ОРАЛМАН БАЛА ТОПАС ПА?

d0bcd0b5d0bad182d0b5d0bf2

Қазақ елінің болашағы жарқын. Онда бір ғана ұлт бар. Ол - қазақ. Қалған 130-ы - диаспора. Көксеген арманды көкке көтеруге бөгет болған сұрқия заманда, ұллтық санамыз әлсіреген, оның тең жартысына жуығы ассимиляцияға ұшыраған халықпыз. Дегенмен, тәңірім бізге тәуелсіздікті бұйыртты. Ол - ұлт үшін бақыттың ең үлкені. Себебі, табиғаттың заңы бойынша жеке адамның өмірі фәниден бақиға шейін шектеулі боса, ұлттың өмірі мәңгілік болмақ. Сол себепті де ұлт өзінің мемлекетін құрып, оның саяси тәуелсіздігін нығайтып, әлеуметтік-экономикасын дамытып, рухани мәдениетін өркендетуге, өз ұлтын бір шаңырақ астында ұйыстыруға тиіс.  Сол сұрапыл заманда елінен, жерінен таса болған қандастарымыз өз отанына оралуда. Естуімізше, көптеген дамыған елде, мәселен, Германияның байырғы азаматтары өз еліне оралу үшін, алдымен тілін, әдеп-ғұрып, мәдениеті мен танысып, білісіп алғаннан кейін ғана неміс халқының ортасына шоғырлана алады екен.

Осы мәселені арнайы орган  қадағалайды. Аталмыш органның келісімінен кейін ғана, оралмандық статус беріледі. Ал біздің елімізде осындай органның болмауы салдарынан көптеген қиыншылықтарға тап болып отырмыз. Дегенмен, қазақ еліне оралып жатқан қандастарымызға тегін кеңес беретін Халықаралық құқық қорғау орталығының төрағасы Жақыпов Жәнділдә мырзаның атап өткен бірнеше мәселеге назар аударсақ:                    

 

Құжат толтыру мәселесі:

Елімізге оралып жатқан қандастарымыздың қоныс аудару жөнінде толтырылатын құжаттармен танысудың өзі қиямет-қайым. Мәселен, Қытай елінде «төте жазумен » жазып келген азаматтар, қазақша толтырылатын құжаттарды түсіне алмай дел-сал. Яғни, қазақ әліпбиімен таныс емес деген сөз. Ал мемлекеттік маңызы бар құжатты азамат өз қолымен толтыруы тиіс.

 

Тұрғын үйге тіркелу:

Жоғарыда аталған құжатты өткізіп болғаннан кейін ғана, оралмандық статус алуға кіріседі. Ол үшін тұрғын үй кітапшасына тіркелу қажет. Қазақстанда туған-туыстары болмағандары «жетім бұрышты» жағалап кететіні анық. Осы орайда, жақында Әділет министрлігі оралмандардың тұрғын үй кітапшасына тіркелу жөнінде бөлек бұйрық шығарып, оралмандардың жұмыс орнына тіркелуге толық құқығы барын бұйрықта көрсеткен болатын.

 

Жұмысқа орналасу:

Жұмысқа тұру үшін,  жұмыс берушімен келісім-шартқа отыратын кезде «жұмысқа қабылдау жөнінде» өтінішін іс-қағаз жүзінде өткізеді. Егер жұмыс беруші себеп-салдарсыз жұмысқа қабылданбайтынын мәлімдесе, оралманның бұл мәселесін ертеңгі күнге қалдырмай, жұмыспен қамтамасыз ету орталығы  не болмаса сот сол күні үкімін шығарады. Яғни, жұмыс беруші заңсыз әрекеті үшін әкімшілік жауапқа тартылады.

Жоғары оқу орнында білім алуы:

Мектеп қабырғасын өзге елде бітіріп, дайындық сыныбынан өткен балалар жоғары оқу орнына түсу жөнінде құжаттарын тапсырады. Оралмандар үшін арнайы мемлекеттік грант бөлінеді. Дегенмен, бөлінген грантқа ілесіп жүргендер саны шамалы-ақ. Өйткені, қазақ әліпбиімен таныс емес бала оқи да, жаза да алмайды. Соның салдарынан өз қатарластарына ілесе алмай, пәнді де толық меңгеріп шықпайтыны анық.

 

Мектепте былық көп...

 

Қазіргі таңда мектепте былықтың қаптап кеткеніне ешкімнің күмәні жоқ. Ақша жинау, дұрыс сабақ өтпеу, балағаттап қорлауға дейін барады.

Дамыған елдердің байлығындағы табиғи ресурстар тек 5 пайызын ғана құрайды. Ал 18 пайызы елде жүзеге асқан капиталды қамтыса, қалған 77 пайызы білімге, оны қалай және қайда пайдалануға баланысты екен.

Еліміздегі Білім және ғылым министрлігінің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 15 жастан асқан азаматтың 99,5 пайызы сауатты екен. Бүгінгі таңда Қазақстан сауаттылық деңгейі бойынша әлемдегі 177 елдің ішінен 14 орында тұр екенбіз. Дегенмен біздің тоқталмақ мәселеміз, мектеп­тегі балалардың құқығы қалай қорғалуда, шет мемлекеттен келген қандастарымызды қалай қарсы алып, қалай шығарып салудамыз...

Түркия мемлекетінің  Стамбұл қаласынан көшіп келген қандасымыз Торбай Ахметтің отбасы балағаттау сөзін естіп, кері қайтуға мәжбүр болды. Балалары мектепке бармас бұрын, жазғы демалыста қазақ балаларымен тілдесіп, үйренісіп барып, Алматы қаласы «Жетісу» ықшам ауданындағы №141 мектепке қабылданды. Дегенмен, Күләйім Мұстафақызы басқарып отырған аталмыш мектептің орыс тілі мен әдебиті пәнінің мұғалімі  Дүрия Жайырбаева, әпкелі-інілі  Торбай Бибіхадиша мен Торбай Сейфурахманды орыс тілін білмегені үшін «топассыңдар»,- деп балағаттап, балалар алдында ар-намысын қорлады.  Онымен қоса, оларға сыныптағы барлық оқушыларды қарсы қойып, араларында іріткі туғызды. Мұндай тәрбиесіздікті көрсеткен мұғалімнің қай сасқаны. Осы жағдайдан кейін екі балада мектепке баруды мүлдем қойды. Осы мәселені бүге-шүгесіне дейін қарастырған Халықаралық құқық қорғау орталығы төрағасының орынбасары Бахыт Амангелдіұлы былай дейді:

-Қаралған мәселе бойынша, екі бала да Түркия мемлекетінде өте жақсы оқып, қазақ, түрік, ағылшын тілдерін еркін меңгергендері анықталды. Кінәлі жақ әрине, мектеп мұғалімі.

      «Егер бізді бұл мектептен ауыстырып, қайта Түркияға көшетін болсақ, өте жақсы оқуды жалғастырамыз», - деп уәде беріп, жыларман болып тұрған балаларының көз жасына  шыдай алмаған отағасы, кері қайтуға мәжбүр болды.

Қазақстанда дәл солар секілді, яғни әрбір 5-ші, 7-ші сыныптың оқушысы  3 тілді еркін меңгере алуы екіұшты. Қазақ еліне оралған қандастарымыз ертеңгі күні кім білсін, еліміздің абыройын асқақтатар ма еді?!...Кінәсін мойындаған Дүрия Жайырбаеваға қатаң ескерту жасап, жауапқа тартылды. Ендігі кезекте мұндай мәселелерге тап болған отбасыларды жіті бақылап отырамыз.

Осы секілді мәселе тек Түркиядан келген қандастарымызбен ғана болып жатқан жоқ. Тағы да бір мысал. Қытайда 7 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге шет елге шығуға төлқұжат  берілмейді екен. Қытай Халық Республикасы, Тарбағатай аймағы, Қобықсары ауданынан көшіп келген ерлі-зайыпты Гмн мен Гмннұр екі баласын тастап, Қазақстанға көшіп келеді. Ата-ана ретінде Қазақстанның азаматы болғаннан соң, екі баламызды да қайта көшіріп аламыз деген ойлары жүзеге аспады. Ендігі кезекте, ата-ана балаларының болашақ тағдыры үшін кері көшті.

Осы уақытқа дейін Түркиядан 100-ге тарта отбасы, басқа да шет елдерден 300-400 отбасы шамасында қайта кері көшіп кеткен.

Сырттан келген ағайын Қазақстанға біріншіден, өзіміздің тарихи отанымыз деп келсе, екіншіден шет жұртта жаутаңкөз болған ұл-қызының өзге ұлттың телегейіне жұтынып кетуіне алаңдап, ұрпағын Қазақстанға жеткізуді мұрат етеді. Олай болса, алыстан келген ағайын және олардың ана топырағына аузын ашып ұшып келген ақүрпек балапандарына біз қандай мейір көрсете алып жатырмыз? Халқымыздың санын 20 миллионға жеткіземіз деп айқайлаймыз-ау, бірақ жылап келіп, жылап кетіп жатқан аға-бауырымызға қабырғамыз қайысып, қанатымыз қырқылғандай жанашырлық таныттық па?!...

Фараби бабамыз айтқан «тәлім-тәрбиесіз берген білім - қоғамның қас жауы» болғандықтан, бұндай былықтардың түбінде жақсылыққа алып бармайтыны анық.

 

Әйкерім  ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ