Мұхтар ШАХАНОВ: ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫНЫҢ РУХЫН ЖӘНЕ ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВҚА ҒАШЫҚ БОЛҒАН ҚЫЗДАРДЫ ҚОРҒАУ

1
2086

Қадірменді Мұхтар аға!

…Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бір орынбасары сіз жиі көтеріп жүрген ұлт, тіл мәселесіне кейде жасырын, кейде ашық түрде қарсы саясат жүргізіп келеді. Билік елімізді бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтқа» көшірмекші болғанда сіз аштық жарияламаққа бел будыңыз. А.Әшімов, Т.Кәкішев, М.Мырзахметов, Д.Исабеков, С.Сматай, Н.Нүсіпжанов секілді өнер, әдебиет, ғылым қайраткерлері және еліміздің өзге ұлтжанды азаматтары, барлығы 4 мыңнан астам адам, сізбен бірге аштық жариялайтындықтарын білдірді. Нәтижесінде, билікті ұлт мүддесімен санасуға мәжбүр еттіңіздер. «Ел бірлігі» доктринасынан «қазақстандық ұлт» идеясы түбегейлі алынып тасталды және доктринаға «қазақстанның әрбір азаматы міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі керек» деген сөйлем ендірілді. Бұл үлкен рухани жеңіс еді.

Бірақ облыс әкімшілігіне қарасты «Южный Казахстан» газетінде осы істеріңіздің бәрін күлкіге айналдырып, сізді тышқанға теңеген «Гора породила мышь» атты мақала жарияланды. Жұрт арасындағы гу-гу әңгімеге құлақ асар болсақ, бұл мақала жоғарыда айтылған облыс әкімі орынбасарының тапсырмасымен жазылыпты.

Егер Шымкент қаласының орталығынан аға-досыңыз Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш ашылмаса, дәл сол ескерткіш алдында Оңтүстікте туылған сазгерлер мен әншілердің аттары жазылған «Жұлдыздар аллеясы» сап түземесе және сол «жұлдыздар» тізіміне сіздің атыңыз ендірілмесе, бұрынырақта өзіңізге жасалған пенделік, ұлтсыздық шабуылдардың ұмытылып кетуі де әбден мүмкін еді.

ЮНЕСКО, бүкіл әлем мойындаған ақындығыңызды былай қойғанда, Оңтүстік өлкесінде Шәмшіден кейін халық арасында ең көп айтылатын сіздің әндеріңіз емес пе? Кезінде Ғабит Мүсірепов қазақ әндерінің классикасы деп атаған «Жұбайлар жыры» ше? «Туған күн кешінде», «Гүлдәурен», «Желтоқсан тағлымы», «Ерлер достығы», «Мен саған ғашық едім», «Рух пен тіл» т.б. әндеріңізді қалай есепке алмауға болады? Тіпті сіз сазгер ретінде 47 адамдық «жұлдыздар» тізімінің алдыңғы қатарында тұруға тиісті едіңіз. Әрине билік тарапынан өзіңізге жасалған бұл ұсақ пенделікке сіз пысқырып та қараған жоқсыз. Әлгі орынбасар сізді сөз сөйлеушілер тізімінен де сызып тастаған екен, облыс әкімінің қолдауымен Шәмшіге ғашық қыздарды қорғаған әзіл өлеңіңізді оқығаныңызда жұртқа жақсы әсер қалдырды. Осы шыншылдығыңыздан, осы әзілқойлығыңыздан танбаңыз. Қалғанының бәрі өзіңіз жиі айтатын – «картофия!»

Құрметпен, журналист ініңіз Талғат…

23 тамыз, 2010 ж., Шымкент

  (авторға жолданған хаттан үзінді)

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз