ИМАНДЫ ЖАСТАРДЫҢ ҚАТАРЫ МОЛАЙЫП КЕЛЕДІ

1
2554

Миллетхан ЗЕНГИН, «Алатау» қайырымдылық мекемесінің төрағасы, дінтанушы:

 

Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Қалқаман-2 м/а, Сейітов көшесінде орналасқан «Алатау» қайырымдылық мекемесінің төрағасы, ер балалар пансионатының директоры  Миллетхан Зенгин мырзаны жаңа мекеменің тыныс-тіршілігі жайында аз-кем әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Миллетхан мырза, әңгіме­міздің әлхиссасын жаңадан ашылған мекеменің өзінен бастасақ…

– «Алатау» қайырымдылық мекемесі осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған. Мұндағы мақсат – қаладағы, облыстардағы, ауылдардағы ер балаларды білімменен қоса діни ілімдерді игерулері үшін оларды бір ортаға жинап, қаладағы дарынды балаларды оқытатын мектептерге беріп отырамыз. Пансионаттағы балалардың үш мерзім тамақтануын, жатын орынын, жуынатын бөлмесін, сабаққа дайындалатын бөлмесін, барлығын қамтамасыз етіп, нақты жұмыс бастағанымызға алты айдан асты. Бүгінде мемемемізде 7- сыныптан 11-сыныпқа дейінгі 80-ге жуық шәкірт тамыры терең діни ілімдермен, айталық Пайғамбарымыздың хадис-шариптерін үйреніп, күнделікті бес уақыт намаздарын өтеп, жаратушы Аллаһ-Тағалаға өз құлшылықтарын жалғастыруда. Пансионатта 20-ға тарта ұстаз еңбек етеді. Оқушылар әр күні ақшам намазынан кейін, бір сағат бойы имандылық иірімдері туралы арнайы сабақ алады. Өйткені мектептерде имандылыққа жетелейтін арнайы діни сабақ болмағандықтан, ұлтымыздың келешегі саналатын білімді, жетелі, иманды  жас ұрпақ ертең біздің мектепті бітіргесін, өздері қалаған жоғары оқу орындарына түседі. Университ тәмамдаған түлек бір қолына дипломын, енді бір қолына имандылық куәлігін алып қоғамға өз үлестерін қосады деген ойдамыз.

– Қасиетті Рамазан айында Алла ризашылығы үшін, ораза ұстаған жамағатқа ауызашар дастархан дайындап, қайрымдылық көрсетіп отырған азаматтар бар шығар?

– Құдайға шүкір, қазаққа тән Атымтай жомарттығын көрсетіп, көмек қолын созып, көпшіліктің алғысын, қарттардың ақ батасын алып жатқан иманды азаматтардың  қатары күн сайын артып келеді. «Алатау» қайырымдылық мекемесінің құрылтайшылары да жақыннан жәрдем жасап отыр. Сонымен қоса, мекемемізге көршілес отырған азаматтар, сәресілік ас мәзіріне және кешкілік ауызашар ас дастарханына құрбан шалып, түрлі тағамдар, сусындар әзірлеп қайырымдылық жасап отырған Әдірбек, Мырзатай, Иманәли, Сәрсен, Қаби қажы, Рашит, Қайрат Сүлеймен, Төрежан сияқты ағалар отыз күнге дейін ауызашар беруді өзара бөлісіп алғанын айта кеткенім орынды болар.

– Мектептегі «Дінтану» пәні оқушылардың діни сауатын толық аша алады дегенге келісесіз бе? 

– «Дінтану» пәні оқушылардың діни сауатын толық аша алмайды. Себебі, бұл оқулықты тарихшылар құрастырған. Олар кеңестік жүйенің, атеизмнің тәрбиесін бойына сіңіргендер. Олардың кемелді діни білімі болмағандықтан, қай дінді қалай түсіндірерін білмейді. Тек қана діндердің пайда болуы мен даму тарихына  тоқталуы мүмкін. Айталық, Христан, Бұдда, Католик, Ислам діндері туралы жалпылама мағлұмат береді. Діни оқулықтарды тарихшылар емес, дінтанушы ғалымдар сараптап, жан-жақты талдап қасиетті Құран Кәрімнің қазақша аудармасынан сүре, аяттарды енгізе отырып, жас ұрпақтың діни сауатын толыққанды жетілдіре түсуді қолға алу керек деп ойлаймын.

– Дінге бетбұрған ер балалардың қатары көп пе, әлде қара көз қарындастарымыздың құлшынысы қуанта ма? 

– Қыз балалардың кереметтей дінге беріле бет бұрып, сурылып алға шыққандары санаулы ғана. Салыстырып қарасақ, ер балалардың қатары анаұрлым көп сияқты. Қыздардың арасында дінге деген берік сенім, имандылық біртіндеп қалыптасып келеді. Қыздар медресесі «Таугүл-1» мөлтекауданында орналасқан. Осындай діни оқу орындары қаламыздың әр жерінде ашылып, иманды жастардың молая түсуіне игі ықпалын тигізіп жатса, мұсылман жұртшылығы үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Әсіресе қыз балаларға арналған пансионаттар көптеп ашылғаны құба-құп болар еді. Бүгінде ер балалардың кәлима-шаһадат айтуға тілін келтіріп, намаз оқуға бел байлап, сәждеге жығылуы жастар арасында ұйыған өнегелі имандылықтың үлгісін көрсетіп отыр. Мұндай қуанышты жайтқа мың да бір шүкір дейміз.

– Бүгінгі таңда шариғат қағидасына сай, хиджаб киген қыздар күн санап көбеюде. Соңғы кездері діни үлгіге бірден бейімделіп кете алмай жүрген қыздар да бар. Оларға қандай ақыл-кеңес бересіз? 

– Әрине, намаз оқуға ниеттенген қарындастарымыздың бірден шариғат үлгісі бойынша киініп жүруі өз құрбыларының жанында жас ерекшелігіне қарай сөлекеттеу көрінуі мүмкін. «Заманына қарай адамы» дегендей бүгінгі қоғамдық орта оған ыңғайлы емес дер едім. Баратын мектебінде немесе жоғары оқу орындарында, қызмет орындарында ондай хиджаб кигендер сирек, тіпті, жоқтың қасы. Оның үстіне мұндайға аса құрматпен қарайтындар аз. Сондықтан да оларға өздерін еркін сезінетін кең өріс керек-ақ. Өкінішке орай олай болмай тұр. «Көш жүре түзеледі» ғой.  Қыздарға айтарым – хиджабті бір жолата кие алмаса да, біртіндеп ашық жерлерін бүтіндей берсе, бірсін-бірсін хиджабты оранып жүруіне бойы үйрене бастайды. Бұл жөнінде  ұлы суреткер жазушы Мұхтар Әуезов хиджабты «Шариғаттың шәлісі» деп бағалаған екен. Сол үшін де оның қадыр-қасиетін бүгінгі жастар қауымы дұрыс түсінсе жақсы болар еді.

– Дін аралық алауыздықты қалай ауыздықтауға болады?

– «Қой терісін жамылған қасқыр» демекші қазір сақал жіберіп мұртты алып тастап, кең шалбар, кең көйлек киіп көшеге шығып, дінге теріс үгіт жасап жүргендер бар. Ондай сұрықсыз уахабистерден сақ болуымыз керек. Мұндай топтағылар өздерін дін адамымыз деп, көкірегін керіп, такаппарлық танытатыны бар. Қасиетті ислам дінімізде Тәңір сүймейтін жағымсыз іс-әрекет жасаған адамдарға орын болмайды делінген. Сондай-ақ халықтың арасына ірткі салуды мақсат еткендер, біздің діни басқармаға қарсы сөз сөйлеп, тіл тигізіп жүргендер де жоқ емес. Біз қайта жұдырықтай жұмылып мемлекеттің бірлігі мен берекесінің арта түсуі үшін өз үлесімізді қосуымыз қажет. Тағы бір мәселе – миссонерлердің тым жүгенсіз кеткені… Қазақстанда дін еркіндігі болғандықтан да, олар заңды қару етіп арнайы тіркеліп өтіп, қоғамға діни індет таратып отыр. Заңға сүйенген дінбұзарлардың далбаса әрекетін тия алмай отырмыз. Бұған тек мемлекет жағынан, парламент тарапынан оң шешім болмаса, біздің қолымыздан ештеңе де келмейді. Айналып келгенде осының бәрі заңның осалдығынан.  Қазіргі күнде Иеговистер қарақұрттай қаптап кетті. Олар, «киелі кітап», «киелі жол» деген түрліше кітапшалар шығарып жатыр. Сондағысы Иса, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен сынды пайғамбарды дәріптеп, өздерінше Ислам дінінің сыртында осындай бір «сара» жол бар дегенді жарнамалағысы келеді. Жоғарыдағы аты аталған пайғамбарлардың үкімдері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Киелі Ислам дініміз, қасиетті Құран Кәрімдегі жазылған әрбір сөз құдіретін жоймай, қиямет күніне дейін жалғасады.               

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әбу  ЖАРҚЫНҰЛЫ

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз