық автономия алған ұлттардың тіл-жазуын негіз етсе болады» - деген сияқты көптеген тиімділіктер қарастырылыпты.

 

(Жалғасы бар)

Тұрсынбек Кәкішев,

Жәди Шәкенұлы