ҚАЗАҚТЫҢ «САРЫ ЖАЙЛАУЫ» ҚАЛАҒА КЕЛДІ

Аллаға тәубе, Алматыға кірген әр адам бұл қаладан қазақтықтың исін сезіне бастайтындығына да көп болған жоқ. Бірақ...? Неге «бірақ» деп сөзден тосыламыз? Әлі де болса ағылшындардың арзан жарнамалары мен орыстардың оңды-солды шимайы көзді шұбартады. Дәл осындай көңіл-күймен құлази бастаған сәтіңізде қала орталығынан жамыраған қазақ үйлерді көрсеңіз, онда шалқыған қобыздың қоңыр үні мен домбыраның күмбіріне құлағыңыздың құрышы қанса, қымыздың қызуымен шалқыған тәтті әндер әуелесе... пах, шіркін, Қазақ қаласы!

Бұл қиял сияқты болғанымен шындыққа айналуға шідерін үзіп, қала әкімдігінің ақ батасын алып отырған жақсы бастама екен. Бұл бастаманы ««Сары жайлау» қазақ үйлер желісі» деп бізге таныстырған жоба жетекшісі Серік Абайұлы былай деді:

– Біздің жобамызды қолдаған қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов мырза біз тіккен киіз үйлерге арнайы бас сұғып, қазірше қала орталығынан үш жерден үй тігуге тапсырма берді. Мақсатымыз – қазақ қаласында қазақтығымызды көрсететін ұлттық бейнемізді жасау. Киіз үйлер керуенін ұйымдастырып, қала халқына жаңа ой салу. Сырттан келген ағайын бірден қазақ қаласының қасиетін таныса, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен тұрмыс тіршілігіне қанық болса әлем алдында өз болмысымызды көрсете алсақ үлкен мерей емес пе!

Елім-жерім деп еміренген азаматтардың бастамасы бізді де қуантты.

Қазақтың сары жайлауын сахарадан емес, саялы Алматының құшағынан көрсек, шындығында да еңсеміз көтеріліп, ертеңімізге мол үмітпен қарайтын едік.

 

А.Солтанмұрат