ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

0
2721

(Жалғасы)

 

Қару-жарақ, жабдығы және неше мың жетекшісімен ғана шектелген жоқ, көтеріліс туындаған бірнеше әкімшілік өңірлердегі тұрғындар   солтүстіктегі көршілерінің недәуір зор мөлшерде заттық жақтан үздіксіз қолдауына ие болды.

Бұдан тыс көтерілісшілер қажет болған жағдайда Қазақстанның әр қайсы облыстарын қамтыған Кеңес Одағы территориясына кіруіне болатын болды. Олардың Кеңес Одағы териториясына баруы Қытай үкіметі армиясының басым әскери күшінің соққысына ұшырауынан ғана емес, қайта тынығу, емделу және әскери күшті қайта ұйымдастру үшін болды(«Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 284 бет). Мысалы 1947 жылы 16 қыркүйекте Оспан қолынан жеңілген Дәлелхан Сүгірбаев Жеменейдің Майқапшағай өткелінен Кеңес Одағына қашып өткенде, «көкесі» оны қолтығына тартып, әскери көмек қосынымен бірге аттандырып салады. Сөйтіп, Тарбағайдың Бақтысы арқылы қазанда Қытай аумағына кіріп, армиясын толықтап Алтайға қайта шабуыл жасайды. Өкінішке қарай осы кезде кеңестендірілген Дәлелхан армиясы бейуаз халықтан 200-ден артық адамды оққа ұстаған. Бұл тарихта «Дөрбілхін қырғыны» немесе «құлтайболат қырылған» аталады. Кеңестіктер араласқан барлық «сценарийлерде» қайталанатын зардап шегушілер тағы да қара халық болды.

«Үш аймақ» төңкерісіне Шын­жаңмен шекараласатын немесе көршілес тұратын бірнеше одақтас республикалардың барлығы да әр түрлі жақтан ерекше көмек көрсетті. Осы қаражаттарды Кеңес Одағы орталық үкіметі тіке шығарып отырды. Мұның ішінде Өзбекстан одақтас Республикасы министрлер кеңесінің төрағасы Абдрахманов ішкі істер министірі Берияға жолдаған бір реткі мәлімдемесінде: «1945 жылғы шығыс ахуалынан алғанда “Өзбекстан одақтас Республикасының 1946 жылғы меже есептен Шынжаңға қолданатын шараға бес миллион рубли босатуын үміт етемін» – делінген. Осы ұсыныс Берияның қолдауыны ие болды. Мұнан Кеңес одағының қазына-экеномика жағынан да үш аймақ қозғалысын барынша қолдағанын байқауға болады(«Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 285 бет).

 

Ялта мәжілісінен    кейінгі Шынжаң

 

Шығыс Түркістан үкіметі армиясының орта шебінің Шынжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласына шабуыл жасауы әскери жоспардың түйіні болды. Ұлттық армия негізгі күшін шоғырландырып 1945 жылы қыркүйекте Жың, Шиху шайқасын бастады. Кеңес одағының аэропланының, сауытты автомобилнің, зеңбірекшілер қосынының сәйкесуінде тамызда Жың, Шиху қаласын жеке-жеке тартып алып, ілгерінді-кейінді гоминдаң қорғаныс армиясынан алты мыңнан астам адамды жойып, зор топтағы қару-жарақ, оқ-дәріні олжалады. Қыркүйектің бас кезінде ұлттық армия орталық қала Үрімжіге тек жүз елу шақырым жердегі Манас өзені жағасына жетіп келіп, өзеннің қарсысындағы гоминдаң армиясымен тіресті. Бұл кезде гоминдаңның Үрімжіде тек алты баталион әскери күші ғана болғандықтан, “Үрімжіні берік сақтау” шұғыл жоспарын жасамасқа болмай қалды. Ал бұл кезде Кеңес одағының үш аймақ төңкерісіне болған саясатында өзгеріс туыла бастады(«Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 286 бет).

1945 жылы 11 ақпанда Кеңес одағы, АҚШ, Ұлыбритания үш елдің басшылары Кеңес Одағының Қырым түбегіндегі Ялтада мәжіліс ашты. Кеңес Одағының Жапонямен соғыс жүргізуі және соғыстан кейінгі дүние жүзін орналастыру қатарлы мәселелер туралы құпия талқы өткізді. АҚШ жақ Германиямен болған шайқас жеңіске жеткеннен кейін, жалаң АҚШ бастаған одақтас елдерге сүйенгенде Жапонияны жеңуге тағы біржарым жылдай уақыт қажет болады. Егер Кеңес Одағы “Жапонимен болған бейтарап шартынан” безіп, Жапонға қарсы соғысқа қатысса, Жапонияны күні бұрын жеңіп, АҚШ жақтың шығынын зор көлемде азайтуға болады деп есептеді. Кеңес жақ Жапонияға қарсы соғысқа қатынасу шартының бірі Қытай Моңғолия ның тәуелсіздік ахуалын сақтау керек деп алға қойды. Бұны АҚШ жақ қолдады.

Ялта мәжілісінде мына істер қаралды: «Кеңес Одағы, Америка, Англиядан құрам тапқан үш ірі ел басшыларының қосылуымен, Германия тізе бүгіп, Еуропа соғысы аяқтағаннан кейінгі екі-үш ай ішінде, Кеңес одағы одақтас елдер атынан Жапон басқыншыларына қарсы тұруға қатынасады. Ол үшін:

1. Сыртқы Моңғолдың (Моң­ғолия халық Республикасы) қазіргі жағдайын сақтап қалынуы керек.

2. Жапония 1904 жылы уағдасын бұзып, шабуыл жасау арқылы шапқыншылыққа ұшыратқан Ресей мемлекетінің бұрынғы құқықтық-мүдделерін дереу қалпына келтіру керек… (Яғни Далиян, Лүйшұн порты мәселелері … Шығыс солтүстік темір жолы, оңтүстік Манжурия темір  жолы…мәселелерін кеңестіктердің ұпайына шешу қаралған – Ж.Ш).

3. Куриль тізбекті аралдары дереу Кеңес одағына қайтарылуы керек.

Түсіністікті тереңдету үшін, сыртқы Моңғол және жоғарыда тілге тиек етілген порттар мен темір жолдар жайындағы келісімдерді комитет бастығы Жияң Жешінің мақұлдауынан өткізуі керек. Генералиссимус Сталиннің өтініші бойынша, Америка президенті амалын тауып, Жияң Жешінің мақұлдауын алады.

Үш ірі елдің басшылары Кеңес одағының бұл талаптарын Кеңес одағы Жапон басқыншыларын жеңгеннен кейін мүлтіксіз орындап беруге келісті.

Кеңес одағы Қытай үкіметі мен «Кеңес-Қытай достық-одақтастық келісім-шартын» жасасып, қарулы қақтығыстың қысылтаяң жағдайында қалған Қытайды    Жапонияның  шеңгелінен құтқару мақсатына жететіндігін білдірді». Келісімге Сталин, Розыбелт, Чершел үш адам қол қойған. (Юри Михайлович Галинович. «Екі генерал – Сталин және Жияң Жеші» Шынжаң халық баспасы, 2002ж, Үрімжі. 206 бет).  

АҚШ пен Кеңес одағы қысымымен Жияң Жиеші Кеңес одағының бұл шартына амалсыз көнді. Айырбастауға келсек, гоминдаң үкіметінің қаулысында былай деп есептеледі: «Алғы шарттарының бірі, Кеңес үкіметі Қытайдың Шынжаң териториясы мен әкімшілік иелік құқына кепілдік етсе, сондай-ақ бұдан кейін “Шынжаңдағы бүлікшілерге” ешқандай көмек көрсетпесе, сонда ғана Қытай үкіметі Кеңес одағының сыртқы Монғолдың тәуелсіздігі туралы талабын ойластырады». 1945 жылы 9 шілде де Қытай жақ Кеңес одағына мыналарды ресми алға қойды: «Кеңес үкіметі Қытайға көмектесіп Шынжаңдағы бүлікті тыныштандыруға уәде берсе, Қытай үкіметі сыртқы Монғол тәуелсіздігіне жол береді». Сталин табанда мынаны білдірді: «Мейлі Ян-ән, әлде Шынжаң болсын комитет бастығы Жияң Жиешінің басшылығына бағынады. Қытай үкіметінің талабына сай мәлімдеме жариялауға болады. Қытай жақтың Кеңес одағының Шынжаңға қару-жарақ тасуға тиым салу жөніндегі талабына мақұл болады». Сөйтіп, үш аймақтың ұлт азаттық қозғалысы Кеңес одағының гоминдаң үкіметін сыртқы Монғолдың тәуелсіздігіне жол беруге қыстауы барысындағы арзан айырбасының құрбаны болды.

Орыс оқымыстыларының көзқарасына негізделгенде, сыртқы Монғолдың тәуелсіздігіне жол берумен бірге, екі ел Шынжаңның мәселесін шешті. Шығыс Түркістанның  Шынжаң территориясы екенін мойындады. Сонымен Сталин Шығыс Түркістан  дербестігін қолдауды үзілді-кесілді тоқтатты. Тамызда Жапонияға қарсы соғысқа қатынасты. Іле-шала Жапония шартсыз тізе бүгіп, дүниежүзілік екінші соғыс жеңіспен аяқтады. Осымен бір уақытта “Қытай-Кеңес достық одақ шартына” қол қойылып, Кеңес одағы шарттың қосымша нұсқасында: «Шынжаңның жуықтан бергі өзгерісі жөнінде Кеңес одағы үкіметі достық одақ шартының бесінші тармағында айтылғандай Қытайдың ішкі ісіне араласпайды» дегенді білдірді.

Кеңес үш аймақ төңкерісін бар күшімен қолдап табысқа жеткенімен, жағдайдың қажетіне сай, үш аймақ төңкерісіне бағытталған қызметін меңгеруіне, реттеуіне болатын еді, гоминдаң үкіметі бұл түйінге кәміл сенді, тіпті шарт жасалғаннан кейін Кеңес одағының сәйкесуінде қол салып дайындық жұмысын жасады. Сөйтіп он ай ішінде саяси тәсілмен Ілені қайтарып алды. 17 қыркүйекте Қытайдағы Кеңес елшісі Педров Кеңес үкіметінің бұйрығы бойынша гоминдаң үкіметі сыртқы істер министірлігіне: «Өздерін Шынжаң көтерілісінің халық өкіліміз деген ондаған мүсылман Кеңес одағының Құлжадағы консулына Кеңес одағы аралықта жүруші болып, Қы­тай жақпен арадағы қақтығысты тоқ­татуға дәнекер болса деген үмітте екен­діктерін білдірді» – деп хабарлады.

Гоминдаңның сыртқы істер министрлігі: «Кеңес одағы үкіметінің үкіметімізге көмек беруді қалайтындығына үлкен алғыс білдіреміз. Кеңес одағының консулы Үрімжіге өкіл жіберіп, министр Жаң Жыжұңмен кездесіп, оқиғаны бейбіт жолмен шешуін сұраймыз»- деген жауап қайтарды. Сонымен бір уақытта Кеңес сыртқы істер министрлігі министрі Молоков пен гоминдаң үкіметі сыртқы істер министірлігі министрі Уаң Шыжиемен өткізілген “ Шынжаң Құлжа оқиғасы” жөніндегі кеңесінде: «Бұл оқиға уақыттық құбылыс, көп өтпей тыныштандырылады» дегенді білдірді(«Шынжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер» 148-149 беттер). 

Кеңес одағының үш аймақ төңкерісі туралы саясаты оның тәуелсіз ұлт азаттық қозғалысын бар күшпен қолдаудан гоминдаң үкіметінің Шынжаң териториясы мен иелік құқының кемелдігін қорғау алғы шартымен, дербес Шығыс Түркістан  Республикасын күшінен қалдыруға өзгерді.

Сөйтіп, «Кеңес-Қытай достық-одақтастық келісім-шарты» олардың өздері ойлағандай сәтті қадамдарымен жалғасты.

 

Әлихан төре және    екі жік

 

Әлихан төре 1885 жылы 21 наурызда Қырғызстанның Тоқмоқ қаласында туған. Әкесі әндіжандық өзбек – Шәкірхан төре, шешесі – қырғыз қызы екен. Әлиханның арғы аталары ақсүйек төре тұқымы. Ол 1905, 1925 жылдары екі рет қажыға барған. 1916 жылы қазақ, қырғыз халықтарының ұлт азаттығы қозғалысына белсене қатысқаны үшін қудалауға ұшырап, Қашқарияға кетуге мәжбүр болады. 1918 жылы еліне қайта оралады. Ендігі жерде қызылдардың қуғынына тап болып, 1930 жылы түрмеден қашып шығады. 1932 жылы сенімді достарының көмегімен Құлжа қаласына барады. Соңынан бала-шағасын алдырады. Мұнда да Шың Сысайдың түрмесіне кіріп шығады.

Кеңес одағының 1943 жылдары Шығыс Түркістанда  жасырын қимылдар ұйымдастыра бастауымен Кеңес одағының Құлжада тұратын консулы Әлихан төрені іздеп табады. Алғашында арандатушылықтан алаңдаған ол, шындыққа көз жеткізген соң ғана бұл қимылға белсене қатынасады. Әлихан төренің «Шығыс Түркістан қасіреті» атты кітабындағы: «Ұлы ойшылдардың айтуына қарағанда, адамның өмірі өлшеулі, жалғыз-ақ рет беріледі. Осынау келте ғұмырында артына жақсы ат қалдырып кету, тірілер арасында өмір сүргенмен бірдей, өйтке­ні адам өзінің мейір-махабатымен ғана тірі болмақ» дегеніндей, ол ендігі өмірін түркі халықтарының тағдырына, ислам дініндегілердің бостандығына арнады. Халықтың құрметі мен сеніміне ие бола отырып, Шығыс Түркістан  Республикасын құруда ерекше еңбек көрсет­ті. Кеңестіктердің уағдадан тайып, Шынжаң тағдырын сатып кеткен қиын шақтарында да ол халқына, елі мен жеріне адалдық көрсете білді. Өзінің майданында берік тұрған бір ғана адам бар десек, ол Әлихан төре еді.

Жағдайдың құбылмалылығымен Кеңес саясатының өзгеруі де өте кездейсоқ болды. Кеңес одағы бұйрығы “уақыттық үкіметтің” ішкі бөлегінде төтенше зор аңыс қозғады әрі бұрынғы екі топтың арасындағы қайшылықты ушықтырды. Әлихан төре бастатқан діни жоғары жік тобы Кеңес одағының жәрдеміне мұқтаж адамдар болса да, өздері бағынышты елдің бірден жалт берген опасыздығына үрке қарады. Исламшылдық және түрікшілдік идеяда барынша табанды болып, қытайлықтардың үкіметімен әрқандай ымыраға келмейтіндіктерін мәлімдеді. Тұтқиыл өзгеріске ешқан­дай идеялық әзірліксіз жағдайда басшылық жігі арасындағы бір бөлім адамдар Әлихан төреге ілесіп күресті ең соңына дейін жалғастырмақшы болды. Ал кеңестік үкіметтің «шекпенінен шыққан» Ахметжан, Ысқақбек және қытай қызылын жақтаушы Әбдікерім қатарлы басшылық құрамындағылар Кеңес Одағының қолдауымен, тәуелсіздік алуға қарсы тұрып және онан безіп, гоминдаң үкіметімен бейбіт келіссөз өткізу бағытын қолдады(«Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 289 бет).

Осы жылы қыркүйектің басында ұлттық армия Манас өзеніне жетіп келіп, Шынжаңның орталығы – Үрімжі қаласын бір-ақ жолда тартып алу жағдайы қалыптасқан еді. Әлихан төре қатарлылар әскери істер жағындағы жеңістен пайдаланып, саяси жақта жаңа үкіметтің жоспарын бекемдеуге және кеңейтуге кірісті. Қыркүйектің басында “Уақыттық үкімет” үкімет комитеті мәжілісін ашты. Мәжіліс гоминдаң үкіметімен өткізетін келіссөз жөніндегі қаулыны мақұлдады. Бірақ Шығыс Түркістан  Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде Қытаймен тең дәрежеде тұрып келіссөз өткізуі керек дегенді алға қойды. Әлихан төре Кеңес одағының Құлжада тұратын бас консулымен өзі кезігіп, одан Кеңес одағы үкіметіне Шығыс Түркістан үкіметінің қаулысын жеткізіп қоюды өтінді.

(Жалғасы бар)

 

Жәди ШӘКЕН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз