Қабылсаят мырза, халықтан кешірім сұраған жоқсыз ба?

 

d29bd0b0d0b1d18bd0bbd181d0b0d18fd182-d0b0d0b1d0b8d188d0b5d0b233

Қай жылы еді, Қазақстандық бір қандасымыздан: «Абай жолын» оқыдыңыз ба? дегенімізде : «Ол кімнің кітабы еді? Абай деген кісінің атын естіген болмаса, өзін көрген емеспін, қай облыстікі еді, өзі жазған ғой?» дегені бар. Коммунизм құрып жатқан аты таудай, атағы аспанға шығып, аңызға айнала бастаған елдің оқымыстысының аузынан осындай жауапты естігенде, жағамызды ұстап, өзіміз ұялған едік. Алайда көптің ішінде не жоқ, бір биеден ала да, құла да туады, шіріген құмалақтай біреуі ғана шығар деп жабулы қазанды жабулы күйі тастаған едік.

Алайда, амал не «Моң­ғо­лиядан келетін қазақтардың 98 пайызы сауатсыз, білімсіз» деген сөздің Қабылсаят Әбішев сынды мәртебелі мәнсап иесі, білдей білікті қазақтың аузынан шығып отырғанына сенерімізді де сенбесіміз де неғайбыл. Әлде біздер жаңсақ естідік пе деп қалдық «Айтылған сөз-атылған оқ» дейді қазақ, «Көші-қон туралы» заң жобасын Қазақстан Парламент мүшелерінің  талқылауы барысында Әбішев мырза солай деді. Көзбен көрдік, естідік.

Отаршылдық заманында орыстарға жарамсақтанып жағу үшін осы Қабылсаят секілді космополит интелегенттер «Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақтар бәрі дерлік сауатсыз, қараңғы халық еді» дегені бәрімізге мәлім. Сонымен Әл-фараби бабамыздан бастап Шоқан, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Сұлтанмахмұт, Шоқай, Әлихан бәрі-бәрі сауатсыз болып шыққан. Бәрі де Құран Кәрімді, хадисті, «Сал-сал», «Зархум», «Қиса-сул Әнбия» «Зылиқа-Жүсіп» -терді арабша оқығаны ғана болмаса славьян алфавитін танымайтындықтан «сауатсыз» болған. Міне Қабылсаят дейтін «мәдениетті» демогогтардтың көзімен қарағанда қазақша оқып қазақша жазатын және қазақша сөйлейтін онымен қоса моңғолша білетін, тек  орысшаға шорқақ қазақ ол үшін сауатсыз, тіпті дым білмейді деген сөз. Нағыз ұлтшылдар бытырап кеткен қазақтың басын қоса алмай тентіреп жүрсе, бұл сол ұлттық ұлағат саясатын қолдап ұйытқы болудың орнына аз қазақтың арасына жік салып, арына дақ түсіріп ыдыратуға дейін барып отыр.

«Сезікті секіреді» дегендей біз бұл сөзді сауатсыз кемтарлығымызды бетімізге басты деп шамданғандықтан емес аққа қара күйе жағып, сынықтан сылтау іздеп жала жапқандықтан айтып отырмыз.

Қабылсаят мырза, биыл шілдеде біздің Ұлттық Баян-Өлгий аймағы 70 жылдық мерекесін атап өту тойына да келе алмадыңыз-ау. Қап, әттеген-ай, келгенде қалай болар еді?

Моңғолиядағы ат төбелін­дей аз ғана қазақ Аллаға шүкір, қара қараңғы қазақ емес. Бұрын бәрі ғұлама болмаса да арабша хат танып, сауат ашқан. Құранға қарап жолын білген, жұлдызнамаға қарап астрология, медицинаны игерген. Соның арқасында   ешкімнің езгісіне тапталып, етегіне тығылмай ұрпақ жалғап келген. Білімі жоғары діндарлардың бірқатары боль­шевизмнің нәубетіне ұшырағанын да сіз білмейсіз-ау тегі, Қазақстандағы бауырластар келіп қол ұшын берген.

1920-жылдардан бастап жүзде­ген Баян-Өлгийліктер Қа­зақ елінде оқып білім алғанын алға ұстайтын айғақтарымыз көп.

1990 жылға келгенде Баян-Өлгийліктер осы елдегі ең сауатты аймақ атанды. Түгел дерлік ортадан жоғары білімді. Моңғол елінің саяси академиясында 20 жыл ректор болған профессор Құрметбек Байтазаұлы, Саяси экономика кафедрасын 20 жыл басқарған профессор Қамбар, Тарих институтының ректоры Мініс, Моңғолиядағы демократиялық төңкерістің саяси жетекшісі доктор Зардыхан,

Бас министрдің референті  болған Дөрбетхан сынды ондаған академик, жүздеген докторлар  туып шықты. Тілейхан, Төлеубай, Мәуліт, Хұсайын қатарлы қазақтар осы елдегі  санаулы министрлікті ұзақ жылдар басқарды.

Совет Одағы тұсында неше қазақ Мәскеуде министр болып еді?

Аллаға шүкір, атамекеніне барған бір топ жастарымыз бастабында сіз секілді ұлтсыз, ұждансыздардың кесірінен неше жыл мал бағып, тентіресе де талабымен танылып, тәуел­сіз отанының бір-бір кірпіші болып қалана бастады. Бауыр­ларыңызды кемсіткеннің орнына басынан сипап Моңғол мем­лекетінің, өз қаржысымен-ақ оқып білім алып барған осынау тірі капиталды қолтығынан демеп, қолдау көрсетсеңіз еді-ау!

Намысымызға тигеніңіз үшін сізді халықаралық сотқа берсек те болар еді, қазақсыз ғой, әзірше көзіңізге шұқымайық. БАҚ арқылы және Қазақстан Ұлттық телеарнасы басқадай қазақ тілді  телеарналар арқылы халықтан кешірім сұрайтын шығар деп әлі де болса өзіңізден үміттеніп отырмыз.

Әсіресе, үстіміздегі рамазан айы сіздің әуелі Алладан онан соң айналаңыздан кешірім сұрауыңызға орайлы сәт.

 

Моңғолиядағы

АТАТАНЫМ  Одағы,

Моңғолия Қазақ

  жастар одағы